• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Пікір 02 Наурыз, 2022

«Ата-баба аманаты» ұғымы және саяси ребрендинг

742 рет
көрсетілді

Nur Otan партиясының кезектен тыс съезінде партия атауы «Аманат» деп өзгертілді. Партия Төрағасы және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Бұл еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз мен бірлігіміз, кең-байтық жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат» деп нақтылады. «Аманат» категориясы алда атқарылатын партиялық жұмыстың мазмұнына ықпал етіп, кезекте тұрған саяси реформалармен де селбестік табуы қажет.

Атауы өзгер­ген партияның алдында шынайы модернизация жүргізу міндеті тұр. Қалай іске асады, уақыт көрсетеді. Өз тарапымыздан келесі мәселеге назар аударылуы тиіс деп санаймыз.

Ең бірінші кезекте «Парламенттік мәслихат» жобасын енгізуді шұғыл түрде қолға алған жөн. Мәслихат хатшысы партия филиалының төрағасы болған ретте ғана, атқарушы биліктің тиімділігі артады. Әйтпесе облыс пен аудан әкімі жергілікті атқарушы және өкілді билікті қос тақымына қатар қысып, билікті узурпациялап, өзі ұсынған бюджетті өзі бекіткізіп отыр. Бұл Конституциямыздың 3-бабында бекітілген билік бөлінісі қағидасын өрескел бұзушылық болып табылатындығын ескертеміз.

Екіншіден, мәслихаттың бақылау функциясын жетілдіруге бағытталған заң жобаларының пакеті әзірленуі тиіс. Әсіресе, олардың жергілікті жердегі Қо­ғам­дық кеңестермен жұмысы ынтымақ­тастық принципін негізге ала отырып ұйымдастырылуына баса назар аудар­ған жөн. Бүгінде жергілікті Қоғам­дық кеңестерді құру функциясын мәсли­хатпен қабаттасып, әкім аппараты немесе ішкі саясат басқармасы атқаруда. Бұл толық мәслихаттарға өтуге тиіс. Атқарушы би­лік қоржынында кеткен, бірақ табиғаты өкілдік құзыретке жататын мәселелерді сүзе мониторингтеп, мәслихатқа қайтарып беру жұмыстарын қолға алу керек.

Үшіншіден, партиялық басқарудағы номен­клатура мен бюрократия элемент­терін үзіліссіз әлсірету, жеке адамдар­дың емес, ұжымдық шешімдердің және пар­тия жарғысының рөлін арттыру, өңірлердегі филиалдардың жұмысын жергілікті халық үнімен үйлестіру кезек күттірмейтін мәсе­лелердің бір парасына айналғаны жөн.

«Ата-баба аманаты» ұғымы «Ама­нат» партиясының рухани ұстынына ай­налуы керек. Араб тілінен енген «аманат» сөзі «міндеттеме» деген мағынаны біл­діреді. Алайда көшпелі қазақ мәде­ниеті оны «ата-баба культімен» астастырып тұ­рақты ұғымға айналдырды.

Шығыстық дүниетанымда қоғам­ның мәдениеті оның өліге көрсеткен құр­­метімен өлшенеді. Бұл өз кезегінде қа­зақтардың дәстүрлі дүниетанымында «өлі разы болмай, тірі байымайды» дей­тін ата-баба культін қалыптастырды. «Ата-баба» культі – Шығыс халықтарының дүниетанымында кең тараған тәжірибе. «Аманат» дегенде еске ең алдымен осы – ата-баба аманаты түсетіндігі сондықтан.

«Ата-баба аманаты» деген сөзді тарихи санасы қалыптасқан, дүниетанымы­на сызат түспеген көне көз қариялар­дың, ел билігінде жүрген азаматтардың, ғылым мен шығармашылықтағы тұлға­лардың аузынан жиі естіп жатамыз. Тілімізде кеңінен қолданылып келе жатқан осы бір рухы биік ұғымды есті­генде селт етпейтін қазақ кемде-кем.

Аманат императиві – бабалар ал­дын­дағы перзенттік парызға адалдықты, ой-сана биігінде құрылымданатын құрметті білдіреді. Себебі «ата-баба аманатын» алып жүру әр азамат үшін бір жағы атан түйеге артарлық ауыр жүк болса, екінші жағы – абыройлы мәртебе, ұжымдық сана сенімі. Түптеп келгенде ұлттық таным­дағы «ата-бабалар аманаты» – шежірелік дәстүрге бас тіреп, әр қазаққа түбінің бір, тағдырының ортақ екенін баяндап тұратын негізгі категориялардың бірі.

Аманат жолы – қазақтың бір жолы. Аманат жолы дегеніміз – адамды аманат иесі ретінде қарастырады. Уақыт тұрғысынан келер болсақ бұл кешегі өткен ата-бабаларымыздың, ертеңгі келешек ұрпақтың және мәңгілік бар – Абсолюттің алдындағы аманат. Бүгін сәтінде осы аманаттарды арқалап адам тұр. Кеңістік тұрғысынан аманат тәннің, жердің және он сегіз мың ғаламның жүгін артады. Қазақ халқы аманаттаған Аманат ұғымының мазмұны осылай.

 

Қазыбек ДАУТАЛИЕВ,

заң ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы