Қаңтардағы қорқыныш құрсауындағы үш күнде кеудесін танкке төсемей-ақ, ұлттың рухани байлығын қазақ әйеліне тән кішіпейіл мінезімен, аналық мейірімімен қорғап, жанығып келген жау пиғылды жанкештілердің бетін қайтарған Орталық мемлекеттік музей директорының орынбасары Бибігүл Дәндіқарақызы бірер күннің ішінде бүкіл Қазақстан халқы танитын батыр қызға айналды.
Әр адамның өмірінде мәңгілік із қалдыратын маңызды бір сәттің болуы тіршілік заңдылығы іспетті. Ешқандай сөз де, дүние де алмастыра алмайтын ол сәулелі сәт жанартау секілді ойламаған жерден бұрқ етіп, тереңде бұйығып жатқан өзіне де белгісіз бойдағы ең ірі мінезді оятады. Жаппай тәртіпсіздік басталған кезде Орталық музей дүрбелең ошағында қалды. Көшенің қарсы бетіндегі Президент резиденциясы, оның жанындағы Алматы қаласының әкімдігіне от қойылып, қара түтін қанды қырғынды үдете түскен.
Қасіретті күндердің қайғысына ортақтасқандай қабағын түйген аспанды қою тұман басып, оған жарылған газ, оқ-дәрінің улы түтіні қосылып, тұншықтырса да, тас, арматура ұстағандар музейдің алдына төселген кірпіштерге дейін аударып алып, атқыласып, алаңның аумағы аласапыран болып жатты. Ауада ары-бері ұшқан қаңғыған оқтың әлденешеуі музейдің терезелеріне тиіп, үңірейтіп кетті. Әкімшілік отқа оранған бетте кезекшілікте қалған он шақты музей қызметкері бүлікшілердің көрші тұрған ғимараттағы өздерін де айналып өтпейтінін білді. Бірақ Бибігүлдің өз өмірі, отбасы туралы ойлауға уақыты болған жоқ. Жағдай ушығып тұрған 5 қаңтарда жұмыс күні аяқталса да, «бүгін осында болуым керек» деп жылдам шешім қабылдап, 7-8 қызметкермен бірге екі ғасырдан аса тарихы бар, 300 000-нан артық жәдігерді жинақтап отырған музейдің есігін іштен құлыптап, терезеден сырттағы жағдайды бақылап отырған еді.
Дәстүрлі дінді мансұқ етіп, арғы ата-бабасының тарихи тізбегінен ажыраған, музейдің не екенін білмейтін көркеуде адамдардың Алтын адамды іздеп, биіктігі үш метрге жуық есікті талқандап, ішке басып кіргенде, Бибігүл олардың алдынан жүгіріп шықты. Заты әйел ғой, қорқаулардан қорықпады емес, қорқынышы болды. Бірақ үрей билеген бойын тез жинап, тонап, таптап, қиратудан тайсалмай тұрғандармен тіл табысуды ғана ойлады. Бір-бірінің қолтығына су бүркіп, күшпен күйреткісі келетіндер алаңға жақын ғимараттарды шетінен жайпап жүріп, бір шоғыры музейді бетке алып шұбырып келе бастағаннан бар ойы шерушілердің жолын бөгеу болды. Сондағы тапқан амалы – жан алатындай болып жеткендердің қабағын жіті бағып, қарсы келмей, сыпайы сөйлеу, алқына кіргендердің ашу-ызасын тудырып алмауға тырысып, қойған сұрақтарына жұмсақ дауыспен жауап беру. Бар тілегі: «құнды дүние қолды болып кетпесе екен».
Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі, тарихшы Бибігүл Дәндіқарақызы Орталық мемлекеттік музейінде жиырма жылға жуық қызмет істеп келеді. Уақытша директор міндетін атқарушы болып қалғаннан кейін бар жауапкершілік өзінде екенін Бибігүл жан-жүрегімен түсінді. Сөзді қайдан суырып алып сөйлеп жатқанын өзі де білмейді, ғайыптан тайып қонған шешендік бойын буып тұрғандай, музейде тұрған экспонаттардың бағалы екенін, басқаны қойғанда, бір қыш құмырада халқымыздың пәлен ғасырлық тарихы жатқанын тоқтаусыз айтып, ұғындыруға тырысып бақты. Жүрегінің жылуы жүзінен төгілген музей директорының орынбасарына әйел адам деп қарады ма, әлде кісіліктің үлгісін көріп тұрып, кикілжің шығаруды теріс көрді ме, миллионнан да есепсіз мол қазына-байлықтың ортасында тұрса да, өресі төмен жастар қара бақыр құрлы құны жоқ деп өлшегені болар, басқыншылық әрекетке бармады. Музейді кеңес құрып, ақылдасатын орынға айналдырып, араның ұясындай гуілдеп, кіріп-шығып, үсті-үстіне толығып жатқан адамдардың басқа залдарға өтіп кетпегенін қадағалап, алты сағатқа жуық кіреберіс холлдан ұзатпай ұстаудың бар амалын жасады. Тап сол мезет ата-бабадан қалған жәдігердің бәріне жан бітіп, араша сұрап, аруақты тегіс шақырғандай, бір құдіретті күштің жебеуімен сеңдей соғылысып жүрген шерушілер біртіндеп музейді тастап шығып жатқанда, сенер-сенбесін білмеді. «Біздің аэропортқа баруымыз керек, біз қайтып ораламыз, есік ашық тұрсын, жаппаңыз!» деп ескертті шығып бара жатқандардың бірі. Алты сағат бойы музейді айналып жүргенде, артқы есіктен кіргізіліп, жертөледе жаға-жеңі жыртылып, қол-аяғы сынып, қансыраған полицейлердің жатқанын сезген де жоқ. Олардың жарасын таңып, үстіне киім тауып кигізіп, алғашқы дәрігерлік көмек көрсеткен музейдің қызметкерлері сездірген жоқ...
Музей – мыңдаған тауар тұрған сауда үйі емес. Бибігүлдің пайымдауынша, «Қылыш бар ма? Найза қайда?» деп келген 150 қаралы қарақшы музей дегеннің не екенін, онда не сақталатынын білмейді де. Музейдің аман қалуының бір себебі, тонаудан тайынбай келген жастардың білімсіздігі. Бүгінде Бибігүлге ең жиі қойылатын сұрақ: «жан-жақты өртеп келе жатқан бүлікшілер музейге жетіп, ұлт құндылықтарының жоқ болып кету қаупі туғанда, қайсарлық сізге қайдан келді?».
Бибігүл Дәндіқарақызы шыр етіп дүниеге келгенде, мойнына бұршақ салып, құдайдан күндіз-түні бала сұрап, бір сәбиге зар болған атасының Ақжамал деген қарындасы перзентхана ішінен етегіне салып, асырап алады. Қошмамбеттегі №9 әйелдер колониясының командирі болған Ақжамал апасының жүзіне қарауға анау-мынаудың жүрегі дауаламайтын қатал кісі еді. Барын Бибігүлдің аузына тосып, үлде мен бүлдеге орап, төбесінен құс ұшырмай өсірсе де, тәрбиесіне қатал қарады. Мұрнының астынан міңгірлеп, төмен қарап сөйлегенін естісе, тас-талқан болып ашуланатын апасы Бибігүлді өзі секілді бірбеткей, талапшыл, намысқой етіп өсірді.
Бала күнінен алдына мақсат қоятын. Бір істі бастаса, нәтижелі аяқтамай тынбайтын мазасыздығын сол мақсатшылдығы орнықтырған. Себебі мақсатсыз адам қанатсыз құс сияқты, арманы болса да, аспанға ұша алмайды. Ақжамал апасы сіңірген өткір, өжет мінезін үлкен өмір алдында бейсаналы түрде өзі шыңдап жетілдіргенін кейін түсінді. Әр күнін жоспарлап, мақсат қойып жұмыс істегені жетістікке жол ашты. Сондықтан бүгінде қызметінде абырой мен беделге бөленген, дос-жаранның ортасында сыйлы, ағайын-туыс ішінде инабатты келін, тілеулес қыз, қамқор әпке, отбасына береке үйірген аяулы ана, бақытты әже деген бірнеше мәртебені иеленіп, мерейі үстем болып отырған Бибігүл Дәндіқарақызынан көпшілікке керекті бір кеңес: ең үлкен құндылық өмір болғандықтан, оны дұрыс ұйымдастырып, әр сәтін тиімді жоспарлауды үйрену керек. Алланың берген нығметінің, яғни уақыттың қаншалықты құнды екенін білген адамның төрт құбыласы қашанда тең. Уақытты ұтымды жоспарлау – денсаулықты, сұлулықты, махаббат пен байлықты сақтаудың кепілі.
Жүрегінде арманы, кеудесінде күйігі жоқ адам бар ма, сірә. Бірі Іленің оң жағасында, бірі сол жағасында туып, Теміртаудағы Металлургия институтын бітірген бойда тұрмысқа шығып, отыз жыл отасқан ері Мұхит Ержановтың мезгілсіз дүние салып, өкініші өзегін өртегені болмаса, екеуі мәпелеп өсірген екі қыз – асылының көзі, тіршілігінің шуағы. Орталық музейдің Қазақстан тарихы бөліміне ғылыми қызметкер болып қабылданып, он жылдан бері музей директорының музейлік менеджмент және маркетинг жөніндегі орынбасары болып атқарып келе жатқан жұмысы – азамат, маман ретінде қабілет-қарымын шыңдап, мүмкіндігін жүзеге асыратын сүйікті кәсібі.
Мерекелік медальдармен, өзі қызмет істейтін сала бойынша Мәдениет министрлігінің бірнеше Құрмет грамотасы мен Алғысхаттарымен марапатталған, жұмысын табысты атқарып келе жатқан білікті маман Орталық музейдің көрме қызметін, мәдени, рухани шараларын ұйымдастырып, музей әкімшілігінің кадр бөліміне жетекшілік етеді.
Ауыр күндер артта қалса да, оңаша ой иіріміне түскенде, кейде түнгі ұйқысынан оқыс оянып кеткенде, Бибігүлді әлі күнге дейін іштей мазасыздық билейді. «Жұмыста неге жалғыз өзім қалмадым? Әр сәттің қауіпті екенін біле тұра, қызметтестерімді қалайша жұмыста қалдырдым? Қаңғыған оқ жазатайым біреуіне тиіп, жантәсілім болса, балаларына, жолдасына, ата-анасына не деп жауап берер едім?» деген ой келгенде, ішіне дейін қалтырап, жанын қоярға жер таппайды. Бірақ күпірліктен гөрі шүкіршілігі басым Бибігүл соғыстан кейінгі сұмдықтың елесіндей астан-кестен алаң айналасындағы шала жанған кешегі әсем ғимараттардың бүгінгі жүрек шымырлатар сұрқай кеспіріне қамығып қарайды да, ортасында күллі Алаштың абыройын көтеріп тұрғандай, көк күмбезі күнге шағылысып, көк байрағы желбіреп, бір кірпішіне нұқсан келмей, жалғыз өзі аман қалған музейінің асқақ бейнесін көргенде, осында сақталған көне жәдігерлер қазақ көшінің үзілмей мыңжылдықтарға жалғасатынын тұспалдап тұрғандай, кешегі үрейі үмітпен алмасады.
АЛМАТЫ