• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Өнер 09 Наурыз, 2022

Ұлы әнші есімін ұлықтайды

603 рет
көрсетілді

Биыл мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойлануы қолға алын­ған қазақтың біртуар әншісі, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Халық Қаһарманы Роза Бағланованың ғасыр тойы елімізде де жыл бойы жалғасады. Соның бірі – «Астана Опера» театрында өтетін әншіні еске алуға арналған «Асыл арман» мерей­тойлық концерті.

Есімі аңызға айналған тұлғаның қазақ­тың ән өнері мен руханиятына сіңірген еңбегі ересен. Әсіресе, майдан даласында оқ пен оттың ортасында жүріп салған әні соғысқа қатысқан талай сарбаздың жанына жігер сыйлап, жеңіске деген қадамды жақындатуға септескені анық. Роза Бағланованың орындауындағы «Ақмаңдайлым», «Іңкәрім», «Әдемі-ау», «Ақ тамақ», «Ақсұңқарым». «Ах, Са­­ма­ра, городок» әндері әншінің әсем даусымен бірге халықтың жанына бе­рік орнығып, ел жүрегінде мәңгілік жатталған.

– Халқының ерке қызы Роза Бағ­ланова – бұл тұтас бір дәуірдің ұлт­тық нышаны. Ол әлемдік деңгейдегі айтулы орындаушылармен бір сахнада қатар тұрып, халықаралық мемлекет және қоғам қайраткерлерінің біразы­мен жеке таныс болды, Қазақстан ком­по­зиторларының шығармашылығы мен қазақ халық әндерін әйгілеу мен да­мы­туға үлкен үлес қосты. Роза Бағ­ла­­­но­ваның майдан даласында ме­рейін үс­­тем еткен концерттері оның өмірбая­н­ы­­ның өте елеулі кезеңдері болды. 1941 жыл­дың жазында ол Мәскеу консерваториясына жолдама алған, алайда соғыс басталып, өнерлі жас майданға аттанды және әртістер бригадасының құрамында сарбаздардың алдында тура алдыңғы шепте өнер көрсетті, Берлинде Жеңіс концертіне қатысты, – деді «Астана Опера» театры опера труппасының директоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов.

Ұлы Отан соғысы кезіндегі жанкеш­тілігі мен қайсарлығы үшін Роза Бағла­нова «Жауынгерлік ерлігі үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Соғыстан кейін ол үлкен сахнаға бүкіл халыққа даң­қы шыққан ең атақты әншілердің бірі болып оралды, КСРО-да көпшілікті мойын­датқан тұңғыш қазақ әртісі болды. Роза Бағланованың шығармашылық жолы қазір де «Астана Опера» театрының жас солистері мен қалыптасқан сахна ше­бер­­леріне жаңа жетістіктерге бағыт беріп келеді.

– Өмірінің 70 жылын сахнаға арнаған Роза Бағланова шетелге сан мәрте гас­троль­мен барған, концерттермен 54 ел­­де болған. Оның дарынының жан-жақ­­ты­­лы­ғы ерекше таңданыс туғызады. Атап айт­сақ, әнші ретіндегі белсенді қызме­тінен бөлек, Роза Тәжібайқызы өзін кинода да сынап көрген, сондай-ақ қазақ ті­ліндегі өмірбаяндық кітаптың авторы атанды, – деді театрдың музыкалық кеңес­­шісі Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері пианист Раушан Бес­кемпирова.

Роза Бағланованың қайталанбас ән­­шілік дарынын барша қазақ елі бі­леді, құрметтейді. Қай кезде де ха­лық оны жоғары бағалады, кеңестік заманда да, егемендік жылдарында да ол ең жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болды. Бұл «Халық Қаһарманы», төрт дүркін – түрлі елдердің Халық әртісі, ең жоғары ордендер, медальдар мен сыйлықтар, халықаралық бай­­қаулар мен фестивальдердің диплом­дары мен жүлделері. Ұлы әнші жайлы көптеген кітап жазылып, поэтикалық шығармалар өмірге келді, фильмдер түсіріліп, оның есімі «Кімнің кім еке­ні» ағылшын-америкалық энцик­лопедиясының әлем әйелдері жайлы алғашқы санына енді. Сондай-ақ былтыр елорда төріндегі «Қазақстан» орталық концерт залына Роза Бағланованың есімі беріліп, «Хабар» арнасы әншінің өмірі жолы мен шығармашылығына арнап «Бұлбұл» атты телехикая түсірді.

– Осынау ержүрек тұлғаның өнер мен руханиятқа сіңірген орасан зор ең­бегін тізіп шығу қиын. Әншінің шы­ғар­ма­шылық жолы – классикалық, сондай-ақ заманауи жанр әртістері үшін шабыт көзі мен өнеге болып табылады. 30 наурыздағы көктем кешінде «Астана Опера» театрының солистері Роза Тәжібайқызының ауқымды репертуарынан шығармалар орындап, ұлттық музыкалық өнер аңызына құр­мет көрсетеді, – деп әнші есімін ұлық­тауға арналған кештің жалпы мазмұны мен маңызына тоқталған Азамат Жылтыр­көзов Роза Бағланованың ән өнеріндегі қалдырған ізінің ерек, жас өнерпаздарға берер өнеге-тағылымының мол екенін баса айтты.         

Көктем мезгілін көркем күйге бөлейтін «Астана Операдағы» керемет кештер легі мұнымен шектелмейді. Наурыз айында сонымен қатар К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында ересектер мен ең жас тыңдармандарды «Мәңгі өшпес Амадеус» жаңа концерттік топтамасының премьерасы мен Балаларға ар­нал­ған клас­сикалық музыка апталығы күтеді.

«Моцарт Forever» концерті аясында алғашқы кеште Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен театрдың Камералық оркестрі мен солистер – скрипкашы Әнел Шәкірова мен альтшы Ахмет Сұлтанов – елорда тұрғындары мен қонақтарына аустриялық ұлы сазгердің Оркестр және скрипка мен альтқа арналған концерттік симфония ұсынады. Екінші кеште үрлемелі музыканы ұнататын жандарды жарқын премьера күтеді. Тұңғыш рет Қазақстанда үрлемелі аспаптар мен контрабасқа арналған си-бемол мажор Gran Partita (KV361) №10 серенадасы шырқалады. Топтаманы «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің бірінші скрипкасы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов пен пианист Салтанат Әбілханованың орындауында «Шамшырақ жарығында орындалған музыка» скрипкалық соната кештері аяқтайды.

15 наурызда таңдамалы еуропалық музыканы ұнататындарды «Француз мәнерінде» кешіне шақырады. PICCOLO театры танымал жоба­сы аясында 19 наурызда «Астана Опера­ның» Камералық оркестрі мен опера солистері Алла Симонишвилидің қойылымында Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» қызықты комедиялық операсын ұсынады. Орындаушылардың керемет актерлік ойыны мен шебер вокалдарымен қатар, театр суретшісі Манана Гунианың жарқын декорациялары мен костюмдері көрерменге жақсы әсер сыйлайды. Ал табиғаттың көктемгі жаңаруы, молшылық пен достық мерекесіне 21-22 наурызда «Қош келдің, Наурыз» концерттері арналады.

Наурыздың 23-інен 28-іне дейін ең жас театрсүйер қауымды мазмұнды Ба­ла­ларға арналған классикалық музы­ка апталығы күтеді. Жоба аясында Каме­ралық залда қазақ және орыс тілдерінде қызықты концерттер мен спектакльдер өтеді. Атап айтсақ, «Музы­ка әлемі», С.Про­­кофьевтің «Петя мен Қасқыр» сим­фо­ниялық ертегісі, К.Сен-Санстың «Жануарлар карнавалы» зоологиялық фан­тазиясы, «Сиқырлы ысқы» (Барокко залында), Т.Бейсембектің «Самұрық келген таң» музыкалық ертегісі кішкентай көрермендердің көңілінен шығатыны анық.