Өткен аптада үш елдің жаңа президенті анықталды. Түрікменстандағы сайлау нәтижелері енді белгілі болады. Мажарстан тарихында алғаш рет әйел үміткер президент атанса, Оңтүстік Кореяның жиырмасыншы президенті болып оппозиция өкілі сайланды.
Жексенбіде Түрікменстанда кезектен тыс президенттік сайлау өтті. Елдің орталық сайлау комиссиясының деректеріне сай, дауыс беруге құқылы 3,43 миллион адамның 97,12 пайызы сайлауға қатысқан. Жалпы, елде 2 577 сайлау учаскесі, республикадан тыс жерлерде 41 учаске ашылған. Азаматтардың қауіпсіздігі үшін санитарлық-профилактикалық шаралар қабылданып, 300-ден астам учаскеде инновациялық зарарсыздандыру құралдары орнатылған.
Сайлау барысын 2 726 ұлттық бақылаушы, сонымен қатар ТМД елдерінен бақылаушылар миссиясы қадағалап отырады. Президенттікке үміткер ретінде 9 адам тіркелді. Үш кандидатты саяси партиялар, алты кандидатты ынталы азаматтар топтары ұсынған. Олардың қатарында елдің қазіргі президентінің ұлы, Түрікменстанның жетекші Демократиялық партиясының кандидаты, министрлер кабинеті төрағасының орынбасары қызметін атқаратын Сердар Бердімұхамедов бар.
Ел Конституциясына сәйкес президент жеті жылға сайланады. Жеңіске жету үшін кандидат 50 пайыздан астам дауыс жинауы керек. Түрікменстан президентін сайлау жөніндегі науқан биыл 14 ақпанда басталған еді.
ОСК сайлау қорытындысын жеті күннен кешіктірмей шығаруға тиіс. Түрікменстанның жаңадан сайланған президентін ұлықтау рәсімі 19 наурызда өтеді.
Мажарстан президенті болып алғаш рет ел тарихында әйел адам сайланды. Парламент депутаттарының үштен бір бөлігі 44 жастағы Каталин Новактың кандидатурасын қолдады. Оны елдегі ФИДЕС басқарушы партиясы ұсынды.
Ол әр жылдары партия басшылығында түрлі қызметтер атқарды, ал өткен жылдың соңына дейін отбасы ісі жөніндегі министр болды.
К.Новак екі мерзімде президент болған Янош Адердің орнына келді. Оның өкілеттігі 10 мамырда аяқталады.
Парламентте дауыс беру алдында сөйлеген К.Новак «бүкіл мажар ұлтына қызмет етуге» және өз елінің егемендігі мен ұлттық ерекшелігін сақтау үшін бәрін жасауға дайын екенін растады. Ол «Еуропа – біздің ортақ үйіміз» дей келе, Мажарстанның негізгі еуропалық бірлестіктерге мүшелігінің маңызды екенін атап өтті.
Ол Мажарстан алдында тұрған мәселелерді, оның ішінде пандемияны еңсеру міндетіне қазір көрші Украина аумағындағы қақтығыстан қашқан босқындар мәселесі қосылғанын баса айтты. К.Новак Ресейдің Украинадағы әрекеттерін айыптап, Мажарстан Украинадағы жағдайды дипломатиялық жолмен шешуге шақыратынын атап өтті. «Мажарлар бейбітшілікті қалайды», деді ол.
Одан бөлек өткен аптада Оңтүстік Корея елдің жиырмасыншы президентін сайлады. Бұл лауазымға 10-нан астам адам үмітті болған. Елдің жаңа президенті болып Юн Сок Ёль сайланды.
Президенттікке негізгі үміткерлер билеуші Біріккен демократиялық партияның кандидаты Ли Чжэ Мен және оның басты қарсыласы оппозициялық «Азаматтық күш» консервативті партиясының өкілі Юн Сок Ёль еді. Елдегі ең танымал үшінші үміткер – центристік Халық партиясының мүшесі Ан Чхоль Су сайлау алдында Юн Сок Ёль кандидатурасын қолдайтыны туралы мәлімдеді.
Юн Сок Ёль қазіргі президент Мун Дже Иннің саясатына қарсы көзқарастарымен танымал. Юн Сок Ёль бас прокурор болып тұрғанда жоғарғы билікте сыбайлас жемқорлық барын айтып, тіпті Мун Дже Инге қарсы тергеу жүргізетінін ескерткен. Ал сайлаушылар Юн Сок Ёльден жылжымайтын мүлік бағасын төмендетуді сұрап отыр. Мун Дже Ин де осы мәселені шеше алмағаны үшін сайлаушылардың сынына ұшыраған. Сондықтан Юн Сок Ёль сайлау науқаны барысында алдағы 5 жылда 2,5 миллион тұрғын үй тұрғызуға және жылжымайтын мүлік салығын төмендетуге уәде берді. Ал сыртқы саясатта Юн одақтасы АҚШ-тың қолдауына сүйенетін болады.