Қазіргі таңда жайылымдық жерлерді алу, ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау және несиелендіру, жемшөптің қымбаттауы, гидрогеологияның сан түрлі мәселелері төрт түлік малдан несібе айырған ағайын үшін қоғамның күн тәртібінде өткір тұрған тақырыптарының бірі.
Міне, осы сұрағы көп, жауабы аз жағдай Қарағандыда «Шопан ата» мал шаруашылығы ұлттық қауымдастығының қатысуымен өткен шаруалардың өңірлік құрылтайында жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар кездесуге қатысушылар ауыл шаруашылығының өзекті мәселелерін көтеріп, өз ұсыныстарын да ортаға салды.
Жалпы, Қарағанды облысында барлығы 13 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымы бар екен. Оның 12 мыңнан астамы мал шаруашылығымен айналысады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің көлемі 17 млн гектардан асады. Ал жайылымның ауданы 35,5 млн гектарды құраса, егіс алқабының аумағы 1,3 млн гектар жерді алып жатыр.
Құрылтайға қатысқан өңір басшысы Жеңіс Қасымбек агроөнеркәсіптік сектор мәселелерінің бүгінде өте өзекті болып тұрғанын жоққа шығармады.
– Бұл саладағы мәселелер аз емес. Біз үнемі шаруалармен кездесіп, оларға көмектесуге тырысамыз. Былтыр жемшөп дақылдарын субсидиялай бастадық. Қазіргі уақытта осы жұмысты жалғастырамыз, – деді ол.
Құрылтай жұмысына арнайы келген «Шопан ата» Қазақстан мал өсірушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев ветеринарлық дәрігерлердің мәртебесін көтеру және оларға лайықты жағдай жасау мәселесін көтерді.
– Ветеринария жүйесін реформалау – өте маңызды мәселе. Дегенмен, ол жергілікті атқарушы органдарға тікелей байланысты емес. Бұл Үкімет деңгейінде көтерілуі тиіс. Біз сындарлы ұсыныстар жасауымыз керек. Атап айтқанда, ветеринарлардың еңбекақысын көтеруді және олардың мәртебесін айқындауды ұсынамыз, – деді А.Садырбаев.
Ал фермерлер болса, ауылдық жерлерде штат санын көбейту қажеттігін тілге тиек етті.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек ветеринарлық жүйені реформалаудың маңыздылығына тоқталып, бұл бағытта жергілікті атқарушы биліктің оған жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді. Оған мысал ретінде ол алдымыздағы сәуір айында Жезқазған өңірінде ветеринарлық қызмет жанынан ветеринарлық зертхананың ашылатынын айтты. Сонымен бірге облыстық бюджет есебінен өңірде ветеринарлық бекеттердің салынып жатқанын да атап өтті.
Кездесу барысында жергілікті шаруалар өздерін толғандырып жүрген бірталай сұраққа жауап алды. Сонымен қатар жиында ауыл шаруашылығы жерлерін алу үшін жастарға квота бөлу, бие сүтінен косметологиялық құралдар шығару өндірісін қолдау, заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу, тамшылатып суару жүйесін пайдалану және субсидияларды орта және шағын шаруа қожалықтары арасында бөлу бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды.
Жалпы алғанда, ұйымдастырушы тарап та, кездесуге қатысқан шаруа қожалықтарының өкілдері де құрылтай жұмысының нәтижелі және сындарлы сипатты өрбігенін бірауыздан атап өтті. Жиын қорытындысында облыстағы атқарушы органдардың құзыретіндегі мәселелер жергілікті жерлерде шешімін табуы тиіс екені баса айтылды. Ал республикалық деңгейге қатыстыларын ілгерілету және оңтайлы шешілуіне ықпал ету қажет болатыны қаперге алынды.
ҚАРАҒАНДЫ