• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Руханият 30 Наурыз, 2022

«Көкейкесті» естілгенде...

1113 рет
көрсетілді

Кез келген өнер иесінің соңынан әуелі аңыз ереді. Жалғыз өнер иесінің ғана емес, кез келген туындының аңызы қоса жүреді. Егер аңызы не әңгімесі болмаса, өзін тыңдап не тамашалап қоя салған қызық емес сияқты. Көңіліңе қонған ән-күйге құмарың қанбай қалады, себебі. Тағы да тыңдап, тағы да қызықтап, құмардан шыққың келіп тұрады. Сосын ол туралы деректерді іздестіре бастайсың.

Ол кезде Тәттімбеттің күйлерімен, әсіресе «Көкейкестімен» «ауырып» қалғанбыз. Арқа жұрты Тәтекең атайтын күй атасының «Сарыжайлауы», «Бес төресі», қырық буын «Қосбасар­ла­рының» қай-қайсысы болсын тың­дарманның құлақ құрышын қандырары сөзсіз ғой. Бірақ осылардың арасында «Көкейкестінің» орны бөлек. Оны Тәт­тімбет күйлерін жеткізуші, академик Ахмет Жұбанов «қазақтың он саусағы» атаған атақты күйші Әбікен Хасеновтің өзі барлық күйдің соңынан тартады екен. «Көкейкестіден» кейін күй тартылмайды» десе керек. Бір әңгімелерде Тәттімбет өлер алдында тұрарға мұршасы болмай, домбыраны кеудесіне қойып шертіпті бұл күйді деседі. Алайда күйші Қайрат Айтбаев дұшпандары үзеңгісіне у жағып жібе­ріп, Тәтекең кенеттен қайтыс болған, осы тұрғыдан келгенде бұл әңгіме ақылға қона қоймайтынын айтады. «Бірақ шертпе күй атасы кемеліне келген шағында шығарғанына шүбә жоқ» дейді. Тағы бір деректерде былай: Тәттімбет ұзақ бір сапарда жүреді. Бір үйге түссе, төрде домбыра ілулі тұр­ған көрінеді. Бел жазып отырып, әлгі домбыраны күйлеп, осы күйді тартып шықса керек. Сөйтсе арғы бөлмеде жатқан қыз да күйші болса керек, «апыр-ай, мына күйдің әсерін-ай, көкейімді тесіп жіберді ғой», деп­ті. Мұны естіген Тәтекең онда бұл күйдің аты «Көкейтесті» болсын деп­ті-мыс. Қазақтың «көкейіңді не тесті?» дейтінін де білеміз. Бірақ біздің айтпағымыз бұл емес.

Осы туындының майдақоңыр ле­біне «елітіп» жүргенімізде, бірде Тә­текең туралы деректі фильмге көзі­міз түсті. Әлгі дүниенің арасын­да Тәттімбет жайында роман жазған белгілі жазушы, күйші, өнертанушы Таласбек Әсемқұл шертпе күй шебе­рінің туындыларына тоқталып отырып, «шекті шалғанда қолды сілкіп шертілетін «Көкейкесті» саусақ ұшы­на тепкен қан арқылы тартылады» деп қалады. Жүректің шерлі басынан төгілген ыстық қан қолды сіл­кіп шалғанда, саусақ ұшына теуіп, шекті қауып түсерін естігенде, есіміз шыққан. Қаперімізде осы лепес қалып қойды. Бұған дейін аталған шығарманы тек Әбікен Хасеновтің орындауында тыңдап жүрген біз бұл күйді қазір кім мәнеріне келтіріп шалар екен деп қарастыра бастадық. Белгілі күйші Қайрат Айтбаев алдымыздан сонда шыға келген. «Көкейкестінің» түпнұсқасы, бүгінге жеткен әуелгі бас­тауы Әбікен атамыздың қағысында десек, Қайраттың күйді толғап тартуы соған жуықтайды. Ал Әбікенді күйшілер өз арасында күй өнерінің Әуезовіне балайтыны белгілі. Бұл жерде басты назарға алатын дүние – үндегі ұқсастық емес. Белгілі бір күйді тартқан соң, ол туындының ежелгі дыбыстық жазбасы тұрған соң, ана күйші мен мына күйшінің орында­уында үннің айырмашылығы шамалы болатыны онсызда түсінікті. Мәселе үндегі рух туыстығында сияқты. Өйт­кені «Көкейкесті» шертілгенде тербеле сыңқылдап басталған әуен орта тұсына қарай көтеріліп барып, бір кезде өксуге айналардай босайтын жері бар. Аса бір жайлылықпен тербелген даланың қоңыр үні қалықтап келе жатып, қоңыр қаздай ішін тартып өксігендей болып, қайта жазылады. Егілмейді, бірақ. Жасыған дыбыс емес. Домбыраны тартып оты­р­ғанда, шанақтан шыққан үнге ас­пап­тың өзі иіп кетіп, тебіренгендей күйге қалдырады. Шекті шалғандағы шанақтың үнінен бөлек тағы бір сарын байқалады. Күйге жан бітіріп, алапатын арттырып тұрған да байқаусыз естілетін әлгі сарын. Қаздың үніне келіңкірейді. Рух деп отырғанымыз сол сарын шығар мүмкін. Жалпы, дыбыстан бөлек сол үнді шығара алудан көрінетін сияқты күйшінің күйшілігі. Әбікеннен әртарапты естілетін әлгі дыбыс Қайраттың қағысынан да бай­қалып қалады. Және ол туралы күйші зерттеуінде айтады: «Біз Тәт­тім­бет күй­лерін тартушылардың ең үз­дік шебері Ә.Хасенов екенін біле­міз. Әбікеннің бейне камерада сақтал­ған таспасы (записі) жоқ, аудио тас­пасы ғана бар. Бір сөзбен айтқанда, Әбікеннің күйшілік техникасы бізге беймәлім. Оның шерту әдісі қалай болды?.. Домбыраны төкпелетіп тартты ма немесе шертіп бастап, кейде төкпе­леп кете ме? «Анығында осылай» деп айта алмайтындай бұлыңғыр күйде тұр.

Мысалы, Тәттімбеттің «Бес төре» күйін бастағанда Әбікен кесіп шерту әдісін қолданады. Домбыра кісінеп кеткендей әсер қалдырады. Осы шер­тістердің қайсысын Әбікен жиі қол­данды, тіпті бір шертісті жиі қолда­нуға бола ма, әлде болмай ма, бұл да ойланарлық мәселе. Әбікендей ұлы күйші бір тактыда шертудің бір­не­ше түрін қолдануы да мүмкін. Се­бебі шын күйшілік жаттандылықты көтермейді. «Бозайғырды» тартқанда домбыраны төкпелетіп отырғандай естіледі. Бірақ ол төкпелету шертпеге тым жақын. Оның төкпе күйдегі «төкпелетіп қағу» әдісінен тым алыс екенін байқаймыз. «Қоңыр» күйінде қолданған әдіс-тәсілдерін қарасақ мүлде бөлек. Домбыраны сипай қағып, күңірентіп қана отырғанымен, күйдің соңғы буынында төкпелеп тартқандай көрінеді. «Сылқылдақ» пен «Саржайлаудың» да шертілу тәсілдері әртүрлі. «Сылқылдақ» күйінде көбінесе астыңғы ішекті дара­лай тартады да, көсіп шерту әдісін кең қолданады. «Сарыжайлау» күйінде қос ішекті тұтас шерту әдісі көп кездеседі. «Сарыжайлау» жігерленіп шертіп отырғандай көрінгенмен, дыбысы жұмсақ естіледі. Бұл күйде де кейде төкпелеп алатындай көрінеді. Тек төкпелеткенде білекпен тарта ма, әлде Әбікеннің сұқ саусағының қуаты ерекше күшті ме деген екіұдай ойда жүремін. Бізге түсініктілеуі «Кө­кейкесті» күйіндегі теріс қағыс қана. Ол күйде де тек жоғары қағу әді­­сін қолдана ма, әлде алма-кезек қағыс­тар басым ба деген мәселе бар. Осы күнге дейін Әбікен мына күйді былай шертті деп батыл айтқан музыкант болған емес (көзбен көрме­геннен кейін батыл пікір айту да оңайға соқпайды ғой). «Айдос», «Қосба­сардың» бірнеше түрі, «Азамат қожа», «Секіртпе» күйлерінің біреуінің де шертісін тұтас талдаған күйші-ғалым өкінішке қарай, болған жоқ», депті. Күйге асқан жауапкершілікпен қарайтыны, талғампаз екені осыдан аңғарылады. Осы бір шағын үзіндінің өзінде күйдің қаншама мәселесі, ізденем деген адамға сілтер бағыт-бағдар жатыр. Бажайлап, «лупамен» оқығанға, әрине. «Көкейкесті» күйі де тап сондай талғампаздықты, жіті қарауды талап ететіні байқалады. Дегенмен Қайрат теріс қағыс барын нақтылап тұр. Әбікеннің сиқырына бір табан жақын деген сөз.

Осындай күй төресінің алғашқы, негізгі атауына байланысты көп әңгі­менің нүктесін Таласбек Әсемқұл Асқар Сүлейменов туралы жазбасында қояды. Онда «Көкейкестінің» негізгі атауы «Жантелім» екені тайға таңба басқандай көрсетіледі. Кезінде Бегімсал күйші «Бес төрені» «Кенесары-Наурызбай» деп тартқаны секілді, «Көкейкестіні» Арқаның күйшілері «Жантелім» деп тартқан көрінеді. Тарихын Асқар Сүлейменов былай әңгімелепті Таласбекке: «Мен Әуезов театрында қызметте жүргенде естігенмін. Театрдың шаңырағын көтерген ветеран актерлердің айтысы. Әбікен Хасенов осы театрда жұмыс істеп жүргенде Ахмет Байтұрсыновпен, Сәкен Сейфуллинмен, Мұхтар Әуезов­пен көп араласыпты. Қанша рет дас­тарқандарына барып күй шерткен. Бір күні осы күйді тартады. Ахмет ағамыз «Әбікен, бұл күйдің аты не?» деп сұрайды. «Жантелім» дейді Әбікен. Сонда Ахмет ағамыз айтыпты, «мынау Тәттімбеттің көкейін кескен күй екен. «Жантелім» деп қазақ ет жақын адамын еркелетіп айта береді. Бұл күй бұдан былай «Көкейкесті» болсын» дейді. Кейін радиоға солай деп жазылып, бүкіл қазаққа сол атпен тарап кеткен ғой. Асқақ махаббатты жырлаған күй.

– Иә, – дедім мен, – Тәттімбет бозбала кезінде ғашық болған Ақ­сұңқар деген қызға арнапты», дейді «Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр» еңбегінде.

Біз келтірген күй туралы аңыз­дар­дың бір легі осындай. Бұдан да басқа аңыздары бары анық. Олар­ды іздеп жатпаймын, кей-кейде Қай­рат Айтбайдың орындауында «Көкей­кестіні» бір тыңдасам, аңызға бергісіз күй кештіреді. Сіз де қапы қалмаңыз.