Бұл туралы қаншама шығарма бар, қаншама аңыз, әпсаналар уақыт құрсағын кеңітіп, әдебиетте қадау-қадау туындылар жазылды. Шыр еткен сәбидің қырық күндік шілде суынан бастап дүние салғандағы мейрам суына дейінгі аралықта қалай өмір сүрді, адамдық антына ту етіп, адалдық сертін ұстады ма, алыс жақынға несімен жұғымды болды, басқаны былай қойғанда өз бағасына жетті ме, соңына қандай із қалдырды, осының бәрін сарапқа салғанда, адам баласының қадір-қасиеті деген жалғыз ауыз сөзге сиятын секілді. Қазақ қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына жылайтын халық еді ғой.
Жазушы Өмір Кәріпұлының повестері мен әңгімелері топтастырылған «Серілер мен перілер» кітабындағы «Мейрам суы» шығармасы осындай ойға қалдырып, әртарапты толғамдарға жетелейді. Кез келген ата-ана күніге әлпештеп өсірген баласының жамандығын көрмейін деп тілейтінін талай естідік. Тұқат та сондай, балалық дәурен мен бозбалалық кезеңді құмардан шыққанша армансыз қызықтаған, еркелеп өскен, еркін, бұла боп ержеткен бір үйдің жалғызы. Өнерімен де, күшімен де, ісімен де ел аузына ерте іліккен Тұқат еді-ау. Әрине, «ел мақтаған жігітті қыз жақтаған». Тұқат жар құшқанда да бойжеткеннің реңдісін, көзге түскен қыздардың арасынан бет біткеннің сұлуын иемденеді. Көргенді әке мен шешенің баласы ғана емес, елдің ұлы болуға айналған оның тағдыры оңайға соқпады, бірақ. Соғыс басталмай тұрып ауыл елге абыройлы әке кетеді ұсталып. Көп ұзамай соңынан шеше де дүние салған. Сөйтсе де әке-шеше кетті екен деп жасып қалған Тұқат жоқ. Шаруақор, еңбексүйгіш жігіт жастайынан істің ретін табуға машыққан. Бала кезінде шешесінің қасында киім пішіп, ісмерлікті меңгерген ол жұрт таңған «сенімсіздің сілімтігі» деген сөзді елемей, шаруасын дөңгелетіп әкетеді. Істің ретін табады. Сондай қарекетпен жүргенде фин соғысы басталып, әскерге алынады. Майдан даласында қан кешіп, қырық үшінші жылы бір аяғынан жараланған ол елге «бұзылып» оралады. Оның үстіне майданға аттанарда үш жасар ұлы мен бірге толмаған қызы сұлу келіншегімен қалған. Соғыстан келсе екі баласы да жоқ. «Жер томпайтқан қос құлыншағының азасы жаралы солдатты жапырағын жұлдырған ағаштай жүдетіп-ақ тастаған» дейді жазушы. Бұған қоса, ауылдағы қулар: «Сен соғыста жүргенде сұлу қатының көрінгенмен ойнап-күлді, балаларыңның обалына қалды», десе керек. Қан-қасаптың әсері ме, әлгіндегі жағдайлар қозғап жіберді ме, жер қозғалса селт етпейтін сабырлы Тұқат соғыстан келе бұзылады. Шаңырағын құлатпай ұстап келген жарын місе тұтпай ауылдағы, көрші ауылдағы әр жесірдің үйіне бір түнейді. Соғыстан бүлініп келген мұндай кейіпкер Сайын Мұратбековтің «Жабайы алмасында» да жүретіні есімізде. Бірақ Сайынның қан көріп келген солдаты ұрыс даласына бармай, орта жолдан қайтқан болмаушы ма еді? Және ауылдағы ауыр еңбекке араласпай жатып алатын. Өмір Кәріпұлының Тұқаты әлгіндей әр үйге бір қонақтайтын жаман әдет тапқанымен, жараланып келдім демей, шаруаға, ауыл еңбегіне бір адамдай жегіледі. Ауыл адамын суреттеудің шебері жазушы оның соғыстан кейін тапқан «өнері» тұрғысында: «Ұя бұзған аусарлығы үшін бүтін ауыл оны иттің қара тұмсығындай көрді. Бұрын палуан, әнші, сері, ісмер атанса, енді оны жұрт «ақсақ азбан» деп кекетті», дейді ғой. Ондай опасыздық танытқан ерге әйел тұрған ба? Жары Күлшән бір-ақ күнде жиналып, кетіп тынады. Босағадан аттарында «өз обалың өзіңе, сенен кем байға тисем, жер жұтсын мені» деп қарғанады. Зейнет жасына дейін аса сезіле қоймаған жалғыздық меңдейді Тұқатты. Кейін бас қосқан кемпірден бала болмай, көп ұзамай ол да дүние салады. Бардың қадірі жоғалғанда екі есе білінері және жан түкпіріне түсіп алып, қарадай қинайтыны бар емес пе? Ол еске түссе өзекті қаритын өкінішті қайтерсің? Мұның бәрі әңгімеде сынықшының саусағындай сезімталдықпен суреттеледі. Ашық айтылмайды, тіпті. Ұсақ-түйек нәрселер арқылы жүректі солқ еткізіп отырады. Көңілі ояу сезімтал оқырман болмаса жасы келген ауыл адамының елеусіз жан ауруын байқамай өте шығуы да әбден кәдік. Мәселен, әңгіме былай басталады. «Ол төсекте бұйығып ұзақ жатты. Сәл қимылдаса, жанға жайлы тыныштығын үркітіп алатындай қыбырсыз. Тек кәрі кеуденің болмашы сырылы ғана тыныштық шырқын бұзғандай еді».
Қазақ «жол ортасында атың өлмесін, өмір ортасында қатын өлмесін» демей ме? Тұқаттың қатыны оның опасыздығына төзбей кеткенін есепке алса, ол екі өлтіріп кетіп тұр. Жолдан қосылғандардан да жылу болмапты. Кетіп қалған, енді бірі өліп тынған. Бала жоқ. Оның үстіне кезінде гүлден гүлге ұшып-қонып жүріп, айықпас дертке шалдығып, бір емделгенімен, кейіннен қартайғанда қайта сыз берген сол дерті. Жалғыздық ішінен жанын бордай үгеді. Сөйтіп жүргенде зейнет жасында тағдырына тағдыр жамап алады. Онысы да осы жалғыздықтан құтылмақ үшін тапқан ермегі ме десе, кейіннен сорға айналып шығады. Босқа отырғанша бір нәрсеге алданбақ оймен күзетші ретінде жұмысқа шығады-ау. Көрер жарығы бар екен, мұны ауыстыратын кезектесіп істеп жүрген орыс серігі бір күні олар отырар кішкентай орында өрт шығып, ұйықтап жатып өртеніп өледі. Күйік шалып иістенген мәйітке ешкім жолай алмай, ақырында сүйегін Тұқат арулап қояды. Кебінді де өзі тігеді. Содан бері Тұқатыңыз марқұмдардың мәйітін арулап қоятын сүйекшіге айналады. Кебін пішетін ісмерлігі және бар, маңайдағы ел кісісі қайтса, жетіп келеді. Жалғыздық жанын кеміріп жүрген жасы келген кісіге бұл басында орынды көрінгенімен, бара-бара жүрегіне салмақ болып түседі. Онсыз да жүдеу жанға өлімнен ауыр бар ма? Қаралы үй кісісінің қолқасын қайтару тағы қиын. Сөйтіп жүргенде кезекті шақыртумен сүйекке түсуге барады. Барса... Бұрынғы бәйбішесінің тиген күйеуі екен. Қасқайып жатысының өзі алпамсадай арыс көрінеді. Мәйіттің денесіне тиетін соңғы мейрам суын шып-шып шашыратып тамызып, тігіп әкелген кебініне орап беріп жөнелткенінде, кемпірінің қамырықты жоқтауын естіген Тұқат өксіп жылағанда, омырауын жаспен жуады. Қырық жыл басқа еркекпен отасқан бұрынғы жары. Марқұм болған күйеуін жоқтап, сай-сүйегін сырқыратқан. Қайтып бара жатқанында соңынан марқұмның баласы қуып жетіп, қолақтығын беріп, шешесінің шақыртқанын айтады. Тұқат баланың берген ақысын алмайды, кейін бұрылып бармайды. Бірақ аяқ астынан өзіне ұқсай қалған жігіттен дәмеленіп, «әке-шешеңнің тұңғышысың ба?», деп сұрағанымен үміті желге ұшады. Әке-шешесінің алғашқы балалары туа сала шетінеп, содан кейін көргендері осы жігіт болып шығады. Бұрылып бара жатып Тұқат «шешеңе жақсы ит өлімтігін көрсетпейді де» деп аманаттап жөнеледі. Үйіне қайтқан зейнеткер сүйекші жатқанынан тұрмайды. Біраз өткенде шал көрінбеген соң көршілері есігін бұзып ашса, мәйіті иістеніп кеткен екен. Жақындауға ешкімнің жүрегі дауаламайды. Үстелдің үстіне бір тарақ қағазға бұрынғы әйелінің мекенжайын көрсетіп, сүйегіне сол түссін деп жазыпты. Күлшән келіп, өлікті атқарғанымен, иістенген денені арулап жуу мүмкін де болмайды. Сүйегін шығарып жатқанда екі ауыз жоқтау айтты дейді: «Беу, алтын сүйек замандасым-ай! Осындайға лайық па едің? Ең құрыса денеңе жөндеп мейрам суы да тимеді-ау. Өмірден түк қызық көрмей арманда кеттің-ау!».
Қадіріне жетпеген өмір – зая, тірі өлімнің кебі, тіршілігіңді тозаққа айналдырумен пара-пар екен...
«Мәйітті машинаға жайғастырып жатқанда жаңбыр жауған. Мейрам суына бергісіз ірі тамшылар мүрдені көлегейлеген жамылғыға тырс-тырс тамып еді...» деп аяқтапты жазушы. Иә, өмір дегеннің өзі жақсы өлуге дайындық екеніне сендіреді жазушы...