• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 05 Сәуір, 2022

«Көрдің бе екі бала ат қараған?..»

615 рет
көрсетілді

Бір елдің әні түптің түбінде біреудің әні екені белгілі емес пе? Айтқан сөзі, салған әні халықтың игілігіне айналып кеткен автордан бақытты кім бар? Мысалы: бүгінгі халық әндері, шығарушылары ұмытылған ғашықтық, батырлық жырлар, тағысын тағы. Бұрыннан ел ішіне кеңінен тарап кеткен «Мұхида-Шайбан» әні сол қатардағы туынды деп білеміз.

Белгілі композитор, өнер­та­ну­шы, жазушы Илья Жақанов аталған ән туралы осыдан екі жыл бұрын «Egemen Qazaqstan» газетіне (2020 жыл, 27 наурыз) мақала жазды. Онда мақала авторы туындыны Қайрат Байбосыновтың анасы Торышадан естігенін, сонда барып бұрынырақта Игілік Омаровтан, Көлмағамбеттен тың­да­ғаны есіне түскенін айтады. 

Иә, өнертанушы ағамыз айт­қан­дай, бүгінде бұл әнді шыр­қа­майтын әнші кем де кем. Тіпті кейінгі кездері орындап жүр­ген эстрада жұлдыздары да же­­терлік. Сонау бір жылдары біз­­дің қолға Серік Оспанның «Сәкен­нің музыкалық мұрасы» атты кі­та­бы түскені бар. Кітапты оқы­­ға­нымызда Сәкеннің серігі Сапа­лай Исатайұлы туралы айтыла ке­ліп, «Мұхида-Шай­бан» негізі осы кісінің әні» деген деректі кездестіргенбіз. Ол еңбекте Сапалайдың басқа да әндері туралы мәліметтер келтіріледі. Басқаларынан бұрын «Мұхида-Шайбанның» есте сақталу себебі, туынды бала күні­мізден құла­ғы­мыз­ға сіңісті бол­ғандықтан шығар.

Өткенде бір отырыста осы шығармаға қатысты сөз шығып кетіп, ақын Аманжол Әлтай мынадай бір жақсы әңгіменің шетін шығарды. «Халық ішінде кең тараған мағыналы, сазды әннің бірі – «Мұхида-Шайбан». Бұл ән біздің ел ішінде «Жаңаарқаның қара өлеңі» деп те аталады. Кешегі алмағайып, аласапыран заманда туған деп отырушы еді үлкендер. «Бір кісінің Мұхида-Шайбан атты екі баласы болыпты. Сол екі бала күндердің күнінде жылқыдан ат әкелуге кетіп, үйіне оралмапты. Ат іздеп жүріп жау қолына түссе керек. Ізім-қайым жоғалған сол екі баласын аңсап, сағынып, іші қайғы-қасіретке толған ата-ананың шы­ғарған жоқтауы» дейді бір аңыз. «Есімнен жатсам-тұрсам бір кет­пейсің, көзіңнен айналайын жалт қараған» дегеніне қарағанда, шын­дыққа жанасатын сияқты» дейді. 

Бертініректе Димаш Құдай­бер­ген «Самалтауды» АҚШ пре­­зиденті Байденді ұлықтау шарасында шырқап, халық әні аталып келген шығарма әлемге мәшһүр болысымен көптеген автор «Са­мал­­таудың» тарихын ақтарып, ән иесін іздей бастады. Сонда өнер зерт­теушілерінің бір парасы осы «Са­малтаумен» қатар «Мұхида-Шай­банды» да Сапалайдың шы­ғар­­ма­сы деген қисынға құлады. Бел­гілі журналист Серікбол Хасан «Са­мал­тау» әніне қатысты зерттеу мақаласында фольклортанушы Берік Жүсіптің пікірін келтіреді. «Самалтау» мен «Мұхида-Шай­бан» бір кісінің қолынан шыққан ән екенін дәлелдеу үшін асқан білім мен көп ақылдың қажеті шамалы. Екі қазақтың бірі ыңылдаса жетіп жатыр, көздің ағы мен қа­ра­­сындай қос қоңыр ән сізді Сапа­лай­дың сүрлеуіне жетектеп ала жөнеледі», дейді Берік Жүсіп. Бұл кісінің пікірінше, бұдан былай аталған екі әнді Сапалайдың әні деп мойындау керек.

Сондай-ақ көнекөз қарт, өлке­та­нушы Жақсыбай Сүлей­ме­нов «Мұхида-Шайбан» туралы мы­на­­дай қызық деректі алға тартады. «Әндегі Мұхида-Шайбан – болыстың екі қызы. Негізінде, олардың аттары Мағрипа, Шә­ри­па болған. Сапалайдың Мағрипа мен Шәри­па кеткеннен кейін шығарған тағы бір әні – «Екі айна». Кейін Ақта­мақ деген қызға үйленіп, «Ақ­тамақ» деген әнін шығарған», дейді.

Біз ән анық мына автордікі деп жығып беруден аулақпыз. Ал сөзіне келгенде дұрыс нұсқа Қайрат Байбосыновтың орындауында жеткен үш шумақ деп ойлаймыз. Қазақ әндері туралы көп ізденген Илья Жақанов та мақаласында сол үш шумақты толық келтіргені тегін емес шығар. Өйткені көпшілік орындаушылар бұл әнді екі шумақпен ғана қайырады.

«Дүние, өткенің бе екі-ай

келмей,

Табаны тарлан боздың

гулер желге-ей.

Өлеңді гулет десең гулетейін,

Қоңырдан қой өргізіп

көшкен елдей...

Сағындым, айнам,

Сағындым сені!»,

деп жазыпты И.Жақанов. Ал Қайрат Байбосыновтың орындауында осы алғашқы шумақтың соңғы жолы «Қоңырдан қой қоз­датып, көшкен елдей». Бұл жер­де Қоңыр деген жер атауы ма, қазақтың алқа-қотан қоңыр тір­лі­гі ме? Бірақ қалай айтылса да өлең­нің құнары кем соқпайды – поэзия. Бала күнімізде тай-құнан мініп жүргенімізде «жарыстырып көрмедік пе?» демей, «табанының желін байқамадық па?» дейтін үлкендер. Ат үстінде өскен қазақ жақсы біледі.

«Қонғаны ауылымның

шат қараған,

Көрдің бе екі бала ат қараған.

Түс­кенде сен есіме,

беу, қарағым,

Кө­зіңнен айналайын

жалт қараған.

Мұхида-Шайбан,

А-ха-хау, үри-ай!»

Ат қарауға кеткен әлгі екі бала шынымен оралмаған сы­ңай­лы сезіледі. Ел аузындағы аңызда да солай айтылады екен. Бір ғажа­бы, осы екінші шу­мақ­ты Қайрат Бай­бо­сынов соң­ғы шумақ ­ре­тінде үшінші шумақ­тың орнына қойып орын­дайды да, үшіншіні екінші айтады. Ал Илья Жақанов біз кел­ті­ріп отыр­ған осы ретпен бер­­ген. Сонда негізгі түйін ат қа­­рау­ға кеткен екі баланың келмей қалғаны туралы ма деп те ойлаймыз.

Композитор өз мақаласында әнді алғаш рет Қайрат Байбосынов­­тың анасынан тыңдағанын айтады. Қайрат Байбосыновтың бұл туындыны анасынан бес-алты жа­сында үйренгенін де ескеруіміз керек.

«Өлеңді айт дегенде аял болмас,

Жаныңды аялаған алаң қоймас.

Барында оралыңның

ойна да күл,

Дегені бұрынғының

жалған болмас.

Мұхида-Шайбан,

А-ха-хау, үри-ай!»

Әншілердің көбі бұл шумақ­ты айтпайды. Ал Қайрат Бай­босынов осы әнді орын­да­ған­да, біз жоға­ры­да сөз еткен жолдарға кезек кел­ген­де ғана әннің толық тынысы ашы­латын сияқты кө­рінеді.

Әндегі зар мен мұң сарыны тура­лы әңгіме бөлек.