• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Әдебиет 20 Сәуір, 2022

Жайма-шуақ әңгімелер

669 рет
көрсетілді

Көсемсөз өнеріне терең бойлаған Сәкен замандасымыз көркемсөзге ықылас танытып, «Ғаламтордағы махаббат» атты жақсы бір кітап шығарыпты.

Ертеден белгілі, Оңтүстік өңірінің перзенті кино түсірсе, терең кадр түкпірінде көрі­нер-көрінбес жаңғақ ағашы өсіп тұра­ды, ал көркем прозаға қалам тартса, кітабынан білінер-білінбес үнді шайы­ның таңғажайып исі келеді.

Бұл алап Құдайдың назары түскен, көңілі ауған жер, бақ қонған берекелі ме­кен, бақытты жұрт өмір сүретін аймақ – қа­шанда мамыражай жаз құшағында, қа­шан­да ыстық жалыны бет қарыған қалың пештің маңы, шақырайған Күн астында.

Шым елінің босағасы бір босамайды. Төрі бос жатпайды. Тойы қызық-думанға ұласқан ер көңілді, ер мінезді жомарт халық, әні биге жалғасқан мерекелі жұрт, құмырсқа илеуіндей құрылысы көп, үйіліп-төгіліп жатқан жұмысы көп, меймандос, туысшыл қазақ.

Қазақтың бейнетқоры. Дастарқан мен от арасынан табақ үзілмейді. Қаламы төселген қас талант әңгімелерін оқысаң, көз алдыңа осындай суреттер, ойыңа осындай ойлар келеді.

Сәкен Сыбанбай шығармаларында қыс жоқ. Пейіштің сегіз қақпасының бірі Шымкенттен басталатындай. Бұл өңір иман нұрына толы. Әулие-әнбиелер көптігінен шығар.

Автор оқырман назарына ұсынған әр туындысында – жарқыраған күн, жайма-шуақ жаз мезгілі. Күлкі көп. Бақытты жұрт қалың.

Қаз-қалпында қағазға түсірілген ауыл уақиғаларында шек жоқ. Бітпейді. Естелік ретінде, ертегі күйінде. Өмірдей қысқа, тіршіліктей ұзын.

Шай үстінде шежірелер түгенделеді. Тарихтар қайталанады. Жалған сөз әшкереленіп, шындық танылады.

Фабуладан финал, сценарийден күр­меу көрінеді. Әдеби тілді ер­кін меңгерген автор эпизодтарды орна­лас­­тырғанда да, сюжет құрғанда да күңгірт ойларға жоламайды. Шығар­масына әр беру мақсатында сөйлемдерін қолдан күрде­лендірмейді.

Композициялық құрылымы қандай жеңіл болса, сюжеттік желісі де сондай қарапайым. Кейіпкерлері, тіпті туыс, жақындығы бар.

Финал шешімін шытырман желіге байлап, қиындатуға құштар емес. Сөйлем­деріне терең мән-мағына, күрделі ой-пайым жүктемейді. Қажеті қанша... Образ­дары кесек, есте қалатындай, ұмытыл­майтындай көзге ыстық көркем бейнелер.

Автор бір туындысы ішінде бірне­ше уақиғаның басын құрап, шебер қиюлас­тыра біледі.

Ауылдың образы андағайлап көрінеді: «Бір шәугім шай».

Қайран, жаз исі! Кітап сағыны­шымызды оятады. Бұрқ-сарқ қайнап жатқан самауыр шоғынан, бұрқыраған шайдан, самал лебінен, атқылаған қасқа бұлақтан жаз исі аңқып, көкірегіңе толады, көңіліңді шабыттандырады. Жаз исі.

Шығарма атаулары да шынайы: «Керемет күн», «Өмір өтіп барады», «Үміт үйі». Автор жазғанына сендіреді, күші осында.

Тілі жатық, шұрайлы. Мүлт кетпейді. Ондыққа тигізіп отырады. Болашақта автордан ірі шығармалар да күтеміз.

 

Дидар АМАНТАЙ