• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Сәуір, 2022

Тарихи идеяларды жүзеге асыратын уақыт келді

193 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезек­ті Жолдауындағы көптеген реформа мемлекетімізді одан әрі өркендетуге бағытталғаны баршамызға белгілі. Оны бір­қатар тың өзгерістерден аң­ға­рып та отырмыз.

Мәсе­лен, Конституцияда Мем­лекет басшысының, Консти­туциялық Сот Төрағасы мен су­дьяларының, Орталық сайлау комиссиясының және Жо­ғары аудиторлық палатаның төрағалары мен мүшелерінің өкілеттіктерін атқару кезеңінде саяси партияларда болуына тыйым салынғаны еліміздің дамудың келесі сатысына өт­кенін байқата түссе керек.

Әңгімеге арқау болған тарихи идеяларды жүзеге асыратын уақыт келіп жеткені сөзсіз. Шынтуайтына келсек, жұмыс тобының алға қойған басты мақсаты да сол болып тұр. Алдағы уақытта елордадағы және облыстардағы мәслихат депутаттары іс жүзінде әкімді таңдайды. Көпшілік дауыс жинаған кандидат жеңімпаз атанып, келісім алған болып са­налады. Мемлекет басшысы оны әкім лауазымына та­ғайындайды. Бұл да біздің елдегі басқару жүйесінің жаңа формасы екені рас.

Жылдың басты құжаты құқықтық мемлекет пен аза­маттық қоғамды нығайту жолында Қазақстанды одан әрі ілгерілететін және дамытатын мәселелер кешенімен ерек­шеленгеніне ешкімнің күмәні жоқ. Оны Жолдауды оқыған әрбір азамат жақсы түсінеді. Алдағы уақытта Парламенттің төменгі палатасы заңдарды қабылдау мәселесінде дербес болып, жоғарғы палата Мә­жіліс қабылдаған заңдарды ғана мақұлдайтыны көкейге қонып отырғаны рас. Бұл қадам да елді дамудың жаңа сатысына көтереді.

Сенат пен Мәжілісті қа­лып­тастыру тәртібі өзгеріп отыр­­­­ғаны барлығымызға мәлім. Ал­дағы уақытта Мемлекет бас­шы­сы Сенаттың 15 депу­таты­ның орнына 10 депутатты та­ғайын­дай­тын болады. Ал олар­дың бесеуі Қазақстан халқы Ассам­блея­­­сы­ның ұсынысы бо­йын­ша депутат мандатын иеле­неді.

Мәжілістің аралас сайлау жүйесі бойынша партиялық тізімдер негізінде және бір мандатты аумақтық округтер бо­йын­ша құрылатыны жағымды өзгеріс екенін де атап өткен жөн.

Сайлауға мажоритарлық жүйенің енгізілуіне байланысты депутаттық мандаттан айыру үшін қосымша негіз енгізіледі. Бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты сайлаушылар кері қайтарып ала алады.

Ілгеріде сайлау жүйесіне қатысты көптеген мәселе туын­дағанынан бәріміз хабардармыз. Аралас жүйеге көшудің көптеген артықшылығы бар екені талас тудырмайды деп па­йымдаймын. Себебі Жолдауда айтылғандай пропорционалды жүйе ойдағыдай өте жақсы жұмыс істейді, бірақ сонымен бірге халық депутаттарды та­нымайтын жағдайға жете бастағаны да мәлім. Ал мажо­ритарлық жүйе бұл позицияны айтарлықтай күшейте түсетіні ақиқат. Қазақстан азаматтары ендігәрі халқымызға белгілі кандидаттарды сайлайтын болады. Бұл өз кезегінде тәуелсіз Қазақстанның одан әрі гүлдене түсуіне айтарлықтай әсер ете­тініне сенімім мол.

 

Ермек АБДРАСУЛОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, заң ғылымдарының докторы