• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Сәуір, 2022

«Екінші республика» идеясының берік негізі

192 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа арнаған Жолдауы елімізде жүргізіліп жатқан демокра­тиялық процестерге тың серпін берді. Маңызды құжатта Жаңа Қазақстанның келбеті, оны құру бағытында тұрған міндеттер және ол міндеттерді шешу жолдары анық көрсетілді.

Айтылған бастамалардың көпшілігі Ата Заңда бекітілген қоғам мен мемлекеттің негіздерін қозғайды. Осы мақсатта құрыл­ған арнайы жұмыс тобы Консти­туцияға түзетулердің жобасын ұсынды. Жұмыс тобының құра­мына мемлекеттік органдармен қатар үкіметтік емес ұйым­дардың өкілдері және елге танымал заңгер ғалымдар енді.

Заң жобасында бүгінде елімізде қалыптасқан «суперпрезиденттік» басқару нысанына қатысты мәселе бар. Бұл мақсатта Мемлекет басшысы өзінің бірқатар өкілеттігін басқа органдарға береді немесе олармен келісе отырып атқарады.

Парламент пен жергілікті өкіл­ді органдардың рөлін күшей­ту көзделген. Палаталардың жа­сақ­талу тәртібі мен олардың функцияларында елеулі өзгерістер бар. Президенттің Сенаттағы квотасы он бестен онға дейін қысқартылып, оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынатын болады. Мәжіліс сайлауына аралас сайлау жүйесі енгізіледі. Заң қабылдау құқығы негізінен Мәжіліске тиесі­лі болады. Сенатқа Мәжіліс қабыл­даған заңдарды мақұлдау немесе мақұлдамау құқығы беріледі.

Реттейтін мәселелердің заңды­лығын ескере отырып, конститу­ция­лық заңдарды палаталардың бірлескен отырысында қабылдау қолдау тапты. Үкіметке адам өмірі мен денсаулығына, мемле­кет­тің қауіпсіздігіне, басқа да құн­ды­лықтарға айрықша қауіп төнген жағдайда заң күші бар нормативтік құқықтық актілер қабылдауға құқық берілді.

Жобаның ауқымды бөлігі адам құқықтары мәселелеріне арналған. Өткен жылы Қазақстанның Қыл­мыстық кодексінен және басқа заң­дарынан өлім жазасы алынып тасталды. Енді бұл ұғым Ата Заң­нан да жойылып отыр. Осы­лай­ша Қазақстан іс жүзінде де, заң жүзінде де өлім жазасы жоқ мемлекет деп айта аламыз.

Омбудсмен институты туралы жеке бап қарастырылды. Аза­мат­тардың өтініш беруіне жол ашып, Конституциялық Кеңесті Конституциялық сотқа айналдыру бастамасын ерекше атап өткім келеді.

Конституциялық сот төрелігі бойынша дүниежүзілік қауым­дас­тыққа мүше 118 елдің 70-нде осындай институт құрылған. Он екі мемлекетте Конституциялық Кеңес жұмыс істейді, қалғандарында бұл функцияны жоғарғы соттар және басқа органдар жүзеге асырады.

Осы орайда Қазақстан әлемдегі ең кең тараған және тиім­ді мо­дельді таңдап отыр. Консти­ту­ция­лық бақылау органдары Ата Заңның талаптарын жүзеге асыру­да маңызды рөл атқарады. Бұл негізінен Конституцияның нор­маларына ресми түсіндірме беру, конституциялық дауларды шешу, қолданыстағы заңнаманың конс­ти­туциялық талаптарға сәйкестігін тексеру арқылы жүзеге асады.

1995 жылы Конституция қабылданғаннан кейін елімізде Конституциялық Кеңес жұмыс істеп келеді. Осы жылдары аталған кеңес елімізде құқықтық мемлекет қағидаттарын орнықтыруға елеу­лі үлес қосты. Оның шешім­дері алдағы уақытта да өзінің заң­­дық күшін сақтайды. Алайда заман ағымы жаңа талаптар қойып отыр. Конституциялық ре­фор­малар тәжірибесі мен соң­ғы он­жылдығын талдау азамат­тар­дың конституциялық бақы­лау­ға қол жетімділігін кеңейту үрді­сін көрсетіп отыр. Ол арқы­лы аза­маттар заңнамалық қайшы­лық­­тарды шешуге және құқық ү­стем­­дігін бекітуге атсалысады. Ха­­лық­аралық құқық қорғау құры­лымдары мен көптеген мемлекет­ азаматтардың тікелей консти­туция­лық шағымы институтын енгіз­генді қолдайды. Соңғы уақыт­та мұндай соттар Түркияда, Мажар­станда, Украинада, Литвада және басқа мемлекеттерде енгізілді.

ТМД кеңістігінде Әзербайжан, Армения, Ресей мемлекеттерінде конституциялық соттар азаматтар­дың шағымдары бойынша нақты бір дауды шешу кезінде қолданыл­ған заңның конституцияға сәй­кес­тігін тексереді. Өткен жылы Өзбекстанда жеке және заңды тұлғаларға конституциялық сотқа жүгіну құқығы берілді. Сонымен қатар бұндай мүмкіндікке бала құқықтары және кәсіпкерлердің құқығын қорғау туралы уәкілдер де ие болды. 2021 жылы Қырғыз Республикасында да негізгі заңдарына өзгерістер енгізіліп, конституциялық палатаның орнына Конституциялық сот құрылды.

Азаматтардың конституция­лық шағымы жақында ғана Бела­русь Республикасында өткен конс­­титуциялық референдумда қа­рас­тырылды. Осы уақытқа дейін Қазақстан азаматтары Конс­титуциялық Кеңеске тек соттар арқылы жүгіне алды. Яғни сот іс процесінде нақты істі қарау кезін­де осындай өтінішпен жүгінді. Бұл өтініштің тағдырын судья шеш­ті. Бұл тәртіп тиімді жұмыс істе­ген жоқ. Енді азаматтар Консти­туциялық сотқа тікелей жүгіне алады. Осы жаңалықты «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жы­рымдамасының құрамдас бөлі­гі ретінде қараған жөн.

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, азаматтардың консти­ту­циялық шағымы мен соттардың өтініштерін қатар қолдану адам құқықтарын қорғау тұрғысынан ең тиімді тетік болып отыр. Сонымен қатар мұндай мүмкіндік бас прокурор мен Адам құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілге де беріл­ді. Бұл институттар өздерінің өкі­лет­­тіктерін атқару кезінде адам құ­­қық­тарына нұқсан келтіретін заң­на­маның кемшіліктері, олқы­лық­­­тарымен жиі кездеседі. Сон­дықтан Конституциялық сот ар­қы­лы оларды жою мүмкіндігі туын­­­дайды. Бұл конституциялық өз­ге­ріс­тер қабылданған жағдайда Мем­­­ле­кет басшысы жариялаған «Екін­­ші республика» идеясын іске асы­­ру­ға берік құқықтық негіз қа­лана­­ды. Саяси-құқықтық жүйе­де мем­­ле­кет­тік құрылым институт­тары­­­ның қарым-қатынастары, өз­­ара әре­кет­тесу тетіктері және ха­лық ал­­дын­дағы жауапкершілігі артады.

Жалпы, Мемлекет басшысы­ның идеяларын іске асыру құ­қық­тық жүйені Ата Заңға сә­й­кес пәр­менмен дамытуға, аза­мат­тар­дың конститу­циялық құқық­тарының ке­піл­дері мен елде­гі заңдылық ре­жімін нығайту­ға, халықтың мем­лекеттік инсти­тут­тарға деген се­німін арттыруға мүмкіндік береді.

 

Бақыт НҰРМҰХАНОВ,

Арнайы жұмыс тобының мүшесі, Конституциялық Кеңестің аппарат жетекшісі