Кез келген адамның қолынан келер ісін алаңсыз жүргізіп еңбек етуі, сол арқылы өзіне де, елге де пайда келтіре алуы, ең алдымен, мемлекеттің әділ заңдарына байланысты. Бірақ қағазға басылған қандай заң болмасын әуелі оның орындалуы қажет. Өйткені, орындалмайтын заң ұшпаққа шығармайды. Алайда заңның негізгі мақсатына сәйкес қолданылатындай болуы үшін оны кім қалай жіліктейді, яғни пайдаланады деген сұрақ та туындайтыны анық. Мұндайда ақыры дауласқан жандардың ісін түбіне дейін жеткізетін сот қана, яғни оның шығарған шешімі екі тарап та тоқтайтын әділдіктің қазығына айналуы керек. Әйтпесе заң бар ғой дейтін жандардың үміті ешуақытта ақталмайды.
Ал дауласқан жандарға қазылық ету оңай емес. Бұл орайда заң қалай жазылса сол бағытта шешім шығара салуға болады дейтіндер табылар. Біле білсек, бар мәселе осы тұстан бастау алады. Шешім дұрыс шықпады, заң бұрмаланды дейтіндердің де шу көтеретіні осы жәйтке байланысты туындайды. Демек, екіұдай мәселе туындамас үшін заңды ешкім де бұрмалай алмауы тиіс. Ол үшін үмітін үкілеп сотқа келген тараптар әділдік таразысы қалай тартылатындығына көздерін жеткізе алуы керек. Біз осы тұрғыда Жоғарғы Сот аппаратының басшысы Жазбек Әбдиевпен әңгімелесу барысында іске асырылған және атқарылып жатқан біраз игілікті істің жүзеге асқанына куә болдық. Жоғарыдағы көптеген күрделі мәселелердің шешімін табу жолдары айқындалып, оның үнемі заң жүзінде ғана іске асуы орныққан. Қажырлы ізденіс арқылы әлемнің озық елдерінің жетістіктерін зерттеу, талқылау нәтижесінде тәжірибелердің қонымдысын игеру секілді үздіксіз сынақтардан соң қабылданған нәтижелер жемісін берді. Міне, сол еңбектің жемісін әркім тата алса ғана Жоғарғы Соттың қазіргі ұстанып отырған бағытының дұрыстығына иланбайтын жан қалмайды.
Мемлекет басшысының алға қойған негізгі міндеттерінің бірі ретінде әлемнің дамыған елу елінің қатарына ену сол елдердің озық талабына сәйкес болу деген сөз. Ол талаптардың бірі де бірегейі адам құқығының жоғары деңгейде жетік қорғалуы. Құқықтық-демократиялық жолға қадам басқан еліміздің негізгі ұстанымы да бейбітшілік, әлемнің тыныштығы. Бұл орайда тарихта тұңғыш рет Орталық Азиядағы мемлекет – Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы төрағалығына қол жеткізді. Еліміз осынау мәртебелі міндетті Ұйымға мүше барлық мемлекеттер қолдаған нақты мақсат аясында іске асырып келеді. Бұл әр елдің дәстүрін сыйлап, бір біріне сенім артып, қандай істе болмасын ашықтық білдіру. Соған орай төрағалық ету ұраны да сенім, дәстүр, ашықтық және төзімділіктен тұрады. Осы төрт сөздің әрбіреуінің астарында үлкен мағына жатқандығын және оны сот жүйесі жұмысына да қазық етіп пайдалануға болатындығын Ж.Әбдиев нақты мысалдармен келтіреді.
Сот қашанда халыққа қызмет етеді. Елмен тығыз араласып, ашық жұмыс істейді. Мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бейбітшілік пен тұрақтылықты, адамдар арасындағы достық пен бірлікті, татулықты жақтайды. Сөйтіп, өзінің оң іс-әрекеті арқылы билікке деген халықтың сенімін қалыптастырады. Кез келген даулы мәселені қараған судьяның жанында осы қағидалар үнемі сақталар болса және оның үлгісін пайдаланып отырса әділдіктің тура жолынан ешуақытта таймайды. Сол сияқты істі жүргізетін судья алдына жүгінген екі тарапқа да сеніммен қарауға тиіс. Мейлі ол жәбірлеуші яки жәбірленуші болса да сотта айтылған мәліметтер талқыға салынады. Сондықтан екі жақтың да уәждерін судья сеніммен қабылдайды. Сенім біржақты шешім шығармас үшін өте қажет. Ал ата-бабаларымыз тура биде туған жоқ деп айтқандай, қара қылды қақ жаратын билеріміздің тура сөзіне тоқтаған халқымыздың дәстүрі қазір қажет-ақ. Салт-дәстүрін ардақтай білген ел ұтылмайды. Демек, соттың қызметі қашанда ашықтығымен халықтың нақты бағасына ие бола алады. Жабық күйде қаралатын кейбір қылмыстық істер туралы заңда арнайы баптар бар. Оның жөні басқа. Өзге істерде халықтан жасыратын ештеңе жоқ. Сол сияқты сабыр түбі сары алтын дегендей, біздің төзімділігіміз көптеген қиын-қыстау кезеңдерден аман-есен алып шыққаны белгілі.
Жазбек Әбдиевтің айтуына қарағанда, бұл жаңалықтарды жүзеге асыру қадамдары сот жүйесінде басталып та кеткен көрінеді. Жоғарғы Сот Төрағалығына Мұсабек Әлімбеков тағайындалысымен ол, ең алдымен, судьялар алдына ашық болу талабын қойды. Ашықтық бар жерде заңды бұрмалау мүмкін емес. Әр судьяның не істеп жатқаны сырттай көрініп тұрса, оның тура жолдан тая қоюы да екіталай. Бұрын да өзі судья болып табаны күректей сегіз жыл қызмет атқарған аппарат басшысы таразы басын тең ұстау жұмысының қыр-сыры мен ауыртпалығын жетік біледі. Ал одан кейінгі жылдары атқарушы органдарда қызмет істеп жүргенде сот жұмысына сырттай бақылаушы ретінде де қарап, талай кем-кетікті аңғарғаны бар. Ондай кемшіліктерді жоюдың амалдары жылдар бойы тірнектеп жиналатыны белгілі. Бірақ, соттың қазіргі жеткен биігі сол ұзақ жылдар бойы осы салада тиянақты да тындырымды жұмыс істеген адамдардың жетістігі екені сөзсіз. Алайда уақыт бір орында тұрмайды. Өмірдегі өзгерістер күн өткен сайын құбылып жатыр. Сот жүйесі де үнемі өзін өзі дамытып, ағынның алдында жүруге тиіс. Соған сәйкес сот жүйесінің алдына мүлде жаңа міндеттер қойылып отыр.
Қазір осы міндеттерді іске асыруға байланысты бірқатар бағдарламалар дайындалды. Барлық сот төрағалары өздерінің ресми сайттарын ашты. Олардың ішінде кейбіреулері халықпен тікелей қарым-қатынас орнату үшін жеке блогтарын бекітті. Жоғарғы Сотта бұл үрдіс ерекше қарқынмен жүзеге асырылды. Ол бүгінгі таңдағы әлемдік жаңа технологиялық жетістіктермен одан әрі дамытылып, еліміздің кез келген аймағындағы азаматқа Жоғарғы Сот Төрағасымен тілдесуге мүмкіндік туғызылатындай арнайы бағдарламаға ұластырылып жатыр. Демек, астанадан шалғайда жатқан елді мекендердегі тұрғындардың да Жоғарғы Сот Төрағасының тікелей өзіне қояр сауалдары болатындығы сөзсіз. Міне, осы жағдайда интернетті пайдаланған жан алыстан ат шалдырып, уақыт оздырып жатпай-ақ аталған жаңа бағдарлама арқылы көзбе-көз отырғандай сөйлесе алады.
Сот ашықтығын қалыптастырудың тағы бір қадамы ретінде Атырау, Ақтөбе, Тараз және тағы басқа да қалаларда сот істері бойынша анықтамалық бағдарламасы енгізілді. Ол еліміздің сот органдарының бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық талдау жүйесін дамыту аясында іске асырылған. Бұл бағдарлама сот процесіне қатысушыларға, яғни құқық бұзушыға, талапкерге, жауапкерге, олардың өкілдеріне, қорғаушыға, прокурорға, жәбірленушіге, сотталушыға немесе сотталғанға және мүдделілік танытқан кез келген басқа жанға облыстық және оған теңестірілген соттардың веб-сайттары арқылы бірінші, аппеляциялық, кассациялық сатыларда қаралған немесе қаралатын азаматтық, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің үдерісін байқауға мүмкіндік береді. Қажетті сот актілерімен танысып, көшіріп немесе қағазға басып шығара алады. Демек, осы бағдарлама арқылы жоғарыдағы аталған сот процесіне қатысушыларға істің жай-күйін кез келген уақытта және шетелде жүріп те біліп отыруына толық мүмкіндік бар. Бұл жаңалық сотқа қатысушылар үшін өте ыңғайлы әрі сенімді ақпарат көзі болып табылады. Бәрінен бұрын сыбайластықтың жолы кесіледі.
Әрине, кез келген сот ешуақытта алдына жүгінген тараптардың бәрінің талаптарын бірдей қанағаттандыра алмайды. Міндетті түрде олардың бірі риза болмай қалады. Сондықтан соттың бұл жердегі ең басты міндеті әлгі қанағаттанбай кеткен тарапқа шешімнің неліктен осындай болып шыққандығын жете түсіндіре алуында деп білеміз. Көзін жеткізіп, түсіндіріп бере алмаса, бір шикілік бар. Сарапшылар зерттеуіне қарағанда, еліміздің аудандық соттарында қаралған істердің 96 пайызға жуығына екі тарап та қанағаттанарлық баға береді екен. Сондықтан да облыстық және Жоғарғы Соттағы инстанцияларға екі пайыз ғана арыз түседі. Олар осы екі пайыз тараптың арызын тексеріп, қайта қарағанда нақты заңды әділдікке жетуі тиіс. Ол үшін сот жүйесінің өзі кіршіксіз тазалыққа қол артып, адалдықтың шыңынан көрінуі керек. Әрине, судьялардың бәрі сүттен ақ, судан таза дей алмаспыз. Өйткені, заман солай болды ма, кім біледі, әйтеуір 2005-2008 жылдары парамен ұсталғандар саны айтарлықтай өсіп, осы үш-төрт жылдың ішінде қылмыстық жауапкершілікке 54 судья тартылған. Тек 2009 жылы бұл үрдіс төмендеп, төрт судья ғана сотталды. Ал 2010 жылдың осы өткен кезеңінде бірде-бір судья қылмыстық жауапкершілікке тартылған жоқ.
Әрине, бұл дегеніңіз әр судьямен тынымсыз атқарылған жұмыстың жемісі. Бірақ осы орайда ойландыратын да жәйттер жоқ емес. Жалпы, қазір республика бойынша 2567 судьялық орын бар екен. Ал судья болуға талпынып барлық тәжірибе мен сынақтардан, тіпті әділет біліктілік алқасының сынынан өткен, тек тағайындау ғана қалған болашақ судьялар саны 3 мыңнан асып кеткен. Бұл қалай? Бізде әлде әділқазылық етуге лайықты адамдар көп пе, әлде судьялыққа өту жолдары тым жеңіл ме? Немесе судьялыққа өтудің басқа жолдары бар ма? Неге десеңіз, өзге елдерде мұндай жағдай кездеспеген көрінеді. Демек, бұл артық жасаймыз деп асыра сілтегендік қой. Ал дамыған елдерде 100 үміткердің 95-і судьялыққа өте алмай қалады. Бізде болса керісінше, асып кетіп отыр. Неліктен? Күдік бірден жоғарыда аталған әділет біліктілік алқасына түсті. Сөйтсе, расында олардың сұрақтары өте жеңіл, компьютерлік тест тапсыру деген атүсті жүргізіледі екен. Оны кейін өзгерту де қолда тұрған шаруа көрінеді. Демек, мұндай судьяларды іріктеу, сынақтан өткізудің бәрі Ж.Әбдиевтің айтуынша, ашық жүргізілуге тиіс. Әрбір үміткердің қанша сұраққа қалай жауап бергені жұрттың алдында көрініп тұрса және қанша балл жинағаны белгілі болса, оны өзгерту мүмкін емес. Оның үстіне сұрақтарды күрделендіріп, сапаға мән беру қажет. Сонда осындай талаптардан өткен судья кейін өзінің білімімен де, мәдениеттілігімен де, келісті кескінімен де бірден жұртқа әсер ете алады.
Қазір жалпы республика бойынша 2430 судья қызмет атқарады. Жүзден астам орын әрқашан бос тұрады. Біреу зейнеткерлікке шығады, біреу науқастанады, біреу ауысады, қызметтен шығады дегендей алмасып жатады. Бірақ еліміздің төрт бұрышындағы судьялардың қайсысы ардан аттап қоятынын алдын ала білу мүмкін емес. Көбіне қылмыс жасап, қолға түскенде ғана олардың есімдері аталып жатады. Ал осы екі мың жарымдай қызмет істеп жатқан судьялардың бірде-бірінің қылмыс жасамайтындай дәрежеде тұруы үшін не істеу керек? Ол үшін Жоғарғы Сотта арнайы сот мониторингі атты бөлім ашылды. Осы бөлімде аталған судьялардың жұмысы сүзгіден өткізіледі. Олардың әрбір қараған істері талқыға салынады. Шығарған шешімдері мен үкімдері кейін бұзылды ма, жоқ па, арызданушылар болды ма, жоқ па дегендей сұрақтар есепке алынады. Егер бір судьяның үш шешімі жоғары тұрған инстанцияларда бұзылар болса, оның бар жұмысы, білімі, мінез-құлқы талқыға салынады. Жұрттың ол туралы көзқарасы, пікірі де сұралады. Мәселен, үстіміздегі жылғы бірінші жартыжылдықта 63 судьяның ісі мониторингке түскен. Әрине, олардың бәрін бірдей жұмыстан шеттету мүмкін емес, бірақ бұдан былай олардың әр ісі бақылауда тұрады. Осыны алдын ала сезінген әлгі 63-тің жетеуі өз еркімен қызметтен босануға арыз берді. Олар өздерін Сот жюриіне жібермеуді немесе Президент Жарлығы шыққанға дейін ұстамауды сұрады. Әйтпесе теріс мінездемемен шығарылса барлық жеңілдіктен жұрдай қалып, не қайта қызметке тұра алмайды, не дұрыс зейнеткерлікке шыға алмай қалады. 39 судьяның ісі облыстық сот деңгейіндегі жалпы отырыстарға қарауға жіберілді. Қалған он бір судьяның ісі Сот жюриіне салынбақ.
Демек, бұл мониторинг деген адам тағдырына араласатын судьялардың арасында нағыз адал жандардың қалуын қалыптастыратын, адалдар мен арамдарды сүзгіден өткізетін жаңа жүйе болып табылады. Мұндай жүйеден іріктелген судьялар алдына келген тараптың бірінің де обалына қалмайтыны анық. Ал сот әділ шешім шығарған соң ол туралы толық түсінік беруге қашанда әзір дейді Ж. Әбдиев. Оң шешім шыққанға дейін сот бүйтіп жатыр, өйтіп жатыр деп ерте бастан жалаулатып теріс әрі жалған дақпырт тудыру сот ісіне араласу, яғни қысым жасау болып табылады. Міне, жоғарыда айтқанымыздай, заңның талапқа сай орындалуы, судьялардың таразы басын тең ұстауы, ең алдымен, Жоғарғы Соттың күнделікті атқарып жатқан осындай қызметтерінің нақты жемісі деп білеміз.
Александр ТАСБОЛАТОВ.