• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Мамыр, 2022

Көкпаршы келіншек

561 рет
көрсетілді

Қыз баласы ерлерге тән дерлік мамандықты меңгеріп немесе ер-азаматтың жұмысын атқарып жатса, таңғалмайтын болғанбыз. Мысалы, көлік тізгіндеген арулар көп, ат баптау тек ерге тән ерек өнер дей де алмайсыз. Бұл сөзімізге ертеректе Құла айғырдың қасиетін жазбай таныған Домалақ ана, Тайбурылға түндіктен күн көрсетіп, түтіктен су ішкізген қыз Құртқа дәлел. Иә, қолдағы тұлпардың жем дорбасын ілу, уақтылы суын беру, бойын сергітіп серуендету, міністен келгенде суыту, оны таң асырып отқа қою ежелден бабалар жарының атқарған міндеті. Бұл үрдіс әлі де үзілген жоқ.

Атбегілігі бір бөлек, көкпар шабатын нәзік жандылар да бар. Біз әңгімелегелі отырған, ауылдағылар Әтіллә атап кеткен Адолат Алтешова – бес жасында атқа мініп, 13-інде көкпар да тартқан, қыз қууда жігіттерге жеткізбеген шабандоз. Түркістан облысы Созақ ауданына қарасты Созақ ауылында туып-өскен Әтіллә үш жасында «атқа мінем, атқа мінем» деп жылай берген соң, әкесі атқа отырғызып, жетектеп жүрген екен. Бес жасында үйдегі жуас аттарға өзі міне алатын болған. Жай ғана мініп қоймай, мал қайырып келетін. Бала жастан бүгінгі күнге дейінгі өмірі тек жылқымен байланыс­ты, есімі өңірге мәлім көкпаршы келіншекті іздеп ауылына бар­ғанбыз. «Менің әкем де шешем де мал шаруашылығымен айналысқан, ауылдың күйбең тіршілігімен күнін көрген адамдар. Екеуі де атқа мініп, көкпар тартқан еді. Әкем жүйрік ат ұстап, оны бәйгеге қосып қызықтағанды жақсы көретін. Анам да тап қазіргі мен секілді көкпар болса көкпар шауып, қыз қуу болса оған қатысудан бас тартпайтын. Әкем жоқта атқа мініп, жоқ қарап, жылқы қайыра салу ол кісі үшін үйреншікті шаруа еді. Содан шығар олар менің атқұмарлығыма қырын қараған жоқ. Бәйгеге шабуыма да қарсы болмады», дейді Адолат Дадаханқызы бізбен әңгімесінде. Ауданда өткен бәйгеде бірінші орынды иеленгеннен кейін атымен шауып беруді өтінетін ауылдастарының қарасы көбейген. Қыз қууға он бес жасынан бастап қатысқан. «Шопандар тойы», «Сабан той» секілді үлкен жиындарда ұйымдастырылатын ұлттық ойын­дарда Созақ ауылының атынан талай мәрте қыз қууға қатысып, жеңімпаз атанған. Шабандоз қыздың өмірлік серігі де осы ұлттық спорттың, атбегіліктің маңайынан ұзамаған жігіт. «Екеуміздің отбасын құруымызға жарыстың да, көкпардың да еш қатысы жоқ. Дегенмен ол да атқұмар жан. Атбегілігі бір төбе, көкпаршылығы бір төбе жігіт. Күйеуім Халық Әбішев екеуміз бір-бірімізді бұрыннан білетінбіз. Алып қашпа көкпарға қатысады қазір де, Бұрын жезделері алдына салып берсе, қазір қайнылары өңгеріп береді. Мен қыз қууға қатысамын десем күйеуім ат жарата бастайды. Бұл оның қарсы емес екенін білдіреді емес пе? Атымды үкілеп, қыз қууға өзі апарады. Бала-шағам «Анамыз атқа жігіттерден кем мінбейді», деп мақтан тұтып отырады. Жігітті қуып жетсем жай ғана бір-екі рет қамшы тигізіп өтемін. Ойынның есебіне жазылатындай көрініс жасаймыз ғой. Қазіргі қарсыластарымның көбі жас балалар. Ана ретінде оларды қатты «жазалауға» қолым бармайды. Үнемі жүйрік ат ұстаймын. Жылқы нәзіктікті, күтімді жаны сүйетін жануар. Үстіне мінген иесінің бар қылығын сезіп, біліп отырады. Атқа отырғанда өзіңді ғана ойламай, астыңдағы атпен де санасқан жөн. Тізгінді тең ұстаудан бастап, үзеңгінің ат бауырына батпауына дейін ойлап, алдын алған абзал», дейді Адолат.

Ер-азаматтар спорттық құ­мар­лығы да, жеңістің ләззаты мен қауіп-қатері де бар үл­кен көк­парға қыз баласын қатыс­тыр­масы анық. Сондықтан да Адолат үлкен салымы бар көк­парларға қатыспайды. Ал бір ауылдан екінші ауылға алып қашу секілді ауыларалық көкпарлардан қал­майды. Ондай көкпарда күйеуі екеуі бір команда сапында ойнап, талай серкені ауылға әкелген. Ауылдың жігіттері тартысып жүріп, серкені Адолаттың алдына өңгеріп береді. Жүйрік атпен ауылға қарай алып қашатын бұл ешкімге жеткізбейді. Кішкентай кезінен атқа мініп, көкпаршылар қатарынан жиі көрінетіндіктен де болар, қыз баласының бұл құмар­лығын ешкім ерсі көрмеп­ті. «Ауылдағылардың көбі­нің көзіне еркек болып көрінетін секілдімін. Көрші елді мекендердегі көк­пар, қыз қуу ойындарына ауы­л­ы­­­мыз- дың атынан баратын ко­ман­да­ның белді мүшесімін деп мақ­танышпен айта аламын. Қазір салым көкпарға ат баптап апарамын, қайныларыма, інілеріме мінгіземін. Кейде өзім де шауып тұрамын. Баяғыда лақ шабатын едік, оның салмағы ары кетсе 15-20 келі, қазір серке менің салмағыммен бірдей. Күйеуім екеуміз екі ат баптаймыз. Ат баптау оңай емес, уақыт бөлу керек. Көз ашқаннан кешке дейін жылқы. Жылқы мен бала бағу, тәрбиелеуді қатар алып жүремін. «Әке балаға сыншы» деген мақал бар ғой. Балаларымыз да ат десе елеңдеп тұрады. Әкесі мен шешесі атқұмар болған соң олардың қанында бар дү­ние ғой. Машинаға қарағанда жыл­қыға жақын. Бір қыз, екі ұл тәрбиелеп отырмыз. Қолым қалт ете қалса, ұлдарымды атқа мінгізіп, ат өнерінің қыр-сырын үйретуге тырысамын. Қызым атқа міне алғанымен тақымы бос­тау. «Боламын деген баланың бетінен қақпа, белін бу» деген де бар. Жалындап тұрса, қыз қууға, көкпарға қатысам десе рұқсатымды берер едім. Бірақ қызым ол жағынан менің жолымды қумапты. Ал екі ұлым шынымен де атқұмар. Болашақта екеуінен мықты шабандоз шығып қалуы да мүмкін. Үшінші балам Абылайхан жүлдеге қатысып үшінші орын алды», дейді Адолат Дадаханқызы.

Ауылды, ауыл тұрмысын қа­ла­ған қыз қалаға қызықпап­ты. Өмірін жылқымен байла­ныстырған. Кәсібі де, нәсібі де жылқы. Өзін бие сауып, саумалы мен қымызын сататын қатардағы көп келіншектің бірі санайды. Жазда 10 шақты бие сауады, 20 шақты жылқысы бар. «Әйел адам болғандықтан тамақ істей білу міндетіміз. Шапан пішіп, тон тігетін өнерім бар деп сізді алдай алмаймын. Атқа шапқаннан бөлек, мотоцикл жүргізе аламын. Атбегілікке, шабандоздыққа құмар қыздар болса үйретсем деген ниетім де бар. Жылқы әйел адамға жақындау келеді. Бұлай деуімнің себебі – қыздар кез келген жануарға ерекше зейінмен қарайды ғой. Жылқыны сүю керек. Жылқы – менің жұбанышым. Қымыз ішкіңіз келсе, шөліңізді қандыруға дайынбыз. Ауыл осы, үй міне, келіңіз!», деп Әтіллә-Адолат бізді шығарып салды.

 

Түркістан облысы