• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 15 Мамыр, 2022

Қадырдың «Кәрі қыраны»

1061 рет
көрсетілді

Биікке көтерілгенде қы­бырлаған құрттан жы­бырлаған жыланға дейін көретін қыранның көзі шалмайтын нәрсе жоқ де­седі. Жоғары көтерілген сайын жіті көреді екен. Аспандаған сайын қыбыр еткенді байқағанымен, ұсақ-түйекті елемейді. Сорғалап бәріне түсе бер­мей­ді. Майда-шүй­демен жұмысы жоқ. Ал адам ше? Адам да сондай болса ғой деп ойлайсың. Әдебиеттің көздегені де, көксегені де сол емес пе? Адамды асқақ, терең ойларға жетелеу.

Қыран бейнесі мен мінез-құл­қын суреттеу арқылы адамға ой салу, рухына қанат бітіру, асқақ өмірге ынтықтыру...Егер қолыңнан келсе? «Бақаның бағы­нан сұңқардың соры артық» (Бауыржан Момышұлы) демей ме қазақ? «Қыранша өмір сүргенің – қандай бақыт! Қан­дай бақыт – қыранша өле біл­ген!» дейді Қадыр Мырза Әлі. Алғашқысы халық аузында қа­нат­ты тіркеске айналып кеткен Бауыржан Момышұлының сөзі екені айтылады. Кейінгісі – Қадыр Мырза Әлінің «Кәрі қыран» өлеңіне тоқталуға тура келеді. Өйт­ке­ні өлең, поэзия деген көз тоқтатқан сайын баурап ала жөнеледі де, сезімді бір сіл­кіп алып, ой түбіне үңілдіріп қояды. Сөйтеді де мені оқы дейді.     

«Қанатынан қаңтардың

қары бүркіп,

Қашатұғын көргенде

бәрі де үркіп.

Қырағы көз бүгінде

қарауытып,

Қалғып отыр қияда

кәрі бүркіт.

Бауырында таулардың

пұшпағы аунап,

О, жастық-ай!

Ауылдан ұшқан аулақ!

Құрыш тырнақ қоладай

қайырылып,

Қалғаны ма енді оның

тышқан аулап?!»

«Бүркіт қартайса  тышқаншы болады» дейтін де халықтың сөзі бар. Қы­ран бұған дейін, яғни кәрі­лік иектегенше, түл­кі түгілі қас­қырға түсіп, қоре­гін асқан ер­лікпен тауып жүр­гені айтпаса да белгілі. Және ол жырда да жақсы сурет­теледі. Бірақ сөйте тұра Қа­дыр­дың бүркіті қартайса да, тыш­қаншылыққа бармайды. Әрі-­сәрі болмайды. Тағдырын өзі таңдайды. Қыранша самғап ғұ­мыр ке­ше алғанның тағдыры өз таңдауында, демек. «Адамша өмір сүрейік­ші» дейміз ғой кейде. Тура сол сияқты, тыш­қан аулап жер бауырлап жүр­гені қыран атына сын емес пе? Жаратылысына ар болмақ! 

«Сеңгір-сеңгір бұлттарды

жарып өтіп,

Самғап ұшар

жастықтың әрі кетіп

Қалғаны ма?

Ендеше бұл тірлікті

Қырандарша өтейін

тәрік етіп!»,

дейді. Бұл – Қадыр Мырза Әлі бүркітінің ойы. Қартайған тау бүркіті шың басында қалғып отырғанда ойлағаны – осы. «Қыран болып туған екен, қырандарша өле де білу керек». Мысалы адам болып туғанға адам болып өту парыз емес пе? Адамдардың арасында да қырандары бар.

«Көк аспанын бұлт емес,

мұң қаптаған

Кезде қыран

қыран ба үн қатпаған?

Шаңқ етті де шay бүркіт

заулап келіп

Қойып кетті көк тасқа

күн қақтаған!

Сабақ алып шежіре

көне күннен,

Бәрін көздің өткізіп елегінен,

Қыранша өмір сүргенің –

қандай бақыт!

Қандай бақыт –

қыранша өле білген!»

Өлең тұтас оқылуы керек. Сонда толық сюжет көз алдыңды орап ала жөнеледі. Қыранша өмір сүру былай тұрсын, өмірдің заңдылығы кәріліктің өзіне қыранша жа­уап беру – бүркіттің бүркітінің ғана қолынан келетіндігін ай­тып ойландырады ақын. Се­бебі, кімнің де болсын басына соқпай қоймайтын кәрілікке ұят жүрмейді, ол ешкімге ар болмаса керек-ті, десек те... Сіз солай шешім қабылдай алар ма едіңіз? Мәселе тасқа ұрылып өлу емес, мәселе – қартайған күнде кәрілігіңді кейінгі ұр­паққа үлгі ету үшін қалған уа­қы­тыңызды қия аласыз ба? Немесе қартайғанда әулет ай­наласында тышқаншылап жүрмей үлкен-үлкен шешім­дерге тәуекел ете аласыз ба? Бүркіт-екеш бүркіттің қо­лы­­нан келіп тұр ғой ондай мәрт­тік, саналы адамға неге жат болады? Өлең мені осылай ойландырады, сізді басқаша толғандыруы да бек мүмкін ғой.

Максим Горькидің «Сұңқар туралы жыр» әңгімесінде де қозғалады бұл тақырып. Оқиға желісі сәл өзгешелеу болғанымен, екеуінің қазығы бір секілді. Онда әуеден теңіз жағасындағы биік шатқалға сорғалап келіп өзін мерт қыл­мақ болған көкірегі жаралы сұңқар өзін тасқа ұрғанымен, өлмей қалады. Бұл жерде де мәселе өлімде емес, өмірде болып тұр. Сұңқардың өмірінде. Сұңқар биіктіктің, асқақтықтың, еркін­діктің құсы. Ол әуеден сорғалап келе жатқанын байқаған жылан тастың қуысына тығыла бер­мекші болады, бірақ сұң­қардың өлмелі күйін көріп, онымен сөйлесуге келеді. Сұңқар жатып алып ақырғы рет аспанға бір көтерілуді армандайды, алайда дәрменсіз. Жаралы қыранның аспан туралы айтқандары жы­лан­ның ақылына сыймайды. «Шатқалдан төмен құлдилап көр, мүмкін күш алып ұшып кетерсің» дейді жорғалаушы жәндік қалыбына тартып. Ақырында жыланның айтуымен қыран биік шатқалдан топшысымен сырғып-сырғып, теңізге құлап өледі. Ал қорытынды жасау оқырманның өз еншісінде деп білеміз.