«Қазақстан халқына» қоры тірек-қозғалыс аппаратында ақауы бар балаларды роботтандырылған құрылғылармен қамтамасыз ететін қайырымдылық бағдарламасын іске қосты.
Бағдарлама тиімді оңалту, аурулардың даму қаупін азайту, физикалық және психо-эмоционалдық ахуалды жақсарту мүмкіндігін береді. Бұл қамкөңіл балаларды қоғамда ортаға бейімдеуге көп көмегін тигізеді.
«Қазақстан халқына» қорына балалары үшін техникалық оңалту құралдарына, оның ішінде экзоскелеттерге мұқтаж болып отырған ата-аналардан 300-ден аса өтініш келіп түсті. Бағдарлама аясында жыл соңына дейін 13 экзоскелет шығару жоспарланса, оның төртеуі бойынша өлшеу жүргізіліп, өндіріс процесі іске қосылды.
Экзоскелеттер – бұл церебральды сал ауруы, ми жарақаты, жұлын жарақаттары, параплегия, бұлшықет дистрофиясы, Ретт синдромы және басқа да аурулармен ауыратын балалардың өз бетінше қозғалуына көмектесетін заманауи, жоғары технологиялық және тиімді оңалту құралы. Әр балаға әрбір экзоскелеттің арнайы параметрлері ескеріліп, жеке әзірленеді. Бұл ең бірінші қолдануға қолайлы әрі қарапайым болуымен ерекшеленеді. Бір экзоскелеттің салмағы – 25 кг.
Сонымен қатар Балаларды оңалту ұлттық орталығы базасында науқастың экзоскелетінің қажеттілігі туралы қорытынды шығаратын көп бейінді топ құрылғанын айта кеткен жөн.
Қор «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасының жеңімпазы Мәулен Бектұрғанов негізін қалаған экзоскелеттерді шығаратын отандық «MBionics» ЖШС-мен келісімшартқа отырды. Оңалту жоспары мекемелерінің жұмыс үлгілерін жобалау Астана қаласының Медицина университетімен тығыз байланыста жүзеге асырылады.
Жалпы, «Қазақстан халқына» қоры 13 баланы экзоскелетпен қамтамасыз ету үшін 117 млн теңге бөліп отыр.