Адам баласының аза бойын қаза қылатын тарихтағы қасіретті таңба – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының жазықсыз тағдыры. 1920-1950 жылдар аралығындағы зұлмат пен зобалаң, нәубет пен кесапат тарих бетін жусаң кетпейтін қызыл қанға бояп, адамзат санасына ақтаңдағын қалдырып кетті. Қазақстан халықтар түрмесіне айналып, миллиондаған тағдырлар жер аударылды.
Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үндеуінде «зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды. 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, басқа да ұлт зиялылары бар...
Бұл зобалаңның қасіретін үш миллионға жуық адам тартты... Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз», деген еді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, жүйелі жұмыстар атқарылуда бүгінде.
...Қар астынан жас сәбидің домбыққан саусағы дәрменсіз қыбыр етті. Кезегін тапсырып, үйіне асығып бара жатқан балалар үйінің тәрбиешісі кенет аңғарып, жан-жағын абайлап барып, қайта оралды. Бала тірі. Қойнына тығып ала жөнелді. Уілдеген боранда қатар-қатар бөшкелерде көмуін күтіп қаншама үсіген жас сәбилердің тәні қалып барады. Көрмек түгілі, ойлаудың өзі қорқынышты. Тәрбиеші қойнына тығып алып кеткен атақты жазушы Бейімбеттің қызы Гүлсім Майлина АЛЖИР-дегі анасынан ажыратылып, Осакаровтағы балалар үйіне келгенде көп өтпей өлдіге саналып, далаға лақтырылған да, осылай аман қалғаны айтылады. Мыңдаған балалар арасында бұлай аман қалғандары бірен-саран ғана. Анасы Гүлжамал Майлина АЛЖИР-де орыс тілін білмегендіктен, ең ауыр жұмыстарға жегілген, қой баққан. Кейін уақытын өтеп шыққанда орысша тәрбиеленген қызы Гүлсіммен тіл табысу да оңайға соқпаған. Астананың сыртындағы АЛЖИР-ге барғанда бұдан да басқа жантөзгісіз сұмдықтарды естисіз. Жан жұбанар жалғыз-ақ жаңалық – қазақ балаларының тұтқындарға құрт лақтырғаны. Соның бірі Қиса Қырғызбай қарттың әңгімесін өз аузынан тыңдап қайттық.
1937 жылғы 3 желтоқсандағы Ішкі істер халық комиссарының бұйрығы негізінде, Қарлагтың Ақмола арнайы бөлімшесі құрылды. Бір жастан үш жасқа дейінгі балалы әйелдердің алғашқы легі Ақмолаға (АЛЖИР: Акмолинский Лагерь Жён Изменников Родины — Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері) 1938 жылдың 6 қаңтарында келді. Мұнда түрлі кезеңде 20 мыңнан астам әйел отырған. Ал 8 мыңнан астам әйел мерзімдерін бастан-аяқ өтеп шыққан делінгенімен, нақты санын ешкім де білмейді. Ол баста елдің қамын жеген ерлерін «халық жауы» ретінде қамауға алғаннан кейін әйелдерді күйеулерімен кездесуге апарамыз деп алдаған. Сондықтан келіншектердің көбі әдемі киініп шыққан. Сондай сәнді киімдердің бірді-екілісі АЛЖИР мемориалдық мұражай кешенінде сақтаулы. Әшекей бұйымдарына дейін керемет сән үлгісінде. Бірақ олар сол бетімен қапастан бір-ақ шықты. Алты ай қыс жұрт тон, тымақпен дірдектеп зорға шығатын Арқаның қысы белгілі. Оның үстіне лагерь Жалаңашкөлдің табанында орналасса суық шыдата ма? Баракты жылытар қамыстан басқа ештеңе жоқ. Алғашқы екі жылда әйелдер қисапсыз қырылғаны туралы деректер бар. Қайсысы өліп, қайсысы қалғаны тағы белгісіз. Демек, 20 мың деген шартты меже ғана. Анығы бір Аллаға аян.
Әйелдер көрген азап пен қорлықты айтып жеткізу мүмкін емес. Музейде тергеуде отырған әйел бейнесі мен әскерилердің мүсіні тұр. Мұнда не гәп бар деп үңілсек, әйел аяғы жерге жетпейтін биік орындықта, ал әскеридің орындығы төмен, табаны жерге тиіп отыр. Төбелерінде қарауыл бар. Күні бойы қара жұмысқа жегілген әйелдер түні бойы осылай тергеліпті. Табаны жерге тимей биік отырған соң, 4-5 сағатта аяқ қантамырлары ұйып, есінен танып құлап қалатын көрінеді. Естанды күйі қағазға қол қойдырудың бір жолы ғана бұл. Ал тергеуші мен қарауыл үш сағат сайын ауысып отырады. Зорлық-зомбылықтың кесірінен лагерьде 1 507 бала дүниеге келгенін айтуға ауыз бармайды. Олардың куәліктерінде әке есімі жоқ.
Сонысына қарамай суық барактарда тек қамыс жағып жылынған әйелдер күндіз-түні аянбай тер төгіп, киім тікті. Өте сапалы әрі сәнді киімдері Мәскеу, Петербордың өзінде жоғары сұраныста болған. Майданға киім-кешектің неше атасын жөнелтіп тұрған. Мұражайда неміс Гертруда Платайстың ине-жібі мен оймағы күні бүгінге сақтаулы. Мал баққаннан бөлек тұтқын әйелдер жер жыртып, егін егіп, бау-бақша өсірген. Бірақ бұл еңбектерінің жемісінен оларға татырмаған. Қазіргі Ақмолдың бұрынғы Малиновка атауы солар сыңсытып өсірген таңқурайдан қалған деседі.
Қарлагтың жалғыз-ақ нүктесі АЛЖИР осылай адамзат тарихының азалы күйін шертеді. Бірақ кейде бізді 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде ғана аталатыны қынжылтатыны өтірік емес. Францияда 3 адам опат болса, аза тұтып, Эйфел мұнарасының шамдары сөндіріледі. Ал мұндай геноцидтің ең озбыр түріне келгенде, тіпті не деріңді білмейсің. «Бұл күні Мемлекеттік Туымыз төмен түсірілмейді, телевизия мен радио арналарында ойын-сауықтық, концерттік бағдарламалар күні-түні жүріп жатады, көңіл көтеру орындарының жұмысына да еш шектеу қойылмайды. Бірақ осымыз дұрыс па? Бұл күнді жалпыұлттық Аза тұту күні ретінде атап өтудің кешенді іс-шаралары қамтылса игі.
Ал Аза тұту күнін қалай өткізу керек дегенге келсек, жыл сайын 27 қаңтарда атап өтілетін Халықаралық Холокост құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шараларға назар аударған абзал. Мәселен, бұл күні Еуропа кеңесіне кірген елдердегі бүкіл мектепте «Еске алу күні» өткізіледі. Ұлыбританияда Холокост қасіретін басынан кешкендер, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысатын рәсімдерден бөлек, шіркеулер, мектептер, университеттер және қалалық кеңестер жұртшылыққа арналған іс-шараларды ұйымдастырады. Израильде Холокост құрбандары болған 6 миллион еврейді еске алуға арналған осы Аза күні бүкіл елде екі минут бойы сирена беріліп, мейрамханалар, кафелер, дискотекалар, театрлар сияқты көңіл көтеру орындары жұмыс істемейді. Ұлтымызға бас болған зиялы азаматтарымызды түгелдей дерлік оққа байлаған нәубет енді қайталанбауы үшін Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнін біз де өркениеті биік елдерше атап өтуіміз керек деп білеміз», депті Кәрібай Мұсырман бір жазбасында. Бұған біз толықтай қосыламыз.
Ең қымбат тас та, ең қымбат ас та қазақтың құрты туралы аңызды айтқан осы АЛЖИР тұтқыны Гертруда Платайс екенін ел білетін шығар. Ғалым Жайлыбай «Қара орамал» атты атақты поэмасының бір бөлімінде соны жырлайды. Поэма әлемнің 16 тіліне аударылып, Швецияның Стокгольм қаласында Open Eurasian халықаралық сыйлығын иеленді. Сөйтіп қазақ құртының қадір-қасиеті әлемге жайылды. Г.Платайстың айтуынша, балалар үлкендердің айтуымен әйелдерге қарай тас лақтыра бастайды. Тұтқын әйелдер «бұлардың балаларға берген тәрбиесі осы ма?», деп налиды. Бір әйел әлгі тастардың біріне сүрініп құлайды. Құлаған кезде алдында жатқан тастан сүт пен ірімшіктің исін сезіп қалады. Шетінен бір тістеп көрсе, дәмі тіл үйіреді екен. Тастардың барлығын теріп, баракқа алып келеді. Барактағы тұтқын қазақ әйелдер оның тас емес, кептірілген құрт екенін түсіндіріпті.
Біз Ақмолдағы АЛЖИР-ге сапарымызда жанындағы Жаңажол ауылынан кезінде тұтқындарға «тас» атқан балалар арасында болған қартты Еуразия ұлттық университетінің филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, PhD доктор Жанбота Тасболатұлының айтуымен іздеп таптық. «Он шақты бала жаяу барамыз. Мен есімді еміс-еміс қана білемін. Көп бала құрт лақтырғаны есімде қалыпты. Кейде жұмыртқа, айран, құртты қойып кетеміз. Ылғи балалар едік, үлкен кісілер жоқ. Стрелоктар қақпайлаған болады, бірақ кетіп қалмаймыз. Бізге қызық керек. Мен өзім 1945 жылғымын, бізді ересектеу балалар бастап баратын. Қазіргі Өтеміс, бұрынғы Радионовканың балалары келетін көрінеді. Кейінде тұтқындар киім-кешек, тиын-тебен беріпті балаларға», дейді Қиса Қырғызбай ақсақал. Бұл кісі тұтқындар қоныс тепкен барактар бертінге дейін тұрғанын айтады. «Жанында «Жындының бәлнісі» (больница) болды, жұрт солай атаушы еді, есімде қалғаны осылар», дейді.
Дүниенің түкпір-түкпірінен айдалған әйелдердің арасында кімдер жоқ дейсіз? Небір дарын, өз ісінің мамандары, әнші, суретші, тігінші, дәрігер, оқыған ғалым, өнертапқыш, геолог, тағысын тағылар. Барлық саланың маманы жиылып, өздеріне қажетті нәрсені салып, жасап және Отанын мол өніммен қамтамасыз етіп отырған. Қамыс буғандардың арасында бізді әсіресе намыс буған Алаш арыстары әйелдерінің тағдыры елеңдете береді. Неткен сұлу, неткен нәзік, неткен қайсар бейнелер десеңізші?! Музейдегі сол кезден жеткен суреттерден анық байқалады. Жарларын атып тастап, үш жастан асқан балаларын жетімдер үйіне қаңғытып немесе сонда аштан өлтіріп, өздерін осылай қапасқа алғандағы бар ойы – текті тоқырату. Ұлттың бас көтерерлерін қырып салу Сталиннің өзі өлген соң барып толастағаны белгілі.
Қамыс буған, намыс буған, арыс туған ел жасай берсін!