• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
Референдум-2022 31 Мамыр, 2022

Сенімділікке бастар жол

773 рет
көрсетілді

Президент Архиві – Қазақстанның ХХ-ХХІ ғасырлардағы саяси тарихының құжат­тарын сақтайтын мемлекеттік мекеме. Архивте еліміздің кеңестік кезеңінен Тәуелсіз Қа­зақ­стан тарихы аралығында орын алған саяси-әлеуметтік оқиғаларға қа­тыс­ты бірегей құжаттар кешені сақталуда. Осы құжаттардың қатарында 1995 жылғы 30 тамызда жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституцияның түп­нұсқасы да бар.

Президент Жарлықтарына қатысты архивтік құжаттар Архивтің №5-Н қорында сақтаулы тұр. Мәселен, Архив қорындағы құжаттар ізімен республикалық референдум өткізу туралы Жарлықтардың тарихына тоқталсақ, алғашқы референдумды ұйымдастыру және өткізу тәртібін белгілеу мақсатындағы Президенттің 1995 жылғы 25 наурызда №2151 Жарлығы шыққан. Дәл осы күні мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы ретінде халықтың еркін таңдауын білдіруінің ең жоғары көрінісі – бүкілхалықтық дауыс беру екеніне сүйе­ніп, Қазақстан халқы Ассамблеясының үндеуімен «ҚР Президенті мен жергілікті әкімдерге уақытша қосымша өкілеттілік беру туралы» ҚР Заңының 3-бабын бас­шылыққа алған ҚР Президентінің №2152 Жарлығы шықты. Осының негізінде 1995 жылғы 29 сәуірде алғашқы рес­пуб­ликалық референдум өтті.

Сол жылы қоғамдағы түйткілді мә­се­лелер мен азаматтық құқықтың мүм­кіндіктерін анықтау үшін Конс­титу­цияның жаңа жобасы әзірленді. Елдің мемлекеттік өмірінің аса маңызды мәселелерін тікелей шешу жөніндегі халықтың құқығын жүзеге асыру мақсатында 1995 жылғы 30 та­мызда республикалық референдум өтті. Бұл референдумда азаматтардың ықтияр, еркімен талқыға салынған конс­титуциялық заңдар мен бірқатар мем­ле­кеттік маңызды мәселе қаралды. Бүгінгі таңда Қазақстанда республикалық референдумды тағайындау, әзірлеу және өткізу тәртібін белгілеу 1995 жылы 2 қарашадағы №2592 Конституциялық Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

«Жаңа Қазақстан болашағының ір­ге­тасын бүтін халық болып бірге құ­ра­йық деген» Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысын қолдаған бұл бү­кілхалықтық референдумның жөні де, жолы да ерекше. Біріншіден, супер­пре­зи­денттік модельден президенттік бас­қа­рудағы республикаға түпкілікті көшу билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті орнатып, президенттік институттың өзге саяси институттармен тең дәрежелі билі­гін қамтамасыз етеді. Референдумда ұсы­нылған әділ ұсыныстың бірі деп – Пре­зидент өзінің билік басында отырған кезе­ңін­де саяси партияға төрағалық етуден бас тартуын айтуға болады. Президенттің бұл бастамасы өз кезегінде барлық саяси партиялардың тең жағдайда дамуына мүм­кіндік береді әрі саяси бәсекелестікті арт­ты­руға бағытталған оң шешім.

Бұл конституциялық реформада бү­гіннен бастап ел тағдырының тіз­гініне халықтың қатысуын кеңейту көз­делген. Осындай демократияландыруды дамыту мақсатындағы саяси процестер әді­лет­ті қоғам құрудың негізгі бастамасы болмақ. Сондықтан Конституцияның құ­қық­тық негізін қалаушы республикалық жалпыхалықтық референдумға халық болып, ұлт болып толық қатысу заман талабы деп білемін.

 

Әлия МҰСТАФИНА,

Президент Архивінің директоры