Павлодарда журналистердің басын қосып, бабын байқайтын жалғыз турнир бар. Жыл сайын үстел теннисіне икемді жергілікті тілшілер өңір журналистикасына сүбелі үлес қосқан Сәлімбай Ермұратовты еске алуға арналған жарысқа жан-жақтан жиылады. Биыл қатарынан 10-шы мәрте ұйымдастырылған бәсекеге ракеткамыздың шаңын сүртіп біз де қатыстық.
Иә, дәстүрлі турнир пандемия кезінде де үзілген жоқ. Былтыр барлық санитарлық талап сақталып, соның өзінде үреймен өткізілгені есімізде. Биыл ұйымдастырушылар да, қатысушылар да өзін еркін сезініп, бетпердесіз JENIMPAZ үстел теннисі орталығын бетке алды. Жаңадан ашылған орталықта журналистер алғаш рет бас қосып отыр. Бұған дейін жергілікті бір колледждің спортзалында тартысқа түсетін. Жақында ғана бұл орталықта республикалық турнир өткізілген еді. Аурасы кете қоймапты. Салтанаты келіскен зәулім ғимаратта тілшілердің әрқайсысы өзін үздік сезініп, барын салды. Жарыста жергілікті және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері төбе көрсетті.
Турнирдің бас демеушісі – «Ертіс Медиа» ЖШС директорының орынбасары Жұмабек Сманов өз сөзінде Сәлімбай Ермұратов ұзақ уақыт облыстық радиода (қазіргі Халық радиосы) еңбек етіп, жастарға үлгі-өнеге көрсеткенін атап өтті. Әу баста ұйымдастырушылардың қатарынан табылып, жыл сайын жарыстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып жүрген Халық радиосының жаңалықтар редакторы Махаббат Камесханұлына алғысын жаудырды.
Турнирдің қорытындысы бойынша қыздар арасында бірде-бір ойында сүрінбеген Халық радиосының қызметкері Айдана Дүйсен жеңімпаз атанды. Екінші орынды «Звезда Прииртышья» газетінің жауапты хатшысы Надежда Яницкая иеленсе, үздік үштікті «Сарыарқа самалы» газетінің журналисі Гүлжайна Түгелбай түйіндеді.
Ал ерлер арасында республикалық Atameken Business телеарнасының меншікті тілшісі Есенбек Санатұлы чемпион атанды. Әу баста фавориттердің бірі саналған ол осымен оныншы рет ұйымдастырылған турнирде 7-ші рет жеңімпаз атанып отыр. Үшеуінде күміспен күптелген. Осы уақытқа дейін әрдайым турнирдің финалынан табылып келген Есенбек енді жарысқа қатыспай, жастарға жол беретінін жеткізді. Биылғы турнирдің күміс жүлдесі «Найзатас» журналының бас редакторы Асыл Әбішевке бұйырды. Үшінші орынды Ertis телеарнасы жаңалықтарының режиссері Әділхан Мүталяпов еншіледі. «Ертіс Медиа» ЖШС басшылығы жүлдегерлерге диплом мен қаржылай сыйлық тағайындаса, барлық қатысушыға алғысхат пен тауарлы сертификат үлестірді.
Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, журналистер арасында волейбол, футбол турнирін қайта жандандыруға ниет танытты.
ПАВЛОДАР