• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Маусым, 2022

Жазда лагерь жетіспейді

643 рет
көрсетілді

Жаз басталғанда мектеп оқушылары үшін қала сыртындағы жазғы лагерьлердің тапшылығы айрықша сезілді. Ақтөбе облысында 153 мың мектеп оқушысы болса, бүгінде олардың 28 пайызы ғана каникул күндерін табиғат аясындағы лагерьлерде демалуға мүмкіндігі бар. Мамырдағы облыстық мәслихат сессиясында жергілікті бюджеттен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға 325 млн теңге қаржы бөлінді. Оған өңірдегі 15 мың мектеп оқушысын мектеп жанындағы және табиғат аясындағы лагерьлермен қамту көзделді. Соның ішінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балалары, ата-анасы жоқ, қамқоршылықтағы және мүгедектігі бар 3 мың оқушы қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьде демалатын болды.

Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласының іргесінде табиғат аясында орналасқан тоғыз лагерь болса, оның екеуі – мемлекеттік, жетеуі – жекеменшік. Алға ауданы Бестамақ елді мекені жанындағы «Күн­шуақ» және Өрлеу ауылындағы «Достық» жазғы лагері мемлекет меншігінде. «Күншуақта» әртүрлі мүгедектігі бар балалар қысы-жазы сауықтырудан өтсе, биылдан бастап мұнда денсаулықтарында кінәрат жоқ, бірақ әлеуметтік жағдайы төмен от­басы балалары демала бастады.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық меншік меке­месіне қарасты «Достық» жазғы лагері 2019 жылдан бері бала қабылдамайды. Өйткені апаттық жағдайда тұр. Кеңес өкіметі заманында теміржолшылар­дың балалары үшін салынған 12 гектар лагерь аумағында жалғыз күзетшісінен өзге ешкім жоқ. Электр желілері мен ауыз су құбыры әбден тозған, бір жатын корпус­тың екінші қабаты опырылып тұр. Үлкен асханасы да бос. Ең соңғы рет 2014 жылы жөндеу жұмыстары сапасыз жүргізілгендіктен, төрт жылдан кейін апатты деп танылған. Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, осы лагерьді не мемлекет қаржысы есебі­нен, не жеке кәсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға беру арқылы қайта қалпына келтіруге болады. Барлық ­жатын корпустарына қай­­та күрделі жөндеу жүргізілуі керек. Ауыз су құбы­­ры тартылып, электр, кәріз желілері қайта жүр­­гізіліп, жүр­гіншілер жолы салынып, лагерьге кіре­­беріс бөлігін асфальттауға және жабдықтауға 1 млрд теңге­ден астам қаржы қажет. Оған дәл қазіргі кез­де бюд­жет­тен қаржы қарастырылмағандық­тан, кәсіп­кер­лерге жекешелендіру құқығынсыз ұзақ мерзімге сенім­герлік басқаруға беру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Пандемияның салдарынан үш жылдан бері Ақтөбе облысында балалардың табиғат аясындағы демалысы ұйымдастырылған жоқ. Білім басқармасының дерегіне қарағанда, жаз басталғалы лагерь салуға ынталы кәсіпкерлер қатары көбейген. Олар қала сыртында демалыс орнын салып, каникул кезінде оқушылар лагерін ашып, басқа маусымда демалыс орны ретінде пайдаланбақшы. Аудандарда да лагерь салуға ықыласты тұрғындар бар. Мәселен, Ойыл ауданының қарағайлы Барқын құмы мен Темір ауданының Толғанай тоғайынан жазғы лагерь ашу жоспарланды. Аудан орталықтарында оқушыларды шатырлы лагерьлерде демалдыру жақсы қарқын алды. Бұл жағынан он ауданда табиғат аясындағы шатырлы лагерьлер балаларға есіктерін ашты.

Жекеменшік лагерьге бала сыймайды

Немқұрайдылық пен жаны ашымастықтың кесірінен иесіз қалған Ақтөбе қаласының іргесіндегі «Достық» лагерінің жағдайы осындай. Қаланың екінші бір шетіндегі Украинка елді мекеніндегі жекеменшік «Шұғыла» лагерінің жағдайы мүлде бөлек. Шулы ауласы балалардың шаттық күлкісіне толы. Мұнда мектеп жасындағы 90 бала демалып жатыр екен. Бұл жерде 12 күнге бір балаға есептелген жолдама құны – 60 мың теңгені құрайды. Демалыс маусымы мамырдың соңынан басталып қыркүйекке дейін созылады. «Шұғылада» жаз бойы 1500 оқушы табиғат аясында сауықтырудан өтеді. Баскетбол, волейбол алаңдары, үстел теннисі мен тоғызқұмалақ үшін жабдықталған орындар, ән-би үйірмелері жақсы ұйымдастырылған.

Бұл қаладағы бұрынғы «Энергетик» лагері. Үш жыл бұрын кәсіпкер Айдынғали Жетесов лагерьді сатып алып, қайта ұйымдастырған. Аудан оқушылары да келеді. Осы маусымда Әйтеке би ауданының 125, Ақтөбе қаласындағы бірнеше мектеп оқушысы демалады. Лагерь директоры Айдынғали Жетесов бала­лардың жазғы демалысы үшін мемлекеттік тапсырыс конкурсын білім басқармасы сәуір айынан қалдырмай жарияласа деген ұсыныс айтты. Себебі әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына орын алып қалу үшін бұл тиімдірек болады. «Мамыр айын­да жолдаманы бөліп тастаймыз. Себебі оқу жылы аяқтала салысымен ірі мекемелердің кәсіподақ ұйымдары жолдамаларға тапсырыс беріп, тіпті алдын ала қаржысын төлеп тастайды. Сол себепті мемлекеттік тапсырыспен қаржысы бөлініп келген балаларға орын тимейді», дейді лагерь басшысы.

Балалар демалысын ертерек жоспарлау керек деген пікірге білім басқармасының басшысы Жолдас Батыр­хан «санитарлық-эпидемиологиялық қызмет ла­герь жұмысына наурыздың соңында ғана рұқсат бер­­гендіктен, уақыттан біраз кешіктік», деп жауап берді.

Мектеп жанындағы лагерь Ясное елді мекенін­дегі Фариза Оңғарсынова атындағы мектепте де жақ­сы ұйымдастырылған. Ауыл балаларының тү­гелге жуығы жазды осы жерде өткізеді. Мектепте 750 оқу­шы бар. Лагерь оқушылары ыстық тамақ­пен қам­тылған. Мектеп директоры Айжан Дәулет­қызы­ның айтуынша, мұндағы мектеп жасындағы бір бала­ның тамағы үшін бюджеттен 2 086 теңге қарас­тырылған. Қазір қаладағы 80 мектептің жанында екі-екіден жазғы лагерьлер жұмыс істеп жатыр. Оның біреуі толық күндік, екіншісі жарты күндік етіп ұйымдастырылған.

«Баланың бәрін лагерьмен қамту мүмкін емес»

Бұл облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырханның сөзі. Жазғы лагерь ұйым­дастыруға көп жағдайда кәсіпкерлер аса қызық­пайды. Себебі жазда ғана жұмыс істейді де, жыл бойы табыс алмайды. Екінші жағынан жер­гілікті бюджет қаражаты есебінен жазғы лагерь салу қазіргі таңда күн тәртібіне қойылмаған.

Облыстық мәслихаттың өңірлік және салалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы Сұлупан Шынтасованың айтуынша, осыдан біраз жыл бұрын «Достық» лагерін көпбалалы, аз қам­тылған, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасы балалары үшін ұйымдастыру жоспарланыпты. Алайда коммуналдық лагерь жасау жобасы қағаз күйінде қалып қойды. Өңірде қаланың тар пәтеріне тығылған мүгедектігі бар балалар мен олардың аналары табиғат аясында демалатын орын жоқ. Ықылас болса, қазір де кеш емес. Кеңес заманында бала демалысы үшін лайықталып салынған, қазір қаңырап қалған «Достықты» қазір де жайнатып қоюға болады. Бірақ жекеге беру де қауіпті. Өйткені табысы аз отбасының балалары үшін жекеменшік лагерьде демалу қолжетімді емес. Сондықтан да коммунал­дық меншіктегі лагерь етіп ұйымдастырылса деген ұсыныс басым.

«Достық» лагерін қайта салуға бюджеттен қаржы қарастырылмағандықтан, меншікті ұзақмерзімді сенімгерлік басқауға беру қарастырылып жатыр. Осы жұмысты қолға алуға ықыласты жергілікті кәсіпкер табылды. Жобаның қайтарым мерзімін конкурстық комиссия анықтайды. Кәсіпкер салған қаржысын қайтарып алуы үшін балалардың жазғы демалысын жазда емес, жыл бойы ұйымдастыра алды. Қалада табиғат аясында бұқаралық, спорттық не мәдени іс-шара ұйымдастыратын орындар да жоқ. Бұл жағынан мемлекет-жекеменшік әріптестік арқылы мемлекеттен бірнеше миллиондап қаржы алған кәсіпкерлер қайда деген сұрақты қояды көпшілік ата-аналар. Мемлекет-жекеменшік әріптестік арқы­лы қосымша білім беру ұйымдарын ашқан кәсіпкерлердің жұмысының түпкілікті нәтижесі де көрінбейді. Бұрынғысынша балалардың қосымша үйірмелер­мен қамтылуы жеткіліксіз. Лагерьдің жағдайы да осындай. Мемлекет-жекеменшік әріптестік пайда болғалы балалардың спорттық-бұқаралық іс-шаралармен қамтылуы сиреп кетті. Осы салада бюджет қаржысының талан-таражға түсуі де байқалады. Мұның салқыны балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға да тиіп жатыр. Қалтасы жұқа ата-аналардың балаларын жазғы лагерьге апаруға да шамасы келмейді. Рас, мемлекет-жекеменшік әріп­тестік бюджет қаржысын ұятсыздықпен ұрлаудың ең жабайы тәсіліне айналды. Балалар мекемелері талан-таражға түсті, оқушыларға арналған демалыс орындарының әртүрлі жолдармен жекеге сатылып кетуінің кесірінен көпшілік бала лагерьге бара алмай үйде қамалып отыр.

 

Ақтөбе облысы