Павлодарлық жас бишілер Грузияда өткен «Идеялар толқыны. Грузия» атты ІІ халықаралық фестивалде сегіз бірдей 1-орынды жеңіп алды! Осылайша, облыс орталығындағы М.М.Катаев атындағы оқушылар сарайының «Блэйз» және «Тип-топ» үлгілі эстрадалық би студиялары тәрбиеленушілері биге құмар әлем жұртшылығын өздеріне қаратты.
Халықаралық додада Беларусь, Ресей, Грузия елдерінің де үздік бишілері өнер көрсеткенін атап өткен жөн.
– Батумидің аты аңызға айналған сахнасындағы байқауда атақты мәдениет және өнер қайраткерлері қазылық етті. Павлодарлық бишілердің өнері жоғары бағаланды. Қара теңіз жағалауындағы фестиваль ұмытылмас әсер қалдырды. Балалар байқаудан тыс бос уақытында шеберлік сыныптары мен қызықты экскурсиялық бағдарламаға қатысты, – дейді оқушы- лар сарайының әдіскері Әсем Айыпова.
Байқауға тоқталсақ, «Pop Dance» санатында – «Непоседы» (кіші жас тобы), «Халықтық-стильдендірілген қазақ биі» санатында – «Кербез» (жоғары жас тобы), «Pop Dance» санатында – «Засуха» (жоғары жас тобы), «Pop Dance» санатында – «В плену интернета» (орта жас тобы), «Микс» санатында – «Саванна» тобы дара шықты. Сондай-ақ Виолетта Рябова мен Арианна Ленинг бірнеше сайыс бойынша жеңімпаз атанды. Жас бишілердің топ жетекшілері – Любовь Корнюхина мен Анжелика Булич.
Павлодар