• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 31 Тамыз, 2022

Түркінің тасқа қашалған тұңғыш төлқұжаты табылды

2947 рет
көрсетілді

Жуырда Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы Археология институтының біріккен ғылыми археологиялық экспедициясы Номғон алқабында Күлтегін мен Білге қағанның әкесі, Түркі қағандығын қайта дәуірлеткен ұлы Құтлық Елтеріс қағанның кешені мен жазуын тапқан еді. Тарихи оқиғаға орай Халықаралық Түркі академиясы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде арнайы баспасөз мәслихатын өткізді.

Брифинг барысында академия президенті Дархан Қыдырәлі және археологиялық экспедиция мүшелері, академияның ғылыми қызметкері Нәпіл Базылхан мен Моң­ғолия Ғылым академия­сы Археология институты Ортаға­сыр­лық археологиялық зерттеу ор­талығының жетекшісі Ал­тангэрэлийн Энхтөр ғасырлық ғы­лыми жаңалықты көпшілікке кеңінен таныстырды.

Сондай-ақ алқалы жиынға Әзербайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Тө­тенше және Өкілетті елші­сі Аталар Атамогланов, Моңғо­лия­ның Қазақстан Республикасын­дағы Төтенше және Өкілетті Ел­шіcі Доржийн Баярхүү, Түрік­менстанның Қазақстан Респуб­ли­касындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Батыр Реджепов, Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің көмекшісі Турхан Дилмач, БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.

«Күлтегін мен Білгенің әкесі Құтлық Елтеріс қағанға тиесілі бұл ескерткіште «түрк» атауы алғаш рет кездеседі. Сон­дықтан Түркі академиясы киіз туырлықты түркі халықтарының тасқа қашалған тұңғыш төл­құжатын тапты деу­ге болады.

Халықаралық Түркі ака­де­миясының жұ­мы­сына қолдаған құрыл­тайшы елдерге, сонымен қа­тар Мемлекет басшы­ларына, әсіресе айрықша қолдау көрсеткен Қазақстан Президентіне риза­шы­лығымызды білдіреміз. Алдағы уақытта кешен­ді әрі қарай зерттеу жұмыстары жалғасын табады. Әлі 30 жылға жететін қаз­ба жұмыстары бар. Жал­пы гума­нитарлық ғылымда жаңа­лық ашу оңай емес. 130 жылдан кейін ашылған бұл жаңалық әлем­дік түркологияға қосылған ма­ңызды олжа саналады», деді Дархан Қыдырәлі.

Оның пікірінше, аталған тарихи жаңалық ғалымдардың зор же­тістігі ғана емес, түркі әле­мін­дегі нығайып келе жатқан бауыр­лас­тық байланыстардың заңды нәтижесі.

«Бұған дейін түркі әлеміне қа­­тыс­ты жәдігерлерді еуро­па­лықтар тауып келген, алғаш рет түркі халқы­ның өз ұрпақтары мұндай ма­ңыз­ды мұраны жария­лап отыр», деді ол.

Сондай-ақ академия басшы­сы Түркі академиясына мүше елдерде түркі әлемінің географиясы, ор­тақ түркі әдебиеті оқулықтары мақұл­данғанын, алдағы уақытта мектептерде оқытыла бастайтынын атап өтті. Бұған дейін ортақ түркі тарихы туыс елдердің мек­­тептерінде бағдарламаға ен­гізіліп, пән ретінде оқытыла бас­таған болатын.

Академия президентінің айтуынша, ұйым ашқан жаңалық біздің жазу та­рихымызды бір­шама тереңдетіп отыр.

«Тасқа қашалып жазылған ең көне мұрамызды таптық деуге болады. Жалпы археологиялық қаз­ба жұмыстарында әртүрлі ар­те­фактілер, бұйымдар табылып жатады. Ал жазба ескерткіштің ашы­луы – дамыған жоғары өрке­ниет­тің болғанын көрсетеді. Сон­дықтан мұндай маңызды жаңа­лықты сіздермен бөлісіп отыр­ға­нымыз біз үшін үлкен мәртебе. Бодандық қамытын киіп, жо­йылу қаупінде тұрған түркі қаға­натын қайта жаңғыртқан ел қорғаны Елтеріс қағанның құт­ты қонысының табылуы Жаңа Қазақ­станды құруға қадам бас­қан тұсқа сәйкес келуін жақ­сылық­тың нышанына балап отырмыз», деді ол.

Экспедицияға қатысушы ға­лым­дар Құтлық қаған жазба ес­керт­кішінің қазылып алынған бө­лігіндегі жазуларды оқып, алғаш­қы нә­тижелерін де жария­лап отыр. Ондағы жазулардың ішінде біз­ге қазір де түсінікті сөздерді кез­дес­тіруге болады.

Моңғолия Ғылым академия­сы Археология институты Орта­ғасырлық археологиялық зерттеу орталығының жетекшісі Ал­тангэрэлийн Энхтөрдің ай­туынша, қазба жұмыстары кезінде ке­шеннен Елтеріс қағанның тас­тан қашалған бас мүсіні де та­былған. «Ол мүсінді бұған дейін жарияланған Күлтегіннің бас мү­сінімен салыстырсақ, бір-бірі­не ұқсайды және бас мүсіннің Күл­те­гіннің әкесі Елтеріс қағандікі екенін растай түседі», деді моң­ғолиялық ғалым.

Ал Түркі академиясының ғы­лыми қызметкері, түрколог Нә­піл Базылхан бұл кешеннің Ел­теріс қағанға тиесілі екенін бір­не­ше айғақтар арқылы дәлелдеп берді. Оның айтуынша, жазба ескерткіштің мәтінінен «түрк», «Құтлық», «түмен» секілді сөздер, ке­шеннен табылған альтар, қос аланы бар арыстан және ашина тайпасының таңбасы оның Ел­теріс қағанға арналғанына көз жеткізіп отыр.

Сонымен қатар, өз кезе­гінде Д.Қыдырәлі Түркі акаде­мия­сының басшысы ретінде соңғы рет брифингке қатысып отыр­ғанын атап өтті.

Айта кетейік, кешеннің жалпы аумағы 49х41.5 м жерді алып жатыр. Батыстан шығысқа қарай сопақша болып созыла орналасқан кешенді айналдыра қоршап ор қазып, одан шыққан топырақты үйіп қамал жасаған. Кешеннің батыс жағының ортасында ойығы бар текше тас (альтар), адамның тас мүсіндері, қасында екі күшігі бар арыс­тан мүсіні және екі қой мүсіні орналасқан. Кешеннің қақ­пасынан шығысқа қарай 51 балбал тас тізіле қойылған. Олардың ішін­де бес балбалдан Ашина әуле­тіне тиесілі «таутеке» таңбасы анықталды.

Сонымен қатар кешенде ба­рықтың (табыну орны) болғанын ай­қындайтын қыш жабындылар мен жаяу жүргінші жолына төсел­ген кірпіштердің қалдықтары қа­зылып алынды. Ал барықтың алдынан еңселі жазба ескерткіштің жоғарғы бөлігі мен тасбақа тұғы­ры табылды. Табылған құнды ол­жаның екі бетінде 12 жолдан тұра­тын көне түрік бітік жазуы, ал үшін­ші қырында көне соғды жазуы қашалған.

Жалпы, Номғон ғұрыптық кешені барлық белгілері жағынан Білге қаған мен Күлтегін ғұрып­тық кешендеріне ұқсас. Номғон жазба ескерткіштің жоғарғы тұсында төмен қараған денесі айдаһар бейнесіндегі екі бөрінің басы бейнеленген. Дәл осындай қағандық атрибутикалардың – айдаһар де­нелі, бөрі басты сюжеттің Таспар қаған, Білге, Күлтегін және басқа ескерт­кіштердің жоғарғы жағында қашалғаны белгілі.

Алдағы уақытта Акаде­мия Ном­ғон ­ғылыми экспедициясы­ның нә­тижелеріне арналған ғы­лы­ми жинақ әзірлеп, түркі мемле­кет­терінің астаналарында таныстыр­мақ. Ал Моңғолиядағы түркі дәуі­рінің ескерткіштерінде қазба жұмыстары жалғаса береді.

Номғон жазығындағы зерттеу жұмыстары 2019 жылы басталған болатын. Алайда пандемия салдарынан екі жыл бойы тоқтап қалған «Номғон» бірлескен экспедициясы 2022 жылдың шілде айында қазба жұмыстарын қайта жалғастырды.