Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Жолдауда экономиканы одан әрі монополиясыздандыру үшін нақты институционалдық шешімдер қабылдау қажет екенін айтты. Ол үшін «Конгломерат» ұғымын заң жүзінде айқындап алған жөн. Шын мәнінде, бұл дәл қазіргі уақыттағы өзекті мәселенің бірі. Әрине, қарапайым халық мұны терең түсіне бермеуі мүмкін. Бірақ бұл елдің экономикасы үшін өте маңызды.
Біз осы күнге дейін мемлекеттік табиғи монополияны ғана айтып келдік. Ал Президент бұл жолы жеке монополистерге назар аударды. Жеке монополия дегеніміз не? Егер үлкен компаниялар ортақ мақсат үшін бір-бірімен біріксе, жеке монополия деген сол болмақ. Сондықтан үлкен компаниялардың бірігуін мемлекет бақылауда ұстауы керек. Қысқасы, жеке монополияның пайда болуына жол бермеу маңызды.
Біз мемлекеттік монополистердің ғана құзыретін шектеумен айналысып келеміз. Ал қазір қоғамда бой көрсетіп жатқан жеке сектордың монополистерімен қалай жұмыс істеу керек? Олардың жұмысын қалай реттеу керек? Мұны түсініп жатқандар шамалы. Мысалы, бізде мұнай өндірумен және өңдеумен айналысатын үлкен компаниялар бар. Міне, солар үлкен монополиске айналуы ықтимал. Олар жеке монополиске айналғанда, мұнай өнімдерінің бағасына ықпал ете алатын болады немесе мұнай өнімдерінің негізгі қорын ұстап отырған соң, қолдан уақытша тапшылық жасауы да әбден мүмкін. Осындай жағдайға ұрынбас үшін Президент айтқан дүниеге назар аудару керек.
Иә, біз осы уақытқа дейін біраз дүниені жеке секторға бердік. Олардың арасында ықпалды топтар бар. Кішігірім компаниялар ерікті һәм еріксіз түрде аталған ықпалды топтардың қанатының астына өтіп жатыр. Мұның экономиканың кейбір секторларына тигізер кері әсері көп. Сондықтан мемлекет тарапынан реттеудің болғаны дұрыс.
Президент айтқан дүниені реттеудің екі жолы бар. Біріншісі – жоғарыда атап өткендей, жеке монополияға мүлдем жол бермеу, екіншісі – жеке монополия құрылса, оларды табиғи монополистердің қызметін реттейтін заңға бағындыру. Өкінішке қарай, дәл қазіргі уақытта олар бұл заңға бағынып отырған жоқ. Сондықтан Мемлекет басшысы өте орынды мәселе көтерді деп есептеймін және бұл мәселеге уақтылы назар аударылып отыр.
Мемлекет басшысы айтқандай, экономика тұрақты дамуы үшін инвестиция керек. Алайда қазір Қазақстан экономикасына құйылатын инвестиция көлемі азаю үстінде. Себебі біз экономиканың көптеген салаларында бағаны шектеп, бизнесмендердің нақты табыс табуына жол бермей жатырмыз. Мемлекет экономиканы реттеуге неғұрлым көп араласса яғни бағаны шектесе, инвестицияның келуі төмендейді. Сондықтан бағаны шектеу мен реттеуді шатастырмау керек. Бұл екеуі екі бөлек дүние. Кейбір шенеуніктер бағаны реттеу дегенді тура мағынасында шектеу деп түсінеді. Осының салдарынан экономиканың, соның ішінде халыққа қызмет көрсететін салалардың біразында тоқырау басталып жатыр. Мысалы, коммуналдық қызмет көрсететін компаниялар тарифтің төмендігінен дами алмай отыр. Петропавлдағы жылу-электр орталығының істен шығуы осының жарқын мысалы. Сондықтан мемлекет осы бағытта батыл шешімдер қабылдауы керек.
Президент экономиканың дұрыс жұмыс істеуіне жол ашатын классикалық дүниелерді айтты. Біріншіден, мемлекетте макроэкономикалық тұрақтылық болуы керек екенін алға тартты. Екіншіден, инвесторлар елге келуі үшін заңның үстемдігі қатаң сақталуы тиіс. Шын мәнінде, құқықтық мемлекетке айналып, кәсіпкерлерді және басқаларды орынсыз қудалағанды доғару керек. Монополистердің жұмысын реттеп, адал бәсекелестіктің дамуына жол ашу маңызды. Сонда ғана экономика дұрыс жұмыс істейді.
Жасыратыны жоқ, біздің экономикада әлі де болса реттеуді қажет ететін салалар көп. Мысалы, бұрын «Қазақстан темір жолы» жүк тасымалдаудан түскен қаражаттың біразын жолаушылар тасымалына бағыттады. Өйткені, соңғысы шығынды сала болып саналады. Осыны түзету керек. Жүк тасымалы секілді жолаушылар тасымалы да экономика үшін тиімді болуы қажет. Тарифтер мен бағаларды жасанды түрде шектеуді доғару керек.
Сондай-ақ біздің елде қит етсе бәрін тексергісі келетін, қорқытып алғанды жақсы көретін адамдар көп. Әрине, бұл да әкімшілік басқарудың бір элементтері саналады. Бұлардың да жұмысын реттеу маңызды. Президенттің осыған екпін бергені қуантты.
Бизнесті қолдау да – маңызды бағыт. Осы орайда бәсекеге қабілетті бизнес өкілдерін қолдау қажет. Әлсіздерін емес, мықтыларын қорғауға тырысу керек. Сонда ғана біздің елде бәсекеге қабілетті бизнес пайда болады.
Мемлекет басшысы Бюджет кодексіне және Салық кодексіне өзгерістер енгізілетінін айтты. Бұлардың бәрі өте орынды. Жалпы, біздің елдің Бюджет кодексі жаман емес. Бірақ ол дайындалған кезде экономикамыздың әлеуеті қазіргідей деңгейде болған жоқ. Кодекс қаражат тапшы кезеңде, елдің әлеуеті төмен болған тұста қабылданды. Онда жеке министрліктердің құзыреті шектеліп, құжат әр тиынды орталықтан қадағалап отыруға басымдық берді. Одан бері көп дүние өзгерді. Ендігі жерде Үкіметтің ықпалын шектеп, жеке министрліктердің құзыретін кеңейту маңызды. Ол үшін Бюджет кодексі және онымен қатар жұмыс істейтін көптеген нормативтік-құқықтық актілер өзгеруі керек. Соның ішінде «бюджеттің шығыс бөлігінің жіктеуіштері», «бюджеттің кіріс бөлігінің жіктеуіштері» деген бар. Бұл екеуі бір-бірімен байланысты. Мысалы, шартты түрде алсақ, қазіргі Бюджет кодексіне сәйкес, қаламға бөлінген ақшаны қағаз алуға жұмсай алмайсыз. Қаржы осының бәріне жеке-жеке қарастырылған. Екеуін біріктірсек, яғни бюджеттің жіктеуіштерін кеңейтсек, министрлікке еркіндік беріледі. Мысалы, қағаз бен қалам алуға бөлінген ақшаны біріктірсек, оның қаншасына қалам, қаншасына қағаз алу керектігін министрлік өзі шешетін болады. Ал қазіргі жағдайда қаламның қаржысын қағаз алуға сұрау өте ұзақ уақытқа созылады. Біз осы тұрғыдан ұтылып жатырмыз. Сондықтан жедел қимылдауға, бюджеттің қаражатын тиімді пайдалануға тұсау болып отырған мәселелерді реттеу маңызды.
Биылғы Жолдауда тағы бір өзекті мәселеге назар аударылды. Ол күрделі құрылысқа салынатын қаражат туралы. Мысалы, мектеп, емхана секілді құрылыстар салынады. Оған бөлінген қаржыны игеру 1 қаңтарда басталып, 31 желтоқсанда аяқталуы керек. Алайда бұл жерде өмірлік факторлар ескерілмеген. Өмір болған соң, құрылыс кешігуі мүмкін. Айталық, қаражат уақтылы түспеуі ықтимал, логистикаға қатысты мәселелер туындауы мүмкін. Сондықтан тура 31 желтоқсанда бітіретін шаруасын сол күні аяқтай алмай қалатын жағдайлар болады. Ол жұмыс келесі жылдың қаңтар-ақпанында тәмамдалуы мүмкін. Өкінішке қарай, осы норманың салдарынан адамдар да қылмысқа көптеп тартылады. Өйткені биылға қарастырылған қаржыны екінші жылға ауыстыруға болмайды. Өл-тіріл, бюджетті осы жылы игеру керек. Игермесе, құрылыс бітпей қалады. 95-99 пайызға тәмамдалып тұрған жұмысты сәл кешіктіріп аяқтайын десе, бюджетті жабу керек. Екі оттың ортасында қалған тараптар өзара келісіп, актке қол қояды. Сөйтіп, қаржы аударылады. Өкініштісі, Антикор осы норманы алға салып, 5 қаңтар күні-ақ тексеруді бастайды. «Акт қабылданды, ал жұмыс әлі жүріп жатыр» деп тізеге салады. Сөйтіп, бюджет қаражатын жымқырды деп жауапкершілікке тартады. Шын мәнінде, бұл жерде жұмыс аяқталсын әрі заң да бұзылмасын деп осындай әрекет жасалғаны қаперге алынбайды. Дәл осындай жағдайда қаншама адам істі болды. Президент осындай дүниелерге мүмкіндік беру жағын ұсынып отыр. Бұл жерде нәтижеге бағдарланған бюджеттеу тәсілі маңызды. Мұның бәрі түбегейлі өзгерістерге жол ашады.
Түптеп келгенде, Президенттің биылғы Жолдауы өте күрделі тақырыптарды қамтыды. Өкініштісі, мұны көпшілік түсіне бермеуі, түбіне үңілмеуі де мүмкін. Сондықтан Мемлекет басшысы айтқан дүниелерді барынша ашып түсіндіру маңызды.
Жақсыбек ҚҰЛЕКЕЕВ,
экономист