Подгорное елді мекенінде орналасқан «Норд жолдары» ЖШС жол жөндеумен айналысады. Осыдан төрт жыл бұрын серіктестік басшылығы асфальт-бетон зауытын салуға үш гектар жер телімін алу үшін Қызылжар аудандық әкімдігіне өтініш беріп, заңды рұқсатын алған.
Күл-қоқыс үйіндісіне айналған стихиялық полигон тазартылып, ретке келтіріліп, озық жобаны жүзеге асыруға 2 млрд теңгеге жуық инвестиция жұмсалған. 32 млн теңге тұратын заманауи сүзгі қондырғысы орнатылып, қоршаған ортаны сақтау талаптары барынша қамтамасыз етілген. Осы жылдар ішінде жол құрылысына бағытталған қаржының жалпы көлемі 17 млрд теңгеге жуық. Өкініштісі, шенеуніктердің қатысуымен ашылып, өңірде инвестициялық жоба ретінде жоғары бағаланған кәсіпорынның жер телімдерін сатып алу жөніндегі келісімшарты сот тарапынан заңсыз деп танылып, қомақты қаражаттың желге ұшу қаупі төніп тұр. Бұл жөнінде белгілі адвокат Олег Хрупин жан-жақты хабардар етті.
Олег Сергеевичтің айтуынша, даудың басы табиғат қорғау прокуратурасының тексерісінен туындап, оның соңы текетіреске ұласқан сықылды. Прокуратураның ұсынысы негізінде жер қатынастары инспекциясы зауытты жабу туралы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа шағым түсірген. Талап арызды қараған судья Айгүл Досаева жер учаскесі уәкілетті мемлекеттік органның рұқсатынсыз берілгендіктен, зауыттың Смирнов зоологиялық қорығы ерекше қорғалатын табиғи аумақта орналасуы заңсыз деген шешім шығарған. Судья Смирнов қорығының аумағында орналасқан жер учаскелерін иелену, пайдалану және билік ету құқығы жергілікті атқарушы органның міндетіне кірмейді және қандай да бір мәмілелер жасауға құқылы емес, мұндай құзырет ел үкіметіне берілген деп қолданыстағы заңнамаға сілтеме жасаған. Облыстық аппеляциялық сот та жер телімдерін сатып туралы аудан әкімдігінің ұйғарымын жарамсыз деп танып, шешімді өзгеріссіз қалдырған.
Адвокат сот шешімдерімен келіспейді. Дүдәмал тұстарға, ескерілмеген жайттарға, соған қатысты өзі келтірген уәжге тоқталды.
«Ерекше қорғалатын аумақ санаты тізіміне енгізілген Смирнов қорығы 240 мың гектар алқапты алып жатыр. Оның басты мақсаты – тіршілік ететін жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау, сақтау, туризмге, рекреацияға арналған нысан ретінде экологиялық, ғылыми, мәдени жағынан ерекше құндылықтардың кең өріс алуына мүмкіндік тудыру. Ал соттың Смирнов қорығының шекарасына кіретін кез келген жер учаскесі бойынша жергілікті атқарушы органдар қандай да мәміле жасауға құқығы жоқ деуі қисынсыз. Өйткені қорықтың орналасқан жері Айыртау ауданындағы ұлттық парк сияқты айрықша қорғалатын табиғи аумаққа жатпайды. Иә, аң аулауға, аңшылық жасауға тыйым салынған. Алайда жерді пайдалануға рұқсат бар. Оның аумағына Мамлют, Аққайың, Есіл аудандарының бір бөлігі, Смирново, Астарханка, Рублевка, Подгорное, Трудовая нива, Чапаево сияқты ірі елді мекендер, ондаған орта және шағын бизнес субьектілері кіреді. Сонда олардың бәрін сүріп тастау керек пе? Тұрғындар үй-жайын сатқан кезде тікелей үкіметке қайырыла ма? Меніңше, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік тұрғыдан қамтамасыз ететін уәкілетті органдар мен олардың жергілікті бөлімшелерінің құзыреті шектеліп отыр. Тексеруші органдар осы мәселенің ара-жігін ажыратып алмай бірден сотқа шағымдануы тығырықтан шығудың, медиациялық келісімге келудің ұтымды жолы емес. Асфальт зауытын салу туралы шешімді аудан әкімдігі емес, үкімет қабылдайды деу – бұл процедуралардың жергілікті билік арқылы іске асырылатынын елемеу. Сот осы жағын мұқият зерделемеген. Орлиногорск орман шаруашылығынан 50 гектар жер қалайы бар кен орнын игеруге берілді. Бұл шаралар жергілікті уәкілетті орындардың өтініштері арқылы орындалды», деген заңгер Жер кодексінің кей баптарына мән берілмегеніне қынжылады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жері мемлекет меншігінде болатыны және иеліктен шығаруға жатпайтыны белгілі. Бірақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен және жағдайларда шектеулі шаруашылық мақсаттары үшін пайдаланылуы мүмкін екендігі, уәкілетті органның ұсынысымен босалқы жерге ауыстыру, сондай-ақ босалқы жерді қайтадан ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жеріне ауыстыру тәртібі Жер кодексінде айқын жазылған. Демек бұл жағдайда атқарушы орындар бұл жерлерді азаматтар мен кәсіпкерлерге пайдалануға беруге құқылы екені сот назарынан тыс қалған тәрізді.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қалай ажыратуға болады деген сауалға облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрайымы Инесса Қуанова былай жауап берді.
– Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар шекарасы заңда нақты белгіленіп, бірнеше түрге бөлінген. Ұлттық табиғи парктерде ережелер барынша қатаңдатылған. Ал Смирнов секілді зоологиялық қорықтарды пайдалану талабы басқаша, оларда белгілі шектеулер болғанымен, айрықша қорғалатын табиғи аумақтарға жатпайды. Мұндағы жер меншік иелерінен алынбайды және қорықтың жері болып есептелмейді. Сот шешімі дұрыс десек, қорық аумағындағы нысандарды басқа жақтарға көшіруге не сүруге тура келеді. Тек қана осы кәсіпорынның «қармаққа ілінуі» түсініксіз.
Иә, табиғатты қорғау прокуратурасы Смирнов қорығы аумағында бірнеше жылдан бері іркіліссіз жұмыс істеп келе жатқан өндіріс ошағын кенеттен «байқап» қалғанына қайран қалғандар осылай дейді. Қырағы болса, бой көтерерде неге дабыл қақпаған? Екіншіден, шаруасы оңғарылып, ісі алға басқан өндіріс ошағы ғана «қызықтырғаны» дүдәмал тудырады.
«Ендігі бар үмітіміз – Жоғарғы сотта. Асфальт-бетон зауытын жабу еш қисынға келмейді деп есептейміз. Әділдік үшін ақырына дейін бел шешіп, күресетін боламыз. Өйткені кәсіпкердің тарапынан экологиялық та, экономикалық та заң бұзушылық орын алып отырған жоқ. Бизнес ашпас бұрын тиісті мемлекеттік органдардың рұқсатын алған. Несие арқылы жер телімдерін рәсімдеген. Мемлекетке салмақ салмай өз жұмысын талапқа сай атқарып, тікелей өндіріспен айналысып отыр. Салығы төлеулі, жүзге жуық адам жұмыспен қамтулы. Бұдан артық не керек? Тексерушілердің «олқылық таптық» деп масайрауы таңғалдырады», деді сөз соңында Олег Сергеевич.
Өмір ЕСҚАЛИ,
журналист
Солтүстік Қазақстан облысы,
Қызылжар ауданы