• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 07 Қыркүйек, 2022

Қандықтан шыққан қаламгер

9537 рет
көрсетілді

Осы күзде саналы ғұмырын қазақ әдебиетіне арнаған жерлесіміз, ақын, бірнеше жыр, зерттеу, аудармалардың авторы, ғалым Сағынғали Сейітовтің туғанына 105 жыл толмақ. Қарғадай кезінен-ақ қолына қалам ұстап, ақын бала атанған ол кейін Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты. Майдангер қаламы мұнда да өлең, мақалалар жазып, қаруластарының ерлігін паш етті. Ол сол кезде облыстық «Екпінді құрылыс» (қазіргі «Орал өңірі») газетінде де жиі жарияланды.

Тұңғыш өлеңдер жинағы «Больше­виктер» 1951 жылы жарық көрсе, жүрегі тоқтаған 2007 жылға дейін «Қазақ поэзия­сындағы Маяковский дәстүрі», «Тоғысқан толқындар», «Өлең өлкесінде», «Серпер», «Өмір өрнектері», «Самғау», «Теректегі тамшылар», «Сөз сұрайды солдаттар», «Жолдас уақыт», т.б. көптеген кітабы баспадан өтіп, оқырмандармен жылы қауышты. Сөйтіп, ол төл әдебиетімізге 65 жылдан астам қызмет етіп, халқының қалаулысына айналды.

Ақынның ойы, кемеңгер кеңдігі туған елге қызмет етер шақпен тұп-тура үйлесім тапқан. Себебі сонау «қызыл октябрь» тұсында өмір есігін ашқан адамның саналы ғұмыры КСРО-ның күркіреуі мен нөсерінің астында өткен-ді. Кезінде ойдым-ойдым ықтасындарға бас тіреген ойшылдардың қатарында жүріп, осы тәуелсіздіктің таңына қол жеткізді. Кеңестік дәуірдің де, кейін тәуелсіз елдің де терезесін теңестіруге күш салды. Сөйтіп, Сағынғалидың сағынған әні де салмақты, айтары да ауқымды шықты. Демек ғасырлар бойы аңсаған азаттық, көксеген көкірек кемел шағын көрді. Өзіміз өзгенің емес, өзіміздің ерік-жігерімізге ие болдық. Жер-суымыздың, тау-тасымыздың қожасына айналдық. Дәстүр мен даралық, әдет пен ғұрып, салт пенен сана еркіндік құшағына енді. Сөйлер сөзімізді, айтар аузымызды қағар ешкім көрінбейді. Тек ақ сөйлеп көр. Ақынның:

Көкала ту, көлбеңдей бер көгімде,

Қас қақпауың, асқақтауың тегін бе?

Орының биік, тұғырың да тұрақты,

Еңселісің еркіндіктің елінде, –

деп шабыт шаңырағын көтеруін орынсыз деп айта алмаймыз. Еліміздің ең­селі Туы, әуелеген Әнұраны, етене бол­ған Елтаңбасы – баршамыздың құт-бере­кеміз, ертеңіміздің еңкеймес терезесі. Ол – елдің келбеті. Ұл-қызымыздың бо­йында туған Отанның отын мәңгі жағар символикалық бейнелеу биігі. Ғасырдан-ғасырға қалар, айтуға ауыз жетпес айдай ақиқат. Осы ақиқатты әлі де аша түссек...

Табатын тереңнен де асыл әнді,

Жинайтын шашу болып шашылғанды.

Жаңарған тәуелсіз ел төріне кеп,

Салт-дәстүр бастан биік асырғанды.

Көңілім көктен биік көтеріліп,

Көңілім марқайып бір басылғанды, – деп шаттанады. Сөйтіп, шаттығы тәуел­сіздіктің көрігін қыздырады.

Кезінде қазақ деген елді біреу білсе, біреу білмеді. Географиялық картада Ресейдің жартылай шөлейтті аймағын­дай құрғақ өңірдің өткені де, өскені де бар­ша әлемге беймәлім күй кешіп, Мәскеу­дің ашса алқанында, жұмса жұдыры­ғын­да жүрді. Ал бүгінде сол «келбеті­міз» мүл­дем өзгерді. Қазір Қазақстан­ды бар­ша әлем таниды. Халықаралық қатынас­тар орталығы. Бейбітшіліктің бесігіне айналған, атомды ауыздықта­ған ел. Мәдениеті мен әдебиеті өскен ел. Ғарышқа құлаш сермеген ел.

Жоримын жақсылыққа заман күйін,

Түйемін тұрпатынан талай түйін.

Көремін қияннан да қиналмай-ақ,

Лондоннан қандас ашқан Абай үйін, – деген жыр жолдары ақынның астам ойы емес, шынайы шындықтың кестелі беті. Ақын соны мақтаныш етеді. Қазақтың Абайын арқаланады.

Ақынның туған елді жырлауы да тосыннан төгілмейді. Бұл жерде жадағай- жайдақ ой өруден аулақ. Туған жердің төрін де, жусаны мен жуасын да, Өлеңті өзенінің ағасындай болған Жайықтың жағасын да жасаураған көзімен іздейді. Туған жер – ақын үшін асыл дүние. Ойдым-ойдым Жыландының көлдері мен өзінің кіндік қаны тамған Қандықтың, іргедегі Сайқұдықтың қымыздық иісі бұрқыраған қыры мен ойы қашанда қағаберіс қалмайды. Көктемде Өлеңті тасығанда, суға толатын Мысқал мен Айт­жан көлдерінің үзеңгі қағып, ат бауыр­лайтын суы да сарқылмастай көрінеді. Сайқұдықтың Жыланды жақ беті айнадай жарқырап, әлемдегі құс біткеннің бәрі осында ұя салып жатқандай болатын. Туған жердің соғар желі де, нөпір нөсері де, көкті тіліп жарқ етер найзағай жасыны да ақынға қымбат қазына. Ол үшін Еуропа мен Азияны бөліп жатқан Жайық өзенінің де табиғаты таусылмас өлең.

Жайықтың жайын жай ұқпа,

Бойында қуат ересен.

Ұқсамасаң Жайыққа

Жайықта тудым деме сен.

Ойнайды көкте жалтылдап,

Найзағай – аспан қамшысы

Сырғиды төмен там-тұмдап

Үзілген бұлттан тамшысы, –

десе,

Сәнденіп, сәулеттеніп Сайқұдығым,

Шомылдың шұғыласына май күнінің.

Өрісті Өлеңтінің отауысың,

Сарқылмас көз – қазына байлығының, – деп таңғажайып күй кешеді. Туған жердің топырағы табанын қыздырып тұрғандай тұп-тұнық ойдан айыға алма­ған ақынды көру де, жыры арқылы сезіну де жерлестеріне үлкен олжа.

Ақынның туған жері Қандық. Сайқұ­дықтан оңтүстікке қарай тайшапты­рым жер­дегі кәдімгі Қандық. Айнала ат­шап­­тырым, шүйгінді шөбі мол, көлдің жиегі. Осы жерде Сағынғали ағамыз дүние­ге келген. Талай ғасырларға жал­ғас­қан көшпелі елдің мал жайлымына айнал­ған құнарлы өлке, құтты мекен. Бірақ қазір елсіз. Әр жерде белгі берер ескі қыстаулардың орны бір кез­дерде осында адамдар тұрып мал бағып, күн­көрістің көзін тапқан епсекті қолдың еленер ізін көресің. Ойдым-ойдым те­рең құдықтардың орны орға айналып, өт­кен­нің өшпеген ізіндей ой салады.

Осында ұқтым алғаш шуақ барын,

Жіңішке жылға барын, бұлақ барын.

Осында, ұқтым алғаш бозғыл үйде,

Жанатын өлеусіреп шырақ барын.

Осында ұқтым, алғаш аспан барын,

Қар барын, жаңбыр барын –

жастан мәлім,

Есіттім тұңғыш рет күн күркірін...

Аңғардым өмір тану басталғанын, – деп балаң жырмен жастықтың желкен шағына ой жүгірткен болар баланың келешекте шырақ боларын бағамдайсың. Өмірдің барлық сырына қанықпай-ақ қанығар жол іздеген қарғадай баланың құлшынысын көресің, талпынысын танисың.

Қазақ даласында жер-су атаулары халық тілегіне сай тұспалдау, жору, жақсылыққа иек арту сияқты ой мөлшерін байыптайды. Болмаса, кейбір атаулар белгілі бір данагөй ақылмандарды еске салып отырса, кейбірі болған оқиғаларды мәңгілік жадыдан шығармау үшін де ел есіне сақтаған. «Қандық» сөзі де «қану»,«мейірі қану» дегенді танытады. Әсіресе шөлдеген мал-жан үшін қанып су ішу аса қажет және берекелі өңірдің белгісіндей жүрегіңде жатталады. Ақын ойы да осыған келіп тіреледі.

Қандықта талайласым,

тағдырласым,

Қалайша жыр маздағын

жандырмасын.

«Қандық» деп аталған ол баяғыдан,

Мейлінше ел мерейін қандырғасын! – деп жері сулы, шүйгінді өңірді таны­ған­дықтан тұспалды ойы ел тілегімен төркіндес төгіліп тұр. Сөйтіп, көз жетпес көгілдір аспан астында «Қандық» деген жер барын, оның бойында мейірімді ана көзі мен әкенің алғаусыз ақылы бар деп түсінеміз.

Ақында астам ой жоқ. Кем айтып, артық шығуды, аз сөйлеп көп тыңдауды қана­ғат етеді. Дана болудан гөрі дара болу­ды күйттейді. Атақ, абыройды өзі ізде­мейді. Осы даңқтың өзі келгенін қа­лай­ды. Әр кез қаламгерлік жолын, қасиетті ізін қорғаштап, кейінгіге үлгі аларлық өнеге-өсиет болып қалғанын тілейді. Өз деңгейінде алған биіктігін мұрат тұтты. Соның мәнді, мәңгі болуын қалап өтті.

Құмартпан атақтарға ала-бөтен,

Оларды кімнен, не деп талап етем.

Бірімін, қаламгердің қатардағы,

Өзімді санамаймын данаға тең.

Тәнтімін талайыма, тағдырыма,

Барымды, бақытыма балап өтем, – деген тұжырымы да кісіліктің есігін қағып тұрғандай. «Бақыт» деген сөздің баламасын білсе де, барына разы болудың өзін бақытқа балаған жанның кісілігін «кішілік» деп қарау әділетсіздік болар. Міне, адамдықтың ауласы деген осы. Оның осы бір тұсын ақынға ғана емес, баршамызға керек кесек «кодекс» десек, артық айту болмас.

Ақын қаламынан поэзия туралы тұщымды тұжырымдар жиі кездеседі. Қалаулы өлең жазу, қар күреу емес, поэ­зия құдіретіне сену, оның талабына көну, дегеніне мойынсұну. Осы бір сындардан сүрінбей өтсең ғана ақын атана­сың. Арқаланар азабың да аз болмайды. Демек өлеңге керек-керексіздігін өзі айтады, өзі шендейді.

Кеудемді кернер, кеміген шығар

өр екпін,

Кешігем қайда, бүгінде неге бөлекпін?

Шамадан қалмай, сайрауым

жөн-ау шамамша,

Өрінде өлең мен, сірә, әлі керекпін, – деп өзінің кесімін айтқан өлеңге, өз поэзиясындағы орнынан ошақты ой кө­тереді. Тіл қатады. Тіл талабына, по­э­­зия өлшеміне шақ келер шумақ­та­­­рын жырлайды. Сөйтіп, жасымыс тарт­­­қан шағында да өлең алдында баладай ақталып, баладай ақтарылады.

Маған жастан бұйырмаған жол өңге,

Өзім дәйім айналамын өлеңге.

Ырғақ болам, ұйқас болам үйірлі,

Жүрегімнің жарлығына көнем де.

Жаратқан-ау, өзің айтшы мен осы:

Өлгенде де, өлең болып өлем бе?! – деген жай-күйін түсінесің. Осы түсінік ақынмен тілектестігіңді танытады. Сөй­тіп, ақын жырынан оның жан-жақты­лығын мойындайсың. Оған өлеңдерінің екпіні куә, берер нәрі айғақ.

Азайған болар, бойдағы қуат,

күшім де.

Жанады бірақ жалтылдап

бір шоқ ішімде.

Барына тәубе, шегінбен ширек

адым да,

Үрлеймін шоқты сөндіріп алмау

үшін де, –

деп өзінің поэзия алдындағы адалдығын жайып салады. Өлең жолындағы өлмес жолын осылай жырлайды.

Сағынғали саптың ақыны болды. Санамалап орнын айқындаудың жолы жоқ. Өз дәуірінің өлшемін танып, оған өлшеусіз үлес қосқан, жаңа тәуелсіз елдің де келбетін аңғарып, кемеңгерлікпен үн қатқан зерек тұлға болатын.

– Сонымен бірге Сәкең КСРО халық­тары поэзиясын кеңінен насихаттаушы да. Ол қазақ тілінде әзербайжан, қырғыз, татар, қарақалпақ, тәжік ақын­да­рының өлеңдер жинақтарын құрас­тырды. М.Лермонтов, Н.Некрасов, В.Мая­ковский, А.Твардовский, М.Жәлел шығар­маларын қазақшаға аударысты. Осы­ның бәрі Сәкеңді халықтар досты­ғының байланысшысы деуге әбден право береді. Бұл – үлкен абырой, – дейді жерлесі, қаламдас-қаруласы, ақиық ақын Жұбан Молдағалиев.

Жасырары не, кезінде М.Калинин мен К.Маркске де көлеңке түсірмей құрмет тұттық. Дірілдеткен Дзержинский мен «мамамыздай» болған Крупская да күллі әлемде, соның ішінде Қазақстанда да абырой биігінде әлдиленді. Олардың есімдерін көшелерге, ұжымшарлар мен кеңшарларға бердік. Әйтсе де, тәуел­сіздіктің туын көтеріп, жырмен жалау­латқан Сағынғалидың орны ерек, тарихы терең. Демек сол абырой биігін алға апара алсақ, лирик ақынға аудан, облыс аумағынан, қала-ауылдардан бір көшеге, болмаса туған жерінде бір мектепке есімі берілсе деген тілек қазір жұрт аузында жүр. Басты сүйенеріміз: кезіндегі Одаққа танымал жан-жақты ақын, поэзияда халықтар достығын дәуір биігіне көтерген жан. Көптеген еңбегі жұртшылықтың есінде. Бір қуанарлығы, ақынның 100 жылдығы тұсында Ақжайық ауданы Чапаев ауылында кітапхана алдына ақынның кеуде мүсіні қойылып, салтанатты жағдайда ашылған еді. Енді осы жақсы істің жалғасындай болып осы кешенге ақынның есімі берілсе деген тілек те жоқ емес. Бұл елім деген жанға елінің құрметі де болар еді.

 

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

Батыс Қазақстан облысы,

Ақжайық ауданы