Әдебиет дейтін әдібі мен әдебін жүрек төріне ұясын қатар салар жұмбақ әлемге әр қаламгер өз мәнері мен стилін айқындар өз жолымен келеді. Басы түнгі жұлдыздармен сырласып, мына алып ғаламның айдынына із салған бозбала күнгі ой мен сезімнің алғашқы сүрлеу-соқпағы келе-келе шығармашылық үлкен жолға жалғасады. Үлкен жол кеңістікке жетелейді.
Өтеген Оралбаев – қазақ көркемсөзіне өзінің ойлау, сөйлеу мәнері мен нақышын қос ғасыр тоғысындағы уақыт тудырған өмір ақиқаттарымен суғара жүріп, әдебиет әлеміне өз жолымен келген талантты қалам иесі, тарланбоз ақын.
«Ақкиіз» ауылының ақ шағылы мен ақ жал құмына аунап өскен қара баланың өмірбаяны бесігін елуінші жылдардың бұйдасыз қатал желі тербеген, кеудесін алпысыншы жылдардың ақ толқыны кернеген кеңестік дәуірдің көрінісімен үндес... Өтегеннің өмірбаяны – Тәуелсіздікке дейін де, кейін де қазақ өлеңі мен көркем сөзіне бойында барын арнап, әдебиеттің сыры мен сымбатына көлеңке түсірмей келе жатқан талантты буынның өмірбаяны. Ақынның осыдан біраз жыл бұрын «Фолиант» баспасынан жарық көрген қос томдық «Өлеңбаянын» қайыра оқып отырып, кемеліне келіп, кеңістігі кеңейген, атандай атпал азаматтың қалыптасу кезеңін – тағдыр-талайын, қуаныш-мұңын, жұбаныш-күйзелісін, үміт-күдігін, қысқасы өзі өмір сүрген дәуір мен қоғамның, мінез-қалыбын ой тезіне, сана сарабына салған сәт-сағаттарын жүрегіммен танып, таразылағандай күй кештім.
Атыраудың ақ толқындары...
Асқақ Алатау мен ару Алматының
әсем кештері...
Туған өңірдегі қызмет жолы...
Облыстық газет пен теледидардағы қалыптасу жылдары... Қаламгер жігіттің Алматыға қайта оралуы... Ұлт ұстынына айналған атақты басылымдардағы қаламгерлік жолдың, қоғам өміріне араласа келе қайраткерлікке жалғасуы... Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайлануы... Өтпелі кезеңнің өртін кешіп жүріп, өмір додасына жасқанбай түсуі... Сайып келгенде осының бәрі уақыт талабы еді...
Мұнайлы, мұнаралы Маңғыстау өңірінде өмір жолын бастаған Өтеген Оралбайұлы май сапырып, маңдайын ырысқа тіреген алып өндіріс ошақтарының лаулаған отына жас кезінен оранып өскенін білеміз. Жердің жеті қат қатпарына бойлаған құрыш білекті жұмысшылардың болат бұрғысының ұршықтай зырылдаған үніне елтіп есейгені және белгілі.
Сексенінші жылдары Өтеген ақынның мұнайлы өңірде жүріп, аспанмен, жермен ағынан жарылып тілдескен, көгін алашұбар бұлт сирек кезетін ақтаулардың қолтығын аралап жүріп, арманға – жол, үмітке қанат бітірген жырларын ара-тұра республикалық басылым беттерінде жариялап тұрғаны есімізде. Жырларымен қоса сол өңірдің қатал мінезі шыңдаған аға-бауырлары, іні-қарындастары жайлы тұшымды мақалалар, эссе-толғаныстар жазып тұрғаны жадымызда...
Астанадағы албырт күндерді айдынды Атыраудың ақ жал толқынды өңірінде өткен ой қорыту, адамтану, ғалам сырларын бағалау тәрізді кемелдену, толысу баспалдақтарын игеруге жалғаған жас ақынның қаламынан ондаған өркешті өлең-жырлар өмірге келеді. Сол жырлардың бірі – «Жел» атты бес шумақ өлең.
«Соғады Батыс, Түстіктен,
Терістік, Шығыс – бәрінен.
Үндесіп өмір әнімен.
Сағым боп ескен самалды,
Сағынып жүрмін әлі мен.
Желпиді тау мен төбені,
Бұлт болып жерге төнеді.
Жаутаңдап тұрған жұлдыздар
Демінен желдің сөнеді.
Мұнараларды ырғап бір,
Маңғыстау әнін тыңдап қыр,
Түбектен соққан тентек жел
Тыныштық жайлы жырлап тұр…» –
Өлеңнің өрті қалай қалың болса, оның дерті де солай. Өлең үшін қуану да, жұбану да – дерт. Дертсіз, өртсіз жазылған өлең оқырман жүрегіне жол таба алмайды.
Өтеген өлеңдерінде кез келген жүректің қыл пернесін басар шын өлеңнің шыңғырған дерті мен шуағы, жылуы мол өрті бар. Сондай жырдың өрті мен дертіне қамалған сәттердің бірінде ақын қаламынан төмендегі жолдар төгіліп түскен:
«Бір ұстатпай қойдың-ау сен, отты өлең,
Өзімді-өзім оңашада жеп келем.
Ормансың ғой, жүректерде көктеген,
Армансың ғой,
Жалғыз ғұмыр жетпеген.
Іздеп келем бір жаңалық өртеніп,
Ұстатпайды өлең деген ерке-елік.
Маған керек: Жұмекендік жұмыр ой,
Мұқағали мінезіндей еркелік…» –
дейді тамырын тереңнен тартар отты жыр.
Байқайсыз ба, ақынның жыр жаратудағы кредосы мен концепциясы осы!..
Өтеген поэзиясынан үлкен әдебиетке тән айшықты нышанды танытар мәдениеттіліктің сырбаз үлгісі мен сипаттарын байқау қиын емес. Жалпы, ақын жаратылысы мен болмысын айғақтар басты ерекшелікті де осы өлшемдер айналасынан іздеуіміз керек. Ол қыр туралы жазса да, тау туралы толғанса да, осы биіктен көрінуді мақсат етеді. Өрнегі өркенді, өрісі кең қазақы қалып – Өтеген өлеңбаянының басты көркем құралы.
«Андыздап шығып үйірі,
Алдымды кесіп барады.
Даланың жүйрік киігі,
Дария болып ағады…», –
деген сурет төркінінде қаншама дала мінезі, дала көрінісі жатыр?!
Осы бір жолдарды оқығанда менің жадымда өткен ғасыр қойнауынан Торғай даласы қол созғандай болды… Бірінші курсты бітірген жылы тобымызды жазбай, Сағат, Ризабек, Жарасқан, Сайлаубек, Әділбек, Әшірбек, Алдан, Алма, Гүлнәзия, Ғалым, Ырым, Бақытжан, Әлібек, Сүндетқали, Нұрман, Сәлім, т.т. қатар оқыған достарыммен Торғайға егін орағына барғаным есіме түсті... Әр жыраның қолтығынан жалт-жұлт еткен қара сулар елестеді. Маңдайларын желге төсеп, ашық «ГАЗ-53»-тің үстінен мына жарық дүниеге айрықша тазалық пен адалдық нұрын шаша шуласқан студенттік кездегі құрбы-құрдастарымның риясыз күлкілері келді құлағыма… «Достар, достар, жүрсің қайда? Бірге еді ғой жанымыз…» деп қосыла ән шырқаған қыздар мен жігіттер мінген машина үстінде тұрып, темір тұлпармен қатарласа жүйткіген дала киіктерін көргенім есімде… Біз мінген машинамен жарыса жүйіткіген дала жүйріктерінің қалың үйірі өршелене шауып, үстінде мәз-мәйрам қыздар мен жігіттер алақайласқан жүк машинасының алдын кес-кестеп, ызғып өткені көз алдымнан кетпейді. Кейін марқұм Кеңшілікке осы жайды айтқанымда: «Нұрлан-ау! Киік пен ақын туысқан ғой! Білмейсің бе, туысқан?!. Топырағымыз бір… Жарыссақ, озғанша, тоқтамаймыз!.. Мына мен – Торғайдың киігімін… Машина жолын кесіп өткен №1 киік мен едім ғой… Қалай танымағансың?» – деп ақсия күлгені есімде.
«…Алдынан кесіп өттік те,
Сонан соң кеттік бұрылып.
Киіктер – қызыл көп нүкте,
Келеді қалмай жүгіріп.
Жанымды тербеп бір үміт,
Таңданып келем тағдырға.
Балалық шағым жүгіріп,
Шығарып салды сан қырға», –
деп аяқталатын «Киіктермен кездесу» атты жыр қиялыма қанат бітіріп, көз алдыма осындай бір жанды суреттер келді.
Өтегенге рахмет! Кеңшілігімді, Кеңшілігімнің Торғайын, Торғай даласының бүгінде қатары сиреп бара жатқан күміс тұяқ киіктерін есіме салды.
Қақаған аяз, қарлы боранда, аспан айналып жерге түсердей қапырық шіліңгір шілде – аптапта, былайғы алыс-беріс, ұрыс-керісі көп, жұтаң, тым қарабайыр тіршілікке бой алдырмай, от пен судың бұрқ-сарқ қайнаған ортасында арпалысып күй кешкен жұмысшылардың қапысыз өміріне тәнті болған, ащы-тұщының дәмін қатар татқан ақынның «Өлеңбаян» атты қос томдығына енген өлең-жырларының ішінде көп қаламгерлер елей бермейтін шыңырауға бұрғы салып жүрген ғажайып еңбек адамдары тақырыбына саналы түрде дендеп бару үрдісі бар. Өмірдің өзіндей өлеңдер!
Асылы, адам жүрегіне тез қонақтап, сезімінің әлдебір нәзік пернелерін дөп басатын өлеңнің өмірі ұзақ болады. Өтегеннің «Өлеңбаянында» өмір сүру құқысы берік, оқырманының жан-жүрегін жаулап алатын жырлар баршылық. Сондай жырдың бірі – ақын қаламынан ертеректе туған «Орал мен Орда арасы». Өлең еркін оқылады.
«Жалтақтай беремін,
Нарынның ор құмдарында.
Жыр кешіп келемін,
Жайықтың толқындарында.
Айдау жол ағады алдымнан,
Танбайды арғымақ шабыстан.
Төбелер төбесі жаңғырған
Тартады алыстан.
Бағандар шабады бұлдырап,
Сымдары ән салып.
Бұрымдай бұрылған мың бұлақ,
Барады Жайыққа қарсы ағып.
Қалқиды төбелер көнерген –
бір кезгі жаушы дерегі.
Жеті қат тереңнен
Мұхиттың дауысы келеді…» –
дейтін көркемдік кескіні ғана емес, жалпы жырдың ой өру үлгісі де өзгеше осынау жыр Өтеген ақынның қолтаңбасын бедерлеп тұрғаны шүбәсіз.
«Биіктік деген сонда не?
Бақытты күндер,
Думанды ел,
Кір жуып, кіндік буған жер.
Жатқанмен табан астында
Бәрінен биік туған жер…» –
деген шабытты жолдар ақынның ысылған шеберлігінің белгісі. Жалпы, Өтегеннің отты жырларының көбі тамырын туған жер, атамекен, атажұрт секілді киелі де қасиетті ұғымдардан тартады.
Бұл – ақындық қуат пен азаматтық ойдың үйлесімі. Өтеген жырларының алтын арқауы осы.
Мына сағымдай құбылып, сабындай бұзылып тұрған замана желі адамзат атаулының байырғы болмыс-тіршілігіне бұрын-соңды болмаған бейтаныс құбыжық құбылыстарды сәт сайын тықпалап, мазасын кетіріп тұрғаны ешкімге құпия емес. Әлемдегі алды-алдына ғұмыр кешіп жатқан алыс-жақын мемлекеттер бұл күндері ауыл үйдей араласып, мидай тұтасып барады. Жаһандану деген жымысқы құбылыс ұлттар мен ұлыстарды, әcipece аз санды халықтарды ділінен, тілінен, салт-дәстүрінен, мейірім-шапағатынан, жанашырлық, бауырмалдық, кісілік сынды абзал қасиеттерінен айырып, айныту үшін жеті басты айдаһардай ысқырынып, айбат шегіп, рухани күйзеліске итермелеудің ақыры осыдан сегіз жыл бұрын Киев «майданынан» басталған текетірестің Батыс пен Шығыстың жойқын майданына айналып барады...
Осындай уыты адамзаттың бойын алған алмағайып уақыттың сұрапылын ақын жүрегі сол кезде-ақ сезінгенін аңғарамыз. Бұрынырақта жазылған осынау уақыт, ұлт, ұрпақ үшін алаңдаған жырдан бүгінгі күннің қасіреті мен қарғысын сезінгендей күй кешеміз.
«Teмip-қайрақ заманым-ай, заманым,
Баспай қойды-ау болашаққа қадамым.
Ұрпағымның болашағы үшін деп,
От пен суға кезек түсті-ау таланым.
Бірде суық, бірде жалын мына күн,
Амал жоқтан күліп тұрып, жыладым.
Сенің ертең күнің үшін, ұланым,
Бас имейтін пенделерге құладым.
Құладым кеп, құлдық ұрдым, дерттендім,
Күйін кештім шатырдағы кептердің.
Жалғыз, жамау жүрегімді ап қолыма,
Қансыратып, қақыратып төрт бөлдім...
... Қорқауларға құлдық ұрған жоқ едім,
Қолын жайып торықпап ед өлеңім.
Сенімім мен үмітімді шынжырлап,
Аяқ-қолым кісендеулі келемін...»
Заман, Ұрпақ, Уақыт туралы бұл толғаныс білікті, білімді, ойы терең, қиялы ұшқыр кез келген азаматтың жүрегін шымырлатып, санасын сарапқа салары айдан анық. Бүгінгі Тәуелсіз еркіндігімізден, елдігімізден айырылып қалмау үшін, әрине, намысымызды жібермей, қайратымызды жанып, белді бекем буып күресуіміз керек. Сонда ғана жаһандық рухани апаттан елдік тұтастығымызды, ұлттық кескінімізді, мемлекеттігімізді аман сақтап қала аламыз. Ақ, адал ақын осыны меңзейді.
Азаматтық-қайраткерлік келбеті мен ақындық болмысы қатар өрілген Өтеген ақынның «Өлеңбаян» атты қос кітабында көркемдігі бір қаралық жолдар жетіп артылады. Мәселен, «Жас келіндей ұялады қыз-көктем, ақсақалды Атыраудың алдында» немесе «Тырналарым, ұя салшы ұятқа» деген жолдар адамдарды алабөтен құбылыстардан арылуға шақырған ақынның жанайқайы десек те болғандай. Ақын жырларының айтары мол, ауқымы кең, тақырыбы алуан-алуан. Қолтаңбасы айқын, «жүректен шығып, жүрекке жол табар» дүниелер. Автор заманның кейіп-кеспірін ашып беру үшін ұрымтал жайттарға барады. Мысалы, «Ғабең, Тахаң және партия жиналысы», «Боран», «Ата, бұл менмін ғой», «Күз. Көне домбыра», «Барсакелмес», «Аға шопан Кемелбек Текебаевтың партбилеті», «Алматы, ит базары, ауылдан келген шал», «Қалалар» қатарлы өлең-жырлары жоғарыдағы ойымыздың айқын дәлелі. Ақын уақыт дейтін ұлы кеңістікті иіріп отырып, өз ырқына шебер бағындырады. Тарих гардеробын бүгінгі күннің ой, сезімімен ұштастыра отырып, көркем өреді.
Сезім қылын шертер – «Барсакелмес» – сәтті басталып, сәтті аяқталған сюжетті өлең. Жайлауы мен қыстауы төрт түлік малға толған шіріген бай өзінің ержеткен сұлу қызын, «кім үйірлі жылқы, қоралы қой берсе, соған ұзатамын» деп жар салады. Малға сатылуды намыс көрген ару түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмей, құтылудың амал-айласын ойлайды. Ақыры адам таңғаларлық тапқырлықпен құтылудың жолын табады.
«Әке, «Барсакелмес» деген жер бар екен, сол жердің алтын-күмісі жер бетіне сыймай шашылып жатқан көрінеді. Менің жаныма бір жігіт серік болсын, иесіз жатқан қазынаны алып келейін», дейді. Дүниеге құныққан әкесі қызын «Барсакелмеске» аттандырады. Сол кеткеннен мол кеткен қыз бен жігіт елге қайтып оралмайды.
«Күн зымырап, ай зулап, жыл сырғанар,
Қайтты талай түстіктен топ тырналар.
Ақырында ажал жетіп өлді бай,
«Барсакелмес» жақтан болмай бір хабар.
Озған өмір осыны айтып жылайды,
Мұң шертеді, аруларға шырайлы.
Махаббатты байлық емес, мал емес,
Махаббатты «Барсакелмес» сынайды.
Махаббат бар,
Мен білмеймін өңгесін,
Көңіл соқыр сенбейді ме,
Сенбесін.
Адалдығың, адалдығың өлмесін,
Айналайын менің «Барсакелмесім».
Тапқыр ой. Тосын түйін. Жүрек толқытар оқиға.
Иә, махаббат дейтін мәңгілік құдіреттің өлшемі қай кезде де жалғыз – жар алдында, ар алдында адал болу! Дүниені сақтаудың ұлы көзі де, өзі де Махаббат екенін ұмытпау! Өтеген жырлары осындай ойының тереңдігімен, от-жалынның молдығымен оқырман жүрегін баурары анық.
Ақын жырларынан алған әсерімізді осылай жалғастыра беруге болады… Өлең әлемінде ғана емес, жалпы әдебиет дейтін ұлт ұстынын аңғартар кеңістікте өзінің ой толғау, сөз саптау, пікір айту тәрізді қырларымен оқырманына жақсы таныс Өтеген Оралбаевтың соңғы жылдары замандастары жайлы тебірене көсіліп жазған сыни мақалалары мен эссе-толғауларының өзі оқыған жұртты бей-жай қалдырмайды.
Өтеген нені жазса да ақындық от жалынымен публицистикалық қанат-қарыммен, өмірлік құбылыстарға кең қарап, тереңінен барлай отырып, азаматтық мінез-болмысымен жазады:
«Сүйеніп шуағы мол нұрлы өлеңге,
Шығамын бір белеңнен бір белеңге.
Жүректің сиясымен жыр жазамын,
Жанымның жазирасы гүлдегенде», дейді.
Ақынның бағындырған белдері қалай оқырман ойынан шықса, алдағы асар асуларына деген сенімі де жырқұмар қауымның көңіліне солай қонақтары күмәнсіз.
Асықпай жүріп, өлең дейтін өнер әлемінде анық басқан, өз өрнегі мен сөз жүйелеу шеберлігі қалыптасқан Өтегенді өрісті күндердің күтері күмәнсіз.
Дүниеде сенімнен қуатты күш жоқ.
Өтегеннің өлеңбаяны оқырманын осындай ойлар өрісіне жетелейді…
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты