Бейнеулік мүсінші Болатбектің қиялында сұлбасы қаланып, қолымен сомдалған мүсіндерге қарап, еліміздің ескерткіш, мүсін өнеріне соны леп, жаңа түр, қанық ой мен идея келгендей сезіндік.
1991 жылы жазда Бейнеуде өмірге келген Болатбектің өнерге қызығушылығы үш жасынан белгілі болған. Сол кезде-ақ балшықтан жануарлар мүсінін жасап, майлы бояумен картиналар сала бастаған Болатбектің бойындағы шеберлік, өнерпаздық сурет салуға құштар ата-анасынан дарыған болуы керек. О.Таңсықбаев атындағы Алматы көркемсурет училищесін бітіріп, 2011 жылы Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінен мүсінші мамандығын меңгеріп шыққан жас жігіт аталған оқу орнынан өнертану ғылымдарының магистрі дәрежесін алады. Гипстен, ағаштан, шыны пластиктен және қоладан мүсіндер сомдайтын оның өнеріне қызығушылықпен қарап, тапсырыс беретіндер де аз емес. Бүгінде 40-тан астам еңбектің біріне автор, біріне қатысушы, біріне орындаушы болған Болатбек Салаевтың туындылары еліміздің біраз қаласында бой көтеріп келеді.
– Өз қиялымнан туындаған дүниелер – авторлық еңбектер, ал кей жағдайларда жобасын сызып немесе шағын мүсінді жасап келіп ұсынатындар болады, оған өз идеяларымды қоса отырып олардың ұсынысын орындаймын, бұл – орындаушылық еңбек. Ал зәулім ескерткіштерді тұрғызуға бірнеше адам қатарында қатысушы болып атсалысамын, – дейді Болатбек.
Ол Өскемен қаласындағы биіктігі 7 метрлік қоладан соғылған «Қаратай батыр» ескерткішін салуға қатысса, Батыс Қазақстан облысында «Қадыр Мырза Әли», Қырғызстанда «Абай Құнанбаев», астанадағы Қазақ академиялық драма театрының «Алпамыс батыр» ескерткіштерін салуда орындаушылық қызметін атқарған. Бұлардан басқа Қостанай қаласынадағы «Фемида» қола мүсіні мен «Кәмшат Дөненбаева» қола бюстінің, Татарстандағы қоладан «Тайқазан», Алматы облысына Өтеген батыр, Атырау қаласына «Үш би», Қызылорда облысында «Роза Бағланова» ескерткіштерінің орындаушысы болса, Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында және Тараз қаласында «Анаға тағзым», Шығыс Қазақстан облысында «Абай Құнанбаев» ескерткіштерінің, Маңғыстау облысындағы Баутин селосында «Балықшылар» мүсінінің, елордадағы «Дулыға», «Киіз үй» конструкцияларының, «Юнус Эмре» ескерткішінің, Петропавл қаласындағы «Жамбыл Жабаев» ескерткішінің авторы. Сондай-ақ Ақтау қаласында теңіз жағасына пластик, бетоннан парктік мүсіндер топтамасын жасап, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің мұражайында гипстен авторлық «Болашақ данышпан» атты мүсінді сомдады және Қостанай қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне арналған 40 бюстің авторларының бірі.
Алдына үлкен мақсаттар қойған Болатбектің еңбегіне халық жоғары баға беруде. Ойы терең, қиялы жүйрік, шынайы шебердің туындыларына қарап мүсін өнерінде батырды жалаң қауқитып, жырауды домбырамен қонжитып, ақын-жазушыны үстелге таңып жасай салатын қарадүрсін идея ауылынан алыстадық деп қуануға болатындай. Болатбек қолтаңбаларындағы қазақылыққа тән құнарлы бояу, шынайы көрініс, тарихи дерек, махаббат, сезім мен дарындылық, сондай-ақ ойлану, толғану, шабыттану, шамырқану, арқалану тәрізді көңіл күй сәттері бір-бірімен тоғысқан тұтастық көзге ұрып, көңілге қона кетеді.
Болатбектің өнерге құштарлығын оятқан әкесі Еркебай Салаев жеке кәсіпкер болса, анасы Бақтыгүл Ақмырзаева «Қазақстан темір жолы» компаниясында қызмет атқарады. Жұбайы «Наз» би театрының балет әртісі Құралай екеуінің отбасында Абдурахман мен Бейбарыс атты өрендер өсіп келеді.
Өз ісіне қызығушылықпен, жауапкершілікпен қарайтын Болатбек сынды жас мүсіншілер еліміздің ескерткіш саласындағы жаңа бейнесін қалыптастырады деп сенеміз.
Маңғыстау облысы