Бүгін Астана қаласында жылдық асы берілетін ғалым, әдебиеттанушы, ұстаз Серік Смайылұлы Қирабаев (1927-2021) – ұзақ жыл жоғары білім мен ғылым саласында қызмет еткен ұлтымыздың ірі тұлғасы еді. Ұлттық ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтын басқарып, Алаш зиялылары мұрасын, Абайдың академиялық жаңа жинағын жариялауға, 10 томдық әдебиет тарихын жазуға себепші болды. Ғылым қарашаңырағының тағдыры қыл үстінде тұрғанда, билік пен ғылыми қауым арасын үйлестірді. Биыл ел Президенті Қ.К.Тоқаев Ұлттық ғылым академиясына 75 жылдық мерейтойымен құттықтауға арнайы барып, отандық ғылым мен ғалым мәртебесіне қатысты елеулі бастама көтерді. Біз марқұм академик С.С.Қирабаевтың қолжазба қағаздары арасында сақталған академия мен ғылымның күрделі шағынан хабар беретін бір материалын оқырманға ұсынғанды жөн деп таптық.
Дәстүрлі Ғылым академиямыз – ғылыми зерттеу институттарын бiрiктiретiн, бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығаратын орталық еді. Сол құрылым объективті-субъективті себептен тарауға мәжбүр болды. Бірақ негiзгi ғылыми мекемелер жүйесi сақталды. Яғни ғылыми институттар əлi де бар. Олар Бiлiм жəне ғылым министрлiгiнiң қарамағына берілдi. Үкiмет осы институттарда жасалатын ғылыми жұмыстардың бағдарламасына қаражат бөледi. Сол бағдарлама шеңберiнде жұмыс жүргiзiп келе жатырмыз. Əрине, ғылыми мекеменi сол ғылыммен айналысқан, оны терең меңгерген адамның басқарғаны жөн. Өйткенi олар ғылыми зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, жасалу жолдарын бiледi. Қандай сапада орындалғанын да тексере алады. Көп жылдан берi қалыптасқан жүйе өзін ақтағаны әлемге мәлім. Бұрынғы одақ көлемiнде азаттық алған елдерде сол қалпында сақталғанын айта кеткім келеді. Бiздiң елдің сол кездегі басшылығы оны қажет деп таппады. Оған iстер амал бар ма? Сондықтан да Академияның қоғамдық негiзде құрылған клуб iспеттес етiп жасалғаны шымбайымызға батады. Əйтпесе, академиктердiң аты да, статусы да сол қалпында сақталды.
Бұрынғы академияның мүшелерi екi сатылы-тын: академияның толық мүшесі (академигi), сосын корреспондент-мүшелерi. Енді ол қоғамдық негiзде қайта құрылғаннан кейiн Құрылтай жиылысы өттi. Кез келген қоғамдық ұйымды құратын да, жабатын да сол – Құрылтай. Осы жиында академияның бұрынғы корреспондент-мүшелерi: «Бiз де осы академияның мүшелерiмiз. Құрылтайда елдiң бəрi тең. Сондықтан да тең құқықты түрде жаңа академия құрамыз» деген талап қойған соң, Құрылтай оларды да «Академияның толық мүшесi» деп жариялады. Ел арасында «Академиктер көбейiп кеттi» деп күдiкпен қарайтындар бар. Бұрын академияның 40-тан аса академигi, 100-ден аса корреспондент-мүшесi бар едi. Қазiр екеуiнiң басын қосқанда 150-дей академик бар. Бұл – Қазақстан секiлдi республика үшiн онша көп емес.
Егер басқа елдермен салыстыра айтсақ, көршi Өзбекстанда екi сатылы академия жойылды. Қырғызстанда екi сатылы академия сақталғанымен, оларда да академиктердiң саны бiзден аз емес. Анау алақандай ғана Балтық жағалауы елдерiнiң əрқайсысында 200-300 академик бар. Оның үстiне, академияға берiлетiн вакансияның өзi көп болмағандықтан, əр ғылым саласында еңбегi сiңген үлкен ғалымдардың өзi талай жылдар бойы корреспондент-мүше мәртебесінде жүрдi. Сондықтан да олардың академик болуына наразы болу қисынға келмес.
Мiне, осылардың есебiнен жастарға орын берiп, корреспондент-мүшелердiң қатарын толтыруға болады. Менiң қатты ойланғаным – бiзбен Ауыл шаруашылығы академиясын қосқаны. Бұл – классикалық ғылымға томпақтау. Бiздi ол академияға қосқаны жөнiнде ешқандай қаулы да, Үкiметтiң шешiмi де жоқ. Өйткенi Ауыл шаруашылығы академиясы – салалық академия. Ал Ұлттық академияны салалық академияға қосып жiбергендіктен, Қаныш Сәтбаев негізін қалаған академияны түсiнде көрмеген академиктер пайда бола қалды. Сол салалық академияға кездейсоқ корреспондент-мүше болғандар аз емес едi. Бұл жағдай қазiргi академияда заңдық тұрғыдан пысықтайтын мәселелер бар екенін көрсетеді.
Академияның хал-ахуалы мəз емес. Барлығы қаражатқа келiп тiреледi. «Қоғамдық ұйымдарға қаржы берiлмесiн» деген Үкiметтiң заңы бар. Қазiр қоғамдық негiздегi Жазушылар, Суретшiлер, Композиторлар одақтары күйредi. Ұлттық театрды да Үкiмет қамқорлығынан алып тастадық. Бұл – бiздiң ұлттық мəдениетiмiздiң дамуына үлкен сын. Ұлттың болашағы, бiлiмi мен ғылымы, мəдениетi үшiн дұрыс ойластырылмаған шешім – орны толмас олқылық деп ойлаймын. Ерте ме, кеш пе, түбi бiз осы кемшiлiктердi түзеуге ораламыз. Олардың орны үңiрейiп қалғанын, хал-ахуалы жүдегенiн сол кезде сеземiз.
Бiз шау тартсақ та, осы академияның нанын жегеннен кейiн, азды-көптi қамқорлығын көргеннен соң жұмыс iстеп жүрмiз. Бiр кезде ең табысты адамдар – академиктер болатын. Айына мың сомнан асырып алған кездерiмiз болды. Ол тұста Орталық комитеттiң хатшысы 500 сом алатын. Ал қазiр ғылым саласында жүрген ғалымдар ең төменгi жалақы алады. Қазiргi тиын-тебен төлейтiн академияда жас ұрпақ ғылыммен айналыса ма! Ертең академияны қайта құратын болсақ, онда мамандарды қайдан табамыз?
Гуманитарлық ғылымның мойнында ауыр да жауапты жүк бар. Мысалы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты осы бағытта жұмыс iстеп жатыр. Жалпы, қазақ əдебиетiнiң арғы-бергi тарихында қаншама ақтаңдақтар болды. Фольклордың өзiнде қаншама шығармалар аталмай қалып жүрдi. Əдебиет тарихын жүйелеу кезеңiнде де тiлiмiздi тiстеп қалып жүрдiк. Тəуелсiздiк алған жылдар iшiнде бiраз зерттеулер жүргiзiп, бүкіл әдебиет тарихына қайта қарадық. Жеке монографиялық еңбектер мен ұжымдық ғылыми еңбектер жарыққа шықты. Алаш кезеңіне қатысты мұраларды қайта қопарып, арыстарымыздың жазғандарын шығарып жатырмыз. Олар туралы зерттеулер жарияланды. Ендi осылардың басын қосып, қазақ əдебиетiнiң он томдық тарихын жасауды қолға алуымыз – зор белес, азаттықтың асыл мұраты. Əр бөлiм өздерiне бекiтiлген дəуiрдi зерттеп, солардың тарихын дайындап шықты. Мысалы, бiз Кеңес дəуiрiндегi əдебиеттi үш том етiп дайындадық. Рас, Кеңес əдебиетi идеологияның ықпалында болды, бірақ ол – əдебиетiмiздiң өскен дəуiрi. ХХ ғасырдың басындағы əдебиеттiң де өз дəрежесi, кейінгіге іргетас болған әсері бар.
Жаңа дәуір әлемдік жаңашылдықты әкеліп, мəдени дамуымызға дүмпу бердi. Жаңа жанрлар туды. Қазақ əдебиетiнiң жиырмасыншы жылдар iшiнде Жүсiпбек Аймауытұлының «Ақбiлек», «Қартқожа» сияқты еуропалық үлгiдегi романдарды жазуға қолы жеттi. Соңынан Мұхтар, Сəбит, Ғабит, Ғабидендер шықты. Сөйтiп, бiздiң əдебиетiмiз дүниежүзiлiк дəрежеге көтерiлiп кеттi. Сөйте тұра, оған сол заманның, идеологияның оң əсерi болғанын айтпай отыра алмаймыз. Əдебиет халық өмiрiнiң шындығы ғой. Халықтың осы ғұмырын тарихтан сызып тастауға болмайды. Бiз 70 жыл бойы сол кеңестiк жүйеге қызмет жасадық. Сол дəуiрдiң шындығы мен сол дəуiрдiң адамдарын бейнелейтiн шығармаларды əдiл бағалауымыз қажет. Оның үстiне, кеңестiк идеологияның ұсынған тақырыптары болды. Ондай шығармалар көбiнесе тақырыбымен өтiп жүрдi. Көркемдiк жетiстiкке жете алған жоқ.
Әдебиет қазынасын, ақын-жазушыларды біз ұлттың көркемдік ойы, ізденісі мен талғамы ретінде зерттеп-зерделейміз.
Біз жаңа жағдайда да ғылымды басқару жүйесіне ерекше көңіл бөлуіміз керек. Академияның қоғамдық мәртебесіне байланысты бір орталыққа бағындырылған бұрынғы басқару жүйесі ыдырады. Қазір ғылымды басқарудың жауапкершілігін кімнен сұрайтынымызды білмейміз. Әр институт, жоғары мектеп ғылымы өзі «басқарып», біткен жұмысы туралы есеп қана жазады. Ол министрліктің қоржынына түседі де, іске тігіледі. Оның сапасы, ғылыми бағдарлама қалай игерілді, жаңалығы бар ма, жоқ па – сарапталып, талқыға түсіп жатпайды. Бұрын мұндай бақылауды академия төралқасы, ғылым салалары бойынша құрылған бөлімшелер жазылу үстінде үзбей қадағалап, бағдарлама орындалғаннан кейін жан-жақты талдауға салатын. Содан бері ғылымды басқару мен бақылаудың жаңа жолдарын әлі де таба алмай келеміз. Кейбір ғылым салалары бойынша құрылған орталықтар бұл істі меңгере алмаған қалыпта тарап жатыр.
Ғылым – қоғамдық сананың өзіндік ерекшеліктері мол ең бір күрделі саласы. Оны ғылымның қара жұмысын атқарған, проблемалары мен ішкі қыры мен сырын жақсы білетін, оны терең түсінетін адамдар ғана басқара алады. Ол шенеуніктік басқаруды көтере алмайды. Білім және ғылым министрлігінің ғылым жүйесіне іштей кіре алмай, одан ылғи да сырт қалатын себебі де осында.
Ғылымды реформалауға қатысты өткен жылдары «Ұлттық ғылыми кеңестер құру» қажеттігі айтылды. Бұлар ғылымды басқарудың «көп сатылы жүйесін меңгеріп, бюрократтықты жоюға көмектеседі» деп көрсетті. Кеңес шешімдері жетекші ғалымдардың ұстанымын белгілейтіні, ғылыми бағдарламаның артықшылығын айқындаумен бірге қаржыландыруды да шешетіні баса айтылды. Алайда кешікпей осы сөз жұмсарып, тағы да «жауапты органға» бағындырылды. Жалпы ғылымды бюрократияландырмай, ғылыми құрылымға сеніп тапсыратын кез әлдеқашан келді.
Тағы бір өзекті мәселе – ғылыми мамандар даярлау хақында. Бұрын бұл мәселе кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғау жолымен шешіліп келді. Қазір Қазақстанда мұндай қорғаулар мөлшерден тыс көбейіп кеткендіктен, ол жүйе жойылып, еуропалық жүйе – магистр, философия докторы (РһD) атағын қорғау енді. Біз Білім министрлігінің бұл саладағы позициясын жақсы түсінеміз. Толып кеткен атаққұмарлардың жолын кесу керек. Бірақ біз осыған қалай жеткеніміз жайлы ойлануға тиіспіз ғой. Соның қаншасы ғылым кадрлары, қаншасы биліктегі адамдар, қаншасы бизнестегілер – осыған талдау жасалды ма? Ендеше, мұндай шешім онсыз да аз қорғалып жатқан ғылым адамдарының жолын кесу болып табылмай ма? Әлемдік деңгейде магистрлік, РһD диссертацияларын қорғау әлі де қалыптаспаған жағдайда қазіргі ғылыми жұмыстардың сын көтермейтінін көре отырып, біз қалай тыныш отыра аламыз? Елдік, кәсіби намысымыз қайда? Ғылымның келешегі не болады? Әлде ғылымды таза жабамыз ба? Кешегі ғылым адамдарының орнын шала қорғаған магистр мен РһD докторы (бұрын ғылым кандидатына теңейтінбіз) баса ала ма?
Мүмкін болса, таза ғылым жүйесінде, ғылыми зерттеу институттары мен жоғары мектептерде істейтін адамдар үшін дәстүрлі диссертация қорғау секілді талап енгізген дұрыс.
Халық арасында ғалымдарға қатысты тарай бастаған өсек-аяңды тыю үшін сапалануды бірінші кезекке қойған шарт. Жасырып не керек, билік басшылары, Парламент мүшелері, министрлер, әкімдер түгел қорғап бітті. Билік жүйесінде қызмет істейтін адамдардың қалай қорғағанын зерттеу де – өзекті тақырып, бәлкім заң мен тәртіп тақырыбы. Баяғыда Әзербайжан Компартиясы Орталық Комитетінің 1-хатшысы Ахундов деген кісі болды. Сол медицинадан докторлық диссертация қорғаған кезде бір қарсыласы: «Медицинада эксперимент жасаудың өзіне 4-5 жыл уақыт керек. Және диссертация дайындау үшін сондай уақыт қажет. Егер сіз уақытыңызды шын ғылым үшін пайдалансаңыз, Орталық Комитетте жұмыс істемеген болып шығасыз. Ал Орталық Комитетте жұмыс істесеңіз, ғылым үшін уақытты қайдан таптыңыз?» деп сұрақ қойған. Осы әңгіме орталыққа жетіп, Ахундов партия жұмысынан кетуге мәжбүр болған. Мәселені осылай қабырғасынан қоятын сұраулардың жоқтығы біздің шенеуніктерді атаққұмар етіп жібергені шындық қой. Солардың көбі жұмысынан босай қалса, не ғылымға, не жоғары мектепке сабақ беруге бара алмайтыны да даусыз. Ондайдың талайын көрдік, көріп те жүрміз.
Ғылымға қамқорлық, ғылымға жауапкершілік – мемлекеттің міндеті, елдің парызы. Бізді осы мәселе қатты алаңдатады.
Серiк ҚИРАБАЕВ,
академик
2016 жыл