6-13 қазан аралығында Өзбекстанның бас шаһары – Ташкентте дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионатының жалауы желбірейді. 12 500 көрерменге есептелген «Хумо Арена» көпсалалы спорт кешенінде өтетін жарыста 120-дан аса мемлекеттен келген 600-ге тарта балуан күш сынасады деп күтілуде. Әдеттегідей олар 15 жүлде жиынтығын сарапқа салады.
Биыл көптеген аса ірі халықаралық жарыстан Ресей құрамасының шеттетілгені белгілі. Бастапқыда олардың осы додаға да қатыспайтыны жайында айтылған еді. Күні кеше ғана Еуропаның дзюдо одағы (EJU) жоғарыдаға ақпаратты жоққа шығарды. Сол ұйымның жетекішісі Ласло Тоттың айтуынша, аталған мемлекет өкілдерінің осы әлем чемпионатында өнер көрсетуіне еш кедергі жоқ. Алайда Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ресми өкілдері осы жағдайға байланысты әлі мәлімдеме жасаған жоқ.
Таяу күндері Ташкентте тұсауы кесілетін жарыстың басты фавориттерін анықтау үшін соңғы үш әлем чемпионаты мен Токио Олимпиадасының нәтижелеріне зер салғанды жөн көрдік. 2018 жылы Әзербайжанның астанасы – Бакуде өткен доданың ерлер сайысында басты бәсекелестік Жапония (2 алтын+2 күміс+3 қола) мен Оңтүстік Корея (2+0+1) құрамалары арасында өрбіді. Екі елдің балуандары екі алтыннан еншіледі. Десек те өзге медальдарды көбірек жиған жапондар жалпы командалық есепте көш бастады. Сондай-ақ бас жүлде олжалағандар қатарында Грузия (1+1+1), Иран (1+0+0) және Испанияның (1+0+0) татами шеберлері бар. Ал әйелдер арасындағы жарыста Жапония айқын жеңіске қол жеткізді. Күн шығыс елінің қыздары 5 алтын, 3 күміс және 1 қоланы олжалады. Қалған екі алтынды Франция (1+1+1) мен Украина (1+0+0) иеленді.
2019 жылғы чемпионатты Токио қабылдады. Әйгілі «Ниппон Будоканда» өткен жарыста татами қожайындары (2+2+3) алдарына жан салмады. Жапониядан бөлек, Нидерланд (1+0+2), Грузия (1+0+1), Израиль (1+0+0), Португалия (1+0+0) және Чехияның (1+0+0) да әнұраны бір-бір мәрте шырқалды. Әйелдер сайысында Францияның (3+0+1) қара нәсілді қыздарының қарқыны өте күшті болды. Олардан бір алтын кем жиған жапондар (2+3+2) екінші орынды қанағат тұтты. Украина (1+0+0) мен Канаданың (1+0+0) сұлуларына да бас жүлде бұйырды.
2021 жылы Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарында сарапқа салынған жеті алтынның бесеуін олжалаған Жапонияның дзюдошылары (5+0+0) жер жаһанда өздеріне тең келер команданың жоқ екенін тайға таңба басқандай етіп тағы бір дәлелдеді. «Мәңгі тозбас» атаққа қол жеткізгендер арасында Наохисо Таката (60 кило), Хуфуми Абэ (66 кило), Сехей Оно (73 кило), Таканори Нагасэ (81 кило) және Аарон Вольф (100 кило) сынды дүлдүлдер бар. Тек 90 және 100 кило салмақ дәрежелері бойынша өткен бәсекелерде Күн шығыс елінің өрендері жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Бұл салмақтарда грузиялық Лаша Бекаури (90 кило) мен чехиялық Лукаш Крпалектің (100 кило) жұлдыздары жарқырай жанды. Сөз орайы келгенде Грузия құрамасының да осы жарыста керемет нәтижеге қол жеткізгенін айта кеткен абзал. Қап тауының қырандары алтыннан бөлек, тағы үш күмісті қанжығаларына байлады. Чехия жалғыз бас жүлдені қанағат тұтты. Әйелдер арасындағы айқаста да жапондардың қарқынына ешкім шыдай алмады. Олар 4 алтын, 1 күміс және 1 қола иемденді. Косовоның (2+0+0) қыздары екі рет топ жарса, француздар (1+3+1) бір мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Дәл сол Олимпия ойындарының қарсаңында Мажарстанның астанасы – Будапеште әлем чемпионатының жалауы желбірген еді. Ерлер бәсекесінде Жапония (2+0+1), Грузия (1+1+2), Ресей (1+1+0), Португалия (1+0+1) Бельгия (1+0+0) және Испанияның спортшылары (1+0+0) бас жүлдені олжалады. Тарқатып айтсақ, өз салмақ дәрежелерінде мына дзюдошылар дара шықты: 60 кило – Яго Абулазде (Ресей), 66 кило – Дзесиро Маруяма (Жапония), 73 кило – Лаша Шавдатуашвили (Грузия), 81 кило – Маттиас Кассе (Бельгия), 90 кило – Николоз Шеразадишвили (Испания), 100 кило – Жоржа Фонсека (Португалия) және +100 кило – Кокоро Кагеура (Жапония).
Әйелдер арасында Жапония (3+4+1) озды. Жалпы есепте одан кейінгі сатыларға Франция (1+1+0), Германия (1+0+1), Канада (1+0+0) және Хорватия (1+0+0) жайғасты. Ал түрлі салмақтарда өткен сайыстарда мына бұрымдылар алтыннан алқа тақты: 48 кило – Нацуми Цунода (Жапония), 52 кило – Аи Шишимэ (Жапония), 57 кило – Джессика Климкейт (Канада), 63 кило – Кларисс Агбеньену (Франция), 70 кило – Барбара Матич (Хорватия), 78 кило – Анна-Мария Вагнер (Германия) және +78 кило – Сара Асахина (Жапония).
Жекелеген салмақ дәрежелерінен бөлек, аталған жарыстарда аралас командалық сайыстар да өтіп жүр. Бұл бәсекелердің нәтижелері мынадай: 2018 жыл – 1. Жапония, 2. Франция, 3. Ресей. 2019 жыл – 1. Жапония, 2. Франция, 3. Ресей мен Бразилия. 2021 жыл: 1. Жапония, 2. Франция, 3. Өзбекстан мен Бразилия. 2021 жылғы Олимпия ойындары: 1. Франция, 2. Жапония, 3. Израиль мен Германия.
Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанның ұлттық құрамасы әлем чемпионаттарына үздіксіз қатысып келеді. 1993-2021 жылдар аралығында 18 мәрте жалауы желбіреген жарыстың тең жартысында жүлде алсақ, тең жартысында жер сипап қалдық. Атап айтсақ, 1993 жылы Гамильтон, 1995 жылы Тиба, 1997 жылы Париж, 1999 жылы Бирмингем, 2003 жылы Осака, 2005 жылы Қайр, 2007 жылы Рио-де-Жанейро, 2010 жылы Токио және 2014 жылы Челябіде ұйымдастырылған дүбірлі додаларда сәтсіздікке ұшырап, елге еңсеміз түскен күйде оралдық.
Қазақ жанкүйерлері әлем чемпионатындағы алғашқы медальдың сыңғырын 2001 жылы естіді. Германияның Мюнхен қаласында өткен жарыста Асхат Шахаров (73 кило) пен Асхат Житкеев (100 кило) қола медальды қанжығаларына байлады. 2009 жылы Голландияның Роттердамында Максим Раковтың асығы алшысынан түсті. 100 кило салмақта сынға түскен жерлесіміз финалда нидерландтық Хенк Гролды алып ұрып, бас жүлдені олжалады. 2011 жылы дәл сол Раковтың екінші рет әлем чемпионы атануға тамаша мүмкіндігі болды. Алайда ақтық айқаста ресейлік Тагир Хайболлаев одан айласын асырып кетті. Қызғалдақтар елінде Максимге күміс медаль бұйырды. 2013 жылы Рио-де-Жанейрода Азамат Мұқанов (66 кило) атой салды. Барлық қарсыласын сыпыра ұтқан қандасымыз финалда жапониялық Масаши Эбунимаға есе жіберіп, екінші орынға табан тіреді.
2015 жылы Астанада ұйымдастырылған дүниежүзілік доданың аса жеңіл салмақ дәрежесіндегі финалдық сайыс қазақтың қос өрені – Елдос Сметов пен Рустам Ыбыраев арасында өтті. Екеуі де шегінбей айқасып, алтын тұғырға көтерілу үшін барын салды. Бұл тартыс Елдостың пайдасынан шешіліп, ол әлем чемпионы атанса, Рустам күміс медальды мойнында жарқыратты. 2017 жылы Будапеште өткен бәсекеде жігіттеріміз жүлдесі қалғанымен, бұрымдыларымыз өз көрермендерін қуантты. Бұл жарыста 48 кило салмақта өнер көрсеткен Отгонцэцэг Галбадрах қола медальды иеленді. 2018 жылы Бакуде қоржынымыз қос жүлдемен толықты. Ерлан Серікжанов (66 кило) ақтық сынға дейін алқынбай жетіп, финалда жапониялық Хифуми Абэге жол берсе, Отгонцэцэг Галбадрах қолаға қол созды. 2019 жылы Токиода Елдос Сметов үшінші орынды еншілесе, 2021 жылы Будапеште Ғұсман Қырғызбаев екінші сатыға жайғасты. Бұл балуандардың екеуі де аса жеңіл салмақта өнер көрсетті.
Аталған жарыста Қазақстанның ерлер құрамасы барлығы 10 жүлдеге қол жеткізді. Оның 2-еуі алтын, 5-еуі күміс және 3-еуі қола. Дәл осы көрсеткішпен біз 1993-2021 жылдар аралығындағы нәтиже бойынша 12 орында тұрмыз. Ал қыздардың көрсеткіштері көңіл көншітерлік емес. Біздің бұрымдылар небәрі екі қолаға қол жеткізді. Оның екеуі де Моңғолиядан Қазақстанға қоныс аударған Отгонцэцэг Галбадрахтың еншісінде. Бұл нәтижемен еліміздің әйелдер құрамасы қалың топтың арасында қалып қойды.
Ташкентте өтетін әлемдік додада Қазақ елі намысын мына жігіттер қорғайды: 60 кило – Елдос Сметов пен Мағжан Шамшаддин, 66 кило – Ғұсман Қырғызбаев, 73 кило – Данияр Шамшаев, 81 кило – Абылайхан Жұбаназар, 90 кило – Дидар Хамза, 100 кило – Ислам Бозбаев пен Нұрлыхан Шархан және +100 кило – Ерасыл Қажыбаев. Ал әйелдер сайысында Әбиба Әбужақынова (48 кило), Гауһар Ирмағамбетова (52 кило), Севара Нышанбаева (57 кило), Мөлдір Нарынова мен Есмигүл Куюлова (63 кило), Анастасия Маякова (70 кило), Аруна Жангелдина (78 кило) және Кәмила Берліқашқа (+78 кило) сенім артылып отыр.
Ерлер арасындағы әлем чемпионатының ТОП-10 командасы
(1993-2021 жылдар аралығы)
Орын
Команда
Алтын
Күміс
Қола
Барлығы
1.
Жапония
46
20
33
99
2.
Оңтүстік Корея
19
3
23
45
3.
Франция
17
11
15
43
4.
Ресей
8
14
27
49
5
Грузия
6
13
22
41
6.
Бразилия
4
8
12
24
7.
Нидерланд
4
6
11
21
8.
Польша
4
0
2
6
9.
Германия
3
6
12
21
10.
Грекия
3
2
1
6
Әйелдер арасындағы әлем чемпионатының ТОП-10 командасы
(1993-2021 жылдар аралығы)
Орын
Команда
Алтын
Күміс
Қола
Барлығы
1.
Жапония
50
41
36
127
2.
Франция
21
10
26
57
3.
Куба
14
14
26
54
4.
Қытай
13
9
11
33
5.
Солтүстік Корея
6
3
4
13
6.
Нидерланд
4
8
19
31
7.
Бразилия
4
5
17
26
8.
Бельгия
3
4
7
14
9.
Моңғолия
3
2
9
14
10.
Оңтүстік Корея
3
1
16
20