• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
Пікір 06 Қазан, 2022

Әннің сөзін бұзбай айту – парыз

509 рет
көрсетілді

Ән – халқымыздың жүрек сыры, арман-мұңы, тілек-жыры. Оның сан ғасырлар бойы қазағымен бірге жасасып келе жатқандығы да сол өміршеңдігінен болса керек.

Соңғы кездері біздің кейбір әншілеріміз әннің сөзін бұзып айтатын болып жүр. «Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылды» дегендей, ондайда ішіңнен әжептәуір ренжіп қалатының рас.

Сөзіміз дәлелді болу үшін мысал келтірейік. Ақын Айтбай Хангелдиннің «Қуаныш сөмкем толы арқалаған, сәлем хат әр ауылдан, әр қаладан» деп келетін сөзіне жазылған «Почтальон» (хат тасушы) деген әнді білмейтіндер кемде-кем. Сол әннің аяқ жағын (соңын) базбір орындаушылар «Қымбатты достар, достар...» деп айтып жүр. Біздіңше, дұрысы «Тағы да келем күнде мен» емес пе еді?

Эфирден жиі берілетін әндердің бірі – «Маралдым». Тыңдаушының құлағына әбден сіңіп кеткен туынды туған жерге деген сағыныш сазындай әсер қалдырады. Осындағы «Бақытын сенен тапқан қыз-ұлда­рың» деген сөзді «ұл-қыздарың» деп айтқан дұрыс болатын сияқты.

Композитор Ескендір Хасанғалиевтің ақын Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған «Айналайын» атты әнін тыңдаған сайын да ойланып қалатынымыз бар. Оған себеп: «Менің кемем алға жүзсе, сен қуандың алғашқы рет» деген сөз. Меніңше, «алғашқы» дегеннен гөрі «алғаш» деп айтқан дұрыс секілді. Бұл – менің тыңдаушы ретіндегі жеке пікірім. Онымен біреу келіссе, біреу келіспеуі мүмкін.

Қалай дегенде, ән – қазақ өнерінің інжу-маржаны, мәңгі өлмес мұрасы, тыңдаушының құлақ құрышын қандыратын әуен. Сондықтан әр әннің сөзін дұрыс айтайық дегіміз келеді.

 

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

зейнеткер

 

Түркістан облысы