• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Қазан, 2022

«Бақытты отбасында» өзгеріс көп

247 рет
көрсетілді

«Бақытты отбасы» бағдарламасынан «толық емес отбасы» деген санат алынып тасталды. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасында отбасы институтын қолдау және сақтау мақсатында жеңілдетілген бағдарлама қатысушыларының санаттары қайта қаралды. Соның нәтижесінде осындай шешім қабылданған.

Мұның себебін Индустрия және инфра­құрылымдық даму ми­нистр­лігі Құрылыс және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­­шылық істері комитеті төраға­сы­ның орынбасары Бауыржан Қабдол түсіндіріп берді. Оның айтуынша, «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылған сәттен бастап «толық емес отбасы» санаты бойынша кезекте тұрғандар саны 72 пайызға немесе 61,6 мың адамға артқан.

Ол қазіргі жағдай басқа санаттар бойынша кезекте тұрған азаматтар үшін тең емес жағдай тудыратынын айтты. Мәселен, 2021-2022 жылдары «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша өтініштердің 50 пайыздан астамы «толық емес отбасылардан» келіп түскен.

– Айта кетерлігі, «толық емес отбасы» санатын алып тастау те­тігі азаматтарды жергі­лікті ат­қарушы органнан кредит­тік тұрғын үй сатып алу мүмкін­ді­гі­нен айырмайды. Олар басқа да санаттар бойынша кезекте тұрған азаматтармен қатар 5 пайыздық мөлшерлемемен қолжетімді қарыздар ала алады, – деп нақтылады Бауыржан Қабдол.

Сонымен қатар басым санат­тар­ға жетім балалар, бірінші және екінші топтағы мүгедек адамдар, сондай-ақ мүгедек бала­ларды тәрбиелеп отырған отба­сылар кіреді. Енді олар, сондай-ақ көпбалалы отбасылар 10 пайыздық бастапқы жарнамен 20 жылға дейінгі мерзімге («2-10-20» бағдарламасы) жыл­дық 2 пайыздық несиелеудің же­ңіл­­де­тілген мөлшерлемесі бо­­йынша жергілікті атқарушы ор­ганнан несиелік баспана ала алады.

Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырым­да­масын таныстырған Бауыржан Қабдолдың айтуынша, жаңа құжатта тұрғын үй мәсе­ле­лерін шешуге аса мұқтаж азамат­тар­дың ең осал 4 санаты нақты ай­қын­­далғанын хабарлады. Олар – көп балалы отбасылар (91 мың азамат), бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар (51 мың азамат), мүгедек балалары бар отбасылар (24 мың азамат), жетім балалар (61 мың азамат).

– Азаматтардың тұрғын үй мәселелері «Отбасы банкі» ар­қы­лы жеңілдетілген несие бе­ру арқылы шешілетін болады. Азаматтардың кірісі мен есепке қою күніне байланысты Үкімет жергілікті атқарушы орган салған несиелік баспана сатып алуға арналған 2 және 5 пайыздық жеңілдікті ипо­текалық қарыздар беруді көз­дей­ді: бастапқы жарнасы – 10 пайыз, кредиттеу мерзімі 20 жылға дейін. 2 пайыздық ипотека көпбалалы отбасыларға, сон­дай-ақ бірінші және екінші топтағы мүгедек адамдарға, мү­гедек балаларды тәрбиелеп отыр­ған отбасыларға, сондай-ақ жетім балаларға тиесілі. Әкім­­дік­те кезекте тұрған бас­қа да азаматтарға жылдық 5 па­йыздық мөлшерлемемен тұрғын үй қа­рызы қолжетімді, – деді Б.Қабдол.

Бұдан басқа, биыл ел Прези­ден­ті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тапсырмасы бойынша халықтың неғұрлым осал топ­та­рының мәселелерін жедел шешу мақсатында жеке тұрғын үй қорынан баспананы жалға алу үшін тұрғын үй төлемдері енгі­зілді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жеңіл­детілген несиелеу бағдар­ла­маларының шарттары тұжы­рым­дамалық түрде өзгертілді. Біріншіден, мұндай бағдарлама шеңберінде әкімдіктер салған әлеуметтік кре­диттік баспана ғана сатып алуға болады. Екіншіден, қарыз­дың ең жо­ғары сомасы бойынша шектеулер алынып тасталды. Ол тұрғын үйдің нақты ауданы бо­йынша анықталады. Бұл ретте, әлеуметтік тұрғын үй сапасын арттыру үшін бір шаршы метрді 160-240 мың теңге диапазонынан 170-290 мың теңгеге дейін құрылысты қаржыландыруды іске асырудың баға параметрлері қайта қаралды, – деді ол.

Комитет төрағасының орынбасары атап өткендей, кірісті растау бойынша шекті сома бойынша шектеулер алынып тасталды. Алайда жеңілдетілген қарыз алу үшін үміткер төлем қабілеттілігін растауға міндетті.

– Банктің тәжірибесі негізін­де әрі ортақ мүліктік жауап­кершілік мақсатында қарыз алу­шының бастапқы жарнаны енгізу үрдісі сақталып қалады. Бүгінгі таңда бұл шек барлық қатысушы үшін 10 пайыздық мөлшерде қарастырылған, – деді Б.Қабдол.

«Қуатты өңірлер – ел дамуы­ның драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылдың соңына дейін барлығы 46 мың же­ңілдетілген қарыз беру жос­парланып отыр. Оның ішінде 2 пайызбен – 28,1 мың қарыз, 5 пайызбен 18,2 мың қарыз беру көзделген.