Елімізде жыл басынан бері 909 автокөлік ұрланып, оның 775-і табылған. Көлік ұрлығына кәсібиленген қылмыскерлердің жалғыз жүрмейтіні анық. ІІМ-нің дерегіне қарағанда, жыл басынан бері 19 қылмыстық топ құрықталған. Көбіне Toyota және Lexus маркалы автокөліктер ұрланады екен.
Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаментінің аға жедел уәкілі Құдияр Нұрсейітовтің айтуынша, еліміздегі «қара нарыққа» автокөліктердің негізгі бөлігі таяу шетелдерден, көбіне Ресейден әкелінеді.
– Бұл мәселе бойынша Ішкі істер министрлігі ТМД елдерінің құқық қорғау органдарымен тығыз қарым-қатынас орнатты. Осы бағыттағы жұмыстар елімізде 2017 жылғы желтоқсанда ратификациялаған «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын ұрлауға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастық туралы келісім» негізінде жүргізіледі. Халықаралық шартта өзара қарым-қатынас нысандары, қажетті ақпараттық базаларды қалыптастыру және қолдау, ұрланған автокөлікті қайтару мерзімдері және оларды қайтарудан бас тарту негіздері нақты жазылған. Осындай бірлескен жұмыстардың нәтижесінде соңғы 5 жылда ТМД елдерінде Қазақстанда ұрланған 50-ден астам автокөлік табылды. Өз кезегінде, біздің елімізде достастық мемлекеттерінің аумағында ұрланған 200-ге жуық автокөлік іздестірілді, – дейді Қ.Нұрсейітов.
Көлігіңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ең қарапайым қауіпсіздік нормаларын сақтау қажет. Ешуақытта автокөлікті есігін ашық және кілтімен қалдырмаңыз; көлікті түнде тұраққа қойғанда гаражды немесе күзетілетін тұрақты пайдаланыңыз; қылмыскер сіздің көлігіңізді тез иемденбеуі үшін тиісті шаралар қабылдаңыз: оны электронды және механикалық ұрлыққа қарсы құрылғылармен және GPS маяктары бар ұрлыққа қарсы кешендермен жабдықтаңыз; автокөлік салонында құжаттар мен құнды заттарды қалдырмаңыз; басқа мемлекетте тіркелген автокөлікті сатып алғанда, әртүрлі интернет сайттар ұсынатын қызметтер арқылы қолда бар деректер бойынша автокөліктің «тазалығын», яғни бұрын ұрланған-ұрланбағанын тексеріңіз!