«Драматургия – қым-қиғаш интрига. Мұны У.Шекспир де мойындаған. Арбасқан көздер, мың құбылған қас-қабақ пен жан берісіп, жан алысқан әрекетті сөз, қара тасты қақ айырар отты да өткір тіл. Қоғамдық-әлеуметтік көтерер жүк автор қиялының көркемдік мүмкіндігіне қарай жіті сұрыпталып, адамзат жүрегіне жол тартары тағы бар. Осынау ауыр мехнатқа саналы түрде бас қойған кісіні ықылым заманнан драматург деп атап келеміз». Театр сыншысы Әшірбек Сығайдың драматургия турасындағы бұл толғамы драма өнеріне жүктелер міндет пен жауапкершіліктің салмағына әділ таразы.
Сондықтан болса керек, әдебиетке атойлап келген көп қаламгердің бәрінің бірдей осынау ауыр да мехнатқа толы жолды таңдап, қос саланы қыздың қос бұрымындай егіз өріп, еркін игеріп кететіні сирек. Ал сол өткел бермес асуды бағындыра алғандары – шын талант!
Өткен ғасырдың 70 жылдарында драматургияға дендеп еніп, театр әлемін дүр сілкінткен дүлдүлдүлдер көшін қарымды қаламгер Дулат Исабеков бастайды десек, қателеспейміз. Ширыққан сюжет сонылығы мен кейіпкерлерінің қарапайым да күрделі характері, ә дегеннен-ақ жазушы Дулатты драматургия даңғылына бір-ақ көтерді. «Ректордың қабылдау күндері», «Әпке», «Ертеңгі күту», «Өкпек жолаушы», «Мұрагерлер», «Алыстан келген ананас», «Кішкентай ауыл», тәуелсіздік жылдары театрды түрленткен «Жаужүрек», «Жүз жылдық махаббат», «Бөрте» сынды пьесалары өнер әлеміне өзгеше өрнек салғаны анық. Әсіресе «Әпкесімен» өткен ғасырда-ақ атағы кеңге жайылған драматургтің бүгінде «Бөрте» арқылы бағы тағы еселенді.
«Дулат Исабеков тақырып таңдауда алдына жан салмайтын драматургтердің бірі. Ол әртүрлі тақырыптарға батыл бара алады. Ең бірінші, адам проблемасын қозғайтын шығармаларды алып келеді. Дулат шын мәнінде ауқымы кең драматург. Бүгінде «драматургия жоқ, театрда пьеса жоқ» дейтіннің бәрі бос сөз. Республикадағы қазақтың жиырма шақты театрында Дулаттың пьесаларын қойып шықса, соның бәріне ұзақ жыл азық болар еді деп ойлаймын. Дулаттың драматургияға келгендегі алғашқы туындыларының бірі – «Әпкенің» тақырыбы – өлмейтін тақырып. Күні бүгінге дейін қырық-елу жылға таяу қазақ театрларының сахнасында алма-кезек қойылып келеді және осы пьесаға көрермен көп жиналып, қатты толқып тебіренеді. Өйткені бұл – жетімдер проблемасы. Бауырмалдық, отансүйгіштік проблемасы. Бүгінде Қамажай сияқты адамдар сирек. Бір үйде тұрып ағайынды екеу сыйыспайды. Ал үлкенді-кішілі бір топ бауырдың басынан өткен оқиғалары адамның жанын тебірентеді. Бұл – драматургтің күші» дейді қаламгер шеберлігі жөнінде режиссер, Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев.
Иә, адам жанын тереңнен қозғау, көпшілік байқай бермейтін терең қалтарыстарына үңілу – драматург Дулат шығармашылығының басты ұстанымы. Қаламгердің қай туындысын тамашаласаң да жаныңа жақын жылылық лебі есіп тұрады. Сондықтан болса керек, драматургия саласын түрлі тақырыптағы тағылымды туындыларымен байытып келе жатқан Дулат Исабеков пьесаларына әлем театрларының да назары ауып, алыс-жақын шетелдік өнер ұжымдарының барлығы өз сахнасында қоюға асық һәм суреткердің жаһан назарын жаулауға, әлем елдерінің рухани әлеміне бойлауға бағытталған қадамы сәтті жалғасын тауып келеді. Дәл Дулат Исабековтей шетел театрларында көп сахналанып, халықаралық деңгейді бағындырған қазақ қаламгері кемде-кем. Республика театрлары репертуарынан түспейтін қойылымдарды айтпағанда, Санкт-Петербург, Омбы, Душанбе, Башқұртстан, Лондон, Болгария, Түркия, Аустралия театрлары сахналаған шығармалар шеруі – ұлттық драматургиямыздың олжасы һәм қазынасы.
Әсіресе әлем назарын өзіне бұрғызған «Бөрте» туындысы – Исабеков шығармашылығының жаңа белесі деуге лайық. Олай дейтініміз Түркістандағы музыкалық драма театрының шымылдығын түріп, тұсауын кесіп берген тарихи драма бүгінде дүние жүзі театрларының да қызығушылығын оятып отыр. Бас кейіпкер Бөртенің бойындағы қайсарлық пен даналық, кемеңгерлік пен көрегендік, іскерлік пен ірілік – мұның барлығы сонау Шыңғысхан заманындағы аруларға тән қасиет пен болмыс емес, автор Бөрте бейнесі арқылы бүгінгі заманауи әйелдер мінезінің де мінсіз мүсінін жасап шығарған. Драманың мазмұн ауқымдылығы сол, қай қырынан келсең де, қай ұлттың менталитетіне салсаң да бояуын бұзбай, драмалық екпінін бәсеңсітпей, керісінше жарқырап шыға келеді.
Ал ұлттық мәселелер мен ел тарихының айтылмай, қалтарыста қалып келе жатқан, тұлғалар өмірінің көпшілікке беймәлім қырларын жан-жақты қаузайтын Алаш арысы Мағжан Жұмабаев тағдыры арқау болған «Жүз жылдық махаббат» пен атақты балуан, әнші, композитор Балуан Шолақтың өмірінен сыр қозғайтын «Жаужүрек» драмаларының орны өз алдына бір төбе. Мұнда автор хронологияға құрылған даталарды тізбектеп шығудан бойын барынша алшақ ұстап, керісінше тұлға және маңайындағы адамдардың қарым-қатынасы арқылы замана шындығын боямасыз беруді, сол негізде ұлттық мәселелерді да батыл қозғап, көрерменініне ой салуды азаматтық мұраты етеді. Шым-шытырық сюжеттің соңын қуып, айтарынан айырылып қалатын көп драматургтен Дулат Исабеков бәсінің биік болуының сыры да осында, біздіңше.