ІІМ-нің мәліметіне қарағанда, жыл сайын алаяқтар азаматтарға 10 млрд теңге көлемінде залал келтіреді екен. Өкініштісі мұндай қылмыстардың саны күн өткен сайын өсіп келеді. Мысалы, 2018 жылы интернет алаяқтыққа қатысты 4 мың заңсыздық әшкереленсе, жыл басынан бері 15 мың қылмыс тіркелген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Интернет жəне телефон арқылы жасалатын алаяқтық əрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ азаматтардың құқықтық жəне қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн», деді. Президенттің өзі бұл мәселеге назар аударса, жағдайдың ушығып тұрғанын пайымдай беріңіз.
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында ІІМ басшысы Марат Ахметжанов бүгінде интернет алаяқтықпен байланысты қылмыстық схемаларды анықтау мен жолын кесуге ерекше назар аударылып отырғанын айтқан еді. Министрліктің бастамасы бойынша байланыс операторлары бағдарламалық қамтамасыз етуді орнатуды қолға алған. Бұл жүйе алаяқтар белсенді қолданатын ауыстыру нөмірлерін бұғаттауға көмектеседі.
Интернеттегі алаяқтықтың схемалары іс жүзінде ұқсас. Алаяқтарды өздерін банктердің не құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырады. Абоненттік нөмірлерді ауыстыру бойынша сервистерді пайдаланады. Азаматтарды несиені ресімдеуге немесе ақшаны «қауіпсіз» шотқа аударуға көндіреді. Содан кейін ұрланған ақша халықаралық аударым қызметтері арқылы алынады, криптовалютаға аударылады немесе шекараның ар жағында қолма-қол ақшаға айналады.
Осыған орай Алматы облысы прокуратурасы ең көп тіркелген интернет алаяқтық пен қаржы пирамидалары бойынша жадынамаларды әзірлеп, тұрғындарға ұсынуды мықтап қолға алды. Нәтижесі жаман емес. Белгілі болғандай, өңірде бүгінде алаяқтықтың «фишинг» сияқты түрі белең алған. Атап айтқанда, қылмыскерлер телефон арқылы сөйлесіп, банк қызметкерінің рөлін ойнайды. Түрлі сылтаулармен құпия ақпаратты алғаннан кейін әккілер «клиенттерін» банк шоты арқылы іс-әрекеттер жасауға ынталандырады. Сондай-ақ «ОЛХ», «Крыша», «Колеса» секілді электронды сауда алаңдарындағы жалған хабарландырулар алаяқтықтың кең таралған түрі болып қалып отыр.
Мысалы, Алматы облысының бір тұрғыны теледидар сатылатыны туралы хабарландыру жариялап, «ойдан шығарылған сатып алушыға» тап болады. Әңгімелесу барысында сатып алушы тауарды пошта арқылы жеткізу туралы жолдаған сілтеме бойынша өтіп, өзінің банктік картасының деректемелерін толтырады. Әңгімеден кейін тұрғын банк картасынан барлық ақша қаражаты алынғанын, сондай-ақ ақшалай несие рәсімделгенін біліп, құқық қорғау органдарына хабарласқан. Тәртіп сақшыларының айтуынша, көбіне азаматтардың өздері түсінбей, қолда бар қаражатты сақтауға немесе көбейтуге уәде берген, сенімге кіретін алаяқтардың құрбаны болады. Осындай фактілердің жолын кесу мақсатында облыс прокуратурасы қырағылық танытуды және өзінің жеке және банктік мәліметтерін үшінші тұлғаларға бермеуді сұрайды. Егер сізге банк қызметкерлері қоңырау шалып, өздерін таныстырса, әңгімені үзіп, байланыс орталығының нөміріне қайта қоңырау шалыңыз.