2022 жылдың қыркүйек айының қорытындысы бойынша елдегі жылдық инфляция деңгейі 17,7 пайыз болды. Тамызда 16,1 пайыз болған еді. Өкінішке қарай, қымбатшылық күн санап ілгерілеп бара жатыр. Жылдық инфляция 20 өңірде қарқын алған.
Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты департаменті нақты сектор мониторингі басқармасының бастығы Игорь Осиповтің айтуынша, ең жоғары көрсеткіш Астана қаласында тіркелген – инфляция тамыздағы 17,3 пайыздан қыркүйекте 20,0 пайызға дейін жеделдеген.
«Азық-түлік бағасының өсу қарқыны қыркүйекте 22,2 пайызға дейін ұлғайды (тамызда – 20,8 пайыз). Осы топқа жататын тауарлардың бағасы Маңғыстау облысында барынша өсті (29,7 пайыз). Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны 17,0 пайызға дейін жеделдеді (тамызда – 15,5 пайыз). Ең жоғары мән Астана қаласында (26,3 пайыз), ең төменгі мән Алматы қаласында (13,8 пайыз) тіркелді», деп түсіндірді Ұлттық банк өкілі.
Ақылы қызмет көрсету бағасы қыркүйекте 12,3 пайызға өскен, бұл ретте жалпы республикалық деңгейден едәуір жоғары баға Ұлытау облысында (16,5 пайыз) тіркеліпті. Ақтөбе облысында (8,2 пайыз), керісінше, едәуір төмен түскен.
Қыркүйектегі айлық инфляция деңгейі – 1,8 пайыз (тамызбен салыстырғанда). И.Осиповтің айтуынша, бұл соңғы 5 жылдың (2017-2021 жылдары: 0,3 пайыз) қыркүйек айындағы инфляцияның орташа мәнінен біршама жоғары көрсеткіш. 2022 жылдың қыркүйек айында баға барлық өңірде орташа тарихи нормасынан жоғары болған. Айлық инфляцияның ең жоғары мәні Астана қаласында (2,8 пайыз) байқалды.
Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов инфляция жыл соңына дейін 20 пайыздық межені бағындыруы мүмкін деген пікір айтады.
«Қазір Ұлттық банк қазақстандықтардың жинағын сақтауға көмектесетін шараларды әзірлеп жатыр. Ол үшін макроэкономикалық тұрақтылық керек. Ауыр әлеуметтік жағдайда жүрген азаматтарымызға бағаның тым қатты өсуі соққы болып тиіп жатыр. Сондықтан Қазақстанда ғана емес, әлемде экономикалық өсімнің баяулауына қарамастан инфляцияны төмендету және баға өсімімен күресу бірінші орынға шығады. Қазір әлдеқайда күрделі шешім қабылдауға тура келіп тұр. Егер оны қазір істемесек, онда ертең азаматтардың жинағы құнсызданып кетеді. Ол үшін Үкімет пен Ұлттық банк бірігіп жұмыс істеуі керек. Яғни фискалды және монетарлық саясат бірге жүргізілуге тиіс», деді Ғ.Пірматов.
Қазір елімізде базалық пайыздық мөлшерлеме – 14,5 пайыз. Ұлттық банк басшысының пікіріне қарағанда, қазіргідей баға қатты өсіп жатқан кезде ақша-несие саясатын жеңілдетуге болмайды.
«Егер қазір базалық ставканы төмендетер болсақ, онда оны асау атқа жүгенсіз мінумен салыстыруға болады. Базалық мөлшерлемені төмендетіп тастасақ, онда теңгенің депозиттегі тиімділігі төмендейді. Олай болса, артық ақшасы бар адамдар теңгелей депозитті ұстағысы келмей, оны жауып, не тауар, не доллар сатып алғысы келеді. Бұл – экономиканың заңы. Егер депозит тиімсіз болса, онда оны сақтап не істейсіз?! Демек ертең керек болады-ау деген тауарды бүгін сатып алып қоясыз, не болмаса долларға айырбастайсыз. Ондай кезде экономикада долларландыру қаупі жоғарылайды. Артық сұраныс болған соң тауардың бағасы одан бетер өседі. Тауар бағасы өссе, инфляция өсіп жатса теңгемен несие беру де тиімсіз болып қалады. Онда банктер экономикамызға несие беруді күрт азайтады. Қазір ұсыныстың шектелуі инфляцияны өсіріп жатыр. Мұндай жағдайда базалық мөлшерлеме инфляцияға толығымен әсер ете алмайды. Бірақ экономикадағы сұранысты реттей отыра инфляцияны төмендетуге өз септігін тигізеді», дейді Ғ.Пірматов.
Ұлттық банк тамыз айында жасаған болжамында инфляция жыл соңына дейін 18 пайызға жетеді деген еді. Алайда инфляция ол көрсеткішке қараша айында-ақ жетіп қоятын сияқты. Сондықтан Ғ.Пірматов жыл соңында инфляция деңгейі 20 пайызға жетіп қалады деген болжам айтады.