Алматыда жыл басынан бері 2 700-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жергілікті полиция қызметінің мәліметінше оқиғалар салдарынан 2 977 адам зардап шегіп, 73 адам қаза тапқан.
– Жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігінің себебі – жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзуы. Мәселен жағымсыз жағдайдың 99,9 пайызы немесе 2 614 жол-көлік оқиғасы жүргізушілердің кінәсінен орын алды. Әрбір бесінші жол-көлік оқиғасы маневр жасау ережелерін сақтамау салдарынан туындайды. Жыл басынан бері осындай себеппен 1 163 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Ал жылдамдықты арттыру салдарынан 395 жол-көлік оқиғасы болды. Тағы бір себеп – жол қиылысынан өту ережесінің сақталмауы, осындай 567 жазатайым оқиға тіркелді. Жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 952 622 жол қозғалысына қатысушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Ұзабаев.
Шымкентте жыл басынан бері жәбірленушілерге ауыр дене жарақатын салумен және адам өлімімен аяқталған 123 жайт тіркелген. Осы оқиғалар салдарынан 44 адам қаза тауып, 80 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Осы тұста Шымкент полицейлері адам өмірін ақшамен өлшеуге болмайтынын, десе де, жол апаты салдарынан асыраушысынан айырылған немесе ауыр дене жарақатын алған азаматтарға сақтандыру өтемақысы төленетінін еске салады. Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен, қаза тапқан, дене жарақатын алған және материалдық залал келтірілген тұлғаларға Қазақстан Республикасының №446 заңының 24-бабына сәйкес сақтандыру өтемақысы төленеді.
– Жәбірленуші қаза тапқан кезде, яғни асыраушысынан айырылып, кәмелет жасқа толмаған балалары қалған кезде 2000 АЕК, яғни 6 млн 360 мың теңге көлемінде қаржы төленеді;
– Жол апаты салдарынан 1-топтағы мүгедектікке шалдыққан жағдайда – 1600 АЕК;
– 2-топтағы мүгедектікке шалдықса – 1200 АЕК;
– 3-топтағы мүгедектікке шалдықса – 500 АЕК;
– Жәбірленушінің мүлкіне материалдық шығын келтірілсе 600 АЕК дейін өтемақы төленеді.
Айтылған көмекті жәбірленушінің өзі немесе оның өкілі тікелей сақтандыру компаниясына жазбаша арызбен жүгіну арқылы алады. Қажетті ақпараттарды толығырақ сақтандыру компанияларынан білуге болады.
Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиевтің мәліметінше, жыл сайын елімізде 13 мың жол-көлік оқиғасы тіркеледі.
– Жалпы, соңғы 5 жылда апаттылықтың төмендеу динамикасы байқалады. Биыл 10 мыңнан аса жол көлік оқиғасы болды. Осының салдарынан 1 716 адам қаза болып, 13 мыңнан аса адам әртүрлі дене жарақатын алды. Негізгі себеп – көлік жүргізу тәртібінің төмендігі. Қазіргі көлік түрлерінің үлкен жылдамдықпен жүруге техникалық мүмкіндігі жеткілікті. Әйтсе де, автокөлік бірден тоқтай алмайтынын ұмытпау керек. Жол-көлік оқиғаларында қаза тапқандар мен жараланғандардың төрттен бір бөлігін жаяу жүргіншілер құрайды. Жолдағы қауіпсіздік жаяу жүргіншілерге де, жүргізушілерге де байланысты. Жол-көлік оқиғасының туындауына көшені рұқсат етілмеген жерден кесіп өтетін немесе бағдаршамның қызыл жарығы жанып тұрғанда өтіп кететін жаяу жүргіншілер де кінәлі болып жатады. Атап айтсақ, биыл жаяу жүргіншілердің кінәсінен 357 жол-көлік оқиғасы болып, 77 адам қаза тапты, 293 адам жарақат алды, – дейді Ж.Мұратәлиев.
Тағы бір назар аудартатын мәселе – кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары. Балалар – жол жүрісіне қатысушылардың ең осал санаттарының бірі. Көбіне жол жүрісі қағидаларын білмеу немесе оларға немқұрайды қарау салдарынан жолдың бойында ойнап жүрген, белгіленбеген жерлерден көшені кесіп өткен балалар жол апатына себепші болып жатады. Биыл 9 айда кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының барлық көрсеткіштері бойынша өсімі байқалады. Бұл кезеңде балалардың қатысуымен 2 378 жағымсыз жағдай тіркеліп, 181 бала қаза тауып, 2 826 жасөспірім жарақат алды.
Елдегі жол-көлік оқиғалары мен жарақат алғандар бойынша статистиканың негізгі динамикасын көшелерді қажетті жол инфрақұрылыммен және жол жүрісін реттеудің техникалық құралдарымен жабдықталған, қауіпсіз елді мекендер айқындайды.
– Жолдарды және көше-жол желісін тексеру тұрақты түрде жүргізіледі. Олардың нәтижелері бойынша апатты учаскелерді жою, сондай-ақ жол жүрісін ұйымдастырудың қазіргі заманғы техникалық құралдарын қолданысқа енгізу бойынша олардың иелеріне қатысты ұсыныстар беріледі. Биыл 29 мыңға жуық тексеру жүргізілді, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде 29,6 мыңнан астам ұйғарым берілді.Ұйғарылған талаптарды орындамағаны үшін 3 мыңнан астам лауазымды және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жол жүрісін интеллектуалды бақылау жүйелері белсенді дамып жатқанын атап өткен жөн. Жолдарда жол ережелерін бұзуды тіркейтін 17 мыңнан аса автоматты камера орнатылды, олар жыл басынан бері 2,7 млн. заң бұзушылықты анықтады. Мұндай жүйелерді енгізу жол жүрісіне қатысушылардың тәртібін арттырып қана қоймайды, сонымен қатар апаттылық деңгейінің төмендеуіне айтарлықтай әсер етеді, дейді Ж.Мұратәлиев.
Осы жылдың 11 шілдесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы» заңға қол қойған болатын. Заң ағымдағы жылдың 9 қыркүйегінде күшіне енеді. Оған сәйкес түзетулермен көлік құралын мемлекеттік нөмірсіз қайта басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктің жаңа құрамы енгізілді (590-бап 2-1 Б.), онда 20 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде өндіріп алу немесе көлік құралдарын басқару құқығынан 1 жыл мерзімге айыру көзделген. Бұрын мұндай норма болмаған еді. Бұған қоса, көрінеу жалған немесе жалған мемлекеттік нөмірлері бар көлік құралын басқару үшін жауапкершілік күшейтілді. Айыппұл түріндегі жаза алынып тасталды, енді аталған құқық бұзушылық үшін тек 1 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру және 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қолданылмақ. Бұған дейін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 1 жыл мерзімге басқару құқығынан айыру қарастырылған болатын.
Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі қала сыртындағы трассаларда «орташа жылдамдықты» арттырғаны үшін көлік құралдарының жүргізушілерін жауапкершілікке тарту мүмкіндігін көздейтін түзетулерді пысықтап жатыр.