• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Әдебиет 06 Қараша, 2022

Ғабеңнің «Қызқарағайы»

376 рет
көрсетілді

Көзі тірісінде-ақ қазақ халқының мақтанышына айналған, көркем шығармаларының арқасында «сөз зергері» атанған, академик-жазушы, Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсіреповтің туғанына биыл 120 жыл толады. Оның өмір жолы, шығармашылығы туралы талай рет жазылды, жазыла да берер. Оларды қайталай берудің қажеті бола қоймас. Бүгін жазушының кіндік қаны тамған жерінің әсем табиғатының, сол жерлерде болған оқиғалардың оның кейбір көркем шығармаларына тигізген әсері туралы сөз қозғамақпыз.

Ақбалық жетіжылдық мектебінде оқыған жылдары бізге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Гүлсім Жанғожина деген мұғалім сабақ берді. Жас кезінде өнер қуса керек. Тіпті, Мәскеуде өнер училищесінде оқыған. Даңқты гене­рал Иван Панфиловтың әйелінен дәріс алғанын мақтанышпен айтатын. Бірақ училищені бітіре алмаған. Денсаулығы сыр беріп, туған жерге оралып, бұрынғы Көкшетау облысының Қызылту ауданында, Қызылжарда, одан кейін қазіргі Жамбыл ауданындағы Ақбалық жетіжылдық, Жаңажол орта мектептерінде мұғалім болған. Келбетті. Әдебиеттен білімі терең адам еді. Сабақ бергенде оқушыларды ұйытып әкететін. Әсіресе туған ағасы Ғабит Мүсіреповтің өмір жолы, шығармашылығы жөнінде айтқанда ерекше күй кешетін. Солардың ішінде Ғабеңнің жазушылық жолындағы алғашқы шығармаларының бірі – «Қос шалқар» туралы әңгіме қозғалғанда туған ауылым Қарақамыстан 20-25 шақырымдай ғана жердегі осы қос көлді көруге ынтығушы едім.

«...Қардың суымен тез өсіп кететін көңді жердің бидайығы бас жарып, үлпілдегі шашақтана бастапты. Одан әрі жарқырап жатқан көлге дейін қара топырақты жерге шығатын мың түрлі асыл шөптер гүл атып, қызылды-жа­сыл­ды шұбартып жатыр. Қыр жоңыш­қаның сары, жасыл, көк гүлдері де қою көрінеді... Балғын көктем бар ажары мен мырзалығын төге салыпты...

Ұлпан пәуескеден түсе сала, көзін жұ­мып, мұрнын дала иісіне тосып, бір-екі рет кеудесін кере демін алды да:

– Жұмақ қой мына жер! – деді», – деп жазады Ғабең өзінің «Ұлпан» романында.

Бұлар Жаңажолдан Октябрьге (бұл ауыл қазір жоқ) барар жолдың екі қапта­лындағы қос шалқар – Құдайқұл мен Қар­ағайлы көлдері. Көлді жағалай өскен ақ қайың орманының ішінен қысы-жазы жап-жасыл болып тұратын бірнеше қарағай алыстан-ақ көрінеді. Көлдердің бірінің Қарағайлы аталуы да содан болар.

Ғабең кіндік қаны тамған жерге келген сайын осы Құдайқұл көліне шомылмай кетпейді. Өйткені жазушы ауылына әрдайым жазда, диқандар егіндерін сеуіп болған соң, әлі малға шөп дайындау басталмай тұрған аралықта, нағыз күн қызып, жұрт қыстың қыспағынан шығып, бой жазатын, суға шомылатын шақта ғана келетін. Онысы шаруалардың жұмысына кедергі жасамау ғой деп ойлаймын.

«Қос шалқар» әңгімесінде «...қос бо­сағаға орнатқан күміс бағана тәрізді екі көл. Кешкі тымыққа тынып, жадырап жатқан су ақырын ғана жағасына соғып дірілдейді. Ынқынбайды, тітір­кен­бейді...», – деп суреттейді қос көл­ді. Бұл көл айдынының кешкі келбеті. Күндіз де солай. Күн қанша ыстық болса да көлдің суы түске дейін онша жыли қоймайды. Бірақ кейде оны тосып отыратын уақыт болмай қалады. Ауылға жиі келе бермейтін әдебиет алыбын қонақ қылғысы келетін туыстары да, кездесуге шақыратын ұйымдар да аз болмайды. Сондықтан кейде су жылымаса да Ғабең көлге түскісі келіп тұрады. Барамыз. Көлді жағалай өскен белуардан келетін шөпке, судың суықтығына қарамастан Ғабең айдынға қойып кетеді, өзі айтқандай, еш тітіркенбейді. Біз де қалыспаймыз.

Преферанс, бильярд ойындарына құмар Ғабеңнің аңшылыққа әуестігін де жақсы білеміз. Ал аңшы, балықшының қоржынында тамақ, арақтың болатыны жасырын емес. Көлге шомылуға барғанда да тамақ алып шығамыз. Бірде ауылдағы жақын ағайыны Қабдолла Сұлтанғазин қойын сойып, қонаққа шақырды. Ылға шым үйде отырып, ас ішіп, терлеп-тепшіп ығыр болған Ғабең оған қонақасын Құдайқұл көлінің басында ұйымдастыруды ұсынады. Ғабеңнің айтқаны – заң. Солай істеледі. Қойдың еті піскенше қонақтар көлден шықпай­ды. Ыстық күнде жылы суға шомылған қандай рахат. Ғабең арасында жағаға шығып, күнге қыздырынады. Сондай сәттердің бірінде даяғышылардың бірі:

– Ғабе, су ішесіз бе? –  дейді.

– Судан шыққан адам су ішпес болар, құйсаң коньяк құй, –  депті.

Ғабең, негізінен коньяк ішетін. Сосын көл жағасына жайылған төсенішке біраз жатады да, әрірек барып көк шөптің үстіне малдас құрып, яғни аяқтарын айқастырып отыра қалады. Шаршаған адам осылай отырса әжептәуір дем алып қалады.

Жазуға келгенде тілдің майын ағыза­тын, қажет болғанда сөйлеп кетсе құлақтың құрышын қандыратын Ғабеңді жайшылықта әңгімеге тарту оңай емес. Қандай сұрақ қойсаң да, біраз ойланып барып тоқетерін ғана айтады. Кілте қайырады. Бір жерде үндемей сағат­тап отыруға бар. Көл жағасында көгорай үстінде де үнсіз ұзақ отырады. Сонда не ойлайды екен?! Бәлкім, бала кезіндегі байдың малына шөп шабатын жүздікшілердің өгіздерін алып қайтуға бара жатқан сәттері есіне түсе ме, бірде жидек тере осы маңға басқа балалармен еріп келгенде ат бауырына алып қуған Тәпел көз алдына елестей ме, кім білсін, әйтеуір ұзақ отырады. Тек мүштігіне кигізіп алған ұзын да жіңішке сигаретін байыппен тарта береді, тарта береді. Ғабеңді қара көзілдіріксіз, мүштіксіз ­елестету мүмкін емес. Осындай сәттер­дің бірінде өзімен еріп келген партизан- жазушы Қасым Қайсенов:

– Ғабе, сіз сигаретті өте көп тартасыз, ол зиянды ғой, – дейді. Сонда:

– Әй, Қасым-ай, сен де айта береді екенсің, жас ет тез бүліне ме, әлде ыстаған ет тез бүліне ме? – деп қарсы сұрақ қояды. Екеуі әзілдесе беруші еді.

1967 жылы С.М.Киров атындағы мемлекеттік университеттің журналистика факультетіне сырттай оқуға түскеннен кейін жерлес жазушылар – Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің мекенжайларын тауып, пәтерлеріне барып сәлем беріп, алғаш танысқанымда Ғабеңді сондай бір шабытты шағында кездестірген едім. Алматыда болған сайын қос алыпқа сәлем беруге барып тұрдым. Өйткені Сәбит Мұқанов әке-шешесінен айырылып, тірі жетім қалғаннан кейін ауыл-ауылды аралап бала оқытумен айналысқан ғой. Сол кезде менің әке-шешем Жантемірдің Мырзахметі мен Шәймерденнің Көке­шін арабша оқытқан. Ал Ғабит Мү­сірепов – құда. Менің үлкен ағам Сапи Мырзахметұлы Ғабеңнің немере ағасы Мақанның қызы – Әсимаға үйлен­ген. Ол Сәбит Мұқановтың «Өмір мекте­біндегі» жылқышы, қисса айтушы Мақан. Осы танысудан кейін Ғабең туған өңірге келген сайын мені атқосшы қылып алып кетіп жүрді.

Алматыға тағы бір барғанымда Ғабеңді тіпті бір қызу шаруаның үстінде кездестірдім. Оның жазу үстелі терезенің алдында тұрушы еді. Үстелдің үстіне картон қағаз төселген. Торкөз қағазға мәтінді қарындашпен араб ғаріптерімен жазып жатыр. Сөйлем ішіндегі бір сөз ұнамай қалса, өшіргішпен өшіреді де орнына басқа сөз жазады. Сонда бет тап-таза болып жазылады. Қарындаштың ұшы мұқала бастаса басқасын алып, жазуын жалғастыра береді.

Сөз арасында:

– Мына жазып жатқаным Ұлпан туралы шығарма. Бәлкім повесть болып қалар. Тездетіп жазып бітуім керек. Баспа тосып отыр. Ол тарихи тұлға ғой. Кейбір деректерін нақтылай түсу керек болар. Сол үшін жуырда ауыл жаққа баратын ойым бар, – деді.

Шынында да сол жылы, диқандар егіндерін сеуіп болғаннан кейін, жер көгеріп, табиғат әсем күйге енген шақ­та Ғабеңді Қызылжарда тағы қарсы алдық. Бұл жолы ол ақиық ақын Ғафу Қайырбеков пен аудармашы Алексей Белялиновті ерте келіпті. Оның мәнісі бұл ақын-жазушыларға Ұлпанның жүрген жерлерін, әсем табиғатты көрсету болса керек. Оның үстіне бірінен соң бірі бақилық болған туған ағасы, елімізде ұжымдық шаруашылықтар құрудың алғашқы жылдарында ұжымшар басқармасы, ал ғұмырының басым бөлігін бала тәрбиесіне арнаған, Ленин орденді ұстаз Хамит Махмұтұлы мен қарындасы «Еңбек Қызыл Ту» орде­німен марапатталған мұғалім Гүлсім Махмұтқызына арнап ас беріп, дұға оқыту еді. Сол кездегі Сәбит Мұқанов атындағы кеңшардан бір жылқы сатып алып, Жаңажолдың төңірегіндегі ауылдардың ақсақалдарын жинап ағасы мен қарындасының аруақтарына Құран бағыштатты.

Осы шаруаны өткізгеннен кейін Ғабең жазып жатқан шығармасына деректер жинауға кірісті. Ең алдымен, жандарына жолқосшы алып, үш жазушы Түмен облысына аттанды. Алайда жолдары бола қоймады. Ұлпан туралы деректер біледі деп барған қария дүние салыпты. Содан кейін ауылдағы көнекөз қарияларды әңгімеге тартып, біраз мағлұмат алды, соларды ертіп, шығармасындағы Есеней, Ұлпан, басқа да кейіпкерлердің жүрген жерлеріне саяхат басталды.

Ең алдымен, жазушының кіндік қаны тамған жер – түрікпеннің төрт үйінің қонысы болған Елтінжанға аттандық. Осы арада Ғабеңнің ата-тегін неге түрікмен тұқымы деп айтатынын түсіндіре кетейін. Ол туралы қазір әртүрлі деректер айтылып жүр. Солардың бірі – ерте заманда ел шетіне жау тисе, алыс-жақынына қарамай, қазақ даласынан қолына қару ұстай алатындарға, әсіресе жастарға хабар жіберіледі екен. Бірде еліміздің батысына басып кіргісі келген түрікмендерге қарсы күреске Сибанның тентектеу Шыныбай атты бір жігіті қатысып, сол соғыста көзге түседі. Қазақтар жеңіп, жауды еліне қуғанда түрікменнің Зұлфия деген жас қызы қолға түсіп қалады. Шыныбай еліне қайтқанда сол қызды ерте келіп, үйленеді. Осы екеуінен тараған ұрпақты Сибан жұрты Түрікмен тұқымы деп атап кетеді.

Ал олардың қыстауы Елтінжанға келсек, Есеней Естемісұлы – керей руының Сибанына жатады. Яғни Ғабит Мүсіреповтің ұлы аталарымен аталас. 1934 жылы Аман-Қарағай округінің екі төбе биінің бірі, ал 1842 жылы Керей-Сибан округінің болысы болып сайланады. Бұрын бұл жал болып өскен орманды қыпшақтың күрлеуіт руынан тараған Елтін деген адам паналап отырса керек. Ол Есенейге жезде екен. Есеней қолына билік тиген соң апа-жездесін қазіргі Қостанай облысындағы Сарыкөл ауданының шұрайлы жеріне көшіреді де Елтін орманын Түрікмендерге мекен етуге береді. Сөйтіп, бұл орман «Елтінжал» деп аталып кетеді.

Бұл жолы Ғабең жолсерік болуға ауылдың жас жағынан ең үлкені Тәпелдің Бейсегіне қолқа салды. Жасы тоқсаннан асып кетсе де қария тың, көргені көп, тоқығаны мол адам болып шықты. Бізді Елтінжал орманының ішіндегі бір алаңқай жерге алып келді. Бұрынғы шым үйлердің орындары төмпешік болып қалыпты. Шөп те қалың болып өсіп кеткен. Бұдан ертеректе болса қолшалғымен шабатын-ақ шөп. Әттең, қазір ауылдан орақ табу мүмкін емес-ау!

– Мынау сендердің жұрттарың. Ұмыт­­пасам, Махмұттың үйінің орны осы, – деп бір төмпешікті көрсетеді ақсақал.

– Ғабе, мына жерге сіздің бір аунап түсуіңіз керек-ау, осы! – деп қояды Ғафу Қайырбеков.

«Әзілің жарасса, атаңмен ойна», дегендей Ғафу өзінен 26 жас үлкен болса да Ғабеңе еркелей беретін.

– Жасың кіші болса да аға баласысың ғой, айтқаның болсын! – деп Ғабең жерге отыра кетті де, жатып бірнеше аунап түсті.

Осы жерден Есеней бүркеуі де алыс емес. Ауыл ақсақалдарының айтуы бойынша, бұл бүркеудің жері әу баста қазақтың белгілі ақыны, сазгері Біржан салдың атасы Бертісұлы Қожағұлдың қыстауы болады. Бұл қазіргі Жамбыл ауданындағы Жаңажол ауылынан шамасы үш шақырым жер. Ал қыстауда қарағай, қайың, терек өседі. Осы маңда Қарамен, Аққусақ, Елтінжал ормандары, Бекбай томары, Тәсібек көлі бар. Кезінде бұл ормандарда елік, дала сиыры, түлкі, қарсақ, қоян және басқа да аңдар, көлде аққу, қаз, үйрек, тағы басқа су құстары, балық көп болған. Әсіресе аспанға таласа өскен түп-түзу қарағайлар, табиғи гүлдер, түрлі шөптер, шие, жидек көздің жауын алады.

Мен Ақбалық жетіжылдық мекте­бінде оқып жүрген жылдары осы бүркеуде алғаш рет болдым. Мектеп директоры Мырзағали Төлешов кеңшардан жүк автокөлігін алып, жоғары сынып оқушыларын мінгізіп бүркеуге бардық. Сол жерден теректер, әртүрлі сәнді талдарды қазып әкеліп, мектеп ауласына отырғыздық. Бірнеше жылда сол ағаштар шағын орманға айналды. Әттеген-ай, қазір ол мектеп те, тұтастай ауыл да жоқ. Енді мал баспайтын, адам бармайтын болған соң орманның көлемі де ұлғаятын шығар.

Сол бүркеу ішіндегі қалың қарағай­дың арасында ерекшелене дара өскен шырша бар еді. Көркіне көз тоймайтын. Ғабит Махмұтұлы ауылға келген сайын осы шыршаға барып, қызықтап қайтатын. Ауылдастары зәулім шырша­ның жанындағы ағаштың біріне саты, кісі жайғасып отыратын аспалы орындық та орнатып қойған.

Жерлестеріміз Жоламан Тұрсын­баев пен Мақсұт Әубәкіровтің шығар­машылықтарынан туындаған:

Ауылында бар ағаның Қызқарағай,

Тал бойында бір мін жоқ

қыз баладай.

Ақ балтырлы ақ қайың арасында,

Жалғыз өсіп асқақтап тұр қарағай, – деп басталатын «Қызқарағай» әні осы шыршаны көруге ынтық болғандар санын тіпті арттыра түскенге ұқсайды. Әсіресе Ғабеңе еріп келген немесе ол о дүниелік болғаннан кейін осы өңірге ат басын тіреген ақын-жазушылар «Есеней» бүркеуіне баруға асығатын.

Енді Ғабит Махмұтұлының өзінің кіндік қаны тамған Елтінжал, дәулетті, қатал би-болыс болған Есеней, көзі тірісінде «ел анасы» атанған Ұлпан өмір сүрген «Есеней бүркеуі» маңындағы кеңес өкіметі құрылғаннан кейінгі тұр­мыс-тіршілікке тоқталайын. Ал­ға­шында осы арада бірнеше артель құрылып, 1929 жылы солардың негізінде Аққусақ және Қарамен ормандары маңында екі артель құрылады. Оларды Батқұл Табанақов және Рамазан Ержепов сияқты пысық азаматтар басқарады. Содан кейін, яғни 1931 жылы екеуі бірік­тіріліп, Ақбасты мен Үлкен көлдің арасына ауыл салынып, бір ұжымшар ұйымдастырылыпты.

– Осы кезде жаңа салынып жатқан ауылға, жаңа құрылып жатқан ұжымшарға ат қою қажет болды. Әркім әртүрлі ат ұсынады. Сосын Қазақстан мемлекеттік баспасының бас редакторы Ғабитқа хат жазып, оның пікірін сұрадық, – деп еске алатын марқұм Бейсек Тәпелов, – Кейін «Біз жаңа жолға түсіп жатырмыз ғой, ауылдың атын Жаңажол қойғандарың жөн болар» деген жауап алдық. Сөйтіп, ауылымыз да, ұжымшар да осылай аталып кетті.

Жылдар жылжып өтіп жатыр. Жаңа­жол да, сол төңіректегі бес-алты ауыл да бірде Қостанай, бірде Солтүстік Қа­зақ­стан облысына қарайды, бірде бөлек-бөлек, бірде іріленіп бір-ақ ұжымшар болады. Ондай жағдайда ауылдарда береке бола ма? Ғабең тағы бірде ауылға келгенде ақсақалдар ортаға алып, мұңдарын шақты, көмек сұрады. Бұл 1974 жыл болатын. Жаңажол тыңда шаңырақ көтерген «Озерный» кеңшарынан орталығы Святодуховка селосында орналасқан Сәбит Мұқанов кеңшарына қараған кезі еді. Мәселені оң шешу үшін Ғабең өзінің атына хат жазып жіберулерін сұрады. Солай істелді.

Ақыры, 1975 жылдың ақпан айында Ғабеңнен Жаңажолда тұратын інісі Әшім Махмұтұлына араб ғаріптерімен жазылған хат келді. Әшім оны оқи алады екен. Мен мәтінді кириллицаға түсіріп, ауыл ақсақалдарына оқып бердім. Өйткені Әшім Қызылордада баспада корректор болып істеп жүріп, бірде моншаға түсіп шыққанда суық тиіп, құлағы естімей қалған. Сосын ауылға қайтып келген. Темірден түйін түйетін шебер еді. Ұста болды. Хатта: «...Қо­наев­тың атына хат жазып едім, кеше қабылдап, қолма-қол шешіп берді... Енді Жаңажол – кеңшар орталығы болар... Құрылыс жалпы күшейер... Тек егін салатын, мал өсіретін сияқты шаруаларыңа Құдай береке берсін...», – деп жазылған.

Осындай хат келгенімен, жергілікті жердегілер қар еріп, жердің қараюын тосты. Мені сол жылы облыстық партия комитеті Алматыға жоғары партия мектебіне бір айлық білім жетілдіру кур­сына жіберді. Қалыптасқан дәстүр бо­йын­ша тағы Ғабеңе сәлем беруге бардым. Ауыл-аймақты сұрап білгеннен кейін:

– Кеңшардың не жайы болып жатыр? – деп сұрады.

– Сіздің хатыңызды алдық, ауыл адамдарының қуанышында шек жоқ. Қазір ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр ғой, көп кешікпей кеңшар ашылып қалар, – дедім.

– Директорлыққа лайық кім бар? Ауыл азаматтарының ішінде алып кете алатындар бар ма? – деді Ғабең.

– Жоқ, – деп өзіне бас салдым, – Ғабе, кезінде ауыл жастарын оқытуға қолұшын берсеңіз, мүмкін Жаңажол мұндай халге ұшырамас еді ғой. Анау Кенжеболат Шалабаев өзінің туып-өскен Өрнектің бүкіл жастарын оқытыпты. Бір ауылдан он шақты журналист, басқа да мамандықтардың иелері шықты.

– Анау, Қапар қалай болады?

– Мен білетін Қапар болса, ол кел­мейді. Басын қатырып қайтеді, – дедім.

Шынында да солай. Қапар Тоқпаев – осы Жаңажол ауылының тумасы. Бірнеше шаруашылықта директор болып істеген. Ол кезде Қостанай облысындағы Ленин (қазір Ұзынкөл) аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметінде еді. Ауданда беделді, тұрмысы жақсы. Әңгі­ме осымен аяқталған. Артынан Ғабең маған Қызылжарда редакцияда жұмыс істеп отырғанымда телефон шалды.

– Амандық, амансың ба, – деді жайлап.

– Ассалаумағалайкүм!

– Ауыл жаққа бардың ба?

– Жоқ, едәуір болды барған жоқпын.

– Сен облыс басшыларына кеңшардың атын «Ұлпан» қою жөнінде айтсаң қайтеді.

– Ғабе-ау, біріншіден – облыс басшылары менің айтқанымды тыңдамайды ғой, екіншіден – Ұлпанның атын беруге келісе қояр ма екен...

Бұл арада менің ойымда, ғұмырлық адам жоқ қой, ертең Ғабең олай-былай болып кетсе, кеңшарға атын беру тұрды. Бірақ оны қалай айтамын. Айта алмадым. Өзі де әңгімені одан әрі жалғастырмады. Хош айтыстық. Кеңшар ашылды. Аты «Жаңажол» кеңшары болды. Жазушы көз жұмғаннан кейін ол Ғабит Мүсірепов атындағы кеңшар деп аталды. Бірақ ұзаққа созылмады. Шаруашылық жабылды, туған жерде екі қолға бір күрек табылмайтын болған соң жастар жан-жаққа тарыша бытырады. Қазір баяғыда ақсақалдар Ғабеңе айтқандай ауыл қай­тадан азып-тозып барады. Өкінішті-ақ!

Ғабең той-думанды аса жақсы көрмей­тін еді. Содан да болар, ол көзі тірісінде бірде-бір мерейтой өткізген жоқ, өткіздірген де жоқ. Өзі өмірден өткен соң ғана жерлестері сүйікті ұлының туғанына тоқсан жыл толғанда алғаш рет дүрілдете той жасады. Осы мерекеге орайластырып, туған ауылында мұражай, Мәдениет үйі, орта мектеп, дәрігерлік қосын салынып, салтанатты түрде ашылды. Ал негізгі той «Есеней бүркеуінің» кең алқабында өтті. Оған келген қонақтар Ғабеңнің «Қызқарағайына» таңдана да, қызыға қараған еді. Қазір сол жасыл шырша болмаса да, оның жанындағы балғындары аспанға таласа өсіп келеді. Бұл – болашақтың шыршалары. Бәлкім, кейін осы ауылдан жас Ғабиттер шығатын шығар.

 

Амандық ЖАНТЕМІРОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі