• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Руханият 06 Қараша, 2022

Өнер, нарық және біз

670 рет
көрсетілді

Тарихи, саяси жағдайға байланысты кеңес өкіметі қалыптастырған жүйе әлі күнге дейін жалғасып келеді. Оны алып тастауға ең әуелі қоғамның өзі дайын емес екені анық. Себебі бізде қалай болғанда да «әлеуметтік мәселенің бәрін өкімет шешіп беруі тиіс» деген ұғым әлі де басым. Сондай өткеннен қалған көзқарастың бірі – идеологияға қатысты саясат.

Иә, идеология, оның ішінде ұлттық идео­логия – біздің мемлекет үшін аса ма­ңыз­ды әрі өзекті мәселе. Өкіметтің басты функциясының бірі сыртқы қауіпсіздік болса, оның бір бөлігі – осы ұлттық идеологияны сақтау. Алайда нарықтық экономикаға бейімделген демократиялық қоғам құру барысында идеологияны бұрынғыдай тікелей цензуралық, ұйымдастырушылық, ұран­дық бағытта қорғау қиын екенін ескеру қажет. Кеңес өкіметі кезіндегідей қоғам қазір тікелей үгіт-насихатқа, құрғақ ұран­ға бойұсынбақ емес. Әсіресе жастар бұған мүлде көнбейді.

Жалпы, идеологияның басты құралы – әдебиет, мәдениет және өнер екені белгілі. Қазақы тілде айтар болсақ – сөз бен саздың айналасы. «Сөз» деген ұғым атам заманнан бері маңызын еш жоғалтқан емес. Уақыт өте келе тек сыртқы қалыбын, формасын ауыстырып отырғанымен, оның функциясы еш әлсіреген жоқ. Бір кездері ертегілер, дас­тандар, жырлар түрінде болса, кейін проза, драматургия, поэзияға ауысты. Бертін келе кино мен сериалдарға, анимациялық фильмдерге көшті. Бірақ бәрінің артында – сөз және сөз ұстаған таланттар тұр. Сөз сазбен көмкеріле ұсынылғанда адамның тұла бойына да, түпсанасына да әсер етеді. Демек қоғамды өсіретін де, өшіретін де – сөз.

Қазақ ежелден сөз ұстаған, сөзге тоқтаған, оған құрмет көрсеткен, қалам ұстаған, сөз қуған өнер иесін төрге оздырған, мәдениеті биік, өркениеті озық ұлт. Қазір заман өзгерсе де, жалпы, сөзге құрмет жоғалып кетті деп қарау жаңсақ. Біздің кемшілігіміз – әдебиет пен мәдениет саласын заманауи қаржылық, бизнестік механизмдермен байланыстыра, үйлестіре кешенді түрде қарай алмауымызда. Әсіресе, қазақша ойлайтын, қазақы аудиториямен жұмыс істейтін құрылымдар әдебиет пен мәдениетті, оның маңызын жақсы түсінгенмен, әлемдік қаржы нарығы, бизнес пен маркетинг механизмдерінен алшақ жүреді. Ал мұндай тенденцияны меңгерген, қаржы мекемелері мен ұғымдарын жақсы ұғынатын құрылымдар, өкінішке қарай, қазақы мәдениет пен әдебиетті түсіне бермейді. Негізінде, кешенді түрде ойлап, осы екі бағытты үйлестірер болсақ – идеологиялық мәселелерді де оңтайлы жоспарлай отырып, экономикалық бағыттағы бірқатар міндетті де шешуге әбден болады. Оның ішінде – шетелдік және ішкі инвестиция тарту, туризмді дамыту, шағын кәсіпкерлікті қолдау, жұмыспен қамту сияқты бірқатар саланы жүйелі түрде өрге сүйреуге болады. Ол үшін мысал ретінде, мәдениеттің ішіндегі қазіргі кезде қарқынды даму потенциалы көп саланың бірі – кино индустрияны қарастырып көрелік.

Кино – өте қуатты құрал. Ұлтты, қо­ғам­ды өзгертіп жіберетіндей қауқары бар. Адамдардың тамақ жеу мәдениетін, сөйлесу мәдениетін, киім кию мен жар сүю, үйдің ішін безендіру мен қонақ күту, туған күн мен той өткізу мәдениетін қазір сол кино мен сериалдар сіңіріп жатыр. Әлем жаһандануының басты себебі – әлем көретін кино бірдей, тыңдайтын музыкасы ұқсас. Кино мен сериалдар – жарнаманың түрі. Ең қызығы – адамдар сол жарнамаға ақша төлеп барып көреді. Қазіргі кино тікелей уағыз насихат жасамайтын болған. Себебі адамдар ондай киноға бармайды. Кинотеатрға эмоция мен сезім үшін барады. Махаббат, қорқыныш, аяушылық, таңқалу... Сондықтан кинодағы жарнама артқы план арқылы беріліп, диалогтердің ішінде, локацияның безендірілуінде, кейіп­керлердің сыртқы келбеті мен жүріс-тұрысында жасырылады.

Ал осы кино саласы қалай қаржы­лан­ды­рылуы тиіс? Түсінікті болу үшін айта кетейік. Нарық ретінде қарар болсақ, Қазақстанның кино нарығы салыстырмалы түрде шағын. Бізде сексенге тарта кинотеатр болса, үш жүзге тарта кинозал бар. Бұл кинозалдарда бір фильм үш апта тұрған жағдайда, ең рейтингі жоғары шетелдік фильмнің жинайтын кассасы – бір миллиард теңгенің төңірегінде. Ондай үздік фильмдер сирек. Шетелдік және отандық киноларды қоса қарастырғанда, жақсы түсірілген бір фильмнің жинайтын орташа кассасы – 300 000 000 теңге. Бұл ақшаның жартысын кинотеатрлар алады. Демек фильмді түсірген продюсердің қолына тиетіні жүз елу млн теңге (жақсы жинады дегенде). Яғни продюсер осындай табысты көздер болса, өзіне қалар пайдасы көбірек болуы үшін ол киноны жүз млн теңгеден аспайтындай бюджетке түсіруге тырысады. Ал қарапайым есеп бойынша, мұндай бюджетке түсіруге болатын фильмнің сипаттамасы шамамен мынадай: оқиға қазіргі заманда болуы тиіс (тарихи реквизиттер мен костюмдер болмайтындай), арнайы эффектілерсіз (компьютерлік графикаға шығынданбау үшін), мүмкіндігінше бала да, ересек те көре алатындай (киноға барынша көп көрермен тарту үшін). Бұл сипаттамаға сәйкес келетін жанр – отбасылық комедиялар мен мелодрамалар ғана. Кейінгі жылдардағы отандық кино саласында коммерциялық кинолардың бәрінің осы жанрда болуының қарапайым себебі осы. Кассадан түсетін түсімнен бөлек, продюсерлер барынша қосымша табыс табуға тырысады. Ол продукт плейсмент пен (кино түсірілімінде қолданылатын түрлі тауарлардың жасырын жарнамасы) демеушілік (фильмнің жарнамалық баннерлері мен афишаларында демеушінің логотипі қойылады) арқылы жасалады.

Ал мемлекеттің бюджетіне түсірілетін фильмдердің жөні мүлде бөлек. Ең әуелі, «Қазақфильм» киностудиясы мен Ұлттық киноны қолдау қорының қаражатына түсірілетін фильмдер ақшаның кассадан табыс ретінде қайтуын көздемейді. Не­гізгі ұстаным – идеологиялық тұрғы­дан миссия жүктеген тарихи, ірі масш­таб­тағы фильмдер түсіруге жол ашу және шығармашылық ортаға қолдау көрсету. Иә, түпкі мақсат дұрыс болғанымен, жүзеге асыру механизмдері, өкінішке қарай, ойдағыдай болмай жатады. Жылына ондаған фильм түсірілгенімен, тіпті, кинотеатрларға да шықпай, сөреде жататын кездер көп. Екіншіден, кино­театрларға шығаруды көздеген фильм­дер­дің өзі екіұдай мақсатта түсі­ріледі. Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстанның ішкі нарығы өте үлкен емес. Ал тарихи және идеологиялық ірі масштабтағы фильмдердің бюджеті бес жүз млн тең­ге­ден басталады. Демек ішкі нарық ол шығынды қайтаруға шамасы жетпейді. Сондықтан продюсерлер шетелдік на­рық­­қа шығаруды жоспарлайды. Осы жерде конфликт пайда болады. Себебі таза идеологиялық фильмдердің нысаналы аудиториясы – Қазақстан халқы, оның ішінде қазақтар. Қазақтың рухын көтеру мақсатында түсірілер фильмдер шетелдік аудиторияға қызық болмауы мүмкін. Бір жағы мемлекеттік тапсырыстың үдесінен шығып, идеологиялық фильм түсіруге тырысса, екінші жағынан түсірілген фильмді шетелге сатуға әрекет жасалады. Сол үшін сценарийге өзгертулер енгізіледі. Бірақ, нәтижесінде не ары емес, не бері емес туындылар шығады. Барлығы сондай деуден аулақпыз. Дегенмен көбіне жағдай осындай екені ақиқат. Сондықтан кино саласын қолдаудағы ұстаным мен механизмдерді түбегейлі қайта қарастыру керек. Бюджеттің ақшасын жыл са­йын шығын ретінде үлестіруден гөрі, ин­вес­ти­циялық призмадан қараған жөн. Тіпті толықтай мемлекеттік инвестиция емес, жеке секторды да мемлекетпен бірге инвестиция жасауға итермелейтін тетікті қа­лыптастыру қажет. Жүз млн теңгелік фильм болса, соның белгілі бір мөлшерін (мысалы, отыз пайызына дейін) мемлекет «ұйытқы» ретінде салса, қалғанын жеке инвесторлардан жинауға болады. Ол үшін құнды қағаздар нарығын немесе басқа да арнайы платформаларды пайдаланған жөн. Сонда бір жағынан бюджеттің ақшасын тиімді пайдалана отырып, қазіргі жағдайда бір фильмге бөлініп жүрген қаржыға үш-төрт фильм түсіруге мүмкіндік туса, екінші жағынан бөлінген қаражаттың табыспен қайтарылуына түрткі болады. Оның үстіне, жеке инвесторларды шығармашылық салаға қаражат салып, табыс табуына мұрындық болады. Мұндай тетік әлемнің озық елдерінің бәрінде жолға қойылған. Тіпті арнайы инвестициялық банктер тек қана осы шығармашылық саласындағы бизнесті қаржыландырумен айналысады. Жалпы, елімізде «шығармашылық саладағы бизнес» деген ұғымды қалыптастырып, шығармашылық кәсіпкерлік мәдениетін дамытатын уақыт келді. Осы мақсатта арнайы мемлекеттік инвестициялық қор құрылса да артық емес. Бұл қор тек кино саласына ғана емес, жалпы шығар­машылық бағыттағы кәсіпкерлікті қолдап отыруына болады.

Мысалы, кітап саласын дамыту үшін тікелей жазушыларға атақтар, гранттар, тап­сырыстар беруден гөрі, баспаларды дамытуға қаржылық қолдау бағ­дарламаларын жасаған әлдеқайда тиімді. Баспа – кәсіп, бизнес. Оны қолдау да сол тұрғыдан болуы керек. Баспа ісіне қазір «типография» ретінде емес, продюсерлік орталық ретінде қарап үйренуіміз керек. Әлемдегі қалыптасқан заңдылық та солай. Кеңес өкіметі кезінде продюсерлік міндетті толықтай мемлекет атқарған соң, сала жақсы дамыды, тоқтаған жоқ. Бізде бұл саланың трансформациясы соңғы жылдары ғана жүйелі түрде іске аса бас­тады. Алайда әлі де бұл салаға жүйелі қаржылық қолдау тетігі жоқ.

Дәл сол сияқты театрларға да про­дю­­сер­лік көзқарас қажет. Соған сай еркін­дік керек. Әкімдіктің, министрліктің нұсқауымен ғана отыратын бюджеттік мекеме болудан шығуы тиіс. Ал идео­ло­­гиялық тұрғыдан қарастырылса, мем­лекеттік театрлардың репертуары да соған сай таңдалуы керек. Продюсерлік көзқарас болмайынша, оны нарықтық тетік арқылы дамыту қиын.

Идеология туралы көп айтуға болады. Дегенмен ең басты мәселе кадрлар. Ақын-жазушылардың, режиссерлердің, өнер адамдарының, продюсерлердің дүниетанымы қалай қалыптасса, сол идеологияға сай өнім шығарады. Ал ол дүниетаным әуелі отбасында, одан кейін оқу орындарында қалыптасады. Сондықтан мәдениет саласындағы білім мазмұнын ең әуелі ұлттық құн­дылықтарға негіздеу керек. Қай бағыт­тағы музыка мамандығында оқыса да, іргетасында әуелі ұлттық дәс­түрлі музыканы оқуы керек. Дәл сол сияқ­ты, мәдениет пен өнер саласындағы мамандықтардың қай-қайсысында да алғашқы іргетас ұлттық бағытта қалануы тиіс.

Мәдениет пен әдебиеттің шын мәнін­де қоғамдағы бірқатар саланы түйістіретін қауқары бар. Ұлттық идеология өз алдына, шағын кәсіпкерлік пен инвес­тиция саласын, туризм мен өңірлік даму мәселелерін, сапалы білім мен халықаралық қатынастар бағытын бір арнаға тоғыстыра алатын стра­тегиялық тұрғыдан маңызды, коммерциялық әлеуеті мол сала. Тек осы мәдениет пен әдебиетті мемлекеттің бюджетіне қосымша салмақ ретіндеу қарау стереотипінен арылып, кешенді көзқарас қарастыру бағытына көшу ғана жетпей тұр. Ілгеріде «шығармашылық кәсіпкерлік» ұғымын айналымға енгізіп, мемлекеттік инвестициялық қор идеясы сияқты түрлі қаржыландыру тетіктерін жетілдіре алсақ қана жұмыс жүйелі жүреді.

 

Едіге ҚОЖАХМЕТ,

Абай атындағы халықаралық мәдениет орталығының директоры