• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Білім 06 Қараша, 2022

Абай мектебінің ұстазы

262 рет
көрсетілді

Жылдар керуені жылжыған сайын өткен күндер тізбегіне жиі көз тастайды екенсің. Содан кейін: «Не бітірдім, кімдерден тәрбие алдым, бүгінгі биікке қалай жеттім?...» деген сияқты сауалдарға зер салып, жіберген кемшіліктеріңді де бір саралап аласың. Сондай сұраулы сөйлемдер көңілімді толғандырған сәттерде көз алдыма бірінші болып есімі елімізге белгілі педагог-жазушы Орынша Жолмұратқызы Қарабалина апайдың бейнесі келеді.

Ол кезде ауылда алтыншы сыныпта оқитынмын. Сабақ үлгерімім жақсы болғанымен, тәртіп жағынан үл­гілі оқушылардың қатарына жат­пайтын едім. Сондықтан да тәртібіме байланысты шешем марқұмды мектепке жиі ша­қыр­татын. Сондай күндердің бірінде шешем маған:

– Егерде бұзықтықты қоятын бол­саң, Кәкімжан ағаң мен Орынша тәтең сені Алматыдағы №2 экспериментальды мектеп-интернатына оқытпақшы, – деді. Бұл жаңалықты естігенде қуа­ныш­тан төбем көкке екі елі ғана жетпей қалды. Содан кейін:

– Тәте (шешемді солай атайтын едім), бұзық болмаймын, шынымды айта­мын, сол жерден оқытыңызшы, – деп көзімнен ыстық жасым ыршып кете жаздады. Және де күтпеген жер­ден құлағыма тиген мына ха­бар­дың әсерінен үш ай демалыс бойы бала қиялдың шырмауында жүрдім. Ондайда әншейінде зулап өте­тін уақыт та тасбақа сияқты баяу жыл­жиды емес пе. Ақыры сол арманым орындалды әйтеуір. Осы­лайша, маңдайыма Ал­маты қаласындағы республикаға белгілі №2 мектеп-интернатта (қазіргі Абай атын­да­ғы дарынды балаларға арнал­ған мектепте) оқу ба­қы­ты бұйырды.

Сол жылдары аталған оқу орнын­да нағашым Кәкімжан Қазы­баевтың жолдасы, бел­гілі ­педагог-жазушы Орынша Қара­ба­лина апай сабақ беретін. Мектеп-интернатқа келген бетте Орынша апайдың сол оқу орнында ең беделді ұстаздардың қатарына жататынын бірден байқадым. Мектеп директорынан бастап ешбір мұғалім алдын қиып өтпейтін. Ал енді Орын­ша Жолмұратқызының мектепке келе жатқанын көрген оқушылар: «Қара­ба­лина апай келе жатыр» деп айнала тып-тыныш бола қалатын. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш еді. Және де Орынша апайдың сол мектепте сабақ беруі маған үлкен тірек болды. Олай дейтінім, мектепке алғаш келген бетте ауылдағы тентек қылықтарымды біразға дейін тыя алмадым. Соның салдарынан екі-үш мәрте интернаттан шығып қалудың аз-ақ алдында қалған жайым бар. Ал енді бұл мектептен шығып қал­ған жағдайда тағдырымның қа­лай қалыптасатыны бір Жаратқан ие­міз­ге ғана белгілі болатыны түсі­нік­ті.

Осылайша, аққан селдей, соқ­қан желдей өте шығатын өмір ағымы бізді де ерте есейткен жайы бар. Олай дейтінім, Кәкімжан аға мен Орынша апайдың тәлімі мен тәр­бие­сінің арқасында жоғары оқу орнын бітіріп, Алматыда қыз­метке қалдым. Талай зиялы адам­дармен араласып, ғибратты көш­тің соңына ілестім. Сол арқылы оңым мен солымды таныдым, өмірге деген дұрыс көзқарасым қалыптасты. Шығармашылық қыз­мет­пен айналысып, шамам келгенше біраз белесті бағындырдым. Ха­лықаралық ақпараттандыру ака­демиясының академигі және Қазақ журналистикасының қайрат­кері атанып, екі мәрте Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атағына ие болдым. Со­нымен қатар кеден саласы бо­йын­ша екі оқу құралын жазып, жоғары оқу орнында кеден саласы бойынша дәріс те бердім. Ал қызмет барысында қатардағы лейтенанттан кеден қызметінің пол­­­ковнигіне, қатардағы инспектор­дан кеден басшысына дейінгі жолдан өттім. Сондай-ақ көркем шы­ғар­ма­ға не­гіз­делген үш кітаптың ав­торы атандым. Қаламымнан шық­қан шығармаларымның ең ал­ғаш­қы оқырманы да және сыншысы да Орынша апай болғалы қашан. Күндіз қызметте болсам, кешкілік шы­ғармашылықпен айналыстым. Уа­қытымды бос өткізбеуге ты­рыс­­тым. Мұндай еңбекқорлыққа үйреткен де Кәкімжан аға мен Орынша апай. Себебі қанша жыл ұстаздықпен айналысып жүрсе де, Орынша апайдың ертеңгі күн­гі сабағына оқушы сияқты тың­ғылықты дайындалатынына таң қалатын едім. Сабақ берген кезде қосымша әдебиеттерді де көп қолданатын. Ал Кәкімжан ағаның абыр-сабыр қызметтен шаршап келсе де, түннің жарымына дейін шығармашылықпен айналысатын еңбекқорлығы мен ерік-жігеріне тәнті болатынмын. Демалыс де­ген­ді білмейтін еді. Сол үшін де осын­дай өнегені көруге нәсіп еткен Жаратқан иемізге мың да бір шүкіршілік етемін.

Иә, өмір болған соң өрге шығып сүйі­несің, өзекке түсіп күйіне­сің. Біздің де басымыздан талай сы­­нақ­тың өткен жайы бар. Бұл – әри­не, қиындыққа мойымауға, өмір ағымына қарсы жүзе білуге үйреткен Орынша апай мен Кәкім­жан ағамның тәрбиесі. Осы орайда Орынша Жолмұратқызының тағды­рындағы тар жол, тайғақ кешу­лер­ді білетін адам ғана өмірдің мәні мен мағынасын және күйініші мен сү­йі­ні­шін терең бағалай алады. Бес жасынан бастап үрім-бұта­ғымен қуғын-сүргінге ұшырап, реп­рес­­­сияның азабын тартты. Қан­ша қиналып жүрсе де, жоғары оқу орнын үздік бітірді. Кейіннен қазақтың қас батыры Бауыржан Мо­мышұлының келіні атанып, бел­гілі мемлекет және қоғам қай­раткері, жазушы-журналист Кәкімжан Қазыбаевтың жары болды. Бақытты ана, беделді ұстаз атанды. Алайда фәни жалғанның қайғысы мен қуанышы қатар жү­ретін заңдылықтары Орынша апай­ды да айналып өтпеді. Бүкіл ел таныған алтын асықтай екі ұлы: Нұртасы мен Батыры бақи дүниенің есігін ерте ашты. Екеуі де қандай азаматтар еді десеңші. Нұртасы 30 мыңнан аса операция жасаған алтын қолды хирург болса, Батыры интернет журналистиканың негізін салып, есімі елімізге танымал медиа менеджер атанды. Жуырда журналистика саласы бойынша Батыр Қазыбаев атындағы республикалық «Үркер» сыйлығының тағайындалуы да Батыр бауырымыздың қандай азамат болғанын айғақтайды.

Иә, сол заманның өлшемімен алатын болсақ, Кәкімжан аға мен Орынша апайдың арқасында мен көрген зиялы орта талайға арман болып қалары сөзсіз. Олай дейтінім, Орынша апайдың шаңырағында қазақ интеллигенциясының қай­ма­­ғы болып саналатын небір мық­ты­лар­дың қолына су құю бақы­тына ие болып, зиялы әңгіме­ле­рін тыңдадым. Сондай кісі­лерге ұқсауға тырыстым. Қилы-қилы тағ­дырына қанықтым. Өмір­дегі ең үлкен рухани олжам­ның бірі сол, әрине. Атап айтсам, Рейхстагқа ту тіккен даңқты батырымыз Рақымжан Қошқарбаев, бел­гілі ақын-жазушылар Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шаханов, Хай­долла Тілемісов, Бақытжан Момышұлы, Зейнеп Ахметова, Сапар Байжанов, Камал Смайылов, бел­гілі мемлекет және қоғам қайрат­кер­лері мен ғалымдар Мұхтар Арын, Шәмша Беркімбаева, Көп­жасар Нә­рі­баев секілді зиялы қауым өкіл­дерінің әңгімелерін тыңдап, жаз­ған кітаптарын оқыдым. Соны­мен қатар сол жылдары ондай та­ны­мал адамдардың кітаптарына қол­таң­ба жаздырып алу да мен үшін үлкен мақтаныш еді. Маған қол­таңба берген аталған ақын-жазу­шы­лар­дың кітаптарын ауылға апарып, дос­тарыма көрсеткен кезде таң­дан­­ғаннан ба, әлде қызғаныштан ба, талайларының демі ішіне түсіп ке­тетін. Бұл жағдайлар руханият ке­­ңіс­­тігіне құлаш сермеуіме және шы­­ғар­­машылық ауылына ат басын бұруыма да үлкен себеп болды.

Орынша апай тек ұстаздықпен ғана емес, шығармашылықпен де белсене айналысты. Оның қа­ла­­мынан шыққан «Ұстаз жүгі қашанда ауыр», «Ұстаз бақыты», «Ұстаз жүгі: қиын, ауыр, қызық» атты педагогикалық-танымдық кітаптары мен «Тағдыр», «Жүрек сыры» атты ғұмырнамалық хикаяттары оқырман тарапынан өте жоғары бағасын алды. Осы орайда Орынша апайдың «Тағдыр» атты ғұмырнамалық хикаятын оқыған белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов ағамыз: «Орынша Қарабалинаның кітабын оқып отырып, 37 жеріне леп белгісін қойдым. Бұл менің 37 мәрте көзіме жас алғанымның белгісі...» деп жазған еді. Шынымен де Орынша апайдың қаламынан шыққан кітаптарын оқыған адам оның ардақты ана мен білікті ұстаз ғана емес, құрыштай шыныққан бейнесін де көре алады. Сонымен қатар үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбектің арқасында педагогика саласында Орынша апай алмаған марапат кемде-кем шығар. Атап айтсақ, өткен жылы Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің Жар­лы­ғымен «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағымен марапатталса, осы жылдың қазан айында «Алматы қаласының құрметті азаматы» деген атаққа ие болды. Ал енді мұндай марапатқа ие болған ұстаздар рес­публика көлемінде кемде-кем екені сөзсіз. Осылайша, өз басым өмір жолында Орынша апай сияқты еңбекқор, білімді, парасатты, жалған беделге бой алдырмайтын ұстаздарды өте сирек кездестірдім.

Бүгінде жасы тоқсанның тұ­ғырына шықса да, Орынша Жол­мұратқызы қолынан қаламы мен кітабын тастаған емес. Көргені де, айтары да терең адам екенінде дау жоқ. Бұл әрине, бекзаттықпен қатар өмір төзгісіне шыныққандықтың белгісі. Кезінде белгілі журналист Жолдасбек Дуанабай Орынша апай жөнінде «Қара­шаңырақ Қарабалинамен мақ­танады» атты эссе жазған еді. Бүгін ұстаздың  атымен өзі елу жылдан артық еңбек еткен дарынды балаларға арналған мектеп-интернат қана емес, еліміздің түпкір-түпкірінде жүрген мыңдаған шәкірттері де мақтанады. Орынша Жолмұратқызының алдынан дәріс алған оқушыларының ішінде билік басында, саясатта, ғылым мен білім жүйесінде және өнер мен бизнес саласында жүрген шәкірттері жетерлік. Солардың қатарына Пар­ламент Сенатының спикері Мәулен Әшімбаевты, Ақпарат және қо­ғам­­дық даму министрі Дархан Қыдырәліні, кезінде Ұлттық қауіп­сіз­­дік комитетінің төрағасы болған Әділ Шаяхметовті, сондай-ақ өнер мен шығармашылық саласында марқұм Кеңес Дүйсекеевті, Тоқтар Серіковті, Ақбота Керімбекованы, Бейбіт Қорғанды, Нұрлан Албанды, Тамара Асарды, бизнестегі Дулат Тастекеев пен Нұржан Өкімбаевты, ғылымда профессор А.Құлсариеваны айтып өтуге болады. Бұл тізім айта берсе ұзаққа барады.

Біз жасымыз біразға келсе де әлі күнге дейін Орынша апайдың ақыл-кеңесіне жүгінеміз. Мысалы, ол кісі менің өмір жолымдағы ба­ғыт-бағдарымды айқындайтын ком­пас сияқты болады да тұрады. Со­ны­мен қатар апай туралы әңгіме қозғалған кезде көз алдыма жемістері жайқалған мәуелі саябақты баптап жүрген бағбанның бейнесі елестейді. Өйткені данагөй ұстазымыздың мә­пе­леп баптауымен және дұрыс бағыт беруімен қаншама шәкірттері өмірде өз орын­­дарын адаспай таба білді. Талайлы елдің атын шығаратын аза­­­маттар болып қалыптасты және еге­менді еліміздің іргетасын қалау­да үлкен еңбек сіңірді. Осы орайда белгілі қолбасшы Александр Маке­донс­кий: «Өмірім үшін – әкеме, абыройлы дәрежем үшін – ұстазым Арис­тотельге қарыздармын» деген екен. Сол сияқты біздер де бо­йымызға аналық жүрегі мен ұстаз­дық ұлағатын сіңіре білген Орынша апайға мәңгілік қарыздармыз.

 

Бекен НҰРАХМЕТОВ,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты