• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Пікір 07 Қараша, 2022

Замана талабына сай заңдар

301 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы 2022 жылғы маусымдағы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты республикалық референдумның қорытындысы бойынша қабылданған бірқатар маңызды заңға жария түрде қол қойды. Біз осылайша конституциялық реформаны нақты жүзеге асыруға кірістік.

Бұл соңғы үш жылдағы саяси қайта құруларды топтастыру­ға және мемлекеттігімізді одан әрі нығайтуға берік негіз қалау­ға мүмкіндік берді. Мемле­кет басшысының әділеттілік ұстаны­мы Қазақстанның жаңашыл саясатының негізіне айналу­ға тиіс. Ал әлеуметтік әділеттіліктің негізі – заман талабына сай заңдар болмақ.

Кезектен тыс сайлау үдерісі қоғамды демо­кра­тияландыруға және Әділетті Қазақстан құруға бастайды. Жуырда барлық негізгі саяси институт: президент, парламент және үкімет жаңартылады. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында президент сайлауымен қатар, Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауын 2023 жылы өткізуді ұсынды.

Парламент қабылдап, Прези­дент қол қойған заңдар Қазақ­станның аралас сайлау жүйесіне өтуін реттейді. Енді Мәжіліс пен облыстық мәсли­хат депутаттарының бір бөлігі, аудандық мәслихаттардың барлық депутаты бір мандатты округтер бойынша сайланады. Сонымен қатар аудан әкімі және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау енгі­зіл­ген. Бұл бұрын енгізілген ауыл әкімдерін сайлаудың заңды жалғасы және Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін демократияландыруға деген нық ұмтылысының айғағы.

Саяси реформалар сая­си партиялардың санын кө­бейтуге, саяси бәсеке­лес­тік­ті күшейтуге, халық қалау­лы­ларының жаңа толқынының пайда болуына ықпал етеді. Ескі үлгі бойынша сайланған биліктің өкілді органдары кезектен тыс сайлау циклінен өтіп, заңды түрде жаңартылуы керек.

Еліміздегі сайлау үдерісі мен сайлаушылардың мінез-құлқы қазірдің өзінде үлкен өзгерістерге ұшырады. Мысалы, электорат мәдениетінің басты белгілерінің бірі – оның белсенділігі. Бұл бірінші кезекте сайлаудың бірінші немесе екінші реттік болуына байланыс­ты. Бірінші реттік деп аталатын президенттік және парламенттік сайлауды қамтиды. Екіншісі – маңызы төмен мемлекеттік инс­ти­туттардың қалыптасуы жатады. Әрине, бірінші жағдай­да дауыс беру экспрессивті және сайлаушылардың тұрақты қалауын көрсетеді. Мысалы, 1998 жылғы Қазақстандағы парламенттік сайлау мен 1999 жылғы президенттік сайлауды салыстырып көрейік. Ол кезде президенттік сайлауға сай­лаушылардың 86,28 пайы­зы қатысса, парламент сайлауы­на 62 пайызы ғана дауыс берген. Осылайша, халықтың өзі пре­зиденттік сайлаудың маңыз­дылығын айқындап берді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың қыр­күйегіндегі бірінші Жол­дауында саяси трансформация мемлекетіміз бен халқымыздың мүдделерін ескере отырып, кезең-кезеңімен және тұрақ­ты түрде жүзеге асырылатынын нақтылады. Бұл ретте ір­гелі қағидат белгіленді: ел­дің қоғамдық-саяси өмірін жаң­ғырту­сыз табысты эко­номикалық реформалар жасау мүмкін емес. Мемлекет бас­шысы елде көппартиялық жүйені, саяси бәсекелестік пен пікір плюрализмін дамыту міндетін қойып отыр. Бұл ұзақ мерзімді перспективада саяси жүйенің тұрақтылығы үшін маңызды екенін атап көрсетеді.

2021 жылғы Жолдауында Президент кезең-кезеңімен сая­си жаңғыру мемлекетіміздің стратегиялық бағытының бас­ты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Соңғы екі жылда бұл салада бірқатар елеулі өзгерістер болды. Олар тұрақты демократиялық даму векторын нығайтып, саяси жүйені сапалы түрде өзгертеді және азаматтарды мемлекеттік басқаруға кеңінен тартуға ықпал етеді. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды, мақсат – мемлекеттің тиімділігін, саяси үдерістердің ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыру.

Енді Қазақстанның пар­тиялық-саяси дамуы одан әрі қай бағытта өрбиді деген сұрақ туындауы заңды. Бұл партия­лық үдерісті құрудың негізгі құралдарына сараптамалық бағалау жүргізуді талап етеді. Жалпы, саяси реформалар мәселесіне сараптамалық баға беру қажет және ол маңызды. Заң шығару жұмыстарына ғылыми және сарапшылар қоғамдастықтың өкілдері бел­сенді қатысты. Президент заң­дарға көпшілік алдында қол қою рәсіміне қатысушылардың арасынан белгілі қазақстандық сарапшыларды – саясаттанушыларды, әлеуметтанушы­лар­ды көрдік. Мемлекет басшысы ұсынған «Күшті Прези­дент-ықпалды Парламент-есеп беретін Үкімет» саяси жүйе фор­муласы – мемлекет тұрақ­­ты­лығының негізі. Бұл әлі орын­далған жоқ, бұл – азаматтардың барлық сындарлы өтінішіне жедел және нәтижелі жауап беретін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тәжірибеге енгізе отырып, же­дел­детілген қарқынмен жетуі­мізді талап ететін мақсат.

Билік пен қоғамның тұрақты пікір алмасуы арқылы ғана заманауи геосаясат аясында үйлесімді мемлекет құруға болады. Билік пен азаматтық қоғам институттары арасындағы пікір алмасу реформалардың қазақстандық үлгісіне анық сәйкес келеді. Конституциялық реформа қабылданған заң­дар­дың арқасында еліміздің мем­лекеттік құрылымының ірге­та­сын нығайтып, азаматтық қоғам­ның дамуына жол ашады, өзара түсіністік пен ұлттық пікір алмасуды нығайтады. Ше­шім­дерді дайындаудың ма­ңызды буыны саналатын пікірталас – кең, белсенді, ұтым­дылық талаптарына жауап беретін, жағдайында жүзеге асырылатын барлық тараптың мүддесін ескеретін алаң. Мұндай стратегия кез келген саяси өзге­ріс­тер қоғамдық пікір алмасу мен талқылаудан өткеннен кейін ғана жүзеге асырылады.

 

Зарема ШАУКЕНОВА,

Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик