• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Қараша, 2022

Абыздан қалған өнеге

497 рет
көрсетілді

Академик Салық Зимановтың есімі құқықтану мен заң ғылымының асқан білімпазы, мемлекет және құқық тарихын терең зерделеген данагөй абыз ретінде жылнамаға еніп, тарих төрінен ойып тұрып орын алды, іргелі зерттеулері ұлтына сәуле шашқан асыл мұраға айналды.

Салық Зиманұлының ғылыми қы­зы­ғу­шылығы мен дүниетанымы сан алуан.­ Ғалымның ғылыми мұрасына зер салсақ, зерттеу ауқымының кеңдігі­­мен, нағыз ғалымға тән ойлау тәсілімен, дара стилімен ерекшеленетінін бірден аңғаруға болады. Ең алдымен ол Қазақ­стан мемлекеті мен құқығының тарихын зерделеу мәселелеріне ден қо­йып, ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек етті. Қазақстанның төңкеріске дейінгі және төңкерістен кейінгі мемлекеттік-құқықтық өмірінің бірқатар кезеңдерін, сондай-ақ республиканың кеңестік және посткеңестік кезеңдегі тарихының кейбір маңызды фактілерін егжей-тегжейлі зерттеді, тыңғылықты талдаулар жасай отырып сипаттады.

Салық Зиманұлының 1958 және 1960 жылдары шыққан «Қазақтар­дың XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қоғамдық құрылысы» және «Қазақ­станның XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың бірінші жартысындағы саяси құрылысы» атты іргелі монографияларын ғылыми көпшілік жылы қабыл­дады. Ол бұл еңбектерін КСРО Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтында докторлық диссертация ретінде сәтті қорғап, қазақ халқының мәдени-рухани әлемін тың олжамен байытты. Ғалымның көптеген ғылыми еңбектері коммунистік идеологияның үстемдік құрып тұрған кезінде жазылды, бірақ Салық Зиманов сол кездің өзінде-ақ идеологияға тәуелді болған жоқ. Себебі көреген ғалым бұл тақырыптарға қандай жолмен бару керектігін жақсы білді. Автор қазақтардың қалай өмір сүргенін, қоғамды қалай басқарғанын көрсете келе, рулық, тайпалық қауым­дастық жағдайындағы қазақ халқы­ның өзіндік ерекшелігінің басым бағыт­тарын, ақсақалдардың рөлін, қазақ таптары мен рулық элиталардың өзіндік бағыныстылығына тоқталады. Ежелгі қазақ қоғамы ұстанған барлық тұрмыс-салтты, ата-баба дәстүрін, әлбетте, бү­гінгі күнге дәл сол күйінде жеткізу мүм­кін емес, бірақ өзін-өзі бағалай білу үшін бүгінгі жастарға олардың ата-бабалары қандай болғанын, қандай тұрмыс кеш­кенін, ұлттық діліміздің, мемлекеттік және қоғамдық құрылысымыздың қан­дай болғанын ұғындыру оның басты ұстанымдарының бірі болды.

Салық Зиманұлының есімі Қазақ­станда республиканың мемлекеттілік тарихын жасаушылардың бірі ретінде ерекше аталады. Конъюнктуралық түсі­ніктерді есепке алмағанда, ол XVIII ғасыр­дың соңы мен XIX ғасырдың бірін­ші жартысындағы қазақтардың сая­си құрылысын алғашқы болып зерт­тегендердің қатарында болды. Ғалым­ның әр жылдары қазақ қоғамының саяси­ өмірі жайында, қоғамдық биліктің, оның құрылымының, сипаты мен әрекет ету әдісінің мәселелерін көтерген авторлармен пікірталасқа түсе жүріп, кесімді дәлелдермен жазған «Қазақстанның XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың бірінші жартысындағы саяси құрылы­сы» атты монографиясы аса салмақты, тың еңбек. Ауқымы үлкен нақты тарихи материалдар негізінде, мұрағат­тық және әдеби деректерді салыстыра отырып, мемлекеттілік пен биліктің, оның режи­мінің күрделі әлеуметтік құбылыс екенін ашып көрсетеді. Идеология мен саясат өз кезегінде қоғамның түр­лі қат­парларындағы экономикалық про­цестердің көрінісі іспетті. Саяси дерек­терді талдауда ғалым олардың іс жүзінде жүзеге асырылу барысына, қазақтардың қоғамдық және саяси өмірінің түрлі аспектілеріне әсерін байыптайды. Салық Зиманов ғылыми зерттеулерге, тіпті олар кең таралған бол­са да, біржақты догматикалық көз­қа­растарсыз келуге тырысты. Оның та­рихи зерттеулер барысында жа­са­ған кейбір тұжырым­да­ры­мен, атап айтқанда Ресейге қо­сыл­ғанға де­йінгі қазақ қоғамының сая­си-құ­қық­тық формасының жай-күйі тура­лы пікірлерімен қазақстандық жә­не ресей­лік тарихшы-заңгерлердің бір бө­лігі келіспеді. Әлемдік және ұлт­тық саяси-экономикалық және әлеу­меттік-құқықтық сана тұрғысынан С.Зи­ма­новтың малға меншік емес, жер­дің түбегейлі негізгі мәні идея­сын негіз­деудегі, көшпелі қазақ қоға­мы­ның әлеу­меттік және билік ету – саяси құ­ры­­лымын қалыптастырудағы, қо­ғам­­дық бастамалар мен халық өмі­рі­нің жеке-тұлғалық құндылығын қам­тамасыз ететін және жаңғыртатын ру­лық институттардың маңыздылығын сақтаудағы еңбегі ұшан-теңіз.

Автордың ХХ ғасырдың 50-60 жылдарына тиесілі ғылыми әзірлемелері­нің құндылығы мен өзектілігі олардың ­баға жетпес маңыздылығымен өлшенеді, әсіресе Қазақстан Республикасы­ның шынайы егемендігі кезеңінде оның зерттеулері мазмұны жағынан хал­қы­мыздың рухани сұранысына толық жауап береді. Ол өткен дәуірдегі тарих­­­тың бұрмаланған тұстарын, аса маңыз­ды оқиғалар мен құбылыстарды түбегейлі қайта қарау қажеттігін алға тартты. Зерт­теушілердің ғылыми же­тіс­тіктерінің ең сенімді, бейтарап өл­шемі – уақыт. Осы тұрғыдан келгенде ғалымның моно­графиялық зерттеу еңбектері бүгінгі күнге дейін өзінің ғылыми құндылығын сақтап отыр.

Академик С.Зимановтың ғылы­ми қызығушылығы барысында толған­дыр­ған басты тақырыптардың бірі қазақ­тардың әдет-ғұрып құқығының тарихы, оның табиғаты, құрылымы мен негізгі ­институттары болды. Әдет-ғұрып құқы­ғы мәселелері әрқашан оның наза­рын­да жүрді. 1950 жылдары оның редак­ция­сымен Т.Күлтелеевтің қылмыс­тық ­құқық туралы әйгілі кітабы жарық көр­ді. ­1981 жылы С.Зиманов С.Фукстің ғылы­ми мұрасы мен есіміне ілтипат ретінде оның «XVIII-XIX ғасырдың бі­рінші жартысындағы қазақтар­дың әдет-ғұрып құқығы» атты еңбегін бас­­паға да­йындады. 40-жылдардың аяғы­на жоспарланған бірнеше томдық қазақ­тардың әдет-ғұрып құқығы жа­йындағы материалдарды басып шығару бойын­ша ауқымды жұмыс соңына дейін жеткі­зілмей, тек алғашқы жинақ қана жарық көрген еді.

Қазақтардың әдет-ғұрып құқы­ғын зерттеу мәселесі негізінен 70-жылдардан басталды. Осы барыста бірқа­тар ма­қала жарияланып, қазақтардың әдет-ғұ­рып құқығының табиғаты мен әлеу­­меттік мақсатын, жекелеген әдет-ғұрып­тық құқықтық институттарды сипат­­тауға арналған, Кеңес өкіметінің әдет-ғұрып құқығы институттарына қа­рым-қатынасы мәселесі бойынша бір­неше кандидаттық диссертациялар қор­ғалды. 1989 жылы Т.Күлтелеевті еске алуға арналған конференция мате­риал­дары топтастырылған «Қазақ әдет-ғұрып құқығының мәселелері» атты жинақ жарық көріп, онда кеңес­тік құқық ғылымында жеткілікті зерт­телмеген қазақ әдет-ғұрып құқығының мәселелері талқыланды. Жүргізілген зерттеулердің кейбір қорытындылары жарияланды, қазақтардың әдет-ғұрып құқығының реттеуші, адамгершілік, гуманистік және криминологиялық аспек­тілері қарастырылды.

Салық Зиманұлының әдет-ғұрып құқығына деген стратегиялық қызығу­шылығының астарында «Мәдени мұра» (2001-2008 жылдар) бағдарламасы бо­йынша қазақтардың әдет-ғұрып құқығы тарихына және билер сотына арнал­ған «Қазақтар құқығының ежелгі әлемі» атты іргелі он томдық басылымды да­йындау ниеті тұрды. Оның «Қазақ­тар құқығының ежелгі әлемі» деп аталатын он томдық еңбегі – осы саладағы алғашқы іргелі еңбек. Онда қазақтардың әдет-ғұрып құқығы мен билер сотына қатысты бұрын ғылыми жинақтарда, кітаптарда, журналдарда, көркем шығар­маларда, газеттерде көрініс тауып келген құнды материалдар жинақталды. Академиктің бұл саладағы зерттеулері ерекше сипатқа ие. Оның құқықтық нормалар мен әдет-ғұрыптық-тұрмыстық құқық (көш­пелі қоғамның әдеп нормалары) арасында айырмашылықтың болуы туралы идеялары өзге зерттеулер үшін әдіснамалық негізге айналды. «Дала құқығы» тақырыбындағы әзірлемесі көшпелі өркениеттің әділ сот төрелігіне және есімдері ел есіндегі Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге жүгінген қазақтардың ғасырлық дәстүр мұрасын қайта қарастыруға көмектесті. Далалық өлкенің құқықтық нормалары көшпелі халықтың Ресей мемлекетінен және ұлтымызға жат жүйелердің ықпалынан салыстырмалы еркіндігінде қабаттаса дамыды, олар қазақ көшпенділері­нің қасиеттері мен мұраттарын бойына сіңірді. Қазақ құқығы осынысымен де ерекшеленеді. Қазақ құқығының маңыздылығы Қазақияның этно­мәде­ни шекарасындағы өзінің реттеуші нор­мативтік рөлінен әлдеқайда асып түсті. Ол бір уақытта бірнеше, атап айт­сақ, реттеушілік, басқарушылық, бі­рік­­тірушілік, күзетшілік және гума­нистік функцияларды атқарды. Кең мағынасында айтсақ, заң әрі билік, қоғамдық тұрмыс пен адамгершіліктің қайнар көзі, өнер мен рухани құндылық болды. Көшпелі өркениет аясында өмірге келген бұлжымас заңдылықтар сол дәуірдегі адамзаттық армандар мен адамгершіліктердің көптеген құн­ды­лықтарын бейнеледі. «Дала заңы адам­зат мәдениетінің ерекше туындысы бола отырып, тарихи маңызға ие құқық­тық жүйеде лайықты орынға ие болуы тиіс», – деген қорытынды жасайды ғалым.

Осы тұста Салық аға жайлы бір ес­те­­­­лік әңгімемен бөлісуді жөн санап отырмын.

Қоңыр күз еді... Салық Зиманұлы Қара­ғанды қаласына сапарлап келді. «Бола­шақ» университетінде дәріс оқы­ды. Оқу орнының С.Баймұрзин атын­дағы дәрісханасына заң, құқық саласына маманданушы студент жастар, ғалым-мамандармен қатар, аты аңызға айналған адамның жарқын дидарын көруге, аталы сөзін тыңдауға талап біл­­дірген басқа саланың өкілдері де лық толды. Зерделі ғалым жиналғандар алдында бүгінгі, тәуелсіз мемлекеттің заң сала­сының қалыптасу, даму барысы, жалпы қоғамның күн тәртібіндегі маңызды мәселелері, оны шешу жолдары туралы кең көлемді әңгіме қозғады.

Жылы шуақты жүздесулерден соң негізгі жұмысының жай-жапсарын баян етті:

– Мен ертең Ақжалға (Шет ауданы, Қарағанды облысы. – Н.Д.) өмірлік жа­рым Шәрбан Батталованың есімі бе­ріл­ген мектепке жүремін. Шәрбан ме­нің жұ­байым, балаларымның анасы ғана емес, ең бірінші кеңесшім, досым бол­ды. Оқы­ған-тоқығаны мол, көргені көп апаң менің бар жағдайымды жасап, үй­дің шы­райын, отбасының берекесін кел­ті­руден ешқашан айныған емес. Ұзақ жыл­дар бойы қаншама адаммен, жақсы-жай­саң­мен дәмдес-тұздас, сыйлас болып, туыс­­тай араласып кетуімнің түп-төркіні де осы Шәрбанның алымдылығының, кіші­­пейілдігі мен кеңпейілдігінің арқасы еді...

Оның туған жерге, ағайын-туысқа деген ықыласы, құрметі де ерекше болатын. Өскен елін, ұшқан ұясын әркез ілтипатпен еске алып, мейірім шуағымен алқап отыратын. Өзі – Керней, Түйте атасынан ғой. Жарылғаптай батыр, Құл­жанбектей болыс, Бәйсейіттің Нұрла­нын­дай мырзалар, Дия қажы сияқ­­ты ғұламалар шыққан текті тұқым. Со­ның барлығын тағылымды әңгіме етіп өрбі­тіп, кейінгі жас буынға өнеге етуден жалықпайтын.

Алда-жалда ел жаққа жол түсе қалса, со­нау Мойынтыдан асқан соң Жа­рық стансасына дейін пойыз дәлізіне шы­ғып алып, сағым буған сары далаға ұзақ қарап, алабұртып отыратын. Туған жері­нің әрбір бел-белесін, тау-тасын танып, онда өткізген балауса күндерін еске түсіретін болуы керек. Мүмкін нәу­бет жылдардың жазылмас жарасы ма­залайды... Біз, мен, балалар бар, мұн­дай сәттерде оның ойын бөлмеуге, мазаламауға тырысатынбыз.

Тегі біздің алтын қазығымыз, тұғы­ры­мыз – туған жер мен туған ел ғой. Тір­шілік иінінде көп жылдар бойы туған жеріне бара алмай кеткен еді. 1992 жылы Ақжолтай Ағыбай батырдың торқалы тойына арнайы шақырылған екен. Содан елімен, ауыл адамдарымен қауышып, бір жасап қайтқан жарқын жүзі күні кешегідей есімде...

Ертеңгі сапар жөнінде аудан басшыларына айтпа, әкім-қаралардың қажеті жоқ. Мен бұл жолы академик Зиманов емес, Шәрбан Батталованың жары, сол елдің күйеу баласы ретінде бара жатырмын, – деді.

Ертеңіне Ақжал кентіне сапар шек­тік. Химия ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясы­ның академигі Шәрбан Батталова есімі берілген мектепті аралап көрдік. Мұнда атқарылып жатқан игілікті шараларға көңіл тоғайттық. Салық ағай қанағат сезімімен:

– Бұл істің басы-қасында Ералы (Тоғжанов) екеуің жүрдің ғой. Апала­рыңның әруағы разы, мен де ризамын. Қолдан келген көмегімді, қамқор­лы­ғымды аямаймын. Қандай мәселе болсын айтып, хабарласып тұр, – деді сөз түйінінде.

Ел іші қашанда кеңқолтық, пейілге бай ғой. Ардагер ағамен кездесу барысында түрлі, айта жүрер әсерлі оқиғалар да көп болды. Әдеттегі амандық-саулық барысында бір ширақ кейуана суырылып шығып:

– Жездеке, 90-ға келіп қалдың. Жасы ұлғайған адамға отбасында шүйір­­ке­лесіп, шай ішіп отыратын адам өте ке­рек. Біз де біраз жасқа келдік, әмең­герлік жолмен апамыздың орнына біре­уі­мізді аламын десең, басымыз бос, дайынбыз, – деп айтып қалды.

Жиналған қауым күлкіге қарық болып жатыр. Ал ағамыз әзіл-шыны аралас айтылған бұл сөзге де мән беріп, орнықты жауап қатты:

– Шынында да, балдыздарымның арасында әлі де болса сыны кетпегені баршылық екен, ойланып көрем бе?!.

Кентте жаңа балабақша ашылып жа­тыр екен. Ағай мұнда да арнайы ба­рып, жас жеткіншектерге аталық бата­сын берді. Осы жерде де бір оқыс оқиға орын алды. Бір атты жігіт арындап ке­ліп, ат үстінен: «Әй, жездеке, жағ­­да­йың қалай?» деп қойып қалды. Біз оның бұл қылығын аса оғаш көрген едік, ағай соншалықты көңіліне алмады. Жайдары қалпын бұзбай, жақсы жауап берді. «Имеет право» деп бір ауыз сөзбен қайырды.

Бұл сапардан ағамыз үлкен әсермен қайтты. Өмірлік серігі Шәрбан Батта­лова есімін мәңгі есте қалдыру, оның есімі берілген оқу орнындағы игілікті іс-шараларға қатысты ел азаматтарына ризалығын білдірумен болды.

Арада бір-екі жыл өткенде универ­ситеттің бір топ маман-ғалымдары «Қаз дауысты Қазыбек би» тұлғалық энциклопедиясын шығаруды қолға алған едік. Соған орай қазақтың билер институтының білгірі ретінде Салық ағамызға Қазыбек би туралы бас мақала жазып беру жөнінде өтініш жасадық. Ағай оны ықыласпен қабыл алып, жыл­дам жазып берді. Өкінішке қарай, бұл заң саласының патриархы, ғұлама ғалымның ең соңғы мақаласы екен... Арада көп уақыт өтпей ағамыз фәни жалғаннан бақи дүниеге озды.

Сөз жоқ, адамның адамдық қасиеті істеген ісі, еткен қызметі, сіңірген еңбегі ғана емес, сонымен бірге айналасына, адамдарға, кейінгі буын өкілдеріне көрсеткен қамқорлығымен де өлшенеді. С.Зимановтың тәуелсіздіктің елең-алаң жылдары ең алдымен Күлтелеев, Фукс сынды заң саласы мамандарының ұмыт бола бастаған еңбектерін қайта жарыққа шығаруына мұрындық болуының өзі көп жайды аңғартса керек. Өткен тұр­мақ, өз тұрғыластарын әрең мойындай­тын кесапат заманда мұндай ерлікке екінің бірі бара бермейді. Ұлы ұстаздың үлгі-өнегесі дегенде мен ең алдымен осы – өрелі тарихтың өміршең салт-дәстүрлеріне сәуле түсірген терең танымын, кемел кемеңгерлігін ерекше атар едім.

Тағы бір тәмсіл, тәуелсіздіктің елең-алаң жылдары, ойдан тұсау, тілден тиек алынған алмағайып кезеңде академик Салық Зиманов ізденуші, талапкер жас ғалымдарды жинап алып, ел мен жер тарихы, ғылымның түрлі салаларының, оның ішінде заң, құқық ғылымдары, органдарының қалыптасу, даму үрдісі, дәстүрлі құқықтың қайнарлары, негіз­дері тұрғысында түрлі әңгімелер өрбітуді жаны қалайтын. Біз де осындай терең тағылымды әңгіме-әпсаналарға ерекше ықыласты едік.

Бірде Философия және құқық инсти­тутының бір топ жас ғалымы Салық Зиманов ағамызды ортамызға арнайы шақырып, осындай жылы шуақты кездесу ұйымдастырдық. Телегей-теңіз білім иесі, не нәрсені болсын кең ойлап, терең толғайтын абыз ақсақалдың сол жолы айтылған көп ғибратты әңгімелерінің қатарында мына бір тәмсіл жадымда жақсы жатталып қалыпты:

«Кез келген адамды заманы тудырып, дәуірі тәрбиелейді, өсіреді. Тек адамға сол заман, сол дәуір талаптары дәрежесіндегі биік интеллект керек. Сіздер сияқты, ғылымға ден қойған жас ғалымдар іздену, талаптану барысын­да дамудың төрт сатысынан өтеді: 1) әр­ нәрсеге ынталылық; 2) қол жеткенге ма­сат­тану; 3) өз-өзіне сын көзімен қарау; ­­4) ақыл-парасатқа жүгіну, тоқтамға келу.

Әуелде түртінектеп ізденіп жүріп, шаң басқан архивтерден, кітапхана қор­ларынан жаңа, тың дүниелер тауып аласыз. Сосын мол олжаға кенелгендей, кеудеңізге нан пісіп, масаттанып, айналаңызға маңыздана қарап, тіпті аға буын ғалымдарды, жетекшілеріңізді «менсінбей» қалған күй орнайды. Бірақ әлгі «ашқан америкаларыңыздың» бәрі бұрын қарастырылған, сөз болған, тәп-тәуір тақырып екені анықталғанда, қа­радай жасып, өз-өзіңізге көңіліңіз тол­май, сын көзімен қарай бастайсыз. Айна­лып келгенде, бар тапқан-таян­ғаны­ңыз, тынымсыз ізденістеріңіз бір ізге түсіп, жұмыстар жүйелі жолға қо­йылған кезде ақыл-санаңыз алға шы­ғып, пайым-парасат үстемдік ететін болады.

Тек ғылымда емес, өмірде, қызметте де солай... Адам дамудың осы төрт кезеңін бастан өткереді. Бұл заңды да. Тек әрбір кезеңнің өз уақыты бар. Соны байқау керек. Біреуінде көп айналып қалсаң, басқасы ақсап, өміріңе зиян келтіруі мүмкін...» – деп жылы жымиып еді дана ұстаз.

Кезінде қазақтың асыл ұлдарының бірі, үлкен парасат иесі Салық Бабажанов қайтыс болғанда халық «Салық өлді дегенше, халық өлді десейші» деп қайғырған екен. Заң ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан абыз ағамыз фәниден бақиға озғанда да Кеңсайға бет алған қаралы қауым тағы да сондай күйді кешкен еді.

Сайып келгенде, Салық аға қызметте талапшыл, қатал болғанымен, былайғы өмірде жүрегі жұмсақ, маңғаз жан еді. Әрқашан салмақты ойларымен, сали­қалы сөздерімен ұлттың сөзін айта біл­ген абзал жанның елі мен жері үшін сіңірген есепсіз еңбегі, ғибратты ғұ­мыры қашан да құнды әрі маңызды. Осын­дайда, шіркін-ай, ұрпағы осы кісінің ерен тұлғасын бағалай алды ма деген сұрақ туындайды.

Алып тұлғаның бір ғасырдан екінші ғасырға батыл қадам басқан өшпес даң­қы мен адамшылық абыз бейнесін мәңгі жадылау, өнегесін талмай насихат­тау, ұлықтау – артында қалған халқына сын.

 

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,

Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі,

заң ғылымдарының докторы, профессор