Еліміздің Негізгі Заңына сәйкес, Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде бекітеді, оның ең жоғары құндылықтары – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.
Бұл тұрғыда рақымшылық институты адамның болашақ мінез-құлқын түзету мақсатында оған әсер етудің арнайы тәсілдерін белгілей отырып, гуманизм мен мейірімділік принципін құқықтық және демократиялық мемлекетте жүзеге асырудың өзіндік тәсілі болып саналады.
Заңды мағынада, рақымшылық – босатудың кешенді түрі, өйткені ол қылмыстық жауапкершіліктен де, жазадан да, оның құқықтық салдарынан да босатудың барлық белгілі түрлерін қамтамасыз ете алады. Рақымшылық жасау туралы актінің нәтижесінде босату қылмыстық үдерістің кез келген сатысында: сотқа дейінгі тергеу үдерісіне де, үкім шығару сатысында да, оны орындау сатысында да мүмкін.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билік тарапынан адамға адамгершілікпен және мейірімділікпен қарау қағидатын іске асыра отырып, 2022 жылғы 2 қарашада «Рақымшылық туралы» заңға қол қойды. Бұл басқа мәселелермен қатар, рақымшылыққа ұшыраған адамдардың, қаңтардағы тәртіпсіздіктерге қатысушылардың заңды мінез-құлқына жәрдемдесуге, оларға түзу жолға түсуге және мемлекеттің адамға, оның өміріне, құқықтары мен бостандықтарына адамгершілік көзқараспен қарайтынын түсінуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл рақымшылық қаңтар оқиғаларына қатысушыларға ғана қатысты бір реттік акт болып саналады. Сондықтан рақымшылық туралы заңға 4-7 қаңтар аралығында болған жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты қылмыстық қудалау органдары тіркеген қылмыстық құқық бұзушылықтар енгізілді.
Заңда рақымшылыққа жататын қылмыстық құқық бұзушылықтардың нақты тізімі белгіленген. Олардың дені – тәртіпсіздіктер жасаған, бастапқыда шабуыл мақсаттары болмаған, көпшіліктің әсеріне бой алдырған азаматтар. Көпшіліктің ықпалында оңай бой ұсынатын және жанашыр адамдар, қарапайым адамдар және қазіргі әрекеттерінің белгілі бір мақсаты жоқ адамдар болуы мүмкін.
Егер адам рақымшылық жасау бойынша істі тоқтатуға қарсылық білдірсе, онда іс сотқа жіберілуге тиіс, ал ол айыптау да, ақтау да үкімін шығара алады. Сонымен қатар рақымшылық жасалатындардың тізіміне: жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар, билікті асыра пайдаланған адамдар, рецидивистер, зорлық көрсетушілер, террористер мен экстремистер, яғни қылмыскерлердің ең қауіпті бөлігі жатпайды. Айыпталған адамдарға азаптауды қолданған күш құрылымдарының қызметкерлеріне де рақымшылық әсер етпейді.
Рақымшылық оңалту әрекеті болып табылмайтынын айта кеткен жөн. Ол гуманизм актісі бола отырып, тек қылмыскерді жазадан босатуға немесе оның мерзімдерін қысқартуға бағытталған, яғни рақымшылық жасау адамды ақтамайды. Рақымшылық жасау бойынша қылмыстық істі тоқтату ақталмайтын негіздерге жатады.
Заң практикасында рақымшылық актілері тек тірі адамдарға қатысты қолданылады, себебі оған рақымшылық жасау актісін қолдану үшін, рақымшылық жасау туралы келісім қажет.
Егер рақымшылық жасаудың кейбір шарттарына тоқталатын болсақ, онда алғаш рет осы «рақымшылық туралы» заң алдыңғы рақымшылық актілерінде қолдануды шектейтін басқа да міндетті шарттарды – басқа қылмыстармен жиынтықтың болмауы, жазаны өтеу орнының оң сипаттамаларының болуы көздемейді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес рақымшылық алушының жақын туыстары оның әрекеттері үшін ешқандай құқықтық жауапкершілік мойнына алмайды, сондай-ақ оларға қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жақын адамына рақымшылық жасауға байланысты ешқандай құқықтық шектеулер жоқ. Мысалы, құқық бұзушыға рақымшылық жасау болашақта оның балаларының мемлекеттік немесе әскери қызметке кіруіне кедергі болмайды.
Қабылданған Рақымшылық туралы заң – ең алдымен, біздің мемлекетіміздің мейірімділік әрекеті. Бастапқыда әр түрлі себептердің әсерінен қылмысқа алғаш рет барғандар үшін осы мағынада қаланды. Сотталғандардың көпшілігі қазірдің өзінде өкініш білдіруде, бұл адамдардың не істегендерін түсінгендігін көрсетеді. Енді қоғам мен мемлекеттің міндеті – азаматтардың тиімді әлеуметтенуін қамтамасыз ету, рақымшылыққа ұшыраған адамдарды қалыпты өмірге қайтару үшін қажетті шараларды қабылдау.
Ермек ӘБДІРАСУЛОВ,
заң ғылымдарының докторы, профессор