• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 15 Қараша, 2022

Кредитті қайта құрылымдау тәртібі

535 рет
көрсетілді

2021 жылғы 1 қазаннан бастап елімізде несиесін өтей алмай жүрген азаматтардың мерзімі өткен берешегін реттеу тәртібі қолданылады. Бұл барлық кредиттік ұйымдарға – банктер мен микроқаржы ұйымдарына қатысты. Әрине, қарыз алушылар үшін көңіл жайландырар мұндай жеңілдікті пайдаланудың да өзіндік тәртібі бар.

Былтыр мамырда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында банк, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған еді. Банктер мен микроқаржы ұйым­дарының қарыз алушы – жеке тұлға­лардың мерзімі өт­кен берешегін рет­теудің бірыңғай тәр­тібін енгізу бөлігінде кейбір түзету­лер қабыл­данды. Бұрын кредит­тік ұйымдар азаматтардың мерзімі өткен қарыз­дарын қайта құрылымдау тура­лы өтініштерін 6 күн және одан да көп мерзімде қараған болатын. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агент­тігінің Қаржылық қызметтерді тұты­нушылардың құқықтарын қорғау депар­таментінің директоры Александр Терентьевтің айтуынша, осы мәселе бойынша қарыз алушылардан көптеген өтініш келіп түскен.

«Осыған байланысты агенттік заңнамаға қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған түзету­лер енгізуге бастама көтерді. Заң мамыр айында қабылданды, бірақ мерзімі өткен берешекті реттеу­дің бірыңғай құқықтық тетігі 2021 жылғы 1 қазаннан бастап қол­да­ныла бастады. Осылайша, мерзімі өткен берешегі бар азаматтар өздерінің кредиттерін немесе микрокредиттерін қайта құрылымдау мәселелерін заңнамада белгіленген мерзімде қарауға міндетті кредиторлармен тікелей шеше алады. Осы уақытқа дейін банктік қарыз шарттарының талаптарын өзгертуге 296 мыңға жуық қарыз алушы жүгінген. Кредиторлар өтініш білдір­гендердің 73%-ның немесе 216,7 мыңнан астам қарыз алушының банктік қарыз шартының талаптарына өзгерістерді мақұлдады», дейді.

Микроқаржы ұйымдары 145,9 мың қарыз алушының (өтініш біл­дір­гендердің жалпы санының шамамен 75%-ы) несие шартына өзгеріс енгізген.

Заңнамалық талаптарға сәйкес төлем мерзімін кешіктіру басталған сәттен бастап 20 күн ішінде кредитор қарыз алушыға туындаған кешіктіру туралы хабарлауға міндетті. Хабар­ламада кредиттік ұйымдар азамат­тарға кредит бойынша төлем жасау және мөлшерін көрсете отырып мерзімі өткен берешекті өтеу қажет­тілігі, әйтпесе бұл қарыз алушы үшін жағымсыз салдарға әкеп со­ғаты­ны, сондай-ақ қайта құрылым­дау мә­селесі бойынша кредиторға жүгі­нуге болатындығы туралы хабарлайды.

«Өз кезегінде, төлем мерзімі өткен қарыз алушылар ол басталған күннен бастап 30 күн ішінде қарыз­дарды қайта құрылымдау үшін кре­диттік ұйымға өтініш беруге тиіс. Ешқандай жағдайда кредитордан жасырынуға болмайды. Жағ­дайды реттеуге қарыз алушы ғана емес, кредиттік ұйым да мүд­делі. Сондықтан реттеу шаралары неғұрлым ертерек қабылданса, қарызды өтеудің өзара қолайлы нұсқасы соғұрлым тезірек табылады», дейді А.Терентьев.

Қарыз алушының өтінішін банк және МҚҰ міндетті түрде қабылдауға, тіркеуге, есепке алуға және қарауға тиіс. Борышкер өз өтінішінде төлем мерзімін өткізіп алудың не себепті туындағанын көрсетуі, қайта құрылымдау үшін өзіне қолайлы нұсқаларды ұсынуы және кірісінің азайғанын және өз міндеттемелері бойынша төлем жасаудың мүмкін еместігін растайтын құжаттарды беруі қажет.

Қарыз алушы кредиторға өзінің қаржылық және әлеуметтік жағ­дайы туралы ақпарат беруі керек, мін­дет­темелерін толық көлемде орын­дамауға себеп болып отырған кіріс­терінің азаюы немесе болмауы факті­сін құжатты түрде растауға тиіс. Сұратылған құжаттарды ұсынбау қарыз алушының өтінішін қараусыз қалдыру үшін негіз болып саналады.

Агенттік өкілінің сөзіне қара­ғанда, қарыз алушы немесе кре­дитор ұсынатын қайта құрылым­дау талаптары мынадай: сыйақы мөлшерлемесін төмендету, негізгі борыш немесе сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру, өтеу әді­сін өзгерту, қарыз мерзімін ұлғай­ту, борыш жүктемесін азайту түрінде болуы мүмкін. Мысалы, бұл мер­зімі өткен негізгі борыш, сыйақы, айыпақы және төлемдер мен комис­сиялардың өзге де түрлері. Ұсыныс­тардың тағы бір түрі – ипотека нысанасы болатын жылжымайтын мүлікті дербес сату немесе міндеттемені сатып алушыға бере отырып, жылжымайтын мүлікті сату.

Егер қарыз алушы кредитормен қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша келісімге келе алмаған жағдайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы. Бұл ретте қарыз алушы мін­детті түрде өзінің банкке немесе МҚҰ-ға өтінгенін және өзара тиімді шешімге қол жеткізе алма­ғандығының растауын ұсынуға тиіс.