Екінші дүниежүзілік соғыста ерлігі еленбей қалған қазақ мергендерінің бірі – Әйтеке би ауданына қарасты Ақкөл ауылының «Қауақ» ұжымшарынан әскерге шақырылған Қуанай Әбдірахманов. Барлаушы-мергеннің ерлігі туралы туыстарының қолында сақталған жалғыз дерек – «Социалистік Қазақстан» газетінің 1944 жылдың 10 желтоқсанында (№244 саны) жарық көрген «Мергеннің есебі» атты мақала.
Мергеннің екі ерлігі
Майдан тілшісі Қ.Жұматаев мақаласында жауынгерлер арасында танымал болған Қуанайдың 1944 жылы 373 фашистің көзін жойғанын айта келіп, екі ерлігін баяндайды. Бірінші ерлігін соғысқа енді кірген кезінде жасаған. Қуанайға жау басып алған селода жалғыз-жарым жүрген фашистердің көзін жою тапсырылды. Ол үшін әуелі шегінген әскери бөлім мен жау басып алған деревняның арасын бөліп тұрған жотадағы қираған танкке жетуі керек. Оған барар жолға мина төселген әрі жау жағынан қатты бақыланады. Қуанай төбесінен зулаған оқ пен дәл қасынан жарылған минаға қарамастан танкке еңбектей жетіп, оқтың жарықшағы тіліп өткен қолын таңып алып тапсырманы орындауға кіріседі. Мақалада: «Танктің снаряд өткен қабырғасындағы тесіктен село іші анық көрінеді. Сол тесіктен мылтықтың стволын шығарып қойып, Қуанай село ішіндегі немістерді сирете бастады. Немістер көзге түспей қалай тез өтемін десе де, өткір көздің бір көздеуінен шықпады.
Қазақтың душар болдың мергеніне,
Әкеңнің сен де барып кір көріне, – деді әндетіп жетінші немісті атып өлтірген Қуанай», дейді автор. Кеш бата әскери бөлімге қайтып оралып, ертеңіне капитанның «Қатты суықтан жараңды үсітіп аларсың» дегеніне қарамай, кешегі ізімен қайта барып, бірнеше жау солдатының көзін жойып келеді.
Мақалада баяндалған барлаушының екінші ерлігі – орман ішімен өткен кеңес жауынгерлерін атып жатқан неміс мергенінің көзін жоюы. Оның тығылған аумағын межелеген Қуанай түн ортасы ауа таяу маңдағы қазан шұңқырға барып бекінеді. Уақыт өтіп жатыр, неміс мергені қыбырсыз. «Екі мерген бірін-бірі аңдумен болды. Қуанай неміс мергені жауап қайтарар деген оймен шоқ бұтаны көздеп бір-екі атып жібереді. Ойлағандай-ақ ол да ата бастайды. Ұшқан оқтар Қуанайдың төбесін сипай тызылдап өтіп жатты. Сол кезде Қуанай құлақшынын басынан алып, қасындағы бұтаға іле қояды. Жау құлақшынды ұшырып түсіреді. Екі жақ та көпке дейін атуын қойып, тыныштала қалған. Жау Қуанайдың атпағанынан оны өлді деп ойлап, тұрып қарай бергенде Қуанай оның жүрек тұсынан дәлдеп басып қалады. Неміс мергенінің домалағаны оның елде жүргенде бір атқан қоянын көзіне елестетті. Содан былай күнде әдеті бойынша «неміс айуандарын» атуға шығатын Қуанай кемінде төрт-бесеуін атып өлтірмей қайтқан емес еді. Жаудың Н. бекінісін алу ұрысында жараланған Қуанай госпитальдан келгеннен кейін де «Ерлігі үшін» медалі және «Даңқ», «Отан соғысы» ордендерімен наградталды. Қуанай жойған немістің саны аз күнде 373 болды. Ол немісті өз үңгірінде талқандау үшін өткір көзін Берлинге қадауда», деп аяқталған.
Мақалада екі кезеңнің оқиғасы баяндалған. Біріншісі – 1941 жылдың соңындағы Калинин майданындағы соғыс. Кеңес тарихы ұзақ жыл құпияда ұстаған «Марс» операциясы басталар алдында, Тверь облысы төңірегінде кеңес әскері шегінген кездегі жағдайлар. Екінші оқиға 1944 жылдың қысында болған. Бұл кезде 186-атқыштар дивизиясы Беларусь майданында соғысып, Днепр өзенінен өтіп, Брянск, Витебск, Брест қалаларын азат етті. 1944 жылдың қысында 400-ге жуық жаудың көзін жойған барлаушы-мерген Қуанай Әбдірахмановқа екінші рет «Қызыл Жұлдыз» ордені тапсырылған. Соғыс жылдары «Қызыл Жұлдыз» орденінен жоғары тұрған атақ – кеңес одағының батыры. Алайда қазақ мергенінің жорық жолы осы жерден кілт үзіледі.
«Шешем Қанжанның айтуынша, 1944 жылы қыста «Социалистік Қазақстан» газетінде мақала шыққан соң кеңшар басқармасы «Қызыл Жұлдыз орденін алған батырдың туысы» деп үйге көмір, жем-шөп түсіріп беріпті. Қуанай әкем Матайдың туған ағасы Әбдірахманның баласы. Олар Еспенбет атамыздан тарайды. Әбдірахман атам мен оның әйелі Қуанайдың бала кезінде қайтыс болған. Біздің әулет Ақкөлден 18 шақырым «Қауақ» кеңшарында тұрған. Бүгінде оның орны да жоқ. Қуанай 1924 жылы дүниеге келген, бірақ комсомолға ертерек өту үшін жасын үлкейтіп көрсеткен. Қарабұтақтағы «Төрт үй» атанған мектеп-интернатта оқып, 1941 жылы бітірген. Сол жылдың қыркүйегінде өзі сұранып майданға кеткен. Шешемнің айтуынша, Қуанай орта бойлы, қара торы келген, мінезі момындау, өте елгезек бала болған. Фотосуреті сақталмаған. Әкем де майдангер, Сталинград қырғынын бастан кешірген. Соғыстан оралған соң әкем Қуанайды көп іздеген. Подольск қаласындағы әскери мұрағатқа хат жазып, ол жақтан «Хабарсыз кеткендіктен 1945 жылдың 3 наурызында әскери есептен шығарылды» деген жауап алған соң күдерін үзді», дейді Қуанай Әбдірахмановтың немере інісі, 74 жастағы Жеткерген Матаев.
І Беларусь майданы, 186-атқыштар дивизиясы 290-атқыштар полкі 107-барлау ротасының барлаушы-мергені Қуанай Әбдірахманов 1942 жылы «Ерлігі үшін» медалімен, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған. 1944 жылы екі рет «Қызыл Жұлдыз» орденін алған. Алайда батырдың осы ерлігі тек 2009 жылы ғана белгілі болды. Өкініштісі, кеңес армиясында «хабар-ошарсыз кеткен» сарбаздың бүкіл жорық жолы жоққа шығарылған. Өйткені із-түзсіз жоғалудың артында жау тұтқынына түсу күдігі тұрды. Осылайша төрт жыл қан майданның қақ ортасында алдыңғы шепте соғысқан қазақ мергені 1945 жылдың басында кеңестер шекарасынан шыққанда хабарсыз кетті.
Макканың батылдығы, Төлешевтің табандылығы
2011 жылдың сәуірінде Әйтеке би ауданының Ақкөл ауылында тұратын Жеткерген Матаевтің отбасына Мәскеудегі қазақ диаспорасы кеңесі төрағасының орынбасары Асылбек Төлешев келіп, Қуанайдың Польшаны азат ету шайқасында қаза тауып, Ласин қаласындағы бауырластар зиратына жерленгенін хабарлайды.
2009 жылы ресейлік іздеуші Галина Белоусова РФ Подольск мұрағатынан туыс аталарының дерегін іздей отырып, Әбдірахманов Қуанайдың жеке әскери парақшасына тап болады. Онда 186-атқыштар дивизиясының командирі Н.Зубков: «Қуанай Әбдірахманов 1944 жылдың 27-29 ақпан, 1-5 наурызында тамаша ерлік көрсетіп, жаудың 81 офицер-солдатының көзін жойды. 1944 жылдың 3 наурызы күнгі шайқаста жау траншеясына ең алғашқылардың бірі болып кіріп, шегініп бара жатқан бірнеше жау солдатын снайпер винтовкасымен атып жойды. Мерген Қ.Әбдірахманов жанқиярлық ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылды» деп рапорт береді. Әскери парақшаның келесі бетінде «1944 жылдың 15 наурызында КСРО Жоғарғы Кеңесінің шешімімен І Беларусь майданы 186-атқыштар дивизиясы 190-атқыштар полкінің мергені, кіші сержант Қуанай Әбдірахманов «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды», деп жазылған. Галина Белоусова Харьков қаласында тұратын Макка Қаражановаға хабарласып, Макка Мәскеудегі қазақ диаспорасы кеңесі төрағасының орынбасары Асылбек Төлешевпен байланысып, олар Қуанай Әбдірахмановтың дерегін әрі қарай іздестіреді. Соңғы онжылдықта РФ Қорғаныс министрлігі мұрағаттағы соғыс құжаттарын, әсіресе жауынгерлер наградаларын интернетте орналастырғаннан кейін белгісіз жауынгерлердің ерлік жолдары мәлім бола бастады.
Айта кету керек, сәтсіз әскери операциялардың кесірінен тұтқынға түсіп, шталагтарда қаза тапқан немесе майданда көзсіз ерлік көрсетсе де, оққа ұшқан соң есімдері ұмытылған қазақстандық жауынгерлерді түгендеуде Макка Қаражанованың еңбегі зор. Оның Польшадағы достары барлаушы-мерген Қуанай Әбдірахмановтың 1945 жылдың 26 қаңтарында Польшаның Ласин қалашығында қаза тауып, сол қаладағы бауырластар зиратына жерленгенін анықтады. Асылбек Төлешев «Қуанайдың есімі Ласин қаласындағы ескерткіш тақтада жазылған, бірақ жерлеу орны табылмады», дейді. Кеңес армиясы Қуанайды 1945 жылдың 3 наурызында әскери есептен шығарғанын жоғарыда көрсеттік.
Еуропада Екінші дүниежүзілік соғыс тұтқындарын немесе әскери операцияларда қаза тапқандарды «Вермахт сарбазы» немесе «Кеңес армиясының жауынгері» деп бөліп-жармайды. Еуропада соғыстан кейін шталагтар сүріліп, жанындағы тұтқындар жерленген орындар тегістелді. Еуропаның ескі қалалары үшін шайқастарда қаза тапқандар асығыс жерленген орындар басқа жаққа көшірілсе де, бастапқы жерлеу орындарындағы қаза тапқандардың аты-жөндері жазылған мемориал-тақтайшалар әлі тұр. Әскери ұрыстар барысын зерттей отырып, Қуанай Әбдірахмановтың «Висла-Одер стратегиялық шабуылдау операциясында» қаза тапқанын анықтадық.
Екінші дүниежүзілік соғыстың барысын түбегейлі өзгерткен «Висла-Одер операциясы» 1945 жылдың 12 қаңтарында басталып, 3 ақпанда аяқталды. Оған кеңестер жағынан Беларусь және Украина майдандарының 16 армиясы (134 дивизия), 2 жарым миллион жауынгері қатысты. 1 Беларусь майданының әскеріне Гитлердің тоғыз армиясы қарсы тұрды. Әскери операцияның тез өткендігі соншалық, 20 күннің ішінде кеңес армиясы тәулігіне 20-30 шақырымнан ілгері жылжып отырған.
17 қаңтарда Варшава азат етілді. 23 қаңтарда кеңес әскері Висла өзенінің солтүстік жағалауындағы жау плацдармын басып алып, 25 қаңтарда Шығыс Пруссияның шекарасына шықты. 3 ақпанда «Висла-Одер операциясы» аяқталды. 23 күннің ішінде 43 мың 300 кеңес жауынгері опат болса, Гитлер армиясының 35 дивизиясы жойылды.
Қуанай Әбдірахманов 26 қаңтардағы шайқаста қаза тапты. Ол соғысқан 186-атқыштар дивизиясы Польшаны азат еткен соң Данциг пен Берлин операциясына қатысып, Германия жеңілген күні –1945 жылдың 8 мамырында тарады.
25 қаңтар күнгі шайқас құжаттарын қарадық. 186-атқыштар дивизиясына 26 қаңтарда Висла өзеніне шығу міндеті қойылды. Осы әскери бөлімнің 290-полкі жауынгерлері Ласин қаласының солтүстігіндегі темір жол бекеті үшін қырғын шайқасқа кірді. Жағармай дер кезінде жетпегендіктен, артиллерия тұрып қалып, полк жаумен үш рет қолма-қол шайқасқан. Осы күні 107-барлау ротасына қалашықтағы бірнеше темір жол өткелі мен көпірді жаруға бұйрық берілген. Шайқас үш күн бойы толастамады.
Екінші дүниежүзілік соғыстың есімі ұмытылған бір батырының жорық жолын осылайша түгендедік. 17 жасында өз еркімен майданға сұранып, Екінші дүниежүзілік соғыстың сұрапыл шайқастарын басынан өткерген Қуанай тірі болғанда, «Кеңес Одағының батыры» атағын алар еді. Қан майданда ең қиын да жауапты тапсырмаларды орындап, жау траншеясына бірінші болып кіріп, қолма-қол шайқастардан тайынбаған Қуанайдың ерлік жолы жетпіс жылға жуық мұрағатта сарғайып жатты. Ендігі жерде батырдың ерлік жолы қалпына келтіріліп, есімі туған жерінде ұлықталуы тиіс. Өйткені ол ертедегі бабаларының ерлігін қайталап, шаһид кеткен шын батыр еді.
Ақтөбе облысы