Жыл басынан бері отандық қор нарығына капиталдың әлемдік нарықтарындағы құбылмалылық пен монетарлық саясаттың қатаңдатылуы әсер етті. Бұл нарықты жиынтық капиталдандыруды 13%-ға 38,2 трлн теңгеге дейін қысқартты және борыштық қаржыландыруды 35%-ға 443 млрд теңгеге дейін төмендетті. Бұл ретте нарықтың өзге де көрсеткіштері оң серпінді көрсетуді жалғастырды. Атап айтқанда, Қазақстан қор биржасында 2022 жылғы 9 айда сауда-саттықтың жиынтық көлемі 193,6 трлн теңгені құрап, бұл өткен жылғы ұқсас көрсеткіштен 69,4%-ға артық болған.
Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлерінің X конгресі аясында өткен «Қор нарығы. Жаңа инвестициялық мүмкіндіктер» панельдік сессиясында айтылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиеваның айтуынша, 2022 жылғы ақпанда қалыптасқан күрделі геосаяси жағдай жаһандану процесінің одан әрі баяулауына және протекционистік көңіл күйдің күшеюіне әкелді. Шикізат нарығындағы бағаның өсуі және әдеттегі логистикалық тізбектің бұзылуы инфляцияны едәуір жеделдетті.
«Бұрын керемет болып көрінген тәуекелдерді іске асыру белгілі бір активтердің құндылығын қайта қарауға әкеледі. 2022 жылы инвесторлар өз активтерінің белгілі бір міндеттемелерді қосымша қоя отырып, қас қағымда өз құнының 100%-ына дейін қалай жоғалтқанын байқауға мүмкіндік алды», деп атап өтті М.Хаджиева.
Оның сөзіне қарағанда, қаржы нарығындағы құбылмалылықтың артуына қарамастан, халықтың бағалы қағаздарға деген қызығушылығы артып келеді. Қазақстандағы бөлшек инвесторлардың саны 2022 жылдың басынан бері екі есеге артып, жарты млн адам деңгейіне жақындаған.
«Нарықтың құбылмалылығы әрқашан инвесторлардың қызығушылығын арттырады. Себебі ақша табуға мүмкіндік береді. Дегенмен, тәуекелдер әрқашан бар, әсіресе жеке инвесторлар үшін. Сондықтан қаржы реттеушісі оларды қорғау және біліктілік деңгейі бойынша заңнамалық түзетулерді уақтылы қабылдады. Әсіресе халықтық IPO қарсаңында», дейді «Фридом Финанс» АҚ басқарма төрағасы Сергей Лукьянов.
Кәсіби қатысушылардың көңіл күйін бағалау үшін агенттік Конгресс қарсаңында 82 ұйымға сауалдама жүргізген. Оның қорытындысы бойынша портфельдегі тәуекел активтерінің үлесі сұралғандардың 80%-ында 10%-дан аспайтын болып шықты. Инвестициялық шешімдерге әсер ететін негізгі факторлардың ішінде респонденттер Орталық банк ставкалары мен геосаяси белгісіздік факторын атады.
Қаржы ұйымдарының жартысына жуығының қаржылық жағдайы нашарлаған жағдайда әзірленген іс-шаралар жоспарлары бар және бұл ретте 46%-ы инвестициялық стратегияны өзгертуді жоспарламайды. Бұл қаржы нарығының өз стратегиялары мен жоспарларына деген сенімділігін көрсетеді. Алайда респонденттердің 73%-ы өз портфельдеріндегі үлестік құралдардың үлесін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Яғни нарық «сатып алу» уақыты келді деп үміттенеді.
Сауалдамаға қатысқан кәсіби инвесторлардың көпшілігі бүгінде шикізат тауарларына арналған индекстік қағаздарға инвестицияларды тартымды деп санайды, бұл жоғары инфляцияға байланысты. Цифрлық активтер екінші орында, содан кейін жылжымайтын мүлік қорлары.
«Нәтижесінде, қазіргі жағдай нарық қатысушыларының алдына көптеген сын-қатер қойып, өздерінің инвестициялық стратегияларын түзетуге мәжбүр етсе де, нарық үшін жаңа мүмкіндік ашады, оны жіберіп алмау өте маңызды», деп қорытындылады М.Хаджиева.