Қазіргі кезде банк және сақтандыру өнімдері тек ақшаны сақтайтын және өмірді қорғайтын емес, сонымен бірге ақша жинап, көбейтетін функцияға да ие болып жатыр. Бірте-бірте инвестициялау сақтандыру нарығына біржола кірігіп кететін сыңайлы. Бұл ретте Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесін (МБЖЖ) атап өтсек болады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, осы бағдарлама арқылы кез келген ата-ана Қазақстанда немесе шетелде кәсіптік және жоғары оқу орындарының ақысын төлеуге жеткілікті ақша жинай алады. Қазір МБЖЖ бағдарламасына 4 екінші деңгейлі банк қатысып жатыр. Оларда 33,5 млрд теңге қаржысы бар 22 мыңнан астам білім беру депозиттері ашылған.
Мұндай инвестициялық өнімді банктермен қатар сақтандыру ұйымдары да ұсынады. МЖББ шеңберінде білім беру жинақтаушы өмірді сақтандыру шартына қол қою арқылы ата-аналар сақтандыру ұйымы есептеген инвестициялық кірістен басқа жылына 5 пайыз мемлекет сыйлықақысын ала отырып, балаларының оқуы үшін жинақтауға мүмкіндік алады (халықтың басым санатына, мысалы, жетімдерге, мүгедектерге, көпбалалы отбасы балаларына – жылына 7 пайыз).
Бұл сақтандыру өнімінің бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, депозиттен айырмашылығы (8 пайыздан 10 пайызға дейін) сақтандыру шартының барлық мерзімінде кірістілік мөлшерлемесіне кепілдік беріледі. Екіншіден, Сақтандыру төлеміне кепілдік беру қоры барлық жиналған соманы толығымен жабады. Ал Қазақстан депозиттерге кепілдік беру қоры тек 20 млн теңгеге дейінгі сомаларды төлеп береді. Үшіншіден, ата-анасы еңбек қабілетінен айырылған немесе қайтыс болған жағдайда жинақталған сома мөлшеріне қарамастан оқу құны толығымен төленеді.
Білім беру жинақтау сақтандыру өнімін енгізу көптеген ата-ананың өз баласының оқуы үшін қаржы жинауына мүмкіндік береді. Бұл – мемлекет тарапынан субсидияланатын алғашқы сақтандыру өнімі.
Еске салайық, 2022 жылдың 12 қыркүйегінде сақтандыру ұйымдарының МБЖЖ бағдарламасына қатысуына мүмкіндік беретін өзгерістер жасалды.