Еліміздегі қымбатшылыққа, тауар жетіспеушілігіне үлкен ауқымда геосаяси дағдарыс кесірін тигізгені белгілі. Ал түйткілдер картасына үңіле қарайтын болсақ, онда логистикалық тізбектердің бұзылуы бизнес шаруасын бүлдіріп отырғанын байқар едік. Қазақстан жыл басынан бері көлік-логистика кешенін жан-жақты дамытуға жанталаса кірісті. Сарапшылар Орталық Азия елдері арасындағы сауда-экономикалық қатынастар Қазақстанның транзиттік және экспорттық-импорттық жағдайын дамытуға ықпал ететінін айтады.
Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямовтың пікіріне ден қойсақ, кеден рәсімдерін жеңілдету үшін өткізу бекеттерінің физикалық инфрақұрылымы мықты болуы керек.
«Қанша жерден бізде заң мен ақпараттық жүйе үздік болса да, шекара маңындағы инфрақұрылым күшеймей, сыртқы сауданы ойдағыдай дамыту жүзеге аспайды. Қойылған міндеттерді толық іске асыру үшін автожолдар мен өткізу пункттерін қайта жаңартудың инфрақұрылымдық мәселелерін шешу қажет. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметіміз Мемлекет шекараларында заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимылдың кешенді жоспарын бекітті. Онда 2024 жылы өткізу пункттерін жаңғыртуды және техникалық жете жарақтандыруды аяқтау көзделген», деді Б.Слямов.
Қазір Еуразиялық экономикалық одақ кедендік шекарасының қазақстандық учаскесінде 14 автомобиль өткізу пункті орналасқан, оның екеуі жаяу жүргіншілерді оңайлатылған тәртіппен өткізуге арналған. 6 темір жол бекеті бар. Соңғы онжылдықта шекарадан өтетін жүк пен жолаушылар ағыны айтарлықтай өсті. Сонымен қатар күн сайын шекарада бақылау қызметтерінің өкілдері жұмыс істейтін көптеген ғимарат бірнеше ондаған жыл бұрын салынған. Өткізу пункттерін соңғы қайта құру 2011 жылы жүргізілді, қолданыстағы технологиялық жабдықтары көбінесе қазіргі заманға сәйкес келмейді. Технологиялық жабдықтар соңғы рет 11 жыл бұрын сатып алынды. Осыған байланысты мемлекеттік кірістер органдарының алдында тұрған басым міндеттердің бірі – өткізу пункттерінің инфрақұрылымдық міндеттерін шешу.
«2018 жылы Қазақстан – Қытай шекарасында мемлекет-жекеменшік әріптестік механизмі арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінде орналасқан жаңа «Нұр Жолы» автомобиль өткізу пункті пайдалануға берілді. Өткізу пункті Орталық Азиядағы ең ірі бекет және технологиялық жағынан озық болып саналады. Құрылысқа арналған инвестициялық шығындар шамамен 69 млрд теңге болды. Пункт жұмыс күні 2,5 мың көлікті және 15 мың жеке тұлғаны қозғалыстың екі бағытында, оның ішінде жүк көліктері – 2 200 бірлік, жолаушылар көліктері (автобустар мен жеңіл автомобильдер) 300 бірлік тасымалдауды көздейді. Өткізу пункті жұмыс істеген уақыт ішінде 210 мыңнан астам көлік өтті, 223 млн теңгеден астам кедендік баж бен салық түсті. Ескі «Қорғас» өткізу пунктімен салыстырғанда 4 жыл ішінде көлік саны 1,6 есе көбейді, төлемдер түсімі 5 есеге артты. 2020 жылы бюджет қаражаты есебінен «Б.Қонысбаев» автомобиль өткізу пункті қайта жаңартылып, оның аумағы 2 есеге жуық кеңейтілді. Өткізу пункті қазақ-өзбек шекарасындағы ең ірі пункттердің бірі. Пункт тәулігіне 1,5 мың көлік құралын және 10 мың жеке тұлғаны қозғалыстың екі бағытында, оның ішінде жүк көліктері – 1 мың бірлік, жолаушылар көліктері 500 бірлік өткізуді көздейді. Өткізу пунктінің жұмыс істеуі кезінде 231 мыңнан астам көлік өтіп, 3 млн теңгеден артық кедендік баж бен салық түсті», дейді спикер.
Өткізу пункттерін жобалау кезінде комитет халықаралық сарапшылардың ең озық технологиялық шешімдері мен ұсынымдарын ескерген. Енді 2022 жылдың 1 желтоқсанынан бастап «Қапланбек» және «Зангиота» автомобиль өткізу пункттерін қайта жаңартуды бастау жоспарлануда.
Бүгінде Қазақстан тарапынан өзбек шекарасындағы өткізу пункттерінің алдында автокөліктердің күн сайын жиналуы байқалады. Қарбалас кезде бұл көрсеткіш 300 бірлікке дейін жетеді. Қытай шекарасында пандемияға байланысты көліктерді өткізу әлі де шектеулі, осы ретте жүргізушілер өз кезегін апталап күтеді. Өткізу пункттерінде техникалық бақылау құрал-жабдықтары ескірген. Инфрақұрылымның өзі өсіп келе жатқан ағынды біркелкі және жедел өткізуді жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Комитет өкілінің айтуынша, өзбекстандық әріптестер де өткізу пункттерін жаңғыртуды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. 2022 жылы Қазақстан 9 өткізу пункті бойынша жұмыстарды бастап кетті.
«Барлық 9 автомобиль өткізу пункті бойынша жобалау компаниясы жобалау-сметалық құжаттама әзірледі, мемлекеттік сараптаманың қорытындылары алынды. Әрбір нысанды қайта құрудың жоспарланған мерзімі – 19 ай. Қазіргі уақытта «Достық» автомобиль өткізу пунктінің құрылысы және «Достық» темір жол өткізу пунктін техникалық жабдықтау басталды. 2022 жылғы 1 желтоқсаннан бастап Өзбекстан тарапымен келісім бойынша «Қапланбек» (ҚР) және «Зангиота» (ӨР) автомобиль өткізу пункттерін қайта құруды бастау жоспарланып отыр. Халықтың тығыз орналасуына және қолайлы жағдайдың болмауына байланысты толық жабылады. Қалған өткізу пункттерін жаңарту кезінде толығымен жаппаймыз. Бірақ автокөлік пен жеке тұлғалардың қозғалысын шектей отырып жүргізу жоспарлануда. Барлық өткізу пунктін қайта жаңартуды 2024 жылдың соңында аяқтаймыз деген жоспар бар. «Өткізу пункттерін жаңғырту» жобасы «жылдамдық, тиімді бақылау, қауіпсіздік, жайлылық» қағидаттарына негізделген. Барлық өткізу пункті мемлекеттік шекарадан өту кезінде Қазақстан азаматтары мен қонақтары үшін қолайлы жағдай жасауға бағдарланған», деді ол.
Жолаушылар терминалдарында, жүк көліктерінің жүргізушілеріне арналған тұрақта асхана, дәретхана, ана мен бала бөлмелері салынып, тағы басқа қажеттіліктер жасалады. Жобаны іске асыру шеңберінде өткізу қабілеті 8 есеге – тәулігіне 1 мыңнан 8 400 көлікке дейін ұлғайып, өткізу уақыты 2 сағаттан 25 минутқа дейін азайып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері барынша төмендейді деп жоспарланып отыр.
Комитет өкілі жеткізген тағы бір жаңалық – тауарлардың ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы өтуін бақылауды бір жерге біріктіру және Ахуалдық орталық пен Электрондық декларациялау орталығының базасында кедендік декларациялардың орталықтандырылған шығарылуы үшін Бас диспетчерлік басқарманың құрылуы. Ахуалдық орталық нақты уақыт режімінде ИДК рентген-суреттерін талдауды және кедендік жете тексерулер жүргізу процесін сүйемелдеуді жүзеге асырады. Электрондық декларациялау орталығы тауарлар шығарылғанға дейін тауарлардың құнын бақылап, жеңілдіктер мен преференцияларды қолданудың негізділігін және бақылау аяқталғаннан кейін кедендік декларацияларды шығаруды реттейді. Қазірге дейін Ахуалдық орталық 4,5 мың бұзушылықты анықтап, 15,5 млрд теңге сомасында кедендік төлемдер өндірілген. Кедендік тексерулердің тиімділігі 2 есе артқан.
«ЭДО құрылған сәттен бастап қосымша 38 млрд теңге сомасында кедендік төлем мен салық өндірілді. Мемлекеттік кірістер комитеті ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп, Қытаймен шекарада «Достық» автомобиль өткізу пунктінде («Алашанькоу» шекаралас өткізу пункті) электронды кезектің автоматтандырылған жүйесін қанатқақты режімде іске қосу жоспарлануда. Бұл үшін мемлекеттік органдар Қазақстаннан шыққан кезде көлік құралдарын өткізуді ұйымдастырудың уақытша схемасын бекітті. Мұнда Qoldau.kz платформасының немесе «Сargoruqsat» мобильді қосымшасының (IOS немесе Android) автоматтандырылған электрондық кезек жүйесі пайдаланылады», деді Б.Слямов.
Электрондық кезек жүйесін құрудың мақсаты – көлік құралдарының, жүктер мен тауарлардың өткізу пунктіне кіру кезектілігін қалыптастыру процесінің ашықтығы мен цифрландырылуын қамтамасыз ету. Жүйені Қаржы министрлігінің «Ақпараттық-есепке алу орталығы» АҚ мамандары әзірлеген. Сарапшылар сөзіне қарағанда, жүйе барынша ыңғайлы және ашық. Жүргізуші көрсетілген порталда немесе мобильді қосымша арқылы тіркелгеннен кейін жол жүру үшін бос күн мен уақытты таңдайды. Бұл ретте жүргізуші өз кезегі туралы SMS-хабарлама алады. Пилоттың қорытындысында мемлекеттік шекараның барлық периметрі бойынша электрондық кезек жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда.
Алдағы уақытта шекарадан өтуге байланысты жүзеге асырылатын мемлекеттік бақылаудың көптеген түрі орталықтандырылмақ. Тауарлар мен көлік құралдарын шығару туралы шешім орталықта және шектеулі уақыт аралығында қабылданады. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша толық бақылау және азайту үшін жасалған.