Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл халыққа арнаған Жолдауында Үкіметке, Ұлттық банкке және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне экономиканың нақты секторына қолжетімді несие беруді қамтамасыз етуді тапсырған еді. Шыны керек, әсіресе, шағын және орта бизнестің несиені ыңғайлы әрі жеңіл талаппен ресімдеуіне жағдай жасау басты міндет болып тұр. Осы ретте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова экономикаға несие беруге байланысты негізгі сауалдарымызға жауап берді.
– 2022 жыл жалпы ел, соның ішінде қаржы нарығы үшін оңайға соқпағаны белгілі. Геосаяси ахуалдың қиындауы экономика мен халық жағдайының бел омыртқасы болып тұрған банк секторына да әсер етті. Осы орайда қаржы институттарының орнықтылық деңгейін қалай бағалайсыз?
– Рас, биыл әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісуі отандық қаржы секторына да әсер етті. Бұл еларалық экономикалық байланыстардың үзіліп қалуына, энергия тасымалдау бағасының өсуіне және жаһандық экономиканың өсу қарқынының баяулауына ықпалын тигізді. Әлемдік инфляцияның өсуі көпжылдық деңгейге жетті. Бұл орталық банктерді оны ұстап тұру үшін ақша-кредит саясатын қатаңдатуға мәжбүр етеді. Қазақстанда жылдық инфляция биыл қазан айының қорытындысы бойынша 18,8%-ға дейін жеделдеді. Бағаның өсуін тежеу үшін Ұлттық банк жыл бойы базалық мөлшерлемені ағымдағы 16% деңгейге дейін кезең-кезеңімен көтерді. Бұл, өз кезегінде, қорландыру мен кредит беру құнын ұлғайтты. Мәселен, корпоративтік сектордың кредиттері бойынша мөлшерлемелер 12,2%-дан 16,2%-ға дейін өсті.
Банк секторына және атап айтқанда, корпоративтік кредит беруге 2022 жылы ақша-кредит саясатын қатаңдату, белгісіздіктің өсуі аясында корпоративтік қарыз алушылардың кредиттік тәуекелдерін арттыру, сондай-ақ санкциялар енгізу нәтижесінде ресейлік еншілес банктердің жаңа қарыздар беруін тоқтата тұру едәуір әсер етті. Макроэкономикалық жағдайлардың қатаңдатылуына қарамастан, банк секторындағы жағдайды тұрақты деп бағалауға болады. Банктерде сыртқы күйзелістерді еңсеру үшін жеткілікті орнықтылық қоры және экономиканың нақты секторын қаржыландыруды кеңейту әлеуеті бар. Сектордың негізгі көрсеткіштері оң серпінді көрсетіп отыр. Жыл басынан бері банк активтерінің өсуі 10,9% болып, 41,7 трлн теңгеге жетті. Банк жүйесіндегі салымдар 13,1%-ға, 29,4 трлн теңгеге дейін өсті. Несие портфелі 10,4%-ға, 22,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Бұл ретте банктердің капиталдандыруы жоғары, оны меншік капиталының жеткіліктілік деңгейі растап отыр: ең төмен норматив 8% болған кезде аталған деңгей 20,9%-ды құрайды.
– Мемлекет басшысы Жолдауда бизнес субъектілеріне кредит беруді арттыру қажеттігін және қаржыландырудың жеткіліксіздігін айтқан еді. Банктердегі кредит беру рөлінің төмендеуіне не әсер етті және корпоративтік кредит беру нарығындағы қазіргі жағдай қандай?
– Соңғы жылдары ІЖӨ-дегі кредит беру үлесі 22,1%-ға дейін қысқарды. 2017-2020 жылдар аралығында корпоративтік кредит берудің теріс серпіні байқалды. Бұл жалпы көлемі 6,9 трлн теңгені құрайтын стрестік активтерді ауқымды есептен шығаруға байланысты болды. 2020 жылы экономикаға берілген кредиттер 5,5%-ға, оның ішінде ШОБ кредиттері 7,2%-ға ұлғайса, 2021 жылы корпоративтік кредит берудің өсуі 9,3%-ды құрады, оның ішінде ШОБ кредиттері 29,2%-ға өсті. Корпоративтік кредит берудің бұл өсуі – соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
Биыл геосаяси жағдайдың шиеленісуіне және ақша-кредит саясатының қатаңдатылуына байланысты жаңа сын-қатерлерге қарамастан, корпоративтік кредит берудің оң серпіні сақталып отыр. Осы жылы 9 айда заңды тұлғаларға берілетін кредиттер 3,6%-ға, 8,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Бұл ретте жеке кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілеріне берілетін жиынтық кредиттер жыл басынан бері 6,8%-ға, 8,9 трлн теңгеге дейін өсті, оның 63%-ы немесе 5,6 трлн теңгесі ШОБ-қа тиесілі. Бұдан басқа, ШОБ субъектілері – қарыз алушылар санының белсенді өсуі байқалады. Олар 1 қазандағы жағдай бойынша 255,3 мыңға дейін, 52,5%-ға көбейді (жыл басынан бері).
– Корпоративтік несиелер негізінен экономиканың қандай салаларына көбірек беріліп жатыр?
– 2022 жылдың басынан бері корпоративтік кредит берудің ең көп өсуі өнеркәсіпте (263 млрд теңге немесе 9,9%), ауыл шаруашылығында (86,1 млрд теңге немесе 16,3%) және көлікте (28 млрд теңге немесе 6,9%) байқалады. Ал құрылыста кредит беру көлемі қысқарған (-44 млрд теңге немесе -6,7%). Бұл теріс үдеріс құрылыс секторындағы белсенді кәсіпорындар санының азаюы, құрылыс материалдарының қымбаттауы, сондай-ақ жаһандық логистикалық тізбектердің бұзылуы аясында құрылыс процестерінің тоқтап қалып жатқанына байланысты.
ШОБ кредиттерінің өсуіне қарыз алушылар үшін пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау және кепілмен қамтамасыз ету тапшылығы жағдайында олардың кепілдіктер алуы түріндегі бизнес субъектілерін реттеушілік ынталандыру шаралары мен жеңілдікпен қаржыландырудың мемлекеттік бағдарламалары ықпал етті. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бағалауы бойынша қазір субсидиялау, кепілдік беру және жеңілдікпен қаржыландыру түріндегі қолдау құралдарымен ШОБ кредиттері портфелінің шамамен 37%-ы қамтылған.
– Агенттік бизнес субъектілеріне қазіргі жағдайда кредит беруді қолдау үшін қандай шаралар қолданады? Қарыз алушыларға қандай да бір талаптарды жеңілдету жоспарда бар ма?
– Жаһандық сыртқы факторлар мен макроэкономикалық жағдайдың қатаңдатылуына орай қаржы секторының орнықтылығын қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар бизнес субъектілерін қажетті қаржылық ресурстармен қамтамасыз ету де маңызды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бизнес субъектілеріне қазіргі жағдайда кредит беруді қолдау мақсатында агенттік дағдарыс кезеңдерінде нарық қатысушыларына қойылатын реттеушілік талаптарды ырықтандыруды көздейтін контрциклдік саясат шеңберінде пруденциялық ынталандыру шараларын іске асырады.
Банктер үшін ең өзекті мәселенің бірі – капиталға реттеуші жүктемені азайту. Банктер тәуекелдерді ескере отырып сараланатын барлық берілетін кредит үшін капиталды резервтейтінін атап өтеміз. Тәуекел неғұрлым көп болса, банктің өз орнықтылығын қамтамасыз ету үшін соғұрлым көп капитал болуы керек. Бұл тәсіл Базель комитеті белгілеген халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. ШОБ субъектілеріне кредит беруді ынталандыру үшін 2020 жылғы наурыздан бастап ШОБ қарыздары бойынша тәуекел-саралау 75%-дан 50%-ға дейін төмендетілді. Іске асырылып жатқан іс-шараның тиімділігін ескере отырып, ШОБ-қа кредит беруді одан әрі кеңейту үшін бұл іс-шараны агенттік биыл қазан айында 2024 жылға дейін ұзартты. Бұл бизнес субъектілеріне жаңа кредиттер беру үшін капиталды босатуға мүмкіндік береді.
Экономиканың нақты секторының ірі инвестициялық жобаларын қаржыландыру үшін банктер мен даму институттарын қоса алғанда, бірнеше қатысушы тарапынан бірлескен қаржыландыруды ұйымдастыру қажет. 2021 жылы агенттіктің бастамасымен синдикатталған кредит беруді (несиелеуші банктер тобы белгілі нысанға немесе қарыз алушыға несие беру мақсатында өздерінің бос қаражатын уақытша біріктіреді – ред.) дамыту үшін заңнамалық жағдай жасалды. Синдикатталған қаржыландыруды ынталандыру мақсатында көрсетілген қарыздар бойынша капиталға түсетін салмақ екі есе азайтылды.
Өтімділікке түсетін реттеушілік салмақты азайту және кредит беруге өтімділікті босату үшін агенттік 2020 жылдан бастап Базель стандартында кемінде 1-ді құрайтын өтімділік коэффициенттерін 0,8-ге дейін уақытша төмендетті. Ақша нарығындағы жағдайлардың қатаңдатылуына байланысты, сондай-ақ жеңілдікті кезең аяқталғаннан кейін кредит беру әлеуетінің төмендеуіне жол бермеу мақсатында бұл іс-шара 2024 жылғы шілдеге дейін ұзартылды.
Кәсіпкерлер үшін кредиттердің қолжетімді болуына әсер ететін негізгі фактордың бірі – кепілмен қамтамасыз ету. Бизнес субъектілерінде сапалы кепіл тапшылығының болуы жағдайында кредит беруді қолдау үшін агенттік биыл қазанда банктердің кепіл саясатына қойылатын талаптарды жеңілдетті. Кепілмен қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды банктер кредиттің қайтарымдылығын қамтамасыз ету, банктің кредит тәуекелдерін азайту және банктердің орнықтылығын қамтамасыз ету үшін белгілейді. Кредиттік тәуекелдерді уақтылы өтеу үшін банктер қарыз алушылардың кредиттер бойынша міндеттемелерді орындамауына байланысты кредиттік портфель құнсызданған жағдайда резервтер (провизиялар) қалыптастыруға міндетті. Провизияларды қалыптастыру ХҚЕС-ке сәйкес жүзеге асырылады және банктердің қаржылық орнықтылығын қамтамасыз етуге арналған.
Банк секторы мен кәсіпкерлер тарапынан келіп түскен ұсыныстар шеңберінде кепіл саясатына қойылатын талаптарды 2024 жылға дейін жеңілдету мақсатында жылжымайтын мүлік және жер учаскелері (0,7-ден 0,85-ке дейін), жабдық, дайын өнім және тауар-материалдық қорлар (0,4-тен 0,5-ке дейін) сияқты кепіл мүлкінің жекелеген түрлері, болашақта мемлекет-жекешелік серіктестік шарттары және сенімділік өлшемшарттарына сәйкес келетін басқа да келісімшарттар бойынша түсетін ақша (0-ден 0,5-ке дейін) бойынша өтімділік коэффициенттері көтерілді. Бұдан басқа, кепіл тетігінің тиімділігін арттыру үшін кепіл кредиторларының жер қойнауын пайдалану және жер пайдалану құқықтарын өткізуі кезіндегі кедергілерді жоюға бағытталған заңнамалық түзетулер әзірленді. Заңнамалық түзетулерді қабылдау банктердің кепіл саясатын жеңілдетуге және кәсіпкерлерге жер және жер қойнауын пайдалану құқықтары кепілімен кредиттерге қол жеткізуін кеңейтуге мүмкіндік береді.
– Жалпы, төмен инфляцияға негізделген қолайлы макроэкономикалық жағдай жасауда банктердің рөлі қандай болмақ?
– Агенттік қабылдаған реттеушілік ынталандыру шаралары қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мен экономиканың нақты секторына сапалы кредит берудің өсуін қолдау арасындағы теңгерімді сақтауға бағытталған. Бұл ретте ұзақ мерзімді кезеңде сапалы өсуді қамтамасыз ету үшін банктердің орнықтылығы мен реттеушілік ынталандырудан басқа, тиісті жағдайларды жүйелі деңгейде қамтамасыз ету қажет.
Біріншіден, банктерді қорландырудың ұзақ мерзімді дереккөздерін қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта қорландыру құрылымының 80%-дан астамын депозиттер құрайтынын атап өткен жөн. Оның негізгі бөлігінде мерзімінен бұрын алудың икемді шарттары бар. Борыштық бағалы қағаздардың үлесі 6,1%-ды ғана құрайды, бұл шектеулі институционалдық сұранысқа байланысты. Қазақстандық эмитенттердің, оның ішінде банктердің бағалы қағаздарына деген институционалдық сұранысты дамыту үшін қазіргі уақытта жеке басқарушы компанияларды зейнетақы активтерін басқаруға тартуды кеңейту мәселесі пысықталуда.
Екіншіден, төмен әрі тұрақты инфляцияны қамтамасыз ету үшін тиісті макроэкономикалық жағдай жасау қажет. Бұған инфляциялық таргеттеу режіміндегі дәйекті және ашық ақша-кредит саясаты, сондай-ақ монетарлық және фискалдық саясатты тиімді үйлестіру арқылы қол жеткізіледі. Келесі негізгі шарт – корпоративтік сектордың орнықтылығын арттыру. Ол үшін компаниялардың корпоративтік басқару жүйесін, есептілік сапасын және аудит жүйесін жақсарту, сондай-ақ дәрменсіз қатысушыларды уақтылы шығару үшін корпоративтік банкроттықтың тиімділігін арттыру қажет.
Аталған іс-шараларды іске асыру бизнес субъектілеріне кредит берудің сапалы әрі орнықты өсуіне ықпал етеді. Бұл Қазақстан экономикасының үдемелі өсуін және жалпы алғанда, азаматтардың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етеді.
Әңгімелескен
Абай АЙМАҒАМБЕТ,
«Egemen Qazaqstan»