• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 30 Қараша, 2022

Төрт банк шығынға батты

293 рет
көрсетілді

Биылғы қыркүйектің қорытындысы бойынша, екінші деңгейлі банктердің жиынтық табысы 899,6 млрд теңге болды. Бұл былтырғы табыс­тан 25,4 млрд теңгеге аз. Табыс көлемі бойынша көш басында – Halyk Bank. Жалпы табысы – 400,6 млрд теңге, былтырдан бері 70,2 млрд теңге қосқан. Екінші орында – 256,6 млрд теңге жиған Kaspi Bank. Табысы былтырдан бері 28,4 млрд теңгеге өскен. Үштікті «Банк ЦентрКредит» қорытындылайды – 127,2 млрд теңге. Бір қызығы, былтыр осы кезеңде БЦК табысы небәрі 10,7 млрд теңге болған.

Ең нашар көрсеткіш – байырғы «Сбербанк», қазіргі «Bereke Bank»-те. Былтыр бұл қаржы институты 102,8 млрд теңге табыс тапса, биылғы шығын мөлшері табысынан 287,3 млрд теңге болып асып түскен. Тағы бір ресейлік еншілес банк – «ВТБ Банк» шығыны – 37,2 млрд теңге. «КЗИ Банк» (14,5 млрд теңге) пен «Заман-Банк» те (591,6 млн теңге) табысқа шыға алмаған банк­тер қатарында. Даму динамикасы әлсіреген бұл қаржы институттарының бәрі де былтыр табысты болған. Өткен жылы минуста болған Al Hilal ислам банкі биыл 2,3 млрд теңгемен оң көрсеткішке ие. Реттеуші меншік капиталы бойынша да сол үш банк үздік – Halyk, Kaspi және БЦК. «Bereke» мен «Заманның» халі тағы да қиын. Жалпы, сектордағы реттеуші жиынтық капитал көлемі 5,7 трлн теңгеге жеткен (былтыр 5,2 трлн теңге болды). «Bereke Bank»-тен өзге институттың бәрі пруденциалды нормативтерді бұлжытпай орындаған.

Ranking дерегі бойынша, 1 қазандағы жағдайға сәйкес банктердің қарыз портфелі 22,3 трлн теңге болды. Бір жылдағы өсім – 23,3 пайыз.

«Үздік ондықта айлық өсім бойынша Bank RBK көш бастайды (+9 пайыз, 865 млрд теңге). Жылдық динамикада банк портфелі бірден-бір жарым есе өскен. Бұл банк бизнеске де, халыққа да несие береді. Екінші орында – «Банк ЦентрКредит» (+8,8 пайыз, 2 трлн теңге). Банк портфелінің жылдық өсімі 61,9 пайыз болған. БЦК-дағы мұндай ерекше қарқынды өсім құрамына Eco Center Bank (бұрынғы «Альфа-Банк») қосылғаннан кейін болып отыр. Үштікті «Еуразиялық банк» түйіндейді (+4,3 пайыз, 1,1 трлн теңге). Бір жылда банктің портфелі 51,3 пайызға ұлғайған», деп жазады Ranking.

Отандық екінші деңгейлі банктердегі салымдар да 4 пайызға, 29,4 трлн теңгеге дейін өскен. Жылдық өсім – 17,3 пайыз. Жеке тұлғалардың салымы 14,68 трлн теңге (соңғы бір айда +3,2 пайыз, соңғы бір жылда +17 па­йыз) болса, корпоративтік салымдар көлемі – 14,73 трлн теңге (соңғы бір айда +5 пайыз, соңғы бір жылда +17,5 пайыз). Салымдардың айлық өсімі бойынша да Bank RBK көшбасшылықты ешкімге бермейді. Бір жылда банктің депозиті 55,4 пайызға молайған. Одан кейінгі орында салымшылардың 1,7 трлн теңгесін жинаған «Еуразиялық банк» тұрса, үштікке «Ситибанк» ілінген – 1,2 трлн теңге.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, несие нарығында жаңа ойыншылардың келуіне жол ашу үшін депозит тартуға қатысты шектеулерді алып тастау жос­парланып отыр.

«Қаржы нарығының қатысушыларымен бірге банк ашу үшін лицензиялау және рұқсат беру процедураларын оңтайландыру бойынша жұмыс жүргіздік. Жаңа банкке лицензия алғаннан кейін бір жыл ішінде депозит тартуды шектейтін норма бар. Бұл норма осыдан 20 жыл бұрын, қазір қалыптасып жатқан тәуекелдерді басқару жүйесі болмаған кезде қарастырылған болатын. Сондықтан бұл талапты алып тастау керек деп есептейміз және заңнамаға тиісті өзгерістер келесі жылы енгізіледі. Осы өзгеріс банк секторында жаңа ойыншылардың пайда болуына мүмкіндік береді», деді М.Әбілқасымова.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»