Үй алу үшін ақша жинай бастадыңыз делік. Бірақ межелі сомаға жеткізбей тамақтану үшін, қыдыру үшін әлгі жинақтан ақша суыра бересіз. Мұндай жинақтың берекесі бола ма? Әрине, жоқ. Үй алсам деген мақсатыңыз да біртіндеп алыстай бермек. Ұлттық қордан қаржы алып жатқанымыз да тап осындай жағдай. Мұнай таусылған кезде ұрпағымыз алаңсыз пайдалансын деген қаражатты әлсін-әлсін опырып түсеміз. Республикалық бюджеттің жыртығын жамау үшін жыл сайын Ұлттық қордан кепілді трансферт түсіп отырады. 2020 жылы оның сомасы – 4,7 трлн теңге, 2021 жылы – 2,7 трлн теңге, 2022 жылы 4,03 трлн теңге болды. Сарапшылардың айтуынша, тап осындай қарқынмен жұмсайтын болсақ он жылдан соң Ұлттық қордағы актив те таусылады.
Мәжіліс депутаты Аманжан Жамаловтың айтуынша, республикалық бюджет тапшылығын жабу және түрлі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру үшін Ұлттық қор қаражатын пайдалану инвестициялық кірісті арттыру саясатына қайшы келеді. Ол қорды екіге – «Резервтік қор» және «Ұлттық қор – балаларға» деп бөлу керек дейді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент те Ұлттық қор тағдырына қатысты алаңдаушылық білдірді.
«Ұлттық қордың трансфертіне тәуелділіктен біртіндеп құтылуымыз қажет. Бір жылдан кейін қордың инвестициялық табысының жартысын балалардың есепшотына аудара бастаймыз. Сол кезде барша азаматтар Ұлттық қордағы ахуалды жіті қадағалап отыратын болады. «Әрбір азамат – ұлттық байлықтың иесі» деген сөз жай ұран емес. Бұл нағыз халықтық, қоғамдық бақылаудың басталғанын білдіреді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке алдағы жеті жылда Ұлттық қордың активтерін 100 млрд долларға жеткізуді міндеттеп отыр. Жауапты һәм ауыр міндет. Қазір республикалық бюджеттің 30 пайызға жуығы Ұлттық қордың кепілді және мақсатты трансферті есебінен толығады.
«Биыл мемлекеттік бюджет тапшылығы Ұлттық қор трансфертін (4,5 трлн теңге) есепке алғанның өзінде 6 трлн теңгеден асып кетеді. Ұлттық қор трансфертінсіз бюджет тапшылығы 11 трлн теңгеге жетер еді», деп жазады телеграмдағы NRG_monitor каналы.
Мақсатты трансферт тек Президент рұқсатымен әлеуметтік ірі маңызды жобаларға жұмсалады. Мысалы, дағдарысқа қарсы бағдарламалар. Мақсатты трансферт жыл сайын бөлінбейді. 2018-2020 жылдар аралығында алынған жоқ, ал 2021 жылы – 1,85 трлн теңге, 2022 жылы 550 млрд теңге алынды. Кепілді және мақсатты трансферт көлемі жыл барысында өзгере береді. Мысалы, 2020 жылы кепілді трансферт көлемі 2,7 трлн теңге деп бекітіліп, кейін 4,7 трлн теңгеге дейін көбейді. 2021 жылы мақсатты трансферт көлемі 1 трлн теңге болған, кейін 1,85 трлн теңге алынды. 2022 жылы да кепілді трансферт сомасы 2,4 трлн теңге болып, кейін ол 4,03 трлн теңге деп түзетілді.
Экономист Рахым Ошақбаевтың айтуынша, Норвегияның тәуелсіз қоры бүкіл әлем бойынша 9 мыңнан астам компанияның акциясына иелік етеді. Жаһанның қор биржаларында саудаланатын акциялардың 1,3 пайызы осы норвег қорына тиесілі. Жинақтаған қаржы көлемі 1 трлн доллардан асады. Біздің де әу бастағы мақсат тап сондай болған.
«Сол кезде (2000 жылы – ред.) қабылданған тұжырымдамаға сәйкес 2020 жылы Ұлттық қор көлемі 180 млрд долларды құрауы керек еді. 2014 жылдан бері қордың валюталық активі 77-ден 52 млрд долларға қысқарды. Бұл қор қаражатын бюджет тапшылығын жабуға белсенді жұмсаумен байланысты. Минус 25 млрд доллар, бұл – салықтардың тұрақты түсімін есепке алғандағы сома. Бірақ салықтан бөлек инвестициялық кіріс те болуы керек. Ұлттық қор активтерін Ұлттық банк басқарады. Қордың барлық дерлік қаражаты шетел нарықтарында орналасқан. Активтердің 93 пайызы валюталық портфельге тиесілі. 2019 жылға дейін қор активі консервативті бағытта үлестірілді, 2001-2018 жылдары активтердің орташа кірістілігі жылдық 3 пайызды құрады. 2018 жылы тіпті теріс мәнге ие болды (-2,64 пайыз). 2019 жылдан бері активтер басқаша үлестірілді – 60 пайызы облигациямен, 40 пайызы кірістілігі жоғары активтермен. 2019, 2020 жылдары инвестициялық кіріс 7,4 және 7,6 пайызға жетті», дейді сарапшы.
Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің айтуынша, Ұлттық қор қаражаты – Үкімет үшін сұрауы жоқ су тегін ақшаға айналды.
«Ал да жұмсай бер – қорықпа» ұстанымы жұмыс істеп кетті. Шын мәнінде, Үкімет түрлі жоба, ұлттық компаниялар мен салық жинау арқылы экономиканы өзі жандандыруы керек еді. Алайда ондай шаруаны істей алмады. Бюджет жобаларының қожайыны көп. Егер Үкімет Ұлттық қор қаражатын пайдасыз жобаларға жұмсамағанда, қазір қорда 200 млрд доллардан астам қаражат болушы еді. Егер мүлде трансферт жасамағанда 500 млрд долларға жеткізу мүмкін болды. Үкімет өз жұмысын дұрыс істегенде Ұлттық қорға тіпті мұқтаж болмас едік. ЭКСПО-ны ұйымдастыру үшін 2 млрд доллар кетті. Қайтарымсыз. Еш нәтижесі жоқ қаптаған индустриялық жоба қаншама. Қазақстандық автоөндірушілерге, Түркістанды салуға, Астана мен Алматыда ақылға сыйымсыз құрылыстарға аса көп қаражат берілді», дейді ол.
Ережеге сәйкес, егер Ұлттық қор активі ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 30 пайызына дейін құлдыраса, онда қор қаражатын жұмсауға болмайды.
«Мамин үкіметі Ұлттық қорды қудалап, 30 пайыздық шектеуді алып тастауға тырысты. 2021 жылы Қазақстан ІЖӨ-сі 190 млрд доллар болды. Ұлттық банк басшысы маусымның соңында қор активі жыл басынан бері 3,4 млрд долларға төмендеп, 51,9 млрд долларды құрағанын айтты. Демек Ұлттық қор көлемі – ІЖӨ-нің 27 пайызынан сәл асады. Енді ақша шығаруға болмайды. Ұлттық қор қаражатын басқару концепциясын өзгерту керек. Үкімет Ұлттық банкке қысым жасап, ақша шығарып ала берудің соңы жақсылыққа апармайды. Ал Ұлттық банктің Үкімет пен Президенттен тәуелсіздік алуы – әзірге утопия. Сондықтан Ұлттық қорды Ұлттық банк басқаруынан шығарған жөн. Ұлттық банкте инвестициялық корпорация бар, міне, соны бөліп алсын, ол Ұлттық қорды, БЖЗҚ, ӘМСҚ, МӘСҚ, тіпті РОП-ты («Жасыл Даму» АҚ – ред.) да басқарсын. Иә, бюджетті қаржыландыруға болады, бірақ тек нарықтық ставкамен. Үкімет өз шығынының жауапкершілігін сезінуі керек», дейді Р.Рысмамбетов.
Оның айтуынша, концепцияны да ауыстырмас бұрын алдымен Ұлттық қор қаржыландырған барлық жобаға аудит жүргізілгені дұрыс. Қаржыгердің пайымдауынша, әр доллар бойынша мына сұрақтар қойылуға тиіс: Кім ұсынды және жобаны кім мақұлдады? Жобаны қандай компаниялар жүзеге асырды? Кім бенефициар болды? Бұл қаражат қазір қайда және аталған жобалар ел үшін табысты болды ма?
2000 жылы құрылған Ұлттық қордың ресми сайты жоқ. Сондықтан трансферт, қаражаттың қор нарығында орналастырылуы, қаржының қандай жобаларға жұмсалуы жайлы ақпараттарды білу мүмкін емес. Жұмбақ елдегі жұмбақ қордың жайы осындай.