• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Желтоқсан, 2022

Күрделі жөндеудің күрмеуі шешіле ме?

283 рет
көрсетілді

Облыстық балалар ауруханасына күрделі жөндеу жұмыстары 2020 жылы басталған. Мердігер өз міндетін жарты жылдың ішінде орындап, жаңарған ғимаратты қайта тапсырып беруге тиіс еді. Содан бері үш жылға таяу уақыт өтті, ғимарат бос, жұмыс тоқтап тұр. Есесіне бірін-бірі сотқа сүйрелеген тараптардың дау-дамайы ушығып, аурухананың бас дәрігері орнынан кетті.

Алты қабат аурухана ғимаратын жөндеуден өткізуге «Жұмыспен қамту­дың жол картасы» бағдарламасы аясында республика бюджетінен 1 млрд 204 млн теңге бөлінген. Қомақты қаржының 920 млн теңгесі игерілгенімен, одан бер­гі аралықта құрылыс материалдары 2-3 есе қымбаттап кеткен соң, қалған қаржы жұмысты аяқтауға жетпей қалған.

Күрделі жөндеу жұмыстары орта жолда неге тоқтап қалды деген сауалға әр тараптың өз жауабы бар. Мердігер жоба дұрыс жасалмаған, уақытында қар­­жы аударылмады, ғимарат дер кезінде босатылмады, бас дәрігер келі­сімшартты заңсыз бұзып, жұмысты тоқ­татып тастады деп тапсырыс беру­шіні кінәлайды. Ал аурухананың бұ­рын­ғы басшысы құрылысшылар жұмысты өз уақытында тапсырып бере алмағандықтан келісімшартты бұзып, мерді­гермен қоштасуға тура келді, заң осыны талап етті деген уәж айтады.

Күрделі жөндеудің жобалық-сме­та­лық құжатын 2020 жылы астаналық «Табыс+» серіктестігі жасаған. Құ­жат дайын болған соң, арнайы мемле­кет­тік сараптамадан өтеді. Одан кейін мер­дігерді анықтау мақсатында жариялан­ған конкурсты Екібастұз қаласынан «Вершина» атты фирма жеңіп шығады.

«Мылтықтың басуына құланның қасуы» демекші, дәл күрделі жөндеу бас­талар тұста бүкіл әлемді тырп еткізбей бүріп тастаған коронавирус індеті асқы­нып, жер-жерде карантин тәртібі күшейіп кеткен.

– «Вершина» фирмасымен келісімге отырдық. Шарт бойынша 220 төсектік ғимараттың бәрін босатып, бұл жерден кетіп қалуымыз керек болды. Бірақ біз кете алмай қалдық. Себебі сол жылы наурызда пандемия басталып, көшетін ғимарат таба алмадық, – дейді облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Ұлықбек Асылбеков.

– Бүкіл ауруханалар, тіпті Қоста­най­дағы «Дружба» шипажайына дейін жап­пай инфекциялық госпитальға ай­на­лып жатқан аса бір ауыр кезең еді. Көшетін жерді Денсаулық сақтау бас­қармасы да тауып бере алмады. Амалсыз ұжымды жинап, 2006 жылғы жөндеу жұ­мыстарын қалай өткіздіңдер деп сұ­радым. Әріптестерім ғимараттың жар­тысын босатып бердік, арғы бетте жөндеу аяқталған соң, бергі бетті бо­саттық деді. Содан мұны басқарма басшысына айттым, ол әкімдікке жет­кізді. Осылайша, 10 тамызда ас әзір­лей­тін блокты, гаражды, кір жуатын ғимаратты, 13 тамызда аурухананың жартысын босатып бердік. Мердігер бірден жұмысқа кірісіп кетті. Әуежай жақтағы модульді инфекциялық орталық салынып біткен соң, желтоқсанның 15-сі күні бұл ғимараттан біржола көшіп, бұған дейін коронавирус жұқтырған науқастар жатқан орталықтағы 3-ші корпусқа орналастық, – деді ол.

Аурухана мердігерге ғимаратты 7 қаңтарда босатып береді. Шарт бойынша жөндеу жұмысы 2021 жылдың 31 қаңтарында аяқталуы керек. Коронавирус індеті ғимаратты уақтылы босатуға мұрсат бермеген соң, қос тарап сот ар­қылы ымыра келісімге келіп, жөндеу мерзімін тамызға дейін, 6 айға ұзартады. Бірақ межелі уақытта жұмыс бітпей қалып, жобалық-сметалық құжат дұрыс жасалмаған дегенді алға тартқан мердігер жөндеу жұмыстарының мерзімін сот арқылы тағы создыртпақ болады. Алайда сот бұған рұқсат ете қоймайды. Заң бо­йынша мердігер өз міндетін белгіленген мерзім ішінде орындамаса, тапсырыс беруші бір айдың ішінде келісімшартты тоқтатуға тиіс. Осылайша, бұрынғы бас дәрігер алдын ала келісімшарт бұзу туралы мәлімдеме жіберіп, бір ай өткен соң мердігермен ат құйрығын кесіседі.

Артынша мердігер аурухана басшы­лығын сотқа береді. Қалалық сот бас дәрі­гер шартты заң аясында дұрыс тоқ­татқан деген шешім шығарғанымен, мердігердің аппеляциялық шағымынан кейін облыстық сот бас дәрігерді айыпты етіп шығарған.

– Мен заң талабы бойынша өз мін­де­тімді атқардым. Бұған олар келіс­педі. Сонымен тағы сот басталды. Мердігер өз талап-арызын берді. Біз де кейінірек өз талап-арызымызды бердік. Өткен жылғы 2 қарашада сот экономикалық құрылыстық-техникалық сараптама жасау керек деген шешім шығарды. Оны Астанадағы сот сараптамалары институты жасады. Сол сараптама 10 айға созылды ғой, нәтижесі 2022 жылдың қазанында шықты. Институт 30-ға жуық сұрақтың төрт-бесеуіне ғана жауап бере алды, қалғаны жауапсыз қалды. Қазір облыс әкімдігінің араласуымен смета құжатына толықтырулар мен өзге­рістер енгізіліп, қосымша қаржы көзі қарастырылып жатыр. Өйткені жөндеу жұмыстары басталған кезде құрылыс материалдарының бағасы басқа еді, қазір кем дегенде 2-3 есе қым­баттап кетті, – деді бас дәрігер.

Бір қызығы, құзырлы орындар құры­лыс­шының жұмысын немесе «Табыс+» серіктестігі жасаған жобаның дұрыс-бұ­рыс­тығына көз жеткізудің орнына ауру­­хананы қайта-қайта тексеріп, қы­сым­ды күшейткен.

– Мемлекеттік сәулет-құрылыс ба­қы­лау басқармасынан екі рет келіп тек­сер­ді. Ревизиялық комиссия тексерді. Департаменттің ішкі мемлекеттік аудиті келіп тексерді. Мен құрылыс маманы немесе инженер, иә болмаса заңгер емеспін, дәрігермін. Тексерушілер күрделі жөндеу жүргізу жөніндегі жобаны бас дәрігер басқарып, жұмысты сол жүргізді дейді. Бұл нағыз парадокс қой. Бұған менің білімім жетпейді. Егер маған медицинаға қатысты сұрақ қойса, оған жауап бере аламын. Сондықтан жұмыстың орындалуын бақылау үшін 11 млн теңгеден астам қаржыға жобаны жасаған автормен келісім жасалған. Жұмыстың барысын, дұрыс-бұрыс жүріп жатқанын ең алдымен сол қарауы керек қой. Конкурс бойынша осы жөндеу жұмыстарына техникалық бақылау жасауды астаналық мекеме ұтып алған. Мердігердің жұмысын ол да тексеру керек. Олардан кейін барып, менің орынбасарым тексереді. Содан кейін төленетін ақшаға мен қол қоюым керек. Ақыр аяғында мені ғана кінәлі етіп шығара береді. Жоғарыда аталғандарды неге тексермейді? – дейді бұрынғы бас дәрігер.

Құрылыс нормаларына сәйкес емдеу мекемелеріне жұқа әрі тегіс, сүртуге, за­лал­сыздандыруға қолайлы гигиеналық радиатор орнатылуы керек. Сметалық жоба бойынша осылай көрсетілгенімен, мердігер балалар ауруханасына мектеп, тойханаларға қойылатын алды-артын сүртуге қолайсыз, шаңын сүрткенде қол жете қоймайтын қуыс-қуысы көп жай жылу радиаторларын орнатқан.

Дәрігер-маманның айтуынша, ауруха­наға қойылатын талап ерекше болады. Мәселен, операция жасайтын бөлмелерде қандай да бір инфекция тарап кетсе, оның арты қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін. Сондықтан мұндай салғырттыққа жол беруге болмайды. Бұл радиаторларды да ауыс­тыру керек.

Балалар нейрохирургі Ұлықбек Асылбеков Қостанайға облыстық денсау­лық сақтау басқармасының шақыртуымен Астана қаласынан 2019 жылы келді. Білікті маман бірден балалар ауруханасынан 5 орындық нейрохирургия бөлімін ашып, тұңғыш рет жүйке жүйесінде ақауы бар балаларға жергілікті жерде операция жасай бастады. Дәрігер-нейрохирург бүгінге дейін осындай 70 шақты нәрестеге күрделі операция жаса­ған.

– 2019 жылы шілдеде бірінші рет сәбидің ми ісігіне операция жасадық. Қа­зір ол баланың денсаулығы жақсы, мек­тепке барып жүр, – дейді маман.

Денсаулық басқармасының басшы­лығы таяуда бас дәрігерді орнынан алды. Жергілікті басылымдар оған балалар ауруханасындағы күрделі жөндеудің тоқырап қалғаны емес, балалар ауруханасына жүргізілген ішкі тексеріс нәтижесінде анықталған емдеу үдерісінің дұрыс ұйымдастырылмағаны және сани­тарлық нормалардың бұзылуы себеп болған деп жазды. Ал балалар ней­рохирургінің өзі ешқандай ішкі тек­серіс жүргізілмегенін, лауазымынан Еңбек кодексінің 111-бабы 4-тармағы бойынша босағанын айтады.

Мұндайда науқас сәбилер жататын алты қабатты бір ғимарат құрылыс жұмыстары аяқсыз қалып бос тұрса, екінші ғимарат әбден тозып тұрса, емдеу үдерісі мен санитарлық талап қалай бұзылмайды деген ой келеді. Ғимарат ескі, суық болса, бас дәрігердің қолынан не қайран келеді? Бүгінде өңірде Ұлықбек Асылбеков пен оның жалғыз шәкіртінен өзге балалар нейрохирургі жоқ. Бірнеше жылға созылған сот даулары мен моральдық күйзелістен кейін онсыз да дәрігер тапшы өңірде білікті маманның қалу-қалмауы екіталай.

– Қазірше нейрохирург болып жұмыс істеп жатырмын. Жаңа жылдан кейін ойланып көремін ғой, бұл жерде не істеймін, қайтатын шығармын, – деді дәрігер.

Жалпы, республика көлемінде ең жоғарғы айлықты Қостанай облысының дәрігерлері алады. Мұның басты себебі, кадр жетіспейді. Бүгінде балалар ауруханасында 167 дәрігерлік штат бар. Бірақ небәрі 71 адам жұмыс істеп жатыр. Бұл – бүкіл штаттың 43 пайызы, тіпті 50 пайызға да жетпейді. Емдеу мекемесінде 292 медбике жұмыс істеуі керек, оның орнына 162 медбике еңбек етеді. Яғни бір дәрігер екі адамның жұмысын атқарып жүр.

– Рас, екі адамның жұмысын жасап жатыр. Оған екі адамның айлығы төленеді ғой. Заң бойынша, негізі, бір дәрігер бір жарым жүктемеден ар­тық жұмыс істеуге болмайды. Ал біз­де кей­бір дәрігерлер екі жүктемеге дейін жұ­мыс істеп жүр. Өйткені тәулік бойы жұ­мыс тоқтамайды. Науқастарды қа­былдау бөлімі тәулігіне 24 сағат жұ­мыс істейді. Жедел жәрдем кез келген ми­нутта науқас алып келуі мүмкін. Сон­дықтан ол жерден дәрігер кете алмайды. Біздің дәрігерлердің көбі өз бө­лі­міндегі жұмысын аяқтаған соң, қа­был­дау бөліміне барып кезекшілік етеді. Ертеңінде таңертең үйіне бара алса барады, бара алмаса өз бөлімшесіне қайта келіп, күн жарымға дейін жұмысын атқа­ра­ды. Бір жарым тәулік жұмыс істейді, – дейді дәрігер-маман.

Соңғы бір-екі жылдың ішінде өңірде кадр мәселесі де біртіндеп шешіле бас­тады. Соның өзінде қазір неанатолог, аннестиозолог, фтзиатор, педиатр мен инфекционистер жетіспейді. Мамандардың пікірінше, мұндай дәрігерлер көбінесе ірі қалаларға тұрақтап қалғысы келеді. Ауылға барып жатқандардың көбі жалпы практика дәрігерлері. Бізге жылына 1-2 маман келеді. Ал ересектер жататын облыстық ауруханаға көбірек келіп жатыр. Бізге аз келетін себебі, балалармен жұмыс істеу әлдеқайда қиын. Өкінішке қарай, резидентураны бітірген түлектердің 75-80 пайызы ересектер медицинасына кетеді. Балалар медицинасына 20-25 пайызы ғана келеді. Бала сізге қай жері ауырып тұрғанын айта алмайды ғой, – дейді Ұ.Асылбеков.

Ал мердігердің жұмысына келсек, аурухананың бірде-бір ғимараты со­ңына дейін жөнделмеген. Оттегі тұ­ра­тын компрессорлық ғимарат, кір жуа­­тын ғимарат пен гараж, ас пісіретін ғи­ма­­раттағы жұмыстың 10-15 пайызы, 6 қа­батты негізгі ғимараттың «А» бло­гі­нің 5 пайызы, екінші жартысының 20 пайызы бітпей тұр. Бүгінде мердігер мен аурухана арасында жасалған шарттың күші жойылған. Облыстық құрылыс бас­қармасының басшысынан балалар ауру­ханасындағы күрделі жөндеу қашан жал­ғасады деп сұрап едік, жобаға респуб­­лика бюджетінен қаржы бөлінген, біздің құзырымызда емес деген жауап алдық. Жұмысты кім жалғастыратынын алдағы уақыт көрсетеді.

 

Қостанай облысы